Абай облысындағы тағы бір ауылда бірнеше үй су астында қалды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысы Бесқарағай ауданы Қарабас ауылында бірнеше үйдің ауласы су астында қалды. 

Абай облысы әкімдігі
Фото: Абай облысы әкімдігі

Бесқарағай ауданында қар жоғары жылдамдықпен еріп, қызыл су жүріп жатыр. Қарабас ауылының кіреберісіндегі Нұрсейітов және Больничная көшелері бойына су жиналған.

«Қазіргі уақытта Больничная көшесіндегі 4 үйдің ауласы су астында қалды. Оқиға орнына жергілікті атқарушы орган мамандары келіп жетті. Барлығы 20 адам және 3 техника жұмылдырылып, суды бұру мақсатында инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде, су деңгейі төмендеуде», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысы Жарма ауданында 12 аула қызыл су астында қалып, 9 үйге су кіргені хабарланған.