«Абай заңы»: Ұлы ойшылдың реформаторлық жолы туралы фильм көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Абай Құнанбаевтың бірегей құқықтық мұрасын арқау еткен «Абай заңы» деректі фильмі «Еуразия» бірінші арнасынан көрсетіледі.

Абай заңы
Фото: «Еуразия» бірінші арнасы

Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл және «Қарамола жарлығының» қабылдануына 140 жыл толуына орай дайындалған деректі фильмде ұлы ойшылдың ақындық пен философиялық еңбектерінен бөлек, заңгерлік және реформаторлық қыры жан-жақты ашылады.

Туындының негізіне 1885 жылғы мамыр айында Шар өңірінде (бұрынғы Семей облысы) өткен Қарамола жәрмеңкесіндегі төтенше съезд оқиғалары алынған. Бұл жиынға бес уездің билері, болыс басшылары мен ықпалды азаматтары қатысқан. Съезді генерал-губернатор Цеклинский басқарған. Негізгі мақсат – халық арасында жиналған арыз-шағымдарды қарау болған.

«Біз үшін Абайды тек ақын және ойшыл ретінде ғана емес, сонымен қатар көрнекті құқықтанушы ретінде көрсету маңызды. Оның қазақ құқықтық мәдениетінің дамуына қосқан үлесі бүгін де өзекті», – деді «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры міндетін атқарушы Арман Құдайбергенов.

Фильмде Абайдың бастапқыда съезге қатысудан бас тартқаны, себебі қарсыластары бұл жиынды оны жазалау құралы ретінде пайдаланғысы келгені айтылған. Алайда генерал-губернатормен болған кездесуден кейін ол төтенше съездің аға биі болып сайланып, қазақ даласын тек Ресей заңдарымен басқару мүмкін еместігін дәлелдеген. Абайдың айтуынша, қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік құқықтық жүйесі болған.

«Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай билердің ұрпағы ретінде Абай тек дала заңдарын ғана емес, ресейлік құқықты да жетік білген. Оның білімділігіне тәнті болған Цеклинский жаңа заңдар жинағын жазуды тікелей Абайға тапсырған», – дейді Арман Құдайбергенов.

Осылайша үш күн ішінде 73 баптан тұратын «Қарамола жарлығы» дүниеге келіп, 1886 жылы Қазанда басылып шыққан. Бұл – қазақ даласында алғаш жарияланған заңнамалық құжат. Жарлықтың көп тарауы мен ережелері қазіргі заман үшін де маңызын жоғалтпаған. Ол тек құқықтық акт емес, әділдік пен ар-ұяттың, адамгершілік пен сенімнің символына айналды.

Арна басшысының айтуынша, көрнекті заңгер, академик Салық Зиманов Абайдың жарлығын бірден-бір рухани құндылыққа балап, оның тек құқықтық емес, сонымен бірге гуманистік, бірлік пен тәртіпті сақтау, басқару мен үйлестіру міндетін қатар атқарғанын атап өткен.

«Абай заңы» деректі фильмі – ұлы реформаторға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен бірге қазақ құқықтық санасының тамырына терең үңілу, тарихи жадымызды жаңғырту мен қайта пайымдауға жасалған маңызды қадам.

Фильмнің телевизиялық премьерасы 10 тамыз, жексенбі күні сағат 17:10-да «Еуразия» бірінші арнасында өтеді.

Айта кетейік, Астанада Абайдың 180 жылдығына орай поэзиялық-музыкалық кеш өтті.

Соңғы жаңалықтар