Абай облысында төрт баланың өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шықты
СЕМЕЙ. KAZINFORM Абай облысындағы Бестерек ауылында болған төрт баланың өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі аяқталды.
55 жастағы жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (Жол қозғалысы ережелерін бұзудың абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) бойынша сот ісі қаралды.
Сот шешімімен 9 жылға бас бостандығынан айырылған айыпталушы өз жазасын қауіпсіздік деңгейі төмен түзету мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар ол 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының үкім шыққанға дейін қамауда болған уақытын да есепке алды. Қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, тергеу изоляторында отырған әрбір күн жаза өтеу мерзіміне екі күн ретінде есептеледі.
Айыптау материалдарына сәйкес, жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушінің эпилепсия ұстамасы ұстап, соның салдарынан көлік басқару мүмкіндігінен айырылған.
Еске салайық, қайғылы оқиға 19 тамыз күні Абай облысының Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында болған. Toyota маркалы автокөлікті басқарған 55 жастағы жүргізуші жолдан шамамен 10 метр қашықтықтағы үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Оқиға салдарынан екі бала сол жерде көз жұмса, бір бала медициналық мекемеге бара жатқан жолда қаза болды. Тағы үш бала ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Президенттің тапсырмасымен Абай облысына медициналық көмек көрсету үшін әскери ұшақ жіберілді. Жағдайы тұрақталған соң, зардап шеккен екі бала санитарлық авиация арқылы Астана қаласына жеткізілді.
Қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға көмек көрсетілді.
Жүргізуші оқиға болған күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық куәландыру оның жол апаты кезінде мас күйде болмағанын көрсетті.
Тергеу барысында ер адамның 2013 жылдан бері эпилепсия диагнозымен есепте тұрғаны анықталды. Қазіргі уақытта оның көлік жүргізу куәлігін қандай негізде алғаны тексеріліп жатыр.
Заңнамаға сәйкес, мұндай диагнозы бар адамдарға көлік басқаруға тыйым салынады, себебі кенеттен болатын ұстамалар ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты полиция департаменті Үржар аудандық сотына жүргізушінің көлік басқару құқығын уақытша тоқтату туралы талап жолдап, ол қанағаттандырылды.
Үржар ауданының Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі бала қыркүйек айында күрделі операциялардан кейін үйлеріне шығарылған. Алайда өкінішке қарай комада жатқан тағы бір қыз бала қазан айының басында көз жұмды.
Осылайша, аталған қайғылы оқиға салдарынан бір отбасынан үш бала және екінші отбасынан екі жасар бала қаза тапты. Барлық бала бір-біріне туыс және демалыс кезінде ата-әжесінің үйіне қонаққа келген.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы-Өскемен трассасында автобус пен жүк көлігі соқтығысып, жүргізуші қаза болғаны хабарланған.