Абай облысында үш жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM- Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Абай облысында үш жылдан астам уақыт бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысын ашты. Күдікті кінәсін мойындап, қылмыстың мән-жайын баяндаған және мәйіт жасырылған жерді көрсеткен.

Алматыда полиция жанында арандатушылық бейнежазба түсірген тұрғын ұсталды
Фото: Видеодан скрин

Қазіргі уақытта айыптау актісімен бірге қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Polisia.kz.

2023 жылғы қыркүйекте полицияға әйел адам хабарласып, жоғалған күйеуін іздестіруге көмектесуді сұраған. Оның айтуынша, жұбайы жұмыс істеу үшін басқа жаққа кетіп, содан бері байланысқа шықпаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілгенімен, сол кезде ер адамның жүрген жерін анықтау мүмкін болмады. Соған қарамастан, хабар-ошарсыз кеткен азаматты іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Полицейлер оқиғаның түрлі нұсқасын мұқият тексеріп, ер адамның жоғалуына қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшыларының назарына осы кісі өлтіру қылмысын жасағаннан кейін басқа қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан азамат ілікті.

-Оның ер адамның жоғалуына қатыстылығын тексеру үшін қосымша кешенді жұмыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде күдікті кінәсін мойындап, қылмыстың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндады және мәйіт жасырылған жерді көрсетті,-делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыратынын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, әрбір қылмысқа құқықтық баға беріліп, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты ішкі істер органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Осыған дейін Абай облысында дропперлікке қатысты 40 қылмыстық іс тіркеліп, 9 адам сотталған болатын.