Әбіш Кекілбайұлы. АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ (ЖАЛҒАСЫ)

АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарттық агенттігі «ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫМ» атты жаңа жобаны іске қосты. Бұнда оқырман назарына еліміздің танымал жазушылары жазған, кешегі күніміздің келбетін көз алдымызға әкелетін құнды шығармалар ұсынылмақ.
None
None

Бұл жобаның басты мақсаты: Еліміздің тарих қойнауына кеткен кезеңдеріне, қоғамдық өміріне қайта үңілу, сол арқылы жас ұрпаққа бүгінгі жарқын тәуелсіздіктің қадірін сезіндіру, маңызын ұғындыру, сонымен бірге қазіргі ақпараттық заманда құнды шығармаларды «интернет тіліне аударып» оқырманымен қайта қауыштыру.
«...Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды. Сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.» (Н.Назарбаев)
***
Назарларыңызға Кемеңгер тұлға, ірі қоғам қайраткері, аса дарынды жазушы Әбіш Кекілбаев «Аңырдың ақыры» романын ұсынамыз.
Әбіш Кекілбайұлы (1939 - 2015).
Маңғыстау облысы,Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған.
1957 жылы Таушықтағы мектептің 1 сыныбына барып, 1948-1954 жылдары Оңды орталау, ал 1956-57 жылдары Үштағандағы орта мектепте оқиды.
1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады.
1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде,1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында,1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор,
1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі,1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары,1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы,1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы,1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы,1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы,1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді.
2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді.
Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармаларыТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Ол ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының1986, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының -1995, «Отан» орденімен -1999, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алады. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Шандоз» «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң», «Конец легенды», «Плеяды - созвездие надежды»,«Всполохи» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» повестері жарық көрді.
К.Гоццидің - «Туранбике ханшайым», А.П.Чеховтың - «Ваня ағай», Вальехо Антонио Буэроның - «Бүгін мейрам, бүгін той», Генрик Ибсеннің- «Үрей», Л.Дарконың - «Сүйіктім менің, Электра!», У.Шекспирдің - «Ромео мен Джульетта», У.Шекспирдің -«Кориолан», У.Шекспирдің - «Король Лир», М.Фриштің «Ғылым қуған Дон-Жуан» шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Марапаттары: Қазақстанның Еңбек Ері, Отан ордені, Назарбаев ордені, ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл медалі, ҚР Парламентіне 10 жыл медалі, Астана қаласына 10 жыл медалі, Құрмет белгісі ордені, Достастық ордені, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Елбасының бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері (1995 ж.), Қазақстанның халық жазушысы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.
***
АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

Үшінші бөлім

МАХАББАТ

Кіші ханым соңғы үш айдың ішінде әбден арып кетті. Әр қилы түске боялған шытыра терезеден түскен ала шабыр көлеңкеде отыра-отыра өңі сілтіге салған сүйектей бозарып барады. Бұрынғы сәл қыбыр етсе, дір-дір етіп тырсиып тұратын жұмыр мойны сылынып қапты; үнжұрға сүйегі сойдиып-сойдиып шығып кеткен. Жанарынан да нұр жоғалып, көзінің айналасын мынау бөлменің ішіндей қара көлеңке кіреуке жайлап алыпты.
Ханым күндес қатындай сәл міні болса бетіне басып тәлкек етіп тұрған шар айнадан теріс айналып кетті. Айлапат сарайдың қақ ортасындағы атқылап жатқан дөңгелек хауыздың сыпсың-сыпсың дыбысынан басқа құлақ селт еткізер үн де жоқ. Күні-түні сол бір сыпсың-сыпсың. Кейде талма ұстағандай жүйкесі ширығып, әбден діңкесіне тигенде хауызды тапап тастайтындай боп, қасына жетіп барады. Бірақ моп-момақан боп мөлтең-мелтең ағып жатқан суды көреді де, бойын кернеп келген ызаның орнын әлдеқандай бір мұң жайлап, хауыздың қасындағы үстіне қалы кілем жапқан мәрмәр сәкіге отыра кетеді... Солай дел-сал біраз отырады-отырады да, қайта тұрады.
Хауыздан сәл алыстауы-ақ мұң екен, әлгінде ғана жәутең-жәутең ағып жатқан періште тамшылар қайтадан көп әзәзілге айналып сыбырласып қоя береді. Ол кейде сол сыпсыңды естімес үшін қашан көзі ұйқыға кеткенше хауыздың қасында отырады да қояды. Мынау мәрмәр сәкіден бір қадам алыстаса болды - бүкіл дүние пыш-пыштасып қоя беретіндей.
Шымыр-шымыр қайнап шығып, сыздықтата атқылап тұрған мөлдір судың момақан сылдыры анау алтынмен безеп тастаған жап-жалпақ емен есіктің ар жағындағы күтуші кемпірдің, азбан құлдардың одан әрі нөкер қыздардың жапатармағай сусылдасқан жабыр-жұбыр әңгімесіне ұласып, бір қадам алыстаған сайын күшейе түскендей.
Тіпті сарай бағындағы әр алуан ағаштардың мың-мың жапырақтары да мұны айтып сыпсыңдасып тұрғандай. Анда-санда жұрт көзінен тасалау шеткері оңашалау соқпақтарға түсіп, сейіл құрғанда, ағаш арасынан жыл-тың-жылтың сығалап бой көрсетіп қалатын еліктер мен тарғыл бұғылар да: «Ә, әлгі жұрттың бәрінің сыпсыңдасып жүрген ханымы осы екен ғой» деп, әдейі бұның әр адымын аңдып тұратындай боп көрінеді.
Кейінгі кезде бөлмеден аттап шығуды қойды. Әмірші ие де тым-тырыс жатып алды. Күнде ертөмен киіндіруге келетін қызметшілерінің аузына жәудіреп қарағанмен, ешқайсысы ләм-мим демейді. Әлгінде ғана ауызғы бөлмеде не деп сыпсыңдасқандарын бұл естіп қойды ғой деп қымсынатындай, бәрі де именшектеп кіріп, именшектеп шығады.
Баяғыда бұл түскенде бәрі де жайраңдап-жарқылдап жүруші еді. Тіпті жанарымен жер сүзіп жүретін бұқа мойын күтуші кемпірдің өзі аяқ астынан аспандай қарап ешкімге көзі түспейтін мінез шығарғанды. Мерекелердің алдында бәйбіше сарайынан сөз тартып, ханымы мен нөкерінің салтанатын бәйбішенің салтанатынан асырам деп әбден тыраштанып бағатын. Әмірші шатырына кіргенде екі күтүшінің бірін-бірі көзімен атып, кекірейісіп тұрғандарын көргенде, бұның күлкісі келетінді.
Ол бұны құдды бір өз қызындай асты-үстіне түсіп аялап бақты.
Қалған күтушілері де, нөкер қыздары да бұл дегенде жандары басқа. Көбісі-ақ бұдан үлкен. Содан ба, бұны Әміршінің әйелі тұтып айбынғандарынан гөрі, туған сіңлілеріндей көріп аяп-аялағандары кебірек. Құдды бір өздерінің ет бауыр сіңлісі падишаға күйеуге шыққандай мәз-мейрам. Олар үшін бұл дүниеде бұны киіндіріп, шашын тарап, сыландырудан артық рақат жоқтай. Елең-алаңнан орындарынан тұрып, аяқтарының ұшынан басып, бұның ұйқыдан оянғанын тыпырши тосушы еді.
Кезін ашуы-ақ мұң, жан-жақтан атанақтай жүгірген қызметші қыздардан, бұл ұйықтайтын кең бәлме өңшен бір ақ қанат көбелекке толып кеткендей, құлпырып қоя беретін. Ханым жан-жағынан анталай қараған көпжанардан қаймығып, қанша қымтанып бақса да, жан-жағынан жапатармағай созылған кәп қол бәрібір өз ырықтарына көндіретіи. Алабұртқан албырт тәні жұп-жұмсақ аялы қолдар тигенде бір түрлі байыз тауып қалатын.
