Абай өлеңдері тұңғыш басылған кітаптың түпнұсқа беттері табылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұқар жырау музейінің қызметкерлері Зейнелғабиден әл-Жауһаридің 1909 жылы Уфадан басылып шыққан «Насихат Қазақия» кітабының түпнұсқа бөліктерін тапты. Бұл кітаптың санаулы ғана түпнұсқасы сақталған.

Абайтану ғылымында Зейнелғабиден Әміреұлының есімін айрықшалап айтуға әбден болады. Филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы оған «ұлттық ой-санасы ерте оянған, сол жолда қолынан келер әрекеттен аянбаған, Абай мұрасын баспасөзде насихаттап, татар халқына танытуға арнаған талпынушылардың бірі» деп баға берген.
Яғни Зейнелғабиден Әміреұлы — ағартушы, Абай мұрасын баспа бетіне алғаш жариялаған қайраткер. «Насихат Қазақияда» қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қарастырылып, ақын Абай Құнанбаев пен Сәдуақас Шормановтың өлеңдері алғаш жарияланған.
1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген еңбек энциклопедиялық сипатқа ие, мұнда сол кезеңдегі қазақ халқы өмірінің қоғамдық-саяси және әлеуметтік құрылысының мәселелері айқын ашып көрсетілген. Сондай-ақ ол Абай шығармашылығының ерекше маңызы бары туралы алғашқылардың бірі болып мәлімдейді.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Абзал Рымбектің айтуынша, Зейнелғабиден әл-Жауһаридің аталған кітабы араб қарпінде, төте нұсқада жазылған. Тарихи еңбектің түпнұсқасы елімізде санаулы ғана.
Ал Павлодарда табылған кітаптың оншақты беті ғана сақталған. Араб қарбіндегі көне парақтар жергілікті Бижан мешітіндегі құран кітаптары арасынан шыққан.
«Насихат Қазақияда» «Баланы 11 жастан кейін ғана орыс тілінде оқыту» керек деген мәселе айтылады. Қазіргі өнертабысы мен ғылымы дамыған жапон халқы балаларына шет тілдерін үйретуді тек 10 жастан кейін ғана қолға алатыны мәлім. Ағартушы бұл мәселені ертерек біліп, қазақ қоғамына сіңдіруді мақсат етсе керек.
Атап өтерлігі, бұған дейін отандық ғалымдар шығарманы кириллицаға түсіріп, кітап етіп бастырған.
Бұған дейін Қазақстанда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы қалай аталып өтетінін жазғанбыз.