Әбілқайыр хан тарихының ақиқаты айтылды ма? - Ж.Жақсығалиев, тарихшы

Оның айтуынша, ХҮІІІ ғасырдың басы - халқымыздың азаматтық тарихындағы қыры мен сыры көп аса бір күрделі кезең. Бір ру, бір тайпа һәм бір ұлыс емес, тұтас бір ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Тарихи деректерге сенсек, Қазақ хандығының арғы-бергі тарихында дәл осындай халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезі бұрын-соңды болған емес.
- Ендеше, Жаңабек Жаңабайұлы, Әбілқайыр хан заманы хақында не білеміз, алдымен соған тоқталсаңыз?
- Кешегі маркстік-лениндік кеңес тарихнамасында Қазақ даласына толассыз жасалған жоңғар жорықтарына ерекше мән берілді де, патшалық Ресейдің жүргізген астыртын империялық саясатына көп көңіл аударылмады. Сондықтан, тарихи шындыққа жету жолындағы іргелі ізденістер мен Отан тарихына ұлттық көзқарас қалыптастыру дәуірі енді ғана басталды.
Байқаған жанға орыс отаршылдығының тарихы Әбілқайыр хан заманынан әлдеқашан бұрын басталған. Алтын Орда ыдырап, Шыңғыс хан іргесін қалаған империя құлаған кезде, оған бірнеше ғасыр бағынышты болған орыс жұрты есін жиды. Осы кезде түркі тектес халықтардың Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір және басқа хандықтары құрылды. Ресей мемлекеті аталған хандықтарды бірінен соң бірін бағындырып, өзіне бодан етті. Ақыры мысықтабандап Ұлы Даланың шетіне жайғасты. Жайғасып қана қойған жоқ, басып кіріп, Жайық пен Ертіс өзендерінің бойына әскери бекіністерін тізбектете салу арқылы сайын даланы қос бүйірінен сақиналап қоршай бастады. Оның үстіне, патша әкімшілігінің қазақ жеріне шектес жатқан башқұрттарды, Еділ қалмақтарын, Жайық казактарын, Сібір әскерлерін айдап салып, әлсін-әлі соғыс шығаруы Ресеймен көршілес жатқан Кіші жүздің саяси жағдайын одан әрі шиеленістірді.
Қазақ хандығының ХҮІІІ ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайын Әбілқайыр ханның Тевкелевке айтқанынан-ақ анық байқауға болады: «Жылдар бойы қоңтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес... Оның үстіне, Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұхара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық» (Красный архив. 1936. №5/78. С. 197). Нақ осы кезең туралы Ш.Уәлиханов былай деп жазған болатын: «ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ бойының қалмақтары, Жайық казак орыстары мен башқұрттар тұс-тұстан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратты, малын айдап әкетті, қазақтарды бүкіл отбасыларымен тұтқындап алды» (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений 5-ти томах. Т. 1. - Алма-ата: АН Каз ССР, 1961.С. 426).
Қысқа айтқанда, ХҮІІІ ғасырда орталық шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясы еді. І Петр Үндістан мен Қытай, барша Шығыс пен сауда жолдарын иемденуді армандады. Осы мақсатқа жету үшін Орта Азия мен Қазақстан жерін уысында ұстау керектігін жақсы түсінді. Сол мақсатта өзі ұйымдастырған Бекович-Черкасский, И.Д.Бухгольц, И.М.Лихарев т.б. басқарған әскери-барлау экспедициялары өте маңызды мәліметтер жинады. Осындайда І Петрдің: «Қырғыз-қайсақ ордасы - бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт» деген әйгілі сөзі ойға оралады.
Осы ретте әбден әлсіреген Қазақ хандығын саяси тұйықтан шығарудың өзіндік жолын іздеген Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр хан қазақ даласында болып жатқан сан алуан қысым мен қысастықтың артында Петербор сарайы тұрғанын сұңғыла саясаткер ретінде дер кезінде байқап, елді сақтап қалу жолында Ресеймен жақындасуға мәжбүр болды.
Бұл қадам - 1710 жылдан Кіші жүз ханы, 1726 жылдан Қазақ жасағының Бас қолбасшысы һәм жоңғарларға қарсы азаттық күресінің жұрт мойындаған көсемі, стратег әрі тактик, саяси тәжірибесі орасан зор Әбілқайыр ханның дипломатиялық айласы.
Қазақ жерінің әр пұшпағын өлермендене қорғаған Әбілқайыр ханның орыс ұлықтарына: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені мұндай жайлы жерді олар еш жерден таппайды» (КРО-І, 366-б.), - деп ширыға тіл қатуы оның саясатынан басқаша астар іздеуге еш мүмкіндік бермейді.
-Ал Әбілқайыр хан туралы зерттеушілер не дейді?
-Бұл тарихшылар мен ғылыми-көпшіліктің қаламы ешқашан суымаған тақырып десек, қателеспейміз. Біздіңше, оның бірнеше себептері бар. Соның негізгі екеуіне ғана тоқталайын: біріншіден, қалай болғанда да Әбілқайыр хан тұсынан бастап қазақ-орыс қарым-қатынастары өзгеше бағытқа бұрылып, бұрынғыға ұқсамайтын жаңа мәнге ие болды. Сондықтан ұзақ жылдарға созылған бодандық дәуірде оның жүргізген саясатына ерекше мән берілгені сондай, тарихи зерттеулерде Әбілқайыр ханның қоғамдық-саяси қызметі тек Қазақстанның Ресейге қосылуы тұрғысында ғана сараланды.
Ал екінші себебін Әбілқайыр ханның бірегей құбылыс екендігінен, ұлылығы мен тарихи болмысының күрделілігінен іздеу керек. Ұлы қолбасшылық даңқын алты алаш ардақ тұтқан, өзгеге ұқсамайтын меритократиялық қасиеттерімен дараланған көреген саясаткер Әбілқайыр ханның тарихи болмысын ғылыми негізде толық жүйелеу, зерделеу және сараптау ісі сол заманнан күні бүгінге дейін үзіліссіз жалғасып келеді.
Қазан төңкерісіне дейінгі Л.Мейер (Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. // Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба - СПб., 1865. С. 5), Ф.Лобысевич (Лобысевич Ф.И. Поступательное движение в Среднюю Азию и торговом и дипломатическом отношении. - СПб., 1900. С. -38-39), М.Красовский (Красовский М. Материалы географии и статистики Росии. Область Сибирских киргизов. Ч. І-ІІІ. - СПБ.: Типографии: Траншеля, Владимирская, №1, Рентгера и Шнейдера; 1868. С. -58-59) сынды дворяндық-буржуазиялық ағымдағы орыс тарихшылары Әбілқайырды «баққұмар», «мансапқор» десе, екінші жағынан, осы кезең туралы еңбектер жазған келесі бір орыс тарихшылары П.И.Рычков (Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). Оренбург: Типолитография Ив Ив. Ефимовского -Мировицкого. Издание Оренбургского губернского Статистического Комитета, 1896. С.5), А.И.Левшин (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз - кайсацких, орд и степей. Ч. І, ІІ и ІІІ. СП б., 1832. С.-296-297), Н.Попов (Попов Н. В.Н.Татищев и его время. Эпизод из истории государственной, общественной и частной жизни в России, первой половины прошедшего столетия. - М.: Типография В.Грачева, 1861. С. 172), В.Н.Витевский (Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г. - Казань: Типо-Литография В.М.Ключникова, 1889-1897. Т.І. С.136), А.И.Добросмыслов(Добросмыслов А.И. Материалы по истории России. Т.ІІ., - Оренбург, 1900. С.-97-98) және басқалары ханның жеке саясатшылық қасиетіне таң қалғаны сонша, оны «жеке басының аса ірі қасиеті бар, ақылды да айлалы билеуші» ретінде бағалаған.
1943 жылы шыққан «Көне дәуірден біздің кезеңімізге дейінгі Қаз ССР тарихы» (Абдыкалыкова М., Панкратова А. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. - Алма-Ата: Казагиз, 1943.) оқулығында: «...өз халқын сатқан авантюрист Әбілқайыр хан өз билігін сақтап қалу үшін патша өкіметінің көмегіне сүйенді (152-б.). Тек қана өзінің қара басының қамын ойлай отырып (153-б.), ол патша өкіметінің Қазақ даласындағы халыққа қарсы саясатын жүргізуші басты тірегіне айналды» (160-б.), - деп еш дәлелсіз байлам жасалуы былай тұрсын, Әбілқайырдың жеке басына адамның жаны түршігетін негізсіз айыптар тағылды.
Бірқатар тарихшыларымыз осындай біржақтылықтың шылауында кетіп, қайткенде де қазақ даласын отарлауды алдына мақсат етіп қойған Ресей империясы Орынбор әкімшілігінің екпінін тежеп, мейлінше қарсы тұрған Әбілқайыр ханның жанкешті күресін есепке алмай, назардан тыс қалдыруға тырысты. Талай тарихшы қазақ халқын «қасіретке душар еткен опасыз» Әбілқайырдың «кемшіліктерін» табуға бейім тұрды.
Бертінірек тарихшылар жаулық туралы пікірді шектеді де, Ресейге қосылудың «обьективті прогрестік салдары» жөнінде көбірек айта бастады. Ақырында тарихшылар Әбілқайыр қазақ халқының мүддесін обьективті түрде білдіріп қана қойған жоқ, ол қиядағыны болжай білетін дана билеуші, алаштың игілігі мен мүддесінің қамқоршысы ретінде саналы түрде шешуші қадамға барды деген тұжырым жасалды.
Ел тәуелсіздігімен бірге әбілқайыртанудағы жаңа ізденістердің қатарына К.Есмағамбатов, И.Ерофеева, Ә.Мұқтар, С.Мәшімбаев, Ж.Қасымбаев, С.Өтениязов, Б.Нәсенов т.б. тарихшылардың сүбелі еңбектері қосылды. Тарихшы Ирина Ерофееваның монографиясы - Әбілқайыр сынды көрнекті мемлекет қайраткерінің шынайы болмысын танытуға арналған алғашқы ғылыми зерттеулердің бірі.
Академик Манаш Қозыбаев аталған еңбектің «империялық идеология сарынын кеңінен уағыздайтынын» айтқан еді, сөйтсе де, бұл зерттеуінде автор әйгілі қазақ ханының өмірі мен қызметінің соншалықты сан қырлы әрі зор мәнді болғанын дәлелдеуге тырысады. Әсіресе, ол: «Әбілқайыр өмірі мен қызметі туралы тарихнама оның өте беделді замандасы һәм жауы жазған жазбалардың ықпалымен өрескел бұрмаланып, ханның шынайы тұлғасы мен болмысын анықтауға кедергі болып келді» (Ерофеева И.В. Хан Абулхаир полководец, правитель и политик. - Алматы: Санат, 1999. С.8) - деп, тың ойды алға тартты. Бұл жердегі Әбілқайырдың жауы - Орынбор генерал-губернаторы Иван Неплюев. Ерофеева көптеген зерттеушілердің осы «Неплюевтің Әбілқайыр беделінің қазақ арасында төмен екендігі, ханның билік құмарлығы мен қимылдарының кереғарлығы, орыс бодандығын жеке басын ғана ойлап қабылдағаны туралы жалған тезистерін тікелей көшіріп алып», қайталаумен келе жатқанын әділ түрде атап өтті. Шынында да, И.И.Неплюевтің Әбілқайырға берген, жалпы алғанда, біржақты бағасы кейінгі орыс тарихшыларына сілтеме жасар мықты бір дерек болғаны рас еді. Бұл, айта кету керек, кезінде Кенесарыны біржақты бағалауға ықпал еткен Шоқан жазбаларындағы тұжырымға мейлінше ұқсас болатын.
Әлі де болса Әбілқайырдың күрделі тұлғасы толық зерттелді деп айту қиын. Кіші жүз ханы туралы көптеген мәселелер түбегейлі, байыпты зерттеуді талап етеді. Әбілқайыртанудағы өзекті мәселелерді зерттеуді ғалымдар, шын мәнінде, енді ғана қолға ала бастады.
- Сонда Әбілқайыр хан жайлы теріс пікір қалай қалыптасты деп ойлайсыз?
- Сөз жоқ, Әбілқайыр хан - Ордабасы құрылтайында қазақтың игі-жақсылары бірауыздан ақ боз атқа отырғызған Бас қолбасшы, Бұланты мен Аңырақай шайқастарындағы жеңістің негізгі ұйымдастырушысы және дем берушісі. Джон Кэстльдің сөзінше, «зор денсаулық пен қайрат-күш иесі, садақ тартуға келгенде шынымен-ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ» (Кэстль Джон. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. -Алматы: Атамұра, 1996. 82-бет). Ал геолог Молдияр Серікбаевтың дерегіне сай, қазақ даласында Әбілқайыр хан атымен тығыз байланысты жер-су аттарының көптеп кездесетіндігі сондай, қазақ хандары мен батырларының арасында ешкім онымен шендесе алмайды (Молдияр Серікбаев. Әбілқайыр ханға қатысты жер-су аттары өте көп // Аңыз адам. - Алматы, 2012, №2(38). 47-б.). Мұның бәрі оның санаулы ғұмыры елін-жерін қорғау үшін жорықта, ат үстінде өткендігінен сыр шертеді. Бұған ешкімнің таласы жоқ.
Осындай даңқты тұлғаның Аңырақай шайқасынан кейінгі қимыл-қарекеті хақында отандық тарих ғылымында М.Тынышбаевтың жазбасы негізінде теріс пікір қалыптасқан. Бірақ оның ешқандай тарихи дерекпен дәйектелмегенін баса көрсетеміз. Аңырақай жеңісінен соң өлген Болат ханның орнына «Әбілмәмбеттің бас хандыққа сайлануы» жайлы өз пікірін білдіре келе тарихшы былай дейді: «Үміткер үшеу еді. Біріншісі - барлық қазақ әскеріне қолбасшылық жасаған және тамаша жеңістерге жеткен Кіші жүз ханы Әбілқайыр; екіншісі - Болаттың інісі Шахмұхаммед (Сәмеке), түркі-монғол мемлекеттеріндегі дәстүр ғұрып бойынша патшалық етуші әулеттің ішіндегі ең үлкені таққа отыруға тиісті, демек, Сәмеке негізгі үміткер; үшіншісі - Болаттың ұлы жас Әбілмәмбет. Болаттан кейін, міне, осы Әбілмәмбет үш жүздің ханы аталды. Шамасы, хан сайлаушылардың сәл көпшілігі (дені болмаса да) осы Әбілмәмбетке дауыс берген. Әрине, мұндай кемсітуге мейлінше намысқой, кексе хан Әбілқайыр шыдай алмаған; мұндай сайлауға Әбілмәмбеттің әкесінің інісі Сәмеке де риза бола алмайды. Сондықтан да Әбілқайыр кеткеннен кейін іле-шала Сәмеке де өз қарауындағылармен майданды тастап шығады» (Тынышпаев М. История казахского народа. - Алма-Ата: Қазақ университеті, 1993. 197-б.). Осы пікірден шыға келе автор, Кіші жүз ханының Ресейге елші жіберуін қазақ хандарының арасындағы билікке таласпен байланыстырады.
