Абхазияда президент сайлауының екінші турында дауыс беру аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Абхазия Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін 2 наурызда жариялайды, деп хабарлайды ТАСС.

Абхазияда президенттік сайлауда қайта дауыс беру аяқталды. Республикадағы 152 сайлау учаскесі мен Ресей Федерациясындағы екі учаске – Мәскеу мен Черкесск қалаларында өз жұмысын аяқтады.
- Абхазия мен Ресейдегі сайлау учаскелерінің жұмысы заң талабына сай Мәскеу уақытымен 20:00-де аяқталды. Қазір учаскелік комиссиялар дауыс беру қорытындыларын шығаруға кірісті, деп хабарлады ТАСС агенттігіне республиканың Орталық сайлау комиссиясы.
Одан кейін округтік сайлау комиссиялары қорытынды хаттамаларды Орталық сайлау комиссиясына береді. Абхазия Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін 2 наурызда жариялайды, ал үш күн ішінде сайлау нәтижелері туралы ресми хабарлама жарияланады.
Абхазия заңнамасына сәйкес, егер сайлауға сайлаушылар тізімдеріне енгізілген азаматтардың кемінде 25 пайызы қатысса, қайта дауыс беруде ең көп дауыс алған кандидат сайланды деп есептеледі.
Дауыс беруге қатысқан сайлаушылар саны сайлау жәшіктеріндегі бюллетеньдердің саны бойынша айқындалады. Соңғы мәліметтер бойынша, сағат 18:00-де сайлаушылардың қатысуы 60 пайызды құрады, бұл бірінші турмен салыстырғанда жоғары.
Бұған дейін мойындалмаған Абхазия президенті Аслан Бжания оппозицияның қысымымен отставкаға кеткені хабарланған болатын. Сонымен бірге парламентті басып алған оппозициямен келісім бойынша үкімет басшысы да отставкаға кетті.
Абхазияда мерзімінен бұрын президент сайлауы 2025 жылғы 15 ақпанға белгіленген.