Абайдың туған күнінде 16 зерттеу еңбегі жарық көрді – ЕҰУ ректоры
«Абайға арналған кітап қанша шықса да аздық етпейді. Абайды зерттеу, насихаттау енді басталды. Оған мұрындық болып отырған Абайдың өзі және оның қажеттілігін халыққа жеткізіп отырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол Абайдың тойы біз үшін ғылымның, рухтың, мәдениеттің тойы болуы керек екенін айтты», - дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы міндет – Абайды әлемге таныту.
«Абайды әлемге таныту керек, себебі ол қазақ халқының ғана емес, адамзаттың Абайы. Ол ұлы гуманист. Абайды әртүрлі тілге аудару арқылы насихаттау – басты бағыттардың бірі болуы керек. Президент Абайдың 175 жылдығын атап өту аясында ЕҰУ-да «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырған болатын. 6 айдың ішінде өз қаражатымызбен арнайы жобаны іске асырдық. 100-ден астам зерттеуші жұмыс істеуде. 16 зерттеу еңбегіміз 10 тамыз күні жарық көрді. Жыл соңына дейін тағы 20-дан астам кітап шығару жоспарда бар», - дейді ол.
Еске сала кетсек, бүгін Facebook-тегі Қазақстан халқы Ассамблеясының парақшасында Абай туралы «Әлемді аялаған сөз» атты кітаптың тұсаукесері болды.