Абайдың шығармалары суретке айналды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай Құнанбаевтың шығармалары қағаз бетіне сурет болып салынды. Ондағы негізгі мағынаны жастарға жеткізуге тырысқан суретші Аңсаған Мұстафа Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, сұхбат берді.

— Бұл картиналар Абай атамыздың қара сөздері мен өлеңдеріндегі месседжді қазіргі ұрпаққа жеткізу үшін салынды. Былай қарасақ, Абай атамыз өмір бойы әлеуметтік мәселелерді, адамдардың теңсіздігін, қоғамның дертін, білім мен ойдың дамуын қозғады ғой, — дейді студия қонағы.

Дәл қазір Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында суретшінің «Көңілге түрлі ой салар» атты авторлық көрмесі ұйымдастырылып жатыр.
— Қазір картиналарымның түпнұсқасы Семейдегі көрмеде тұр. Ондағы 58 картинаны 1,5 жылда салып шықтым. Бір туындыға шамамен 3 күн кетті. Суреттерімнің тағы бір бөлігі шетелдерді аралап кетті. Мексикада, Бразилиядағы көрмелерге қатысты. Бір суретімнің түпнұсқасы Кореядағы Хонг-Мун музейінде. Менің басты мақсатым — шығармаларымды көргенде, жеткізгім келген ойымды барлық адам бірден түсініп, одан ой түйсе екен, — дейді Аңсаған Мұстафа.

Өнер иесі Корея, Түркия, Аргентина, Мексика, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Иран, Польша, Үндістан сынды өзге де мемлекеттерде өткен түрлі көрмелерге қатысқан.
— Мен 30-дан астам елде 155 көрмеге қатыстым. Оның он шақтысында жүлделі болдым. Ең көп марапат алған туындым — «Біздің балаларымыз». Ол, ең арысы, Аргентинаның Ушуая қаласындағы көрмеге қатысып қайтты, — дейді суретші.

Аңсаған Мұстафа сурет салудан өзге, қазақы нақыштағы футболкаларды да жасайды.
— Ең алғашқы футболканы Абай атамыздың өлеңіндегі «Өзіңе сен» деген тіркеспен дайындаған едім. Осыдан 15 жыл бұрын белгілі сайт Абай атамыздың өлеңдері жазылған футболкалардың конкурсын өткізді. Бұл бизнеске келуіме де осы жағдай себеп болды, — дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Абай есімді қанша адам бар екенін жазған едік.