Абай облысындағы өрт: Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға ресми сапары кейінге шегерілді
Бұл туралы Ақорданың Telegram каналынан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президент шұғыл кеңес өткізу және апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баруды жоспарлап отыр.
Еске салайық, аздаған уақыт бұрын Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
«Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын. «Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады», - деген болатын Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетуді тапсырды.
Абай облысындағы өртке байланысты жедел желі ашылды.