Абай Quiz зияткерлік ойыны еліміздің рекордтар кітабына енуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған өлкесі Семейде бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Толығырақ Абай облысы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Мұстафин айтып берді.

- Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы ұлттық ауқымдағы ерекше рухани, тарихи оқиға болып отыр. Іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатысады деп күтіледі. Оның ішінде 15 елден шетелдік делегация, ғылыми және шығармашылық қауым, өнер иелері, жастар, туристер мен БАҚ өкілдері бар. Абай ауданында 200-ден астам киіз үй тігіліп жатыр. Іс-шараларды ұйымдастыруға жүздеген мәдениет қызметкері, аспаз, техника мамандары мен 530 волонтер атсалысып жатыр, - деді Бауыржан Мұстафин орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Ақын туған өлкеде 1-10 тамыз аралығында 70-тен астам іс-шара, 25 концерт, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме-фестиваль, 5 спорттық жарыс өтіп жатыр.
- Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар онкүндік ретінде аталып өтіліп жатыр. 1 тамызда «Абай академиясы» атты энциклопедиялық портал іске қосылды, Абай мұрасына цифрлық кеңістікте жол ашылды. Семейде ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптейтін этноауыл қалашығы ашылды. Суретші Аңсаған Мұстафаның «»Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі, «Асыл мұра» атты фестиваль, «Адамзаттың алыбы – Хәкім Абай» мерейтойлық концерті өтті. 2-3 тамыз күндері Түркістан облысының мәдени күндері аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі және өнерпаздар концерті ұйымдастырылды.
Семейге Түркістан өңірінен 540 тоннадан астам өнім жеткізілді. 1 мыңнан астам адам қатысқан «Абай Quiz» деген атаумен республикалық зияткерлік ойыны өтті. Ерекше форматтағы интеллектуалды жобаны Қазақстанның рекордтар кітабына ұсынылып отыр, - дейді ол.
Сондай-ақ өңірлік мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Семейде зағип және көру қабілеті нашар жандарға арналған кітапхана ашылғанын айтты.
Бұған дейін ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай елордада жоспарланған іс-шараларды тізіп шыққан едік.
Бүгін Семейде Абайдың 180 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр.