Абай облысында заңсыз балық аулағандарға тосқауыл қою мақсатында рейдтер жүргізілуде
Абай облысында браконьерліктің жолын кесу мақсатында тұрақты рейд, патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. Кезекті рейд кезінде заңсыз балық аулағандар ұсталды, деп хабарлайды Кazinform.

Абай облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Орман және аңшылық шаруашылығының жедел жасағы Ақсуат ауданындағы Зайсан көлінің аумағында рейд жүргізді.
«Соның нәтижесінде көлдің тыйым салынған аумағында тиісті құжаттарсыз қолдануға рұқсат етілмеген тормен заңсыз балық аулаған Өскемен қаласының тұрғыны ұсталды. Аталған фактіге байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабы 1-бөлігінің 1-тармағымен (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз балық аулағандардың салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшері 577 478 теңгені құрады. Қылмыстық іс материалдары сот органдарына жіберілді», - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Браконьер үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Балық және аң аулау ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында өңірдің барлық аумағында рейдтер тұрақты түрде өткізілуде.