«Абай жолын» брайль қарпіне түсіріп, ұсынғым келеді – зағип оқырман

Ақтөбедегі зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында 37 мыңнан астам кітап қоры бар. Мұнда келетін зағип оқырман саны 600-ден асады. Кейбірі брайль қарпімен жазылған кітапты оқыса, кейбірі аудиокітапты таңдайды. Kazinform кітапханашымен және ондағы оқырмандармен кездесті. 

оқырман
Фото: Алтынай Сағындықова

«Абай жолы» брайль қарпіне түсірілмеген - Назым Жұрынбай

Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі - Назым Жұрынбай. Ол зағип жандарға арналған мәдениет үйінде музыкалық жетекші болып жұмыс істейді. Қолы қалт еткенде кітапханаға келеді, кейбір мәдени-танымдық шараны осы кітапханамен бірге ұйымдастырады.

Кішкентайынан кітапқұмар оқырманымыз Алматыда, кейін Оралда білім алды. Кейін өзі қалаған жоғары оқу орнына түсті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің музыка факультеті бойынша бітірген Назым барлық кезде брайль қарпімен лекция жазып, замандастарынан қалмай, білім алды. Тіпті оқ бойы оза шығып, үздік оқыды. Ол Ақтөбедегі зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасына алғаш рет 2011 жылы келген. 

- Тура 18 жасымнан бастап осы кітапханаға келдім. Бірнеше іс-шараға қатысып, байқауда бақ сынадым. Мәнерлеп оқу ұнап, түрлі жарысқа да қатыстым. Бұл жерде оқырман өте көп. Тек зағип жандар емес, оқушылар да келеді. Біздің кітапхана қаладағы барлық кітапханамен байланыста екенін білеміз. Себебі кейбір іс-шара дәл сол жаңа кітапханаларда да ұйымдастырылады. Аптасына келемін деп айта алмаймын, айына бір рет соғамын. Бұрын көп келетін едім. Мұнда брайльша оқудан да жарыс болып тұрады. Өзім екі минутта 500-ден астам қаріпті оқып, бірінші орын алдым. Кітапқұмарлық бала кезден басталды. Қазақ, орыс тілдеріндегі еңбектерді көп оқыдым, ертегі, аңыз әңгімелерден бастап, романдарға көштім. «Абай жолын» аудионұсқада тыңдап шықтым. Брайльшасы болмады. Егер мүмкіндік берсе, жағдай жасаса сол роман-эпопеяны брайль қарпіне түсіргім келеді. Себебі қолмен сезініп оқу бөлек, тыңдау бөлек, - дейді ол.

оқырман
Фото: Алтынай Сағындықова

Тез оқу ғана емес, тез жазу да оның ерекше қасиеті. Қолына арнайы құралын алғанда жоғары оқу орнындағы группаластары да таңғалып, қызықтаған.

- Қазіргі кезде диктафон бар, оны кейбір оқытушы қолдануға рұқсат бермейтін еді. Яғни, дауысы жазылғанын қаламады. Сондықтан мен өзге группаластарым секілді қағаз бен үшкір «қаламымды» апарып, жазатынмын. Көзі көретін адам оған қарап үңілгенімен, оқи алмайды. Біз жазғанда оң жақтан, ал оқығанда сол жақтан бастаймыз. Кейде оқытушылар кітаптың электронды нұсқасын береді. Үйге келген соң жақындарыма оқытып, өзім лекция жазып аламын. Дипломды да брайльша жазып, қорғадым, - деді Назым Жұрынбай. 

Ол көзі көрмейтін адам үшін кітап жан азығы екенін айтады. Кейде қызық шығарма болса сағаттың тез сырғығанын сезбей қалады. Ондай кездері аз болмапты. Бір тілегі – брайльша кітаптарды көбейту, қазақ классиктері туындыларының санын арттыру. Сонымен бірге зағип оқырмандар үшін жаңа, заманауи ғимарат салынса дейді.

«Ұлпан» романын үш күн тыңдадым - Сапарбай Алтыбай

Ал Сапарбай Алтыбай 2020 жылы Шымкенттен Ақтөбеге көшіп келді. 2021 жылдан бастап кітапхананың тұрақты оқырманына айналған. Түрлі мәдени шараға қатысады, кездесулерге келеді.

- Мәдениет үйінде жұмыс істеймін. Жақын маңда болған соң осы жерге келіп тұрамын. Өзім оқимын әрі аудиокітап тыңдаймын. Брайльша оқуды Шымкентте үйрендім. Қазір көбіне аудиокітап таңдаймын. Жақында Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын үш күн бойы тыңдадым. Аптасына бес күн жұмыстамын, келген соң спортзалға кетіп қаламыз. Бала-шаға бар, демалыс күндері тойға барамыз. Егер қолым бос болса кітап оқуға тырысамын. Адамда жалғыз қалғысы, кітап оқығысы келетін кездер болады. Әрі оқысам өзім түсінемін, сезінемін. Мектепте кітапханаға жақын болдым. Ол кезде ертегілерді сүйіп оқыдым. Біреу түртіп қалса «кітап оқып жатырмын, ойымды бөлме» деп ұрысатынмын, - дейді Сапарбай Алтыбай.

оқырман
Фото: Алтынай Сағындықова

Ол ән айтады. Әннің сөзі мен музыкасын өзі жазады. Қазір 5-6 әні бар. 

