Абайдың ақындық мектебі: дәстүр мен жалғастық

АСТАНА. KAZINFORM — Абай айналасы тек ақындармен шектеліп қалды деуге келмес. Абай тек ақындық өнерге баулушы ғана емес, жалпы бойында қандай өнері бар жастарды қасына үйірді. Ән-күй, құсбегілік, атбегілік, тоғызқұмалақ, дойбы өнерін үйренушілер мен балуан, желаяқтар Абай маңынан өнер тапты, бойындағысын шыңдады.

Абай
Фото: Gov.kz

Барлық өнердің қас шебері болды десек Абайға берілген артық баға болар еді. Бірақ, білгенін үйретіп, білмегенін алыстан іздеп, әнші шақыртып, дойбышыны бір қыс қонақ етіп, ағаш шеберіне ат-шапан пұлын беріп дегендей өнер іздеді, жанындағыларды баулыды. Сондықтан да, Абай шәкірттерінің саны біз тізімдегеннен әлдеқайда көп болуы заңды. Ол шәкірттер – Абайдың өнер мектебінің шәкірттері.

Абайдың әдеби ортасы тақырыбының зерттелуі

Абай туралы пікірлер, оның ішінде Абай ортасы, Абай шәкірттері тақырыбындағы мәселе төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастағаны белгілі. 1918 жылы «Абайдың өмірі мен һәм қызметі» деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері турасында былай делінген: «Бұл күнде жұрт Абайдың сөзімен пайдаланып, айтқанын ала қоймағандық – көптің қараңғы, надандығынан. Бірақ Абайдың соңынан ерген, сөздері әсер берген кісілер жоқ деуге тағы болмайды», - деген емеурінінде Абай мектебі, Абай шәкірттері деп аталатын арнаулы тақырыптың көктеп келе жатқан түйнегі бар.

Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Екеу» деген бүркеншік атпен жазған «Абайдан соңғы ақындар» деген екінші мақаласы шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арнайы жазылған тырнақалды мақала болып саналмақ. Қазақ әдебиетінің даму кезеңдері, қазақ поэзиясының теориялық, түрлік, көркемдік ерекшеліктерін талдауға ұмтылыс жасаған ғылыми мәнділігімен қоса, Абайдың өзінен кейінгі ақындарға әсері туралы мәселені де алғаш көтерген еңбек.

«Абайдан соңғы ақындар» - зерттеушілердің назарына кейінгі тәуелсіздік жылдары ғана ілінді десек қателеспейміз. Ғалым Тұрсын Жұртбай бұл мақалаға жан-жақты ғылыми түсінік берген.

Жаңа тебіндеген Абай ортасы оның ішінде Абай төңірегіндегі ақындар тақырыбы бұдан былай сара жолға түсіп, қанаты кеңейе берді. Абай ортасы сияқты әйдік әлемнің бір саласы ақынның өзгеге берген нәрі, яғни, ұстаз – Абайдың қарекетін айқындайтын Абай мектебі деген тақырыпқа баса назар аударылып, ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталғанда осы бір мәнді сала бөлініп атала басталды.

Жалпы «Абай» журналында Абайдың кейінгі ақындарға әсері деген мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Журналды шығарушы Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болса, «Журнал туралы» деген беташар мақаласында Ж.Аймауытов: «Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай… Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді. Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар. Оқыған зиялыларымыз да, оқымаған саңылаулы адамдарымыз да Абайды үлгі қылмайтыны жоқ» - деп, Абай – ұстаз деген ұғымды әдебиетке алғаш енгізді.

Абай
Фото: abai.kz

 

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайдың өз басына шүйілген сын ақырын сырғып абайтану саласының социалистік танымға тар келетін Абайдың әдеби айналасы деген тықырыптың алқымынан ала бастады.

Алдымен Абайды тұқыртуға белсене кіріскен саяси науқан көзі тірісінде ұлттың символына айналып үлгерген кемеңгер ақынның сөзінен мін таппай дағдарды. Бар тапқан кемшілік «Абай байдың баласы, сондықтан да ол байшыл ақын» деген байбаламдары ақынды тұғырдан түсіре алған жоқ...

