Абай облысында жаңа оқу жылында қанша мектеп пайдалануға беріледі

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп ашылады. Жалпы өңірде ұлттық жоба аясында 3 000 оқушыға арналған 5 жаңа мектеп салынуы тиіс. Қазіргі таңда жоспарланған бес мектептің екеуі іске қосылып қойған. 

Абай облысында жаңа оқу жылында қанша мектеп пайдалануға беріледі
Фото: Абай облыстық Білім басқармасынан

Ал жаңа оқу жылында Семейдің Водный кентіндегі мектеп пайдалануға беріледі. 600 орынға арналған білім ордасы орын тапшылығын азайта түспек.

– Бұл – облыста бой көтерген үшінші жаңа үлгідегі мектеп. Бұған дейін Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында 1 200 орындық, Бесқарағай ауданында 300 орындық мектептер ашылған. Қазіргі уақытта Аягөз ауданында тағы бір 600 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Ол 2-тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Семейдің Шығыс кентінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы биыл басталды, - деп жауап берді Абай облыстық Білім басқармасынан Kazinform тілшісінің сауалхатына. 

Абай облыстық Білім басқармасынан
Фото: Абай облыстық Білім басқармасынан

Жаңа үлгідегі мектептер оқушылардың жас ерекшелігіне сай жобаланып, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктармен қамтылады. Барлық ғимарат заманауи техника, ыңғайлы жиһазбен жабдықталып, қауіпсіздік пен инклюзия талаптары толық ескерілген. 

– Семейдегі Водный кентіндегі үш қабатты жаңа мектепте 28 оқу кабинеті қарастырылған. Оның ішінде физика, химия, биология, робототехника, графика және модельдеу, ағаш және металл өңдеу, кулинария мен тігін бөлмелері болады. Сондай-ақ акт залы, асхана, 7 зертхана, кітапхана және оқу залы бар. Мектеп интерактивті панель, ноутбук, стационарлық компьютер, принтерлермен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг аймақтары да қарастырылған, - делінген хабарламада. 

Қауіпсіздік жүйесінде бейнебақылау камералары, турникеттер, апаттық шығу есігі және инклюзивті орта үшін лифт, пандус, тактильді жолақ, арнайы санитарлық тораптар бар.

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жаңа оқу жылында қанша мектеп ашылатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар