12:21, 06 Сәуір 2023 | GMT +5
Әбілхан Аманқұлдың алдағы қарсыласы анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Әбілхан Аманқұлдың (2-0, 2 КО) кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегі қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде «Suleimen Promotions» баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.
Жекпе-жек 15 сәуірде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Помона қаласында өткізіледі. Кездесу сегіз раундтық жекпе-жекке белгіленген. Қарсыласы - екінші орта салмақтағы боксшы мексикалық Даниэль Эчеверриа (21-11, 18 КО).
Айта кетсек, Әбілхан Аманқұл былтыр қазан айында өткен жекпе-жегінде мексикалық тағы бір боксшы Йеассона Пачеконы (6-1, 3 КО) екінші раундта нокаутқа жіберді.
Әбілхан Аманқұл 1997 жылы 29 шілдеде дүниеге келген. Қазірге дейін әуесқой бокста 2017 жылы әлем чемпионатында күміс, Азия чемпионатында қола медаль алды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы анықталды.