Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй» дейтін даналығы Қытай оқырманына да етене жақын - Әкпар Мәжитұлы

None
Фото из личного архива Акпара Мажитулы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әкпар Мәжитұлы - Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында тұратын жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері. Ол Абайдың қара сөздерін және 145 өлеңі мен 3 поэмасын қытай тіліне аударған. Әкпар Мәжитұлы шығармашылықпен қатар мемлекеттік саясатта да еңбегі ерекше сіңген тұлға. Ол қытай тілінде жазатын жазушы болғанымен, сол елдегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер. 10 тамыз - Абай күніне орай Бейжіңде тұратын қандасымыз Әкпар Мәжитұлына бірнеше сауал қойып, сұхбат алған едік.

- Әкпар Мәжитұлы, Қазақстанда жыл сайын 10 тамыз күні ұлы ақын Абайды ұлықтау мақсатында іс-шаралар өтеді. Абай секілді ұлт абызын Қытай қоғамына етене таныстырып жүрген тұлғасыз. Сіздерде, Бейжіңде Абайды еске алу, ұлықтау секілді мәдени іс-шаралар өте ме?

- Биылғы 10 тамыз - ұлы Абай атамыздың 178 жылдығы, сондай-ақ біз үшін де, жалпы әлемдегі қазақ халқы да төртінші рет кезекті Абай күнін атап өтеді. Мен осы айтулы күнмен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Бейжіңде «Чаоян» деген орталық саябақ бар. Аталған саябақтың ішінде «Жин Тай» деп аталатын үлкен мәдениет үйі бар. Сол мәдениет үйінің алдында ұлы Абайдың мүсіні қойылған. Кейінгі жылдары 10 тамызда Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігі мен «Жин Тай» мәдениет үйі бірлесіп, Абайды еске алу іс-шарасын өткізіп келеді. Онда бейжіңдік студенттер ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқиды. Оның бәрі, әрине қытай тіліне мен аударған өлеңдер, әңгімелер. Сондықтан Бейжіңде де Абайдың туған күні өз деңгейінде аталып өтіледі деуге болады.

- Сіз Абайдың қара сөзін, өлеңдерін қытай тіліне аударған мықты аудармашы ретінде қазаққа да, қытайға да теңдей танылдыңыз. Ұлы ақынның шығармаларын аудару идеясы қалай туды. Сол туралы қысқаша айтып берсеңіз...

- Мен 1994 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар баспасының» ұсынысы бойынша Абайдың қара сөздерін аудардым. Ол аудармам 1995 жылы Бейжіңдегі аталған баспадан кітап болып басылып шықты. Содан шамамен 15-20 жылдан кейін, Абайдың өлеңдерін тәржімалап шықтым. Ал 2020 жылы тамызда «Абай» деген атпен менің аудармам (ішінде қара сөздері мен өлеңдері де бар) «Жыжаң» деген баспадан қытай тілінде жинақ болып басылып шықты. Осы жұмыстарымыз арқылы қытайлық оқырмандар ұлы ақынның шығармаларымен тереңірек таныс бола түсті деп ойлаймын. Жалпы аударма деген алтын көпір ғой. Қытай тіліне тәржімаланғаннан кейін екі жағада отырған елдің мәдениеті, әдебиеті бір-біріне жақындап, таныстығы арта түсті деп айтуға болады. Абай шығармаларын аударуым екі елдің достығын нығайтуда, біріне-бірін жақындатуға аз да болса өзіндік септігін тигізе бастады деп ойлаймын.


- 1995 жылы Абай Құнанбайұлының қара сөздерін дуньзу ұлтының жазушысы, аудармашы Су Жоушиун орыс тілінен ханзу тіліне аударыпты. Бұл жұмысты Сіз қазақша түпнұсқаға сай аударып бекіткен екенсіз. Бізге қара сөзді орыс тілінен аударған Су Жоушиун мырза туралы мәліметтер бере кетсеңіз. Сондай-ақ, Су Жоушиун мырзаны Абай шығармасын аударуға қызықтырған не нәрсе екен деген де ойымыз бар...