Ең алғаш рет Абай мектебі, Абай шәкірттері деген ұғымдарды қолданған Әуезов, Абайдың төңірегіндегі ізбасарлары Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Әсет, Әріп, Уәйістер туралы қысқа да болса деректер ұсынып, олардың Абаймен байланысын шын мәніндегі ұстаз бен шәкірт арасындағы құбылыс ретінде қарастыруы – қазақ әдебиетіне Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері деген ұғымды әкелді.

Демек, Абай ортасы, оның ауқымына енетін Абай мектебі, ізбасар шәкірттері деген ұғым Әуезов арқылы 1930 жылдары әдебиеттен мықтап орын алды. Абай шәкірттері мен Әуезов арасындағы байланыс әріден басталады. Шәкәрім, Көкбай, Турағұл, Кәкітайлармен таныс-біліс қана емес, аса жақын сырлас болған Әуезов Абай тақырыбына дәл осы адамдар арқылы келді десек қателеспейміз. Жалпы Абай шәкірттері және М.Әуезов деген тақырып М.Мырзахметұлының тарапынан зерттеу нысанына алынды дегенімізбен, әсіресе жаңаша көзқарастар тұрғысынан түпкілікті қарастырылып бітпеген тақырып. Көкбаймен, Шәкәріммен рухани байланыста болған Әуезов дәл осы өзі көп білген, жақын араласқан ең талантты адамдар туралы не ғылыми еңбектерінде, не әйгілі романында жаза алмай арманда кетті. Абайдың 100 жылдығына келген М.Әуезовке Көкбайдың ақын қызы Қалыш Көкбайқызының:

Есен-сау, аманбысың бауырым Мұхтар,

Жүруші еді бір көрсем деп тәтең құштар.

Әлемге болды мәлім Абай ағаң

Қалмасын жаратылмай өңге тұлпар,-

деген аналық назына, Мұхтар:

-Тәте, қазір қазақ әдебиеті Абай шәкірттері хақында “Абайдың ақындық мектебі” дегенді қолға алып жатыр. Абай ақын шәкірттерінің алдында Көкең тұрмақ. Асықпай, шыдай тұрыңыз. Бәрі өз кезегімен келеді ғой,- депті. Алайда, Абай шәкірттерінің мұралары араға жарты ғасырдай уақыт салып барып қана ақталды.

Әуезовтің редакторлығымен 1925 жылдың наурыз-маусым айларында төрт саны шыққан «Таң» журналында Абай шығармаларымен қатар Көкбай ақынның жинауынан ақын-жырау, билердің өлең-сөзі жариялануы, Шәкәрімнің журналдың шығуына ақ жол тілеп ән-өлеңмен байғазы жолдауы - Мұхтармен арадағы жақсы қарым-қатынастың жарқын үлгісі. Абай туралы монографиясының түптелген қолжазбасынан жыртылып алынып, кейінге дейін жарыққа шықпай келген «Көкбайдың ақындығы» деген мақаласы – Абай шәкірттерінің ішінде даралап жазылған ең алғашқы мақала еді. Абай шәкірті ретінде Көкбайдың қысқаша ғылыми шығармашылық өмірбаянын түзген ғалым сөз соңында Абай шәкірттері ретінде Ә.Тәңірбергенұлы мен Ә.Найманбайұлын атап өтеді.

Қайым Мұхамедханұлының өмір бойғы ғылыми ұстанымы

Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі деген күрделі тақырыпқа Әуезовтің кеңесімен жас зерттеуші Қ.Мұхамедханұлы араласты. Жетекшісінің тапсырмасы туралы бір әңгімесінде Қайым былай дейді: «Абайдың ақын шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның, Көкбайдың, Тұрағұлдың тағы басқаларының өлең-жырлары, дастандары түгел жиналған жоқ. Осыларды жинап, зерттеп, жазу жұмысын қолға алуың керек,- деп, тағы басқа істелуге тиісті жұмыстарды нақтылап атап-атап айтты». Кейін келе-келе «Абай мектебі» тақырыбы Қ.Мұхамедханұлының өмір бойғы ғылыми ұстанымына айналды. Қ.Мұхамедханұлы абайтану саласында әлі тың боп игерілмей жатқан тақырыпқа кірісіп қана қойған жоқ, соны игеріп, әдебиеттану ғылымында Ұстаз-Абайдың шәкірттері мұраларын жан-жақты зерттеу арқылы Абай мектебі деген ұғымның қазақ әдебиетіндегі орнын айқындап берді.

Қайым Мұхамедханұлы
Фото: Kazinform

1940 жылы Абай балалары - Ақылбай (Абайдың әдеби мектебі (Ақылбай Құнанбаевтың «Дағыстан», «Зұлыс» поэмалары) // Екпінді, 1940. №232), Мағауия (Абайдың әдеби мектебі (Мағауия Құнанбаевтың «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек») // Екпінді, 1940, №232), Әубәкір Ақылбайұлы (Абайдың әдеби мектебі (ақын Әубәкір Абаев) // Екпінді, 1940. №236), сондай-ақ, Әріп Тәңірбергенұлы (Абайдың әдеби мектебі (Әріп Тәңірбергеновтің өмірі мен шығармашылығы) // Екпінді, 1940. №239) сынды ақындардың өмірі мен әдеби мұралары Мұхамедханов тарапынан алғаш рет кең түрде зерттеле бастады. Әуезовтің жетекшілігімен қолға алынған тақырыптың іргесі сөгіліп, алғашқы қадамдар жасалды. Шәкәрім, Көкбай, Турағұл сияқты сол кезде «ұлтшыл ақын» атанғандардан басқа шәкірттері Қ.Мұхамедханұлы зерттеулерінің арқасында ХХ ғасырдың көрнекті тұлғалары қатарында аттары атала бастады.

Қ.Мұхамедханұлымен қатар Абай мектебі тақырыбына сол кезде Е.Ысмайлов (Кемеңгер Абай «Әдебиет және искусство» 1940. №9., Ғ.Сералиев (Қазақ халқының данышпан ақыны // Ленин туы. 1940. 15 қазан), Ә.Тоқмағанбетов (Абайдың ақындық мектебі // Соц. Қазақстан. 1940. 26 қазан), М.Сильченко (Абай. Алматы. 1945. стр. 76-81; Абайдың шәкірттері // Әдебиет және искусство. 1940. №9, №10.) сынды зерттеушілер назар аударып, өз пікірлерін білдірді. Абай шәкірттері, Абай мектебі деген ұғымға нақты анықтама берілмеген соң бұл зертеушілер Абай шәкірттерін ешқандай талғамсыз өздері алып-қосып көрсете берді...

Абай мұрасы туралы орыс тілінде еңбек жазған ғалым М.Сильченко «Абай» атты монографиясының «Абай – ага» тарауын ақын шәкірттеріне арнады. Өзіне дейін жазылған ғылыми еңбектер мен естелік, деректерді арқау еткен бұл еңбектің оқырманға берері – орыс тілділер үшін Абайдың әдеби ортасын тани түсудің сәті келді...

Абай мектебінің меншікті зерттеушісіне айналған Қ.Мұхамедханұлының 1945 жылы баспасөз бетіне шыққан «Абайдың әдебиет мектебі» мақаласы болашақ үлкен де маңызды зерттеуінің іргетасы іспеттес еді. Мақалада Абайдың ұстаздық қарекетіне тоқтала келіп автор шәкірттерді төрт топқа бөліп қарайды. Еуропа ақындарының үлгісімен терең сезімді махаббат, өршіл сарынды уақиғалы дастандар жазатын Ақылбай, Мағауиялар, екінші қарасөз, аударма, көңіл күйі қысқа өлеңдер жазатын Кәкітай, Тұрағұлдар, үшінші қазақ өмірінен тарихи өлең, жырлар жазып, ауыз әдебиеті саласынан айтыс, кенеттен шығарып қолма-қол айту дәстүрін ұстанған Көкбай, Әріп, Иманбазарлар, төртінші әзіл, мысқыл, ащы тілді әжуа өлең шығарушы Әубәкірді атап көрсетеді.

