Абай облысында із-түзсіз жоғалған бала құдықтан табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында учаскелік полицей камералардың көмегімен жоғалған 8 жасар баланы тауып алды, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметі.
Абай облысының Чекоман ауылында із-түзсіз жоғалған баланы іздеу жұмыстары сәтті аяқталды. Райян есімді 8 жасар баланың жоғалғаны туралы хабарлама полицияға сол күні келіп түсті. Куәгерлер баланы соңғы рет сағат 16:30 шамасында көрген.
Бірнеше минуттың ішінде жергілікті тұрғындар баланы іздеуге шықты. Полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері дереу іздеуге қосылды.
Шешуші рөлді бейнебақылау камералары атқарды: учаскелік полиция инспекторы Алмас Бесенбеков пен ауылдық округтің әкімі Нұркен Жарликенов жазбаларды қарап, баланың жүріп өтуі мүмкін бағытын және нақты орналасқан жерін анықтады.
Бала құдықтың ішінен табылды. Ол жерде бірнеше сағат болған. Алдын ала мәлімет бойынша, бала құдыққа әдейі емес, кездейсоқ құлап кеткен. Бетон плитаның бір шеті опырылып, астында ойық пайда болған. Бала сол ойықты байқамай, ішіне түсіп кеткен.
Бала аман-есен құтқарылды, медициналық көмектің қажеті болмады. Баланың анасы іздеуге қатысқан барлық адамға және көмек көрсеткендерге алғысын білдірді.
— Бейнебақылау жүйелері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады: осы жағдайда камералар жедел әрекет етуге және шын мәнінде баланың өмірін құтқаруға көмектесті, — деп атап өтті Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров.
Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарға әсіресе қыс мезгілінде балаларға ерекше көңіл бөлу қажеттігін еске салып, қауіпті учаскелер мен ашық инженерлік құрылыстар туралы ақпаратты уақытында хабарлауды сұрайды.
Бұдан бұрын Шымкентте үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен бозбала қайта оралмағанын жазған едік.