Абай тойында 10 жасар Алинұр сауданы қыздырып жүр

СЕМЕЙ.KAZINFORM - Абай облысының Абай ауданында атап өтіп жатқан «Абай күні» мерекесінде қалың жұрттың ортасында сусын сатқан бала көзімізге оттай басылды.

Алинұр Өміртаев
Фото: Талғатжан Мұхамедбекұлы

10 жасар Алинұр Өміртаев Семей қаласындағы нөмір 5-ші гимназия мектебінде оқиды. Былтыр ғана «Абай оқуларына» қатысқан ол ұлы ақын өлеңдерінің біршамасын жатқа айтады екен.

- Ағама көмектесейін деп келдім. Таңертеңнен адамдарға 10-шақты сусын саттым, - дейді ол.

Абай тойы өтетіндігі туралы 1 ай бұрын естіпті. Бүгін осында ағасынан бөлек, ата-анасы да келген. Кенезелері кепкен халық Алинұр ұсынған суды ішіп, шөлдерін қандырып жатыр.

Бұл бір жағынан Абайдың еңбекқорлыққа шақырған өлеңдерін оқыған баланың білгенінен нәтиже шығаруының көрінісі деп түйсіндік.

- Абайдың мезгілдер туралы жазған өлеңдері ұнайды. Сөздері ерекше. Одан кейін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жақсы көремін. Сонда ол мақтаншақтықтың жаман екенін айтады. Маған сыныптастарымның ішіндегі мақтаншақтар ұнамайды. Абай адамдарды білімге шақырған. Сол үшін көп оқып, білімімді арттыра бергім келеді, - дейді Алинұр Өміртаев.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысындағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтеретіндігін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар