Абылайхан Жүзбай: Қазақстанда керлинг спортына арналған мұз айдыны болғанын қалаймын

АСТАНА.KAZINFORM — Астана қаласы «Сарыарқа» мұз айдынында керлинг спортынан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Осы орайда, Kazinform тілшісі керлингтен Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Абылайхан Жүзбаймен сөйлесіп, «Мұз үстіндегі шахмат» аталған осы спорттың елімідегі дамуы туралы біліп қайтқан еді.

Абылайхан Жүзбай: Қазақстанда керлинг спортына арналған мұз айдыны болғанын қалаймын
Фото: ҚР Керлинг федерациясы

Ұлттық құрама капитанының айтуынша, елімізде бұл спорт қазіргі уақытта жақсы дамып келе жатыр.

— Қысқы Азия ойындарынан кейін керлинг спортына көңіл бөлініп, жақсы дамып келе жатыр. Бұл жолғы ел біріншілігіне 8 өңірден 100-дан аса спортшы қатысты. Қазіргі уақытта, федерация тиісті деңгейде жұмыс істеп жатыр, министрліктенде қолдау бар, — деді спортшы.

Оның айтуынша, әр спорттың дамуы үшін жаттығу базасының маңызы зор.

— Елімізде керлингке арналған мұз айдыны болғанын қалаймын. Спортшылар тек республикалық біріншілікте ғана бас қосып, тәжірибе аламасамыз. Мұз алаңы біздің жүйелі жаттығуымызға және жоғары деңгейдегі жарыстардың өтуіне септігін тигізеді. Қазақстан бойынша 12 өңірде федерацияның өңірлік штабы құрылды. Алдағы уақытта, отандастарымыздың осы спортқа қызығушылығы артады деп үміттенемін, — деді Абылайхан Жүзбай.

Абылайхан Жүзбай: Қазақстанда керлинг спортына арналған мұз айдыны болғанын қалаймын
Фото: ҚР Керлинг федерациясы

Капитан сонымен қатар ұлттық құраманың халқаралық жарыстардағы нәтижесіне тоқталды.

— Қыйындықтарға қарамастан, халқаралық жарыстарда нәтижелі өнер көрсетіп жүрміз. Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында әйелдер құрамасы 4-орын, ал ерлер құрамасы 5-орын алдық. Өткен жылы АҚШ-та өткен панконтинентал додасында 2-орын алып, әлем чемпионатының В пулына жолдама алдық. Сонымен қатар, Ресей елінде өткен халқаралық жарыстарға жиі шақырту алып, үздік нәтиже көрсетіп жүрміз, — деді ол.

Сөз соңында, Абылайхан Жүзбай 2029 жылғы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарын асыға күтіп отырғанын жасырмады.

Абылайхан Жүзбай: Қазақстанда керлинг спортына арналған мұз айдыны болғанын қалаймын
Фото: ҚР Керлинг федерациясы

— Бұл біз үшін өте жақсы мүмкіндік, өз елімізде жеңіске жетсек деп мақсат қойып отырмыз. Сол үшін алдағы жарыстарға белсене қатысып, жақсы дайындық жасауға тырысамыз, — деді капитан.

Еске сала кетсек, Керлингтен Қазақстан чемпионаты 18 ақпаннан 27 ақпан аралығында Астана қаласындағы «Сарыарқа» мұз айдынында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге еліміздің 8 өңірінен 100-ден астам спортшы қатысты.

Чемпионат Ұлттық құраманы жасақтау, халықаралық жарыстарға іріктеу және керлинг спортын өңірлерде дамыту мақсатында ұйымдастырылған.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, керлингтен ел біріншілігінде Астана қаласы аралас командалық және аралас жұптық сында топ жарды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум