Абайдағы жайылым тапшылығы, интернет пен жол проблемалары: депутат тұрғындар мұңын тыңдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысы Жарма ауданына қарасты Қоңырбиік, Кіші Қарасу және Салқынтөбе ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Онда ауыл жолдарын жөндеу, ауызсумен қамту, жұмыссыздықты азайту сияқты бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Қоңырбиік ауылында ақсақалдар жайылым жерлердің жетіспеушілігін айтты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мал бар, алайда оны жаятын жер тапшы.
Нұртай Сабильянов соңғы үш жылда партияның «Жер аманаты» комиссиясының арқасында 12 миллион гектардан астам заңсыз алынған жайылым жерлер мемлекетке қайтарылғанын атап өтті. Тек былтырдың өзінде Абай облысында 550 мың гектар ауыл шаруашылығы жері халыққа қайтарылған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жуырда ғана «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Бұл заңда қоғамдық жайылымдар жайлы жаңа нормалар енгізіліп, жайылымдарды конкурссыз үлестіруге, оларды басқа мақсаттағы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыстыруға тыйым салынады. Сонымен қатар бір гектарға шаққандағы мал жайылымының нормативі 20%-дан 50%-ға дейін артты, – деді депутат.
Сонымен қатар Қонырбиік ауылында интернет желісіне қосылу, медициналық пункт ашу, жедел жәрдем көлігін бөлу, мектепке спортзал салу және ауыз суға қолжетімділікті арттыру мәселелері де көтерілді.
АлКіші Қарасу ауылының тұрғындары әйелдердің зейнет жасының төмендетілуін ұсынып, ауылға жоғары жылдамдықты интернет тартуды сұрады. Тұрғындар Семей ядролық полигонының зардабын тартқан азаматтарға жеңілдіктер беру мәселесін де қозғады.

– Мемлекет ядролық сынақтардың зардабын тартқан азаматтарды ұмытпайды. 1992 жылдан бері арнайы әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істеп келеді. Бұл – мерзімінен бұрын зейнетке шығу, өмір сүру жылдары үшін өтемақы төлеу, еңбек өтілін кеңейту және медициналық көмек алу кезінде жеңілдіктер. Бұл кепілдіктер сақталған және өз күшінде. Ал екі жыл бұрын «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» жаңа заң қабылданды. Ол экологияны қалпына келтіруге, жерді қорғауға, мониторинг пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – халықты қолдауға арналған кезекті нақты қадам, – деді Нұртай Сабильянов.
Сондай-ақ депутат 2021 жылы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында Семей қаласында Ядролық медицина және онкология орталығы ашылғанын еске салды. Қазіргі таңда онда онкологиялық аурулармен қатар радиациялық әсер салдарынан денсаулығында кінәрат бар тұрғындар да ем алып жүр.
Салқынтөбе ауылында басты мәселелер ретінде жолдың жоқтығы, ескірген электр желілері және абаттандыруға арналған бюджеттің жеткіліксіздігі аталды. Сонымен қатар жастарды тарту мен жұмыс орындарын ашу – өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерілді.

Нұртай Сабильянов «Ауыл аманаты» партиялық жобасы арқылы 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беру жалғасып жатқанын айтып, бүгінде облыста ондаған тұрғын осы мүмкіндік арқылы фермерлік шаруашылықтар ашып, жылыжайлар салып, мал сатып алып жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда 350 адам осы жобаның игілігін көрген. Ал қарыз мәселесі бар ауыл тұрғындары үшін «Қарызсыз қоғам» жобасы белсенді жұмыс істеуде. Жоба аясында қатысушылар қаржылық сауаттылық бойынша білім алып қана қоймай, қарыздарын қайта қаржыландыру, қаржылық сауықтыру жоспарларын әзірлеу бойынша сарапшылардан тегін көмек алады.
Депутат Мемлекет басшысының жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтуге бағытталған саяси реформаларының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінде ауыл тұрғындарының ашық сөйлей бастауының өзі – өзгерістердің нәтижесі. Бұрын кім басқаратынын өзіңіз шешпейтін едіңіздер. Қазір өздеріңіз таңдайсыздар. Әкімді халық өзі сайлайды, бұл – жай ғана демократия емес, бұл – тікелей билік. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформасы. «AMANAT» партиясы Президенттің басты қоғамдық тірегі ретінде әкім сайлауларының ашық, әділ және халықтың белсенді қатысуымен өтуіне қол жеткізді. Сайланған әкімдер өз сайлаушыларының алдында көбірек жауапкершілік сезінеді. Егер әкім дұрыс жұмыс істемесе, оны кері шақырып алу құқығы халықтың қолында», – деді Нұртай Сабильянов.
Айта кетейік, депутат Алматыда 40 қабатты кешен салуға қарсы шықты.