Абылайхан Жұбаназар дзюдодан әлем чемпионатын сәтті бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан бүгін, 16 маусымда Абылайхан Жұбаназар (81 келі) алғашқы белдесуін сәтті бастады.

Абылайхан Жұбаназар дзюдодан әлем чемпионатын сәтті бастады
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстандық балуан молдовалық Петру Пеливанды «юко» ұпайымен жеңіп, келесі айналымға өтті. Енді ол бразилиялық Габриэль Фалькаомен шығады.

Ал ел құрамасынан Эсмигүл Куюлова (63 келі) әлем чемпионатын алғашқы айналымнан аяқтады.

Белдесуде ол словениялық Кажа Каджерге есе жіберді. Негізгі уақытта есеп ашылмай, белдесу голден скорға созылды. Қосымша уақытта отандасымыздың қарсыласы ұтымды әдіс жасап, Куюлованы жарыс жолынан ығыстырды.

Ал ертең, 17 маусымда Мейірлан Максим (90 келі) татамиге шығады.

Сондай-ақ 18 маусымда Нұрлыхан Шархан (100 келі) және Марат Байкамуров (100 келі), 19 маусымда Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) жүлдені сарапқа салады.

Қазірге дейін әлем чемпионатында ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі) күміс жүлдегер атанса, Мағжан Шамшадин (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ғалия Тынбаева (48 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (72 келі) жарысты ерте аяқтады.

Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтеді. Онда 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласады.

Соңғы жаңалықтар