Абай облысында жоғалған 7 жастағы бала ауылдан 4 шақырым жерден табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында полиция қызметкерлері Үржар ауданында жоғалып кеткен жеті жасар баланы іздеп тапты. Ол елдімекеннен бірнеше шақырым қашықтықтағы ауыл шаруашылығы алқабынан табылды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Абай облысында жоғалған 7 жастағы бала ауылдан 4 шақырым жерден табылды
Фото: ҚР ІІМ

Күндіз әжесі мен атасының қарауында болған бала өздігінен үй ауласынан шығып кеткен. Туыстары оны өз беттерінше іздегенімен, нәтиже болмаған. Содан кейін олар полицияға жүгінген. Баланың әжесі оның даму ерекшеліктері бар екенін айтып, мүмкіндігінше тезірек көмек көрсетуді сұраған. 

Полицейлер дереу іздестіру жұмыстарына кірісіп, аулаларды, көшелерді және су айдындарының маңындағы аумақтарды аралап, баланың болуы мүмкін жерлерді тексерген. Сағат 16:00 шамасында полиция капитаны Азамат Дүйсебаев пен полиция аға лейтенанты Ролан Байтлеуов баланы Үржардан төрт шақырым жердегі ауыл шаруашылығы алқабынан тапқан. Бұл қуанышты хабар бірден оның жақындарына жеткізілді.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды.

Бұған дейін Алматыдағы психиатриялық орталықтан қашып кеткен екі науқас әлі іздестіріліп жатқанын жазған едік.