Абай облысында ормандағы алапат өрт қайталанбас үшін не істеліп жатыр

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов баспасөз мәслихатына қатысып, өңірде өрт қаупі жоғары кезеңнің қалай өтіп жатқанын айтып берді.
«Абай облысының аумағында биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы 175 орман өрті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 24,7%-ға төмендеді. Алайда өрт шарпыған аудан көлемі 66 мың гектарды құрап, 85 есеге артып отыр. Оған әрине, Семей орманындағы алапат өрт себепкер. Орман өрттерімен күрестің тиімділігі тілсіз жаудың дер кезінде анықталуына, сол жерге техника мен адамдардың жедел жетуіне, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуына байланысты. Сондай-ақ орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің штаттық саны, тиісті деңгейге қаржыландырылуы және орман алқаптары маңындағы авиациялық техникалардың болуы аса маңызды», - дейді ол.
Аймақтық шалғай елді мекендеріндегі жұмыс істеп тұрған өрт сөндіру бекеттерінде әзірлікті күшейту және ескірген техниканы жаңарту мақсатында департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдардың балансына 8 өрт сөндіру техникасы тапсырылды. Сонымен қатар қазіргі таңда ауылдардағы өрт сөндіру бекеттерінде техникаларды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бесқарағай, Бородулиха, Аягөз және Жарма аудандарында өрт бекеттерін құру үшін 5 өрт сөндіру техникасы беріледі. Табиғи өрттерге қатысты жағдайды тұрақтандыру үшін мәселені кешенді шешу керек», - дейді Манарбек Шапағатов.
Еске салсақ, биыл 8 маусым күні Абай облысындағы «Семей орманы» резерваты аумағында алапат өрт шыққан болатын.