- «Сағынамын», «Джулетта», «Өнерім – бойымдағы байлығымсың» деген әндерім бар. Жеке дыбыс студиосы жоқ, арнайы орындарға барып жаздырамын. Жанымда үнемі диктофон жүреді. Кез келген уақытта қосып, миымдағыны, тіл ұшындағыны жазып аламын. Кеше қолыма гитара алып, ән айтып отырғанмын. Әйелім кімнің әні екенін сұрады. Өзімнің жанымнан шығарып отырғанымды айтып едім, тез жазып алуымды өтінді. Кей кезде әні бірінші шығып, сөзі кеш жазылады, - дейді ол.

Түрлі аспапты меңгерген Сапарбай Алтыбай алғашында музыка астаптарын ұстап көріп, кейін өз еңбегімен, талантымен бәрін үйреніп алды. Қазір гитара, домбырада ойнай алады. Барабанды да, флейтаны меңгерген. 

Жаңа кітаптардың таныстырылымын жасаймын – кітапханашы 

Мұндағы кітапханашы Мақсат Төлегеновтің де қос жанары көрмейді. Ол өзі секілді жандарға кітап ұсынып, келген жаңа шығармаларды таныстырып отырады. 

- Көбіне көркем әдебиет, тарихи туындылар мен детектив оқиды. Сонымен бірге психологиялық кітаптардың аудио нұсқасы бар. Келесі жылы психологиялық кітаптардың брайль қарпімен жазылғанын аламыз. Соңғы келгені Т.Ахтановтың туындысы мен Ирина Ерофееваның «Хан Абулхаир» кітабы. Тек түптегенде сапасыз болып тұр. Бұрынғы кітаптар ондаған жыл қызмет көрсетсе, жаңасы тез шашылып қалуы мүмкін. Сонымен бірге балалар кітабы бар. Брайльша оқитын балалар аз, жоқ десек болады. Олар аудио тыңдайды. Шараға қатысады, - деді ол. 

кітапханашы
Фото: Алтынай Сағындықова

Брайльша оқуды үйреткісі келетін кітапханашы қызығатын адам санаулы деп отыр. Көбі ұялы телефоннан тыңдағанды ұнатады.

- Мұнда екі жобам бар. Олар: «Замандастар» және «Слушать не напрягая зрение». Бірінде жаңа кітаптарға шолу жасаймын, екіншісінде кездесу өткізіп, ән айтып, әңгіме-дүкен құрамыз. Бір қызығы қазір өзім кітапты көп оқымай жүрмін. «Абай жолын» орысшаса нұсқада тыңдаймын, - дейді Мақсат Төлегенов.

Балаларға тактильді кітап жасалды - Әйгерім Жарқын

Ақтөбедегі зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында кітаптардың 6 мыңы брайльша жазылған, 15 мыңы аудиокітаптар екенін айта кеткен жөн. Өзгесі қарапайым оқырманға арналған. 55 жылдық тарихы бар кітапхананың 1 600-ге жуық оқырманы тіркеулі. Оның 600-ден астамы зағип жандар. Кітапхананың бөлім меңгерушісі Әйгерім Жарқынның айтуынша, бірнеше жылдан бері тактильді кітап байқауы өтіп тұрады. Мұндағы мақсат – кішкентай оқырмандарға қажетті кітап қорын жасақтау.

- Ақтөбедегі арнаулы мектепте 2019 жылы зағип балаларға арналған сынып ашылды. Сол балаларға қандай әдістемелік құрал береміз деп ойландық. Бізге олар тактильді кітаптар қажет екенін айтты. Бізде бұл шығарылмайды, сондықтан байқау жарияланды. Психолог, дефектологтар кітап әзірлеп, түрлі шығармалардың мазмұнын фетр, қағаз, моншақ, ермексаздың көмегімен жеткізді. Қазір қорымызда 200-ден астам тактильді кітап бар. Оны балаларға апарып көрсетеміз, кейде олар келеді. Әрқайсысында QR код та бар. Қазіргі таңда қаладағы жұмыспен қамту орталығы оларды ұялы телефонмен қамтамасыз етіп жатыр. Кітапты міндетті түрде QR код арқылы тыңдайды. Кітаптың қалай жасалғаны, не пайдаланғаны, не туралы екенін естіп біледі. Кейін қолмен ұстап сезеді. Бәрі оқушылар үшін қосымша әдістеме құралы. Ата-анасына тапсырып, үйге де береміз, - дейді Әйгерім Жарқын. 

Кітапханада аудиокітап тыңдауға арналған бір ғана компьютер бар. Оқырмандар алдын ала жазылып, кезегін күтеді. Егер екі оқырман бір күнде, бір сағатта келсе, біріне аудиокітап қосылып, екіншісіне брайльша кітап ұсынылады. Бөлім меңгерушісі Әйгерім Жарқынның айтуынша, оқырманның көбі көркем әдебиетті таңдайды. Ал массаж жасауды меңгеріп алған зағип жандар медицина саласына қажетті оқулық, әдістемелерді сұрайды. Қазір көпшілікке мотивация беріп, өзіңді тануға, табысқа жетуге үйрететін брайльша психологиялық кітапқа сұраныс болғанымен, әзірге жеткізілмеді. Тек кейбірінің аудио нұсқасы бар. 

Соңғы жаңалықтар