- Дуньзу жазушысы, аудармашы Су Жоушиун мырза екеуміздің арамыз жақын өткен адам еді. Су Қытай Жазушылар одағына мүше болғанда оны одаққа таныстырушы болған едім. Ол орыс әдебиетінен көптеген шығармаларды қытай тіліне аударған жазушы. Су Жоушиун мырза 1992 жылдан бастап Қытайдағы Қазақстан Елшілігінде 2 жылдай уақыт қызмет істеген. Сол кезде Абай шығармасымен танысып, Абайдың қара сөздерін орыс тілінен қытай тіліне аударыпты. Сол аудармасын «Ұлттар баспасына» берген екен. Аталған баспаның редакторлары қытай тіліндегі нұсқасын оқып, оны түпнұсқасымен салыстырып көреді. Сол кездегі «Ұлттар баспасының» директоры Қалибек маған телефон арқылы хабарласып, «Су Жоушиунның орысшадан аударған нұсқасы әуелгі қазақшасынан әлде қайда шалғай кеткен екен. Соны сен қайталай қарап, өңдеп бересің бе?» деген ұсыныс айтты. Мен Су Жоушиунның аудармасын оқып шығып, орысшадан аударғаны әуелгі нұсқа арасында алшақтық көп екеніне көзім жетті. Содан оларға бұл аударманың үстінен қарап, өңдеп шыққаннан гөрі, қазақша түпнұсқадан аударған тиімді екенін айттым. «Егер сендер келісетін болсаңдар қазақшасынан тікелей аударып берейін» деп өздеріне кері ұсыныс айттым. Бұған Қалибек мырза келісті. Сөйтіп мен қазақшадан қытайшаға бір ай уақыттың ішінде аударып шықтым. Соны «Ұлттар баспасына» өткіздік. Ең бірінші жолғы аударуымыз осылай болды. Сол жазушы, аудармашы Су Жоушиун мырза биыл 85 жасында 4 мамыр күні қайтыс болды.

- Сіздің айтуыңызша, «Абайдың қара сөздері» атты кітап оншақты рет басылып шығыпты. Осы қайталанып басылған кітап қытайлық зиялы қауым арасында пікір тудыра алды ма?

- Абай шығармалары қытай тіліне аударылғалы бері қытайлық оқырмандар ұлы ақын туралы тереңірек танып, біле бастады деуге әбден болады. Мысал ретінде айтайын, 2020 жылы Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігінде Хахуанжан (Абайдың қара сөзін алғаш рет қытайшаға аударушы – авт.) екеумізге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан II дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Сол кезде Қытайдағы аса танымал жазушы, «Халық өнерпазы» деген атақты алған, Қытайдың бұрынғы мәдениет министрі Ван Мэн Елшілікке арнайы келіп Абай шығармасы қытай тіліне аударылуына ерекше қуанышты екенін айтқан еді. Ол тіпті қазақ тілінде де сөйледі. Бұл қытайлық оқырмандар, ақын-жазушылар Абайды танып, біле бастағанының көптеген мысалдарының бірі деуге болады.

Тағы айтарым, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» келетін даналық ойы, тұжырымы қытайдың да талғамы биік оқырмандарына аса ұнайды әрі етене жақын, таныс. Оған себеп: қытай халқының классик ойшылы Мыңзының «мейрімді болсаң адамзатты сүй» деген даналығы бар. Осы екі ойшылдың қалдырған даналығы керемет үндесіп тұр. Сол үшін де мен ұлы ақынның шығармасын қытай оқырмандары жақсы қабылдап жатыр деп ойлаймын.

- Өзіңіздің соңғы кездегі жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

- Ал енді өзімнің жеке шығармашылығыма келетін болсақ, соңғы жылдары бірнеше әңгіме жинақтарымды жарыққа шығардым. Өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай, Қазақстанның ақын, композиторлары жазған 30 әнін қытай тіліне аударып, жақында «Халық» музыка баспасынан кітап болып басылып шықты. 26 мамыр күні аталған баспада кітаптың тұсаукесері өткен болатын. Бұл тұсаукесерге жоғарыда айтқан Ван Мэн ұстаз және Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев келіп, құттықтау сөздерін сөйледі. Жалпы музыка деген адамзаттың ортақ тілі ғой. Сондықтан дәл қазіргі уақытта Қазақстаннан аударылған әндеріме орай жақында арнайы концерт өткізгелі жатырмыз. Менің жеке басымдағы жаңалықтарым осылай жалғасуда...

- Абайдан басқа қазақ ақын, жазушыларынан кімдердің шығармасы ханзу тіліне аударуға болар еді деп ойлайсыз?

- Жалпы, Абайдан басқа, осы Қытай еліндегі бірқатар қазақ ақын-жазушылардың шығармаларын қытай тіліне аударған едім. Ал қазақстандық қаламгерлердің шығармаларын Қайша Тәбәрікқызы деген қарындасымыз тәржімалап жүр. Менің Қайшамен ауызша келісімім бар, мен Абайды аударамын, ал сен басқаларын аудара бер деген. Сол келісім бойынша жұмыс істеп келеміз.

Сөз соңында барша қазақ халқына 10 тамыз Абай күні құтты болсын айтамын. Бұл мереке халықтық мерекеге айналсын, елді қуанышқа бөлейтін күн болсын, рахмет!

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар