Көкшетауда тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының полицейлері тағы да «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Көкшетауда соттың тағы бір қызметкерінің көз жұмғаны белгілі болды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растады. Ведомствоның мәліметінше, 30 қазанда Көкшетау қаласынан ер адамның мәйіті табылған.
— Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм өзіне қол жұмсаған. Қылмыстық іс тіркелді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — деп хабарлады ведомстводан.
Марқұм Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген.
Еске салайық, 17 қыркүйекте полиция Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғаған еді. Марқұмның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті тексеруді талап етті. Отбасының мәліметінше, Аянға үнемі моральдық және психологиялық қысым көрсетілген.
Бұл — Көкшетауда сот қызметкерінің қаза болуына қатысты екінші жағдай.
Сол кезде Ақмола облысы бойынша ҚР Сот әкімшілігі департаменті Көкшетау қалалық соты әкімшісінің басшысы Аян Дүйсековтің өліміне жұмыстағы қысым, тәртіптік жаза немесе қызметтік баспана мәселесі себеп болуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарған еді.