Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингіде көш бастады
АСТАНА.KAZINFORM – Дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Гран-при чемпионы Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингіде көш бастады.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңартылған рейтингіне сәйкес, қазақстандық спортшы бір сатыға жоғарлап, 5021 ұпаймен әйелдер арасында 48 кг салмақ дәрежесінде көш бастады.
Ресейлік Сабина Гилязова екінші орын, ал 23 жасар италиялық спортшы Ассунта Скутто үшінші орынға тұрақтады.
Айта кетерлігі, бұл Әбиба Әбужақынованың алғаш рет әлемдік рейтингіде көш бастауы.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Дзюдодан Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионатын 12 медальмен аяқтады.
Отандастарымыз Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен құрлықтық додада 1 алтын, 4 күміс және 7 қола алды.