Әбіләзовке канадалық соя не үшін қажет болды?

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарының қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар «БТА банкі» АҚ-ның миллиондаған қаражатын жымқыруға қатысты эпизодтардың бірін жария етті.
None
None

Сот отырысында айыптаушы тараптың хабарламасынан мәлім болғанындай, 2007 жылы Мұхтар Әбіләзов өзінің «оң қолы» болған Жақсылық Жарымбетов және Вероника Ефимовамен бірлесе отырып, Сейшель аралдарында тіркелген «Global Team Company» оффшорлық компаниясына бақылау орнатады.

Айта кетерлігі, бүгінгі сот отырысында түсінік берген БТА банктің бұрынғы қызметкері Юлия Салюлева оффшорлық компаниялар мен әртүрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді банк қызметкерлерінің атына тіркеу қалыпты тәжірибеге айналғанын хабарлады. Атап айтқанда, мұндай тәжірибені банктің №6 корпоративтік бизнес басқармасы жүзеге асырған. Аталған басқарма заңсыз жолмен бірнеше миллиондаған несиелер берілген резидент болып табылмайтын компаниялардың құжаттарын дайындаумен айналысқаны белгілі болды. «Мен БТА банкте 2005-2009 жылдар аралығында жұмыс істедім. Негізінен, резидент болып саналмайтын компаниялардың құжаттарын тіркеп, жинап, құзырлы мамандарға беріп отырдым. Менің тізімімде 130-ға жуық компаниялар болды»,- деп әңгімеледі сотта куәгер.

Мәселен, 2007 жылдың қырқүйек айында №6 корпоративтік бизнес басқармасы «Global Team Company» оффшорлық компаниясына несие беру туралы өтінішті дайындап, банкке жібереді. Бұл өтініштің негіздемесіне банктің айналымдағы өз қаражатының көлемін ұлғайту деп жазылады. Ал несиенің көмегімен 55 мың тонна канадалық сары сояны сатып алу жоспарланған. Алдын-ала жасалған жоспар бойынша, аталған  өнім Қазақстан аумағына біраз уақыттан кейін тасымалданбақшы болған. Алайда, ол тауар мүлдем жеткізілмеген. Бірақ тауардың жеткізілмегеніне және күмән туғызатын кепілдікке қойылған құнына қарамастан «Global Team Company» оффшорлық компаниясына 52 миллион АҚШ доллары көлеміндегі несие беріледі.

Атап айтарлығы, арада қаншама жылдар өтсе де, аталған компанияға несие не үшін берілгені, ал кепілдікке қойылған мүлік ретінде неліктен канадалық сояның болғаны әлі күнге жұмбақ күйінде қалып отыр. Бәлкім, Мұхтар Әбіләзовтің өзі осы өнімді ұнатқан шығар? Соя демекші, соттың кешегі отырысында Мұхтар Әбіләзовтің жекеменшік ұшақтарын сатып алуға бірнеше миллиардтаған несиелерді бөлу үшін, БТА банкі сояны кепілдікке қойғаны мәлім болған еді. Бәлкім, Әбіләзов мырза әлемдік нарықта соя алтыннан да қымбатқа сатылады деп ойлаған шығар?

Сонымен қатар, Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарының ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығы осыған ұқсас сызбамен «Global Team Company» оффшорлық компаниясының және аты бар да, заты жоқ канадалық сояның көмегімен тағы да 36 миллион АҚШ долларын жымқырған.

Сот отырысында сөз алған БТА банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов Мұхтар Әбіләзовтің бақылауындағы оффшорлық компанияларға бірнеше миллиондаған несиелерді беруге жәрдем жасағанын мәлім етті. «Бұл жерде мен өзімнің кінәмді мойындаймын. Несие заңсыз жолмен берілді. Яғни, осы несиені беруге жол ашатын құжатқа қол қойғаным рас»,-деді сотталушы. 

Соңғы жаңалықтар