«Абайлаңыз - балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасының дайындық кезеңі басталды - ҚР ІІМ

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін, 20 тамыз күні ІІМ Жол полициясы комитетінің бастамасымен республика бойынша «Абайлаңыз - балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасының дайындық кезеңі басталды.

«Абайлаңыз - балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасының дайындық кезеңі басталды - ҚР ІІМ

Бұл туралы Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Акция жаңа оқу жылының қарсаңында өткізіледі. Статистика бойынша, бұл уақытта оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны күрт өседі. Демалыс кезінде олар көлікпен байланысты қауіп-қатерден сақтану дағдыларын ұмытып қалады, дейді Жол полициясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ермек Құсайынов.

Дайындық кезеңін өткізудегі мақсаттардың бірі балалар шоғырланатын орындарда жол қауіпсіздігі инфрақұрылымын бағалау болып табылады. Осы кезеңде жол және коммуналдық қызметтер өкілдерімен бірлесіп, көше-жол желілерінің және жалпы білім беретін, мектепке дейінгі мекемелер, қосымша білім беретін балалар ұйымдарының және олардың аумағына жақын орналасқан орындарда жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын пайдалану жай-күйіне тексеру жүргізіледі.

Көліктік бақылау органдары өкілдерімен бірлесіп, жалпы білім беретін мекемелердің қолданыстағы автобустарында жолаушылар тасымалдауға лицензиялардың бар болуын қадағалау, мектеп оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына тексеру жүргізу жүзеге асырылады.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдармен, ПИК төрағаларымен бірлесе отырып, тұрғын үй аймақтарында, аула аумақтарында, балалар мен спорттық алаңдардың маңында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтармен кездесулер өткізу жоспарланған.

«Мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар мен азаматтарға балалар оқу мекемелерінің жанында жол жүрісін қамтамасыз етуге қатысты арыздарыңыз, ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса Интернеттегі Жол полициясы комитетінің «Сұрақ-жауап» бөліміндегі «Мектеп жол инспекторы» арнайы айдарына хабарлауға болатынын естеріңізге саламын»,- деп атап өтті Е.Құсайынов.

Өз кезегінде ведомство барлық арыздарды қарап, тиісті шаралар қабылдайтын болады.

Сонымен қатар, жазғы демалыстардың соңғы күндері жолаушы балалардың қатысуымен болатын жол апаттарының алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, «Сіздің жолаушыңыз - бала!» атты профилактикалық акциясын өткізу көзделген.

Бұдан басқа да бірқатар іс-шаралар жоспарланған.