Алайда, қазіргі Отан тарихы ғылымы дамуы тұрғысынан қарасақ, қазақ тарихшысының бұл тұжырымы күмән тудырады. Өйткені, Әбілмәмбет 1730 жылы Аңырақай шайқасынан кейінгі уақытта сұлтан дәрежесінде болған. Ол 1739 жылы, атақты шайқастан бірнеше жыл өткеннен кейін ғана хан сайланған. А.Тевкелев 1732 жылғы 5 қаңтарда Сыртқы істер алқасына жазған хабарламасында былай дейді: «Олардың Сәмеке, Күшік деген хандары Барақ, Әбілмәмбет деген екі сұлтаны бар» (РИССМ, 122 қ., 122/1 т., 1733, 4 іс, 13п.). Дворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының ірі өкілдерінің бірі П.Рычков оның хан болып тағайындалған уақыты 1739 жыл деп анықтаса, 1740 жылы князь Урусовпен болған сұхбатта Жәнібек батыр Әбілмәмбетті Түркістанда 1739 жылы хан сайлағандарын, оны сүйеген арғын-алтай, керей-уақ сияқты мықты рулар екенін мәлімдеді (КРО-І, 148-б.). Келтірілген тарихи деректер және басқа да көптеген мәліметтер Әбілмәмбеттің Аңырақай шайқасынан кейін хан болып сайланғандығы жөніндегі М.Тынышбаев тұжырымын жоққа шығарады. Өйткені ол, дәл осы реніштен кейін Әбілқайыр Ресейге елші жіберді деген пікірде болды (Тынышпаев М. Көрсетілген еңбек.198-б.).
Бір назар аударарлық нәрсе, М.Тынышбаев тұжырымының тарихи әдебиетте айна-қатесіз шындық ретінде орныққаны сондай, жалпы білім беретін орта мектептердегі Қазақстан тарихы оқулықтарында (Төлеубаев Ә., Қасымбаев Ж., Қойгелдиев М., т.б. Қазақстан тарихы. 10-сынып. - Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. 189-б.) қазақ хандарының билікке таласын көрсететін Састөбе (Сайрамға жақын) құрылтайының енгізілуі ешқандай сын көтермейді. Бұл жас жеткіншектердің ұлттық тарихи санасын қалыптастыруға теріс әсер етіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Тарихта әлі басы толық ашылып, түбегейлі тиянақталмаған, ғылыми негізде жүйеленіп үлгермеген дүниелерді мектеп оқулықтарына енгізіп жіберу - тым асығыстық пен салғырттығымыздың белгісі.
Ал қытай деректері Әбілқайыр ханның солтүстік-батысқа кеткенін жазғанымен, өз орнына бауыры Бұлқайыр сұлтанды 70 мың сарбазбен қалдырғанын және Бұлқайыр сұлтан Шу және Талас мекендеріндегі жоңғарларды талқандады деген мәліметтер береді (Китайские документы и материалы по истории Восточного Туркестана, Средней Азии и Казахстана ХІҮ-ХІХ вв. - С.63-64).
Аңырақай шайқасынан кейін аға хан сайлау туралы құрылтайдың өткенін айғақтайтын мәліметтің болмауы, жоғарыдағы айтылып жүрген әңгіменің жай, әшейін долбар екенін аңғартқандай. Егер де хан сайлау рәсімі ежелгі дәстүр бойынша өткізіліп, ұлы хан ақ киізге көтеріліп, ұлықталар болса, Әбілқайыр хан кандидатурасының өзге үміткерлерден шоқтығының биік екенін және оның еш баламасыз «өтіп» кететінін жақсы ұққан Жәдік әулетінің сұлтандары қасақана бұл сайлауды болдыртпаған секілді. Мұндай пікірлер бізден де бұрын айтылғанын оқырманның есіне саламыз (Әбіш Кекілбайұлы. Шандоз. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. 74-б.).
- Бір ғажабы, қазіргі қоғам һәм Отан тарихы ғылымы сол бір тарихи кезеңде әскери-саяси белсенділігімен өзге төрелерден оқ бойы озық шыққан Әбілқайырды аға хан ретінде бірауыздан мойындамаса да, шындығында сол заманнан бізге жеткен тарихи деректер оның бас хан болғандығын жоққа шығармайды. Бұл сөзімізді дәлелдейтін деректер жеткілікті.
Еліміздегі мемлекет құраушы ұлт - қазақ халқының саны артқан сайын қоғам, әсіресе, жас ұрпақ тарапынан бұл сұрақ күн тәртібіне сан мәрте қойылып, оған шынайы жауап іздеу әлі сан мәрте талқыдан өтері және көтерілген мәселенің обьективтілігіне қоғамдық сұраныстың өсе берері анық.