Қ.Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебі жайлы ізденістері жинақталып, жүйеленіп 1951 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Осылайша Әуезовтің жетекшілігімен Абай мектебі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Бірақ, көп кешікпей қорғалған тақырыпқа, яғни Абай мектебіне нағыз шабуылдың өзі басталды. Ол өз алдына бөлек әңгіменің арқауы болмақ.

Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт

Абайдың айналасындағы әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды, ақын шәкірттердің мұралары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет – сол еңбектерден әдеби орта тақырыбының жігін табу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасында толайым пікір айту да – бүгінгі зерттеулердің міндеті.

Абайдың ұлы Тұрағұлдың отбасы
Фото: Абайдың ұлы Тұрағұлдың отбасы\ Абай.кз

 

Бұл арада Абай тәрбиесі өз ауылынан, өңірінен аспаған ба?- деген сауалдың көлденеңдейтіні заңды. Осы орайда академик С.Қасқабасовтың: «Соңғы уақытта Абайды жеке бір ақынның шәкірті, бір аймақтың ғана ақындық мектебінен нәр алған деген сөздер де айтылып жүр. Бұл пікірдің теріс екенін айтпасқа болмайды. Абай бүкіл қазақ фольклорын, өзіне дейінгі ақын-жыраулар поэзиясын толық меңгерген, қорытқан, сөйтіп қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтерген, сондықтан оны бір ақынға теліп қою жөн емес»,- деген пікірін де есте тұтқан жөн.

Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы – Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек. Тек қана ақын емес, әнші, музыкант, ертегіші, дойбышы сияқты сегіз қырлы өнерпаздарды қасына жиған Абайдың айналасына қазақ мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі тұрғысынан баға берілген уақытта Абай ортасының анық деңгейі анықталмақ.

Демек, Абайдың ақындық мектебі концепциясы – кемеңгер ақынның қазақ әдебиетінде қалыптастырған әдеби дәстүрінің ғана емес, Абайдың ұстаздық құдіретінің көрсеткішін айқындап берер құбылыс...

Өзіне дейінгіден алып, кейінгіге берді деген қасаң қағиданы ұстансақ, Абай тек дәстүрді жалғаушы, ұлттық әдебиетті тасымалдаушы дәрежесінде ғана қалып қояды. Ал, Абай – одан биік тұрған тұлға. Қазақтың төл әдебиетін классикалық дәрежеге көтеруші ғана емес, кейінгі әдебиетші буынға үлгі ұсынушы, өнер таратушы бола білді.

Ақындық өнер – күрделі ұғым. Абай алдыңғысынан тек алып қана қойған жоқ, соның маржанын ғана екшеп, арзанын сынға ала шыңдалды, өсті. Сол толысқан шағында өзінен кейінгі жастарға нағыз ақындық өнердің қыр-сырын үйретті. Бұл арада Абай өнер үйретуші ғана емес, сол үлгілі шәкірттердің кей өнеріне тәнті болды. Жақсы сөзіне сүйсініп, оны қабылдады, басқаға үлгі ретінде насихаттады.

Негізінен, Абайдың ақындық мектебі мәселесін сөз еткенде Абай мен оның тікелей тәрбиесінде болған ақын шәкірттер арасындағы байланыс бір бөлек, кемеңгер ақынның әдебиеттегі дәстүрі, яғни Абай дәстүрін жалғастырушылар жеке тақырып ретінде қарастырылғанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті мен жалпы ақындық өнерінің кейінгі әдебиетке әсері деген мәселелерді ажыратып қарауға мүмкіндік туады.

Абайтанушы, ф.ғ.д., профессор, Бауыржан Ердембеков

Соңғы жаңалықтар