Әбиба Әбужақынова «Үлкен дулыға» турнирінде қола жүлде алды

АСТАНА. KAZINFORM - Дзюдодан Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан «Үлкен дулыға» турнирінде Әбиба Әбужақынова қола жүлде алды.

Әбиба Әбужақынова «Үлкен дулыға» турнирінде қола жүлде алды
Фото: olympic.kz

Халықаралық турнирде 48 келіде сынға түскен Әбиба Абужақынова 3-орын үшін сайыста ресейлік Сабина Гилиязовадан голден-скорда басым түсті. Қарсыласы 3 ескерту (шидо) алуына байланысты жеңіс қазақстандық балуанға берілді.

Қос қарсылас наурыз айының басында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы «Үлкен дулыға» турнирінде финалда күресіп, ол жолы Сабина жеңіске жеткен еді.

Айта кетсек, Абиба күндізгі сессияда Ракиель Бритоны (Португалия), Кристина Дудинаны (Ресей) және ширек финалда Мария Селия Лабордені (АҚШ) орта жолда қалдырды. Осылайша D тобында топ жарған ол жартылай финалда 3 дүркін әлем чемпионы, 2 дүркін Азия ойындарының жеңімпазы, жапониялық Нацуми Цунодаға есе жіберді.

Бұл – қазақ дзюдошысының Үлкен дулыға санатындағы турнирлердегі 7-жүлдесі. Наурыздың басында Ташкентте алғаш рет күміс алса, осыған дейін тек қола жүлдеге ие болған.

Соңғы жаңалықтар