Абай облысында жеке сот орындаушылар 20 млн теңгенің салығын төлемеген
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей прокуратурасы жеке сот орындаушыларының қызметіне жүргізген жоспарлы тексеру барысында 20 млн теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтару дерегін анықтады, деп хабарлайды облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Кейбір сот орындаушылар өндіріп алынған ақша бойынша есепті толық бермеген, кей жағдайда бұрмаланған деректерді ұсынған. Бұл салық базасының төмендеуіне, соның салдарынан мемлекет бюджетіне төлемдердің азаюына әкелді.
Мұндай әрекет тек салық заңнамасын бұзып қана қоймай, адал салық төлеушілерге қатысты әділеттілік қағидаттарын да бұзады.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде бюджетке 8 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Бұл қаражат сот шешімдерін орындау саласында қаржылық ашықтықты қалпына келтіру бойынша мақсатты жұмыстың нәтижесі болды.
Осыған дейін робот сот орындаушылардың 1,2 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдегені туралы жаздық.