Бүгінде Әбілқайыр хан саясатынан кінәрат іздеушілер нақ осы төңіректі шиырлап жүр. Орыс отаршылдығының барлық зардаптарын Әбілқайыр ханның мойнына іле салу, оны басты күнәһар санау тарихи шындыққа қанжар сұғумен бірдей.
Республика бойынша көлемді таралыммен тарайтын тарихи-танымдық «Аңыз адам» журналының Әбілқайыр ханға арналған санындағы (Әбілқайыр хан (1693-1748) //Аңыз адам. - Алматы, 2012, №2(38) қазақ тарихшыларының ол туралы айтқан айқыш-ұйқыш пікірлері, ғаламтордағы 4 бөлімнен тұратын Әбілқайыр хан туралы деректі фильмдегі (Қараңыз: Әбілқайыр хан - 1 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=HJFx-l1-AOA ; Әбілқайыр хан - 2 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=7BeNRzz7KQY ; Әбілқайыр хан - 3 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=KeAlwtRcx3g ; Әбілқайыр хан - 4 бөлім // https://www.youtube.com/watch?v=uYpClAViDnw ) тағы сондай бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар мен ғаламтор сайттарындағы Әбілқайыр ханға қатысты мақалалардан (Жақсығалиев Жаңабек. «...Кіші жүзді найза берде, жауға қой» // http://old.abai.kz/node/12833; Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім. Әбілқайыр хан «сатқын» емес. Ол - қазақтың «Аға ханы» // http://old.qamshy.kz/?p=22472) кейінгі тоқтамайтын толассыз талас-тартыстар айтулы тұлғаға деген ортақ ұлттық пікірдің әлі күнге дейін қалыптаспағанын көрсетеді. Бұл - біздің санамыздың отаршылдар жазған тарихтан, сол кезде қалыптасқан пікірлерден әлі де арылмағандығының көрінісі, сондай-ақ, өкінішке қарай, бұл жерде трайбализмнің салқыны да бар.
- Мысалға көп келтіріліп жүрген Әбілқайыр ханның хаты жөнінде не айтар едіңіз?
- Шын мәнінде орыс отаршылдығының Әбілқайыр ханның хатына дейін басталып кеткендігін алға тартқан санаулы кәсіби тарихшылардың салмақты пайымын есептемегенде, жалпы қоғамдық һәм ұлттық сана мұны терең түсініп, жан-жақты саралайтындай жоғары деңгейге әлі көтеріле қойған жоқ. Ал Әбілқайыр хан саясаты хақында айтылар ақиқат, біздіңше нақ осы жерден басталу керек. Бір қызығы, посткеңестік кеңістіктен тыс елдердің ғалымдары Алан Боджер (Англия), Марта Брилл Олкотт (АҚШ), Баймырза Хайит (Түркия), т.б. қазақ ханына әлдеқашан әділ тарихи бағасын беріп үлгерді (Есмағамбетов К.Л. Қазақтар шетел әдебиетінде. - Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. 82-83бб, 89-б.; Лаумулин М.Т. Қазақтар және Ресей империясы. // Қазақ. - Алмты: Білім, 1994.76-б.).
Әбілқайыр ханның атышулы хатының дұрыс аудармасын белгілі тарихшы Амантай Исин баспасөзде жариялады (Исин А. Әбілқайыр ханның хатын қалай оқыған дұрыс? // Абай. 2001. №2. 41-44-бб.). Мұны көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Сондықтан ол хаттың мәтінін қайталап берудің қажеті шамалы.
Хаттың түпнұсқасы оқылғанға дейін оның мазмұны туралы халық арасында да, қазақ қоғамында да пікір сан-саққа жүгірді. Әйгілі хатты арнайы оқыған тарихшы-маманның айтуынша, қате аударылған, өзгертілген немесе аударылмаған сөздерден тыс ресми аударма салқынын тигізген, хаттың өзінде жоқ, белгілі саяси мақсат үшін қосып жіберген сөздерді табуға да болады. Осылайша хаттың бірнеше жерден өзгеріске ұшырағаны анықталды.
