Абай облысында тағы бір ауыл халқы ішімдіктен бас тартты
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысындағы Медеу ауылдық округінің халқы ішімдіктен бас тартты.
«Алкогольсіз ауыл» атты әлеуметтік маңызы бар бастамаға Абай ауданының Медеу ауылдық округі қосылды. Қоғамдық жиында ауыл тұрғындары алкогольді ішімдіктерді сатудан және тұтынудан толықтай бас тарту туралы шешімді бірауыздан қабылдады.
Бүгінде округте 428 адам тұрады. 77 аула және 51 шаруа қожалығы бар. Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы бастаманың аудан үшін маңызын атап өтті.
— Абай ауданында осындай таңдауды қолдаған екінші ауыл атандық. Шешім халық тарапынан саналы түрде қабылданды. Бұл — дамуға және өркендеуге жол ашатын үлгі, - деді ол.
Абай облысы Полиция департаментінің бастығы Елдар Данияров бұл бағыттағы жұмыстың тұрақты негізде жалғасатынын айтты.
— Бастама «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылды. Енді Медеу ауылдық округі — салауатты жолды таңдаудың, тыныш аулалардың және ертеңгі күнге деген сенімнің аумағы, - деді Е.Данияров.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда ішімдіктен бас тартқан ауыл саны 22-ге жеткені хабарланған.