«Әбілқайыр хан» деректі фильмі мемлекетаралық «Мир» телеарнасынан көрсетіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Әбілқайыр хан» деректі фильмі мемлекетаралық «Мир» телеарнасынан көрсетіледі.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда Тәуелсіздік күні мен алдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілетіндігіне орай, «Тұлғалар жолы» сериясы аясында түсірілген «Әбілқайыр хан» деректі фильмінің тұсаукесер рәсімінде, аталмыш туындының сценарий авторы, «Мир» телерадиокомпаниясының ұлттық филиалының директоры Асқар Әлімжанов мәлімдеді.

«Біздің мақсатымыз тәуелсіз Қазақстанның жастарын тарихты терең оқуға шақыру. Өйткені қазақ халқының тарихы - өте бай тарих. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған талай ұлы тұлғаларымыз бар. Олардың бірқатарын бүгінгі өскелең ұрпақ біле бермейді. Солардың бірі - Бұланты (1727 ж.) және Аңырақай шайқастарында (1727 ж.) қазақ қолын басқарған атақты қолбасшы, Кіші жүздің ханы - Әбілқайыр. Оның өмірі шытырман оқиғаларға толы. Қазақ хандығының Ресеймен қосылуы жолында маңызды рөл атқарған тұлға», - деді А. Әлімжанов.

Сонымен қатар, Асқар Әлімжановтың айтуынша, алғашында қазақтың соңғы хандары туралы бірнеше деректі фильм түсіру көзделген екен. Бірақ Әбілқайыр ханның өмірі фильм түсірушілерді қатты қызықтырған. Содан, ол туралы арнайы фильм түсіру ұйғарылыпты.

Айта кетелік, фильмді түсіруге 1,5 жыл уақыт кеткен және 2,5 млн. теңге жұмсалған. Сондай-ақ, «Әбілқайыр хан» деректі фильмі 14 минуттан 6 серияға бөлінген. Ертеңнен бастап, мемлекетаралық «МИР» телеарнасында көрсетіле бастайды.

Соңғы жаңалықтар