Әбілқайыр хатының дұрыс аудармасын жасаған ғалымның пікірінше, «Әбілқайыр хан - Ресейге бодан болу идеясын ұсынушы емес, қалыптасқан тарихи жағдайдан өз халқына тиімді жол іздеуші ғана. Ол мәжбүр болды. Заманында «кіші залал» болатындай дұрыс жол таба білді. Басқа жол елдің бөлшектенуіне, солтүстік бөліктерінен айырылуына апарар еді. Басқа ел көсемдеріне қарағанда, Әбілқайыр Ресей патшалығы туралы мол мағлұмат білді... Хан өзге саясат ұстанса, бәлкім, қазақ жері орны толмас бөлшектенуге түсер ме еді... Шебер саясаттың бастамасын Әбілқайыр хан салып кеткенін мойындау керек. Әбілмәмбет хан мен Абылай хан Әбілқайыр хан саясатының жаңғыртпасын жасап, халыққа төнген Ресей қаупінен арылтты, алып патшалықпен тіл табысып, достық орнатып, негізгі жер иеліктерін сақтап қалды...» (А.Исин. Әбілқайыр ханның хаттарында артық жалбарыну, құлдана сөйлеу байқалмайды. // Аңыз адам. - Алматы, 2012, №2(38). 19-б.). Иә, басқасын айтпағанда Әбілқайырдың үлкен баласы Нұралымен жасты көреген ханымыз Абылайдың өзі Әбілқайырдың ұлы хан екенін мойындап кеткен болатын. Мұны Мәскеу мұрағатының деректері дәлелдейді. 1767 жылы 14 желтоқсанда Омбы әкімшілігіне жолдаған Абылайдың хатындағы (РИСМ. 122қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.) қазақтың бас хандарының тізімінде Әбілқайыр ханның айтылуы кездейсоқ емес.
Тағы бір назар аударарлық нәрсе, соңғы жылдардағы ресейлік ғалымдардың еңбектері, Әбілқайыр ханды Ресей бодандығына қабылдау кезінде Ресей мемлекетінің көшпелі халықтар мен мемлекеттердің өзара қатынасының бұрынғы дәстүрлерімен қатар жаңа империялық құқықтық тәжірибелердің де қолданғандығын көрсетеді.
Осы тәждестіру нәтижесінде қазақтардың Ресей империясы құрамында болған алғашқы кезеңіндегі дәрежесі аса айқын болмай, ақырында бұл Ресей әкімшілігі мен қазақ билеушілерінің қатынастарының шиеленісуіне алып келді (Почекаев Р.Ю. Указ императрицы Анны и присяга хана Абулхаира 1731г.:между старинными традицями и новым имперским законодательством. // Отан тарихы. - Алматы, 2014, №3(67). 5-15бб.).
Сондай-ақ, Әбілқайыр ханнан кейін Ресейге ант берген қазақтың хан-сұлтандарының бәрін, кезінде Қойшығара Салғараұлы айтқандай, сатқын дей алмасымыз тағы белгілі.
- Тобықтай түйін жасасақ, қ алай болғанда да Әбілқайыр хан Ресейдің құлақкесті құлы болған жоқ. Ол өле-өлгенше дербестігін сақтап, өз саясатын жүргізді.
- Әбілқайыр хан тұлғасы төңірегіндегі «сеңнің қозғалмай жатуының» тағы бір сыры орыс отаршылдығының саясатын әшкерелейтін құжаттардың ұлттық мүдде тұрғысынан толық талдауға алынбауына байланысты ма деген де ой келеді. Орыс отаршылдығы - әлі қаузалмай жатқан тақырып. Отан тарихы ғылымындағы деколонизация (отаршылдықтан арылу) саясаты түпкілікті аяқталған жоқ. Оның уақыты келеді.
Демек, Әбілқайыр хан саясатын орыс отаршылдығының біртұтас тізбегінде қарастырған абзал. Тек сонда ғана Әбілқайыр хан тұлғасына берілер әділ бағаға сүрлеу салынары хақ.
Кейінгі ұрпақ Әбілқайыр ханның: «Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақырамын», деп айтып кеткенін еш уақытта ұмытпауы тиіс.