Абай облысының халқы көмір бағасының қымбаттығына шағымданды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының тұрғындары көмір бағасының тым қымбаттығын айтып шағымданып жатыр. Шалғайдағы ауыл халқына тіптен қиын.

Өңірдің шалғай ауылдарында биыл көмір бағасы тағы қымбаттады. Жаңадан құрылған Ақсуат ауданының тұрғындары қатты отынды там-тұмдап сатып алуға мәжбүрміз деп шағымданды.
Себебі ақшалары көмірді бірден қажетті көлемде сатып алуға жетпей қалады.
«Көмір бағасы тым қымбат. Былтыр тоннасы 28 мың теңге тұрса, осы жылы 30 мыңға жетті. Неге қымбаттай береді? Қалтамызды әбден қақты. Ауылда халықтың табысы төмен. Малдан басқа күнкөріс жоқ», - дейді Ақсуат ауылының тұрғыны Қайрат Сағындықов.
Бүгінде Ақсуат ауданында 19 мыңнан астам адам тұрады. Жергілікті жұртқа жылыту маусымында барлығы 25 мың тоннаға жуық қатты отын қажет.
«Көмірдің бағасы бірнеше факторға байланысты бекітіледі. Оның ішіндегі ең бастысы – логистика. Жеке тасымалдаушылар көмірді Жарма ауданынан өз қаражатына 500 шақырым жердегі Ақсуатқа жеткізеді. Сондықтан жол шығындары көмір бағасына қосылады. Десе де бағаның қымбаттауын тежеу үшін жеткізушілермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - дейді Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерсін Ескендіров.
Еске салсақ, осыған дейін Өнеркәсіп министрлігі Еуропа мен көршілес мемлекеттерде көмрідің құны Қазақстанмен салыстырғанда екі есе қымбат екендігін хабарлаған.