10:48, 03 Сәуір 2017 | GMT +5
Абель Санчес: Мэйвезер мен МакГрегордың жекпе-жегі бокс үшін масқара
АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес бірнеше санатта чемпион болған кіші Флойд Мэйвезер мен UFC жұлдызы Конор МакГрегор арасында мегаайқас ұйымдастыру идеясын мүлдем құптамайтынын айтты, деп жазды Sports.kz.

«Бұл бокс үшін құптауға келмейтін нәрсе, егер бұл айқас өтер болса, Мэйвезер әуесқоймен қолғап түйістіреді. Бокс өлшемімен қарағанда МакГрегор - әуесқой, бұл жекпе-жек Ронда Роузи мен Холли Холм айқасына көбірек ұқсайды. Холмда 39 кәсіби бокс айқасына шыққан тәжірибе бар, айырмашылық осында. Егер Флойд пен Конор ММА ережелері бойынша айқасса, әңгіме бөлек. Ал егер бокс жекпе-жегі түрінде өтсе, бұл фанаттар үшін нағыз қорлық. Оның үстіне, бұдан Флойдтың өзіне де зардап тиеді. Олардың айқасы болмайды деп үміттенемін, бұл бокс үшін нағыз масқара», - деп мәлімдеді Санчес On The Ropes Boxing Radio берген сұхбатында.