Бір күні кешқұрым тамақтан соң күтуші кемпір нөкер қыздардың бәрін шығарып жіберді де, ханыммен екеуден-екеу оңаша қалды. Ханым қызметшінің аузына аңтарыла қарады. Кемпірдің екі көзі жалт-жұлт етеді. Орақ мұрынның астындағы қаймыжық жұқа ерінде бір сәт мүдіру жоқ, аузы аузына жұқпай әлденелерді айтып, сусылдай женелді.
Қызметші кемпір бір сиқыр дұға оқып отырғандай, ханым оның сүлікше қадалып алған екі кезінен жанарын аударып әкетуге жігері жетпей арбалды да қалды: тіпті белменің іші бір түрлі шыр айналып бара жатқандай көрінді.
Бір уақыттарда барып күтуші кемпір үсті-үстіне тағзым етіп, есікке қарай шегіншектей берді. Кемпір шығып кеткен соң да, бөлменің іші әлденеге бұлдырап тұрғандай көрінді. Самала шамдалдардың жарығы төменге түспей, сонау зәулім төбеге ұйып қалғандай. Әлгі кемпір айтқан түсініксіз әңгімені белме ішіндегі бұлыңғыр жарық онан сайын күңгірттендіре түскендей. Әлденеге басы мең-зең тартып, жүрегі лоблыған соң, хауызға қарай беттей беріп еді, есіктен кіріп келе жатқан Ұлы Әміршіні көрді. Белме ішін жайлап алған жаңағы түсініксіз буалдыр аяқ астынан ыдырап кетті. Бір түрлі тербеліп тұрғандай көрінген үйдің едені де Ұлы Әміршінщ аяғы тигесін тырп етуге мұршасы келмей, тыныштала қалғандай.
Ханым өзіне қарай жақындай түскен Ұлы Әміршіден көзін алмай қалшиып қатты да қалды. Қол созымдай жерге келгенде барып, Әміршіге тағзым ету керек екендігі есіне түсіп, төмен иіле беріп еді, әлдекім қарынан демеп, жоғары көтерді. Сасқалақтап қалған ханым жалт қарағанда, Әміршінің мейірлі қос жанарын керді.
Ертеңіне таңертең бұл құлқын сәріден тұрып, қызметшілерінің келуін абыржи тосты. Екі беті ду-ду жанып барады, не істеп, не қоярын білмей, мамық көрпеге көміле түсті.
Бір уақытта емен есік ашылды. Ең алдымен, ырғала басып күтуші кемпір аттады, соңынан жарыса-жармаса нөкері көрінді.
Бұл өзіне қарай арсалаңдап келе жатқан көп әйелдің беттеріне қарай алмай, ұятты жанарын жан дәрмен иығына дудырап түсіп кеткен қою шашының тасасына жасырып бақты.
Нөкері күндегіден де көңілді. Бәрі келген бетте-ақ, мұның маңдайынан сүйіп, мәз-мейрам болып дуылдасып жатыр.
Әмірші бұл жататын бөлмеге екі-үш рет аяқ ізін салған соң, нөкері бұрынғыдан бетер масаттанып кетті.
Әмірші елшілер қабылдаған бір салтанатта бәйбіше нөкерінің шеттерінен бұл отырған жаққа түйіле қарап тұрғандарын көріп, қызғаныштың ызғарын алғаш рет сезгенді.
Бәйбіше отырған жаққа көзі түсіп кетіп еді, тәкаппар арудың жүзінде әлдеқандай бір зөрлі ашудың табы түр екен, неге екеніне өзі де түсінген жоқ, манадан бері мұның әлденеге лобли соққан жүрегі аяқ астынан жай тауып, арқасы кеңіп сала берді.
Бақастықтың уындай көк зәр, бақастықтың балындай тәтті бал жоқ екенін ол көп кейін білді. Бірақ сол күннен бастап басқа түгілі, қызметші екеш қызметшілерінен қысылып-қымтырылатын именшектігін қойды. Сөйтсе, әншейінде төбесінен батпандай басып тұратын ханымның ауыр сәукелесі көлденең көздің қарап отырғанын көргенде өз-өзінен құстың мамығындай боп жеңілейіп жүре береді екен.
