Абай поэзиясы Данте шығармашылығымен үндеседі – италиялық филолог

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның LineaTempo мәдени-тарихи журналы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына көлемді мақала арнап, оның әлем әдебиеті мен Қазақстанның рухани мұрасына қосқан үлесін талқыға салды.

итальянский филолог
Фото: Фьоренца Боскидің жеке архивінен

Осыған орай Kazinform агенттігінің меншілікті тілшісі мақала авторы италиялық филолог Фьеренца Боскимен сұхбаттасып, Абай мұрасының Қазақстаннан тысқары жерде қалай қабылданатындығын білуге тырысқан еді.

- Синьора Боски, сіз италиялық поэзия маманысыз. Бірақ, білуімізше, соңғы жылдары Абай шығармашылығын жан-жақты зерттеп жүр екенсіз. Қазақтың ұлы ақынының шығармашылығымен қалай таныстыңыз?

- Өткен жылы келінім, қазақтың жас қызы әдебиетке деген сүйіспеншілігімді біліп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен итальян тілін қоса алғанда 10 тілге аударылған Абай өлеңдерінің жинағын сыйға тартқан еді. Сол уақыттан Абай өлеңдерін үлкен қызығушылықпен оқи бастадым. Өйткені, оған дейін қазақтар оны өздерінің әдебиетінің негізін қалаушы санайтындығынан басқа ештеңе білмейтінмін.

Бұл ұзақ уақыт жан-дүниеңде қалатын жаңалықтардың бірі болды. Кітапты оқып шыққаннан кейін зерттеп, осынау бірегей тұлғаға шын жүректен қызыға бастадым. Оның поэзиясы бірден философиялық кемелдігімен, сезімдерінің тереңдігімен, даналығымен және ішкі нұрымен баурап алды. Мәдени ерекшелігіне қарамастан, оның өлең жолдары еуропалық оқырманның жүрегінен орын табатыны таңғаларлық жайт. Себебі олар өмірдің құпиясы, қайғы, абырой мен жақсылыққа ұмтылу сияқты ең әмбебап тақырыптарды қозғайды.

культурно-исторический журнал LineaTempo
Фото: Kazinform

- Ұлы ойшылдың шығармаларын зерделеу барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

- Әрине, өкінішке орай қазақ тілін білмегендіктен оның өлеңдерін итальян тіліне аударылған нұсқасында, Миландағы Mondadori Libri S.p.A. баспас үйі ұсынған Abaj. Poesie, poemi e scritti edificanti жинағынан, Олесья Шевченконың жолма- жол аудармасының Моники Пулеоның итальяндық нұсқасынан оқимын.

Әрине, тілі өте күрделі. Поэтикалық мәтіндерді аудару барысында рифм құбылуы, ассонанс, аллитерация, этимологиялық фигуралар сияқты форманың кейбір іргелі элементтері, сондай-ақ дыбыстық және ырғақтық ерекшеліктер мен мағыналық байлығы жоғалып кетеді.

Дегенмен, ақын ұлы болған кезде тіпті аударма арқылы да оның ішкі дүниесінің тереңдігін сезініп, шығармаларындағы басты ой-толғамдарды ұғынып қабылдауға болады. Абай өлеңдерін жападан-жалғыз отырып оқыдым. Итальян тілінде оның поэзиясы туралы ақпарат мардымсыз. Маған сәл де болса көмек болғаны — ағылшын тіліндегі бірнеше мақала мен достарым аударып берген орыс тіліндегі кейбір мәтіндер.

- Сөзіңізден Абайға деген шынайы, терең құрмет пен таңданыс сезіледі. Филолог әрі аудармашы ретінде оның поэзиясын әлем әдебиеті аясында қалай қабылдайсыз? Абай шығармашылығымен байланысты кәсіби жоспарыңыз бар ма?

Маған Абайдың кейбір өлеңдерінің жолма-жол аудармасы аса қажет. Өйткені, итальян тілінің өзіндік әуезділігін ескере отырып, олардың «көркем» нұсқасын жасап көргім келеді. Алайда мұны жүзеге асыру үшін маған Абай поэзиясының кейбір «техникалық» аспектілері, мысалы, ақын жазған тілдің өлшемі, ырғағы туралы толығырақ мәлімет керек. Бұл ақпаратты табу қиынға соғып тұр.

Қазір оның шығармаларын жаңадан аударуды – түпнұсқаның бүкіл ерекшелігін сақтай отырып, барынша әдеби, дәлме-дәл аударуды ойластырып жүрмін. Әрине, ол үшін мағынасы терең, кейде бір қарағанда аңғарылмайтын, бірақ аса маңызды тұстарын жоғалтпау үшін Қазақстан мамандармен ынтымақтастық орнатқым келеді.

итальянский филолог
Фото: Kazinform

Италиялық оқырман арасында мақала қандай бағаға ие болды?

Мақалам әдебиетке, тарихқа, философияға және өнерге арналған Linea Tempo журналында жарияланды. Ол жылына үш рет - сәуір, тамыз және желтоқсанда айларында онлайн түрде шығады. Мақала қысқаша эссе болғандықтан екі бөлікке бөлінді. Бірінші бөлігі сәуір айында жарияланса, екіншісі тамызда жарық көреді.

Бұл журнал оқырмандарының басым бөлігі оқытушылар екенін ескерсек, алдағы бірнеше айда айтарлықтай кері байланыс аламын деп отырмын. Олармен бірге Абай поэзиясымен тереңірек танысып, оны жастар арасында насихаттауға үлес қосамын деп үміттенемін.

- Абай мен еуропалық ірі ойшылдар арасындағы қандай ұқсастықтарды айтуға болады?

- Абайға деген қызығушылығым ең алдымен оның поэзиясына бағытталған. Мені әсіресе оның поэзияны таным құралы ретіндегі идеясы таң қалдырды. Абай поэзия ақыл-ойды жарықтандырып, жүректі тәрбиелейтінін айтады. Дәл сондықтан ақын тәрбиелік және азаматтық қызмет ақарып, өзі өмір сүрген қоғамның кемшіліктерін әшкерелейді.

Бұл тұста Данте мен Мандзони сияқты италиялық ұлы ақындармен және жазушылармен үндестікті көремін. Абай да олар сияқты адам жүрегін зерттейді, оның ұлылығын да, әлсіздігін де ашып, адам өз тарихын жүрек сезімімен және ақылмен тереңірек өткерген сайын ол өзгелерге шынайы достық таныта алатындығын көрсетеді.

Сондай-ақ Абай поэзиясынан еуропалық романтизмнің сипаты мен батыс оқырманына таныс бейнелерді де байқауға болады. Мәселен, әйел сұлулығын және махаббат сезімін суреттеуі, өмірдің өткінші екендігі туралы ойлары және ақынның жалғыздығы. Мұның бәрі пайғамбардай шындық пен әділеттікке апаратын жолды көрсетеді.

Фьоренца Боски - филолог, 40 жылдық еңбек өтілі бар тарих, итальян тілі мен әдебиетінің оқытушысы. Conversari (2008) өлеңдер жинағы жарық көрген. Көптеген әдеби кештер мен білім беру бастамаларына қатысқан.

итальянский филолог
Фото: Фьеренца Боскидің жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар