Абай облысында су тасқынына дайындық қалай
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Күн жылып, қар еріген сайын өңірлерде су тасқыны қаупі арта түседі. Абай облысында да дәл солай. Kazinform тілшісі ол жақта биылғы көктемге дайындықтың қалай жүргізіліп жатқанын анықтап көрді.

22 үйді су басқан
Биылғы жағдайды баяндамас бұрын былтырғыға көз жүгіртіп өтелік. 2024 жылғы су тасқыны қаупі жоғары кезеңде 136 аула аумағын, оның ішінде 22 тұрғын үйді су басқан. Барлығы 377 адам, оның ішінде 57 бала эвакуацияланды.
Су басу салдарын жою үшін 15 044 дана ыдыс-қап, 10 353 тонна инертті материал төселіп, 268 408 текше метр су сорылды.
Зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде «Ақ Ертіс» қоғамдық қорының есебінен 18 тұрғын үй бойынша 28 млн теңгеден астам залал өтелді. Аягөз қаласында тұруға жарамсыз деп танылған бір үйдің иесіне 12 млн теңге өтемақы төленді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан 1,2 млн теңге берілді.
Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен 28 отбасына 100 АЕК мөлшерінде жалпы сомасы 10,3 млн теңге біржолғы өтемақы төленген. Жалпы сомасы 35,3 млн теңге мөлшерінде 96 бас мал шығыны да өтелді.
Жоғары дайындық режимі
Осындай жағдай қайталанбас үшін қандай жоспар құрылып, нендей шаруа атқарылып жатқандығын өңір әкімдігінен сұрап көрдік.
Абай облысы әкімінің 2025 жылғы 15 қаңтардағы № 6 қаулысымен 2025 жылдың көктемгі кезеңіне арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық мүдделі органға орындау үшін жіберілді.

— Облыс әкімі 2025 жылғы 7 ақпанда «Жоғары дайындық режимін енгізу туралы» өкім шығарған. Былтыр су тасқыны кезеңінде елді мекендерді инженерлік қорғау жоспары әзірленген. Онда 63 алдын алу іс-шарасын іске асыру көзделген. Өңірдің 6 ауданында 60 шара толықтай жүзеге асырылды. Ал 3 шараның орындалуы 2025 жылға ауыстырылған еді. Атап айтқанда, Биғаш ауылындағы Кіндікті өзенінде жағалауды нығайту, Көкпекті өзенінің түбін тереңдету, Көкпекті өзенінің арнасын тазарту жұмыстары. Аталған іс-шараларды іске асыруға облыстық бюджеттен 37 млн теңге бөлінген, — деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.

Бүгінде өңірде су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізімі жаңартылған. Соған сәйкес су басуы мүмкін 45 ауыл мен 57 учаске анықталды. Онда барлығы 8 864 адам тұратын 2 570 үй орналасқан. Оның ішіндегі үшеуінде қауіп жойылса, 32-сінде азайтылды. Ал 22-сінде қатер әлі де сақталып отыр.
— Облыс бойынша 16 мың тонна инертті материал, 87 мың ыдыс-қап, 171 тонна жанар-жағармай дайындалды. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Барлығы 459 мың текше метрден астам қар шығарылған. Қалалар және аудандар әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен тамақ өнімдерін жеткізуге 150 келісім-шарт жасасты. Аймақтың автомобиль және темір жолдарындағы 3 799 су өткізу құрылысы мұздан, қардан және қоқыстан тазартылды. Көпірлер 100% тазаланып шықты. 5-6 наурызда Ертіс және Үбе өзендерінде мұзды ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде шамамен 19 мың шаршы метр мұз ұсақталды, — делінген ақпаратта.

Жағдай ушығып жатса…
Осы ретте, жергілікті билік өкілдерінен су тасқыны жағдайы ушығып кетіп жатса қанша техника, құрал-жабдық, адам жұмылдырылуға дайын деп сұрадық.
Абай облысында апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін:
— 1 495 адам,
— 574 техника,
— 33 жүзу құралы,
— 190 су сору құрылғысы дайын екен.
Ал дайын адам мен құрал санына нақтылай кетсек:
— Төтенше жағдайлар департаментінен: 225 адам, 87 техника, 28 жүзу құралы, 71 мотопомпа.
— Жергілікті атқарушы органдардан 860 адам, 400 техника, 115 мотопомпа, 1 жүзу құралы.
— 68303 әскери бөлімінен 100 адам, 15 техника, 4 жүзу құралы, 4 мотопомпа.
— 5511 әскери бөлімінен 60 адам, 2 техника.
— Абай облысының Полиция департаментінен 250 адам, 70 техника.

— 2025 жылға арналған облыстық бюджетте төтенше жағдайлар жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға 1 млрд 872 млн теңге бөлінді. Оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғанысқа 1 млрд 222 млн теңге, облыстық ауқымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға 464 млн теңге, су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы аясында инженерлік жұмыстарға 37 млн теңге жұмсалады. Жыл басынан бері өңірдегі төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиясының 4 отырысы өткізілді, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Ведомство дерегінше, отырыстарда төтенше жағдайлар туындап жатса оған ден қоюға әзірлік, халықты эвакуациялауды жүргізуге дайындық, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі сөз етілді. Айта кетейік, өңір бойынша көктемгі су тасқыны кезінде адамдарды эвакуациялау үшін жалпы сыйымдылығы 6 415 орын болатын 58 уақытша орналастыру пункті дайындалған.

Дайындықты күшейту тапсырылды
Күні кеше өңір әкімдігінде кезекті жиналыс өтіп, сонда су тасқыны қаупіне дайындық жайы пысықталды. Жиында баяндама жасаған Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов қардың қарқынды ери бастағанын, әсіресе Көкпекті, Ақсуат, Жарма, Үржар, Аягөз, Мақаншы аудандарында қауіп жоғары екенін айтты. Облыс әкімі Берік Уәли барлық аудан әкімдеріне су тасқыны қаупі бар учаскелерді күнделікті бақылауда ұстауды, жағдайды жедел баяндап отыруды тапсырды.

— Өңірдің төрт ауданындағы ахуалды тікұшақ арқылы бақыладым. Аягөз ауданындағы Бозай көпірінің жағдайымен таныстым. Облыста қар көлемі жылдағыдан қалың. Сондықтан қала мен аудан әкімдеріне су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейтуді, елді мекендердегі қауіпті аймақтарды тағы бір мәрте қадағалап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Біздің басты мақсатымыз — тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Төтенше жағдай туындап жатса жедел шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек, — деді ол.
Түйін
Абай облысында былтырғы жағдай қайталанбас үшін дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Десе де оның нәтижесі қандай болатыны санаулы күндерден соң белгілі болмақ.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да су тасқынына дайындықтың қалай жүріп жатқаны жайлы жазғанбыз.