Абай облысында 2025 жылға дейін 11 мектеп салынады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысында 2025 жылға дейін 5 100 орындық 11 мектеп бой көтермек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Семей қаласында педагогтердің тамыз конференциясы өтті. Алдағы оқу жылына мақсаттар белгіленіп, міндеттер айқындалған шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев қатысты.
Өз сөзінде ол инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлуге шақырды. Оның айтуынша, азаматтармен тұрақты түрде кездесулер, сапарлар, тұрғындардың өтініштері инклюзивтік бағытта белсендірек әрекет ету керектігін көрсетіп отыр.
«Облыстың барлық мектептерінде робототехника кабинеттері базасында IT-сыныптар жұмыс істейді. Экономикалық лицей, Шәкәрім атындағы гимназия, 9, 12 және 22 мектептердің оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп, робототехника бойынша чемпионаттардың жеңімпаздары атанып жүр.
Бізде Alikhan Bokeikhan University базасында «Abai IT – Valley» бірегей технологиялық кластері бар. Оның мүмкіндіктерін пайдалану керек. Осыған байланысты, білім басқармасына маңызды стартап-жобаларды іске асыру үшін аймақ мектептерінің университетпен өзара іс-қимылы бойынша оқушылардың дағдыларын арттыру саласында нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», - деді әкім.
Биыл өңірде 1 700 орындық төрт жаңа мектеп ашылады. 2025 жылға дейін 5 100 орындық тағы 11 мектеп салынбақ.
«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңғыртылуда, онда 20 мыңнан астам студент білім алуда. Облыс «Баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру» жобасын сәтті жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік тапсырыс техникалық және технологиялық сала үшін кадрлар даярлауға, оның ішінде IT, ауыл шаруашылығы, медицина мен білім беру салаларында мамандарды даярлауға бағытталған», - деді Нұрлан Ұранхаев.
Тамыз конференциясының соңында жемісті жұмыс істеп келе жатқан, үздік деп танылған мұғалімдер марапатталды.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Абай облысында жаңа оқу жылында 4 жаңа мектеп пайдалануға берілетіндігін хабарлаған едік.