Абай руханияты: «Бәйтерек» холдингі қызметкерлері ақын мұрасын дәріптеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өту жалғасып жатыр. Кеше «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде ойшыл ақынның рухы мен шығармашылығына арналған ерекше кеш өтті. 

Абай руханияты: «Бәйтерек» холдингі қызметкерлері ақын мұрасын дәріптеді
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бүгін ұлы ақын Абайдың рухы мен руханиятын дәріптеу үшін жиналып отырмыз. Біздің холдинг пен еншілес компаниялар ел экономикасын дамыту бағытында ғана жұмыс істемейді, рухани, мәдени құндылықтарды да қатар алып жүреді. Осы орайда елімізде дүбірлетіп тойлап жатқан Абай Құнанбайұлының мерейтойын біздің холдинг қызметкерлері атап өтіп отырмыз. Құрметті қауым, Абай мұрасы мен ұлағаты бүгінгі жиынның арқауы болмақ. Бүгін ортамызға Абайтану саласында елеулі еңбек етіп жүрген ғалымдар тобы арнайы келіп отыр, — деді «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев.

Сондай-ақ басқарушы директор жиналған қауымға Абайдың «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңін оқып берді.

Абай руханияты: «Бәйтерек» холдингі қызметкерлері ақын мұрасын дәріптеді
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Одан әрі сөзді «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір алып ұлы ақынның ерекшелігі мен адамзатқа қалдырған мұрасы туралы әңгімелеп берді.

— Халық Абайдың мұрасын іздеп, аңсап танитын дәрежеге жетті десек, артық айту емес. Уақыт өткен сайын біз Абай мен оның әлеміне жақындап келеміз. Ақынның мұрасын күнделікті дәріптей түссек, біздің көзқарасымыз өзгеріп дами түсетіні сөзсіз. Біз Абайды толық тану үшін, оның заманын білуіміз керек, — дейді ол.

Оның айтуынша, ойшыл Абай өз төңірегінен бастап, барша жұртты білім алуға шақырды.

Абай руханияты: «Бәйтерек» холдингі қызметкерлері ақын мұрасын дәріптеді
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Алаштықтарда Абайды оқығаннан кейін барып, ең негізгі дүние, құндылық оның шығармалары екенін жиі айтып жүрді. Енді қазіргі заманда біз ұлы Абай қалдырған ілім-білім мен мұрасын одан әрі жалғастыруымыз керек, — дейді абайтанушы.

Сонымен қатар «Абай академиясы» ҒЗИ гуманитарлық зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы, ф.ғ.к., доцент Алтынай Асқарова мен бас ғылыми қызметкер Ләйлә Демесінова кеш қонақтарына Абай шығармаларының рухани-эстетикалық болмысы, оның бүгінгі қоғамдағы идеялық мәні, жас ұрпақ санасына тигізер әсері жайында тұшымды пікірлерін бөлісті.

Абай руханияты: «Бәйтерек» холдингі қызметкерлері ақын мұрасын дәріптеді
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Кеш соңы ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар шеңберінде «Бәйтерек» холдингі қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылған «Абай — халық қазынасы» атты сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне жалғасты. Марапаттарды аппарат басшысы Дина Акрачкова табыстады.

Сондай-ақ жиналған қауымға Абай шығармаларынан кішігірім концерт қойылды.

Соңғы жаңалықтар