Енді күтуші кемпір мен қыздардың бәйбіше сарайы-ның салтанаты жайында айтатын пыш-пыш әңгімесін бұрынғыдай емес зейін салып тыңдайтын болды.
Әмірші соңғы жорығына аттанарда шаһар ортасында бір өзі ғана тұратын оңаша сарайына ауғанды. Оның не істеп, не қойып жатқанын сырттай еміс-еміс естіп отырды. Әміршінің болашақ жорыққа аттанатыны, диуанда қай бектің не дегені жұрт аузынан сан.құбылып жетіп жатады. Соның көбісі-ақ кейін бекерге шықты. Бекерге шықпағаны тек Әміршінің бұл жорығына немерелері мен бәйбішесін ала кететіні болды. Бұған қарағанда, Әмірші бұл жорығына бір жыл екі жыл емес ұзақ жүретіндігін байқатты. Соны естігенде Кіші ханым байыз таба алмады; әлденеше рет Әмірші отырған сарайға баруға да оқталды, бірақ батылы жетпеді. Әсіресе бәйбішесін бірге ала кетеді дегенді естігелі бұл нөкеріне, нөкері бұған тіктеп қарай алмады. Бәрі де қара жамылғандай көңілсіз. Бақ ішіндегі бұрынғы шат-шадыман сейіл де тыйылып қалды.
Әлденеше ай бойы хабар салмай кеткен Әмірші бір күні кешқұрым өзі келді. Әміршінің күймеден түсіп жатқанын жеткізген күтүшінің хабарын естігенде, сыртқа жүгіре жөнелмей шаққа шыдап тұрды. Бірақ Әмірші бірден бұның бөлмесіне кірмеді, өз бөлмесіне өтті. Одан соң да түн ортасы ауғанша ұзақ күттірді. Ханым кең сарайдың қай бұрышына барып байыз таба аларын біле алмай, сенделіп жүрді де қойды. Ең соңында, күдер үзгендей боп, қараңғы терезенің сұп-суық шынысына телміре қарап түр еді, жайлап есік ашылғанын құлағы шалып қалды. Одан арғыға дегбірі жетіп тұра алмады, алғаш рет батылдық жасап, Әміршіге қарай апыл-ғұпыл асыға аяңдады.
Екеуден-екеу оңаша кеште баяғыдан бері жарылып кетердей боп, көкірегіне сыймай жүрген көп сөздің еш-қайсысы аузына түспеді.
Бар батылы жетіп айта алғаны:
- Әміршім, бұл жорығыңыз ұзаққа созыла ма? Жаңа ғана болды. Әмірші бұның жүзіне ұзақ телміріп отырып:
- Оны алла біледі, - деп, бұның дір-дір етіп алып ұшып бара жатқан екі қолын алақанымен баяу сипап өтті.
Ертеңіне күллі шаһарды дауылпаз үні басына көтерді. Әмірші жорыққа аттанды.
Кіші ханым абажадай кең сарайда бір өзі қалғандай елегізіп жүрді. Мынау жарық жалғанмен байланыстырып тұрған жалғыз дәнекер - өзінен әлденеше жас үлкен, осы бір қарсы келгенді қарып алатындай сұп-суық шегір көзінің әлдебір түкпірінен бұған дегенде мейірім ұшқындап қоя беретін сұсты адам - Әмірші екенін сонда ұқты. Бұрын ол барда дүние тап мынандай құлазып тұрмаушы еді.
Бұның қабағына кірбің кірсе, қызметшілері де моп-монтаны бола қалады.
Он жетіден жаңа ғана асқан ханым дүниеде адам үшін жалғыздықтан асқан азап жоқ екенін сонда түсінді.
Оңаша бақты қанша кезсе де, көңілі сергімейді. Бабына келіп балбырап тұрған маужыр бақтың қай бұтағы да емір қызығын тойлап жатыр. Бұтақтан бұтаққа ұшып қонған сан алуан бармақтай құстардың мазасыз шырылы да, гүлден гүлге қонып, әндете көтерілетін бал аралардың ызыңы да, күн астындағы тіршіліктің ләззаты мен рахатын жырға қосқандай. Оқтын-оқтын ұрлана ескен майда лептен дүрліге билей жөнелетін майса жапырақтар өне бойларын қуаныш кернеп, асыр салып қоя береді.
Кіші ханым бұндай сейілдерден сергіп оралудың орнына жалғыздықтың, құмардан шығып қызығын көрмеген ыстық ынтықтың, өне бойын өртше жалап бара жатқан сағыныштың, әлденеге елегізген түсініксіз мұң мен қол-аяғын бірдей тұсап қойған амалсыздықтың, мына дүниеге келгелі алғаш рет бастан кешіріп отырған, өне бойын білдіртпей кеміріп жатқан қырық сезімнің басы қырық жаққа тартқылаған әрі-сәрі хәлдің -соқталаңына түсіп әбден қалжырап қайтады да, қара көлеңке сарайдың ішінде екі қолы алдына сыймай отырады да қояды.
Оның көңілін көтереміз деп өнер көрсететін некер қыздар одан бетер қамықтырып алады. Ыңырана шығатын зарлы саз оның көкірегін шымырлатып жатқан өзіне де тусініксіз әлдебір ұлпа сезімге бірден шық ете қалады; нөкер қыздардың алма мойындарын әлденеше бұралтып билегені, сүрмелі қастардың астынан сүзіле қарайтын тана көздерін бұдан айырмай, қаладай аппақ тістерін жарқыратып жымия күлгендері, жас сәбиді уантқандай жасанды көрінеді; бұл үшін өздерін зорлап көңілдендіріп, зорлап күліп жүргендей сезілді.
Бұл ойын-сауыққа елігудің орнына нөкер қыздарын осынша әбігерге салғанына ыңғайсызданып қалады. Зауқым жоқ басым ауырып отыр сияқты болмашы сылтауларды бүршақша жаудырып, ондай отырақтардан қашқақтап бағады.
Кіші ханымның жанын жайлап алған мұң серуен көңілді сауықтардан сейіле қоймайтынын аңғарған нөкері әлгіндей орынсыз ыржалаңнан табан астында тыйылып, сілтідей тына қалады. Сарай ішін ұнжырғаңнан зіл боп басатын қоңырқайлық қайта жайлап алады.
Күтуші кемпір де ханымды немен сергітерін білмей әбден басы қатса керек, біресе оны бақ ішіндегі мыңдаған гүлдерді аралатады, біресе ханымға төркінінен жасауға келген, Әмірші сыйлаған, әкімдер мен ұлықтар, уәзірлер мен қолбасылар, елшілер тартуға тартқан неше алуан сақиналар мен жүзіктерді, сырғалар мен белдіктерді, бірінен-бірі өтетін асыл тастарды көрсетеді, енді бір уақ шар тараптан алдырылған уәлат, махфис, рауия, шамСия, шәдда, машад, тафсила, гүлстан, мисрия, абиария, лулуиа, сабурия, мискалия, сафибар, кидн, атлас, қамқаасыл маталарды жайып сальш, қайсысынан көйлек тігейік деп, мата таңдатады; хан қазынасында тау-тау боп үйіліп жатқан бұлғын, суыр, құндыз, барыс, ақ тиын, қызыл түлкі терісінен ішік таңдатады; ханым бірақ соның қай-қайсысына да құлық таныта қоймайды.
Күтуші кемпір мұны асыл жиһаздар көрсетіп қызықтыра алмасын білген соң, ханым өз бөлмесінде жападан-жалғыз отырғанда қасына кіріп келіп, қайдағы-жайдағыларды әңгіме қылатынды шығарды. Сарай маңының өсегі Кіші ханымның құлағына кіріп те шықпайтын тәрізді; кемпірдің сөзімен шаруасы болмай, меңірейген күйі отыра береді.
Әккі кемпір сүлесоқ ханымның көңілін сергітетін әңгімені ақыры тапты. Бір күні ол бәйбіше сарайына қатысқан қызметші әйел айтып келген Әмірші жаулап алған елдерде бәйбішеге қандай құрмет көрсетіліп жат-қанын айта бастап еді, манадан бері томсырайып мең-зең отырған Кіші ханымның қабағы қимылдайдын деді. Кең сарайдың ту-ту алыс бұрышына қадала қалған қос жанарын бұған тәңкере қарады. Кемпір қыбыңды енді таптым ба дегендей, бәйбіше сарайында ұзақ жылдар бойы қызмет істегенде көрген-түйгендерін баяндай бас-тады. Лауазымды ханымның өзіне тіл тигізуге айбынып, оның күтушілері мен нөкерін жерден алып, жерге салып жамандай жөнелді.
Олардың Әмірші Кіші ханымнын сарайына біржола көшіп алғаннан бері бұған атарға оғы жоқ көрінеді. Жан-жақтан ағылып келіп жататын, сый-сияпат езіне бұрынғыдай дербес бұйырмайтын болғанына, бәйбіше-нің іші удай ашитын тәрізді; кейінгі кезде Әмірші басқа жұрттан келген тартудың асылы мен аруақтысын Кіші ханымға тартқылайды деген пыш-пыш әңгіме бәйбішенің өз аузынан да, келіндерінің аузынан да талай жерде шығып қалып жүр деседі.
Кемпір ауық-ауық ханымға бір қарап алады да, оның қас-қабағынан ашудың нышанын көрмеген соң, қайтадан сусылдай жөнелді. Орақ мұрнының астындағы шыр айнала мизамның сілеміндей жіңішке-жіңішке әжімдер шиырлап тастаған қаймыжық аузы өрмек тоқып тұрған өрмекшідей жыбыр-жыбыр; қашан ханымды торына түсіріп тынбай тоқтайтұғын түрі жоқ.
Бәйбіше сарайындағы бұл жөніндегі сыпсың әңгіменің бәрін жіпке тізіп айта бастады. Кіші ханымның жастығы болмаса, сұлулығы болмаса, ханымға лайық еш қасиеті жоқ; ұлы тұқымның тіке өзінен тарамаған, бір бүйірлеу көп төрелердің біреуінің қызы; төркін жағы да жансыз-жақсыз; Әмірші шешесінің өлердегі аманатын бұза алмай ала салды, тақтан түспегенмен, тұғырдан түскелі отырған кәріге тиген бейбақтың енді етегі қанап, бала сүйе қоймағы да екіталай, жаман айтпай жақсы жоқ, Әмірші әлдеқалай болып кетсе, қу тізесін құшақтап жалғыз қалады...
Орақ мұрынның астына өрмек құрып орнығып алған ала құрт әуелі өрмегінің бір ұшын Кіші ханымға тартты да, артынша-ақ соны бойлап шым еткізіп шағып ап, оның табан астында боп-боз боп кеткен өңі мен жел үрген шоқтай лап ете қалған уытты жанарын көріп, аяғын тартып ала қойды.
Ханымның қай жағынан шығып қалдым дегендей, жаңа ғана өзі осып тырнап алған жараның аузын өзі сүртіп бақты. Табан астында тек әйелдердің ғана қолынан келетін мәймөңкелікке көшіп, өз айтқанын өзі жуып-шая бастады.
Қызғаныштың тілінде шоқ, ұртында мұз. Шоғымен бетіңді, мұзымен жүрегіңді қарып сөйлемесе, қызғаныш бола ма! Әмірші иенің ықыласы мен салтанатын бір өзі иемденіп қалған шынжыр балақ, шұбар төс тұқымның қызы-бәйбішенің тәйтік қызметшілері Кіші ханымды аузынан әлі емшек табы кетпеген жас көріп, басынып қалғылары келеді ғой. Бірақ оларымен не бітірер дейсің. Әлгіндей-әлгіндей күйдіргі әңгімелерді күңсіткеннен арғыға жете қояр шамалары қайсы? Әміршінің өзі асқар таудай боп, панасына алып отырғанда, бәйбіше сарайындағы көп сумақайдың сыпсыңы құр әншейін желдің суылы, шыбынның ызыңы боп қалады. Дегенмен, үлкен-үлкен деп басқа шығарып қоймай, қыбын тауып, бәйбішені де аяғын тарта сөйлеуге үйреткен жөн. Құдайға шүкір, Ұлы Әмірші алтын басымен кіріп-шығып жүрген құттыхананы шауып ала қоймас...
Кемпірдің әңгімесі қайтадан аруақтанып барады. Енді жұқа танауы дірілдеп, көтеріле сөйледі. Орақ мұрнының астында ерсі қарауытып жатқан сұйқылт түктері тікірейіп-тікірейіп кеткен...
Қызметшісінің аяқ астынан арқаланып бара жатқанын байқап, ханым оның жүзіне таңырқай қарап еді, кемпір қапелімде артықтау әңгіме айтып қойдым ба дегендей, оқыс тыйыла қалды да, әлдебір ұмыт шаруасы есіне түскенсіп, орнынан асығыс көтеріле бастады.
Қызметшінің әлгі әңгімесі, аяқ астынан жүрегін тызылдата бастаған оқыс бір сезім ханымның көп күннен бері көкірегін тымырсық боп жайлап алған түсініксіз қапырықты төтен соққан өкпек желдей сейілтіп жіберді. Өне бойын жайлап алған мең-зең зіл ыдырап кеткендей ханым өзін қунақ сезінді.
Бәйбіше сарайының әңгімесі пәлен күннен бері оның қол-аяғын матап алған енжарлықтың қыл арқанын күрт-күрт үзіп жатқандай. Тұтқиылға тіреліп дағдарып тұрған ой-сезімнің де қарсы алдынан қасқа жол ашылғандай...
Енді әлгі кемпір айтып кеткен әңгіменің егжей-тегжейін қайтадан бір бажайлап ойлап көруге бел буды. Көзге көрінбей бір қиянда жатып ап, мұның әлі ызғар шалып көрмеген балғын жүрегіне мыстан тырнағын аямай батырып, осып алған бәйбішенің озбыр шеңгелі оның бойына бір қайрат бітіргендей болды.
Жас ханым қақырайып сарайда отырғанымен, өзінің айбарсыз, дәрменсіз екенін, азулы бәйбіше бала көріп басына бастағанын байқады.
Ащы тырнақтың есесін ащы тырнақ қайтаратынына жас та болса, әйелдерге айрықша тән бір түп көрегендікпен түйсігіп отыр. Оның балғын жүзіне бір суық нұр жүгірді. Бұрын мойылдай боп мүләйім мөлдіреп тұратын көзіне қылыштың жүзінен ғана байқалатын сұп-суық қатыгез ұшқын орнапты. Жүріс-тұрысы да шып-ширақ.
Ханымдарының бойындағы мына өзгерісті нөкерінің қырағы көзі бірден байқап қалды. Бұрынғыдай жабыса-жармаса кетуге бір түрлі қаймыққанмен, ішінен риза боп, қайтадан мәз-мейрам күйге түсті.
Ханым кешке құлқы болмай, көріп тұрып, көзге ілмей кеткен асыл мата, қымбат тері, қызылды-жасылды жиһазды сарайына алдырып, қайтадан қарап шықты.
Күтуші кемпірге көңілі ауғандарын көрсетіп, не киіп, не тіктіретінін айтып әмір бере бастады. Ханшаның байыбына бара алмаған жерінде күтуші кемпір ретін тауып, ақыл қосып қояды. Ханым ондайда бұрынғыдай аузын ашып таңырқап қалмайды, «е, осы дұрыс екен» деп елп ете де түспеді, қызметшісінің сөзін үн-түнсіз тыңдап, келісім бермес бұрын біраз ойланып алады.
Қақсал кемпір ханымның билік дәмін түсіне баста-ғанын аңғарып, ішінен қыбы қанып, бұрынғы-бұрынғы ма, енді ауыр денесін асықтай үйіріп, шұнаңдап кетті. Ханымның қазынасында не бар, не жоғын тексеріп, не керек екенін, оның қай өлке, қандай уалаяттан табы-латынын айтып, құлағына құйып бақты.
Ханым өзіне керекті заттарды айтып бас уәзірге күтушісін жұмсады.
Бас уәзір күтуші кемпірді қомсынса керек, мардымды ештеңе айта қоймапты. Қызметшісінің айтып келген хабарын естігенде, ханым сарайға қайтадан кісі жұмсап, уәзірді өзіне шақырды. Өз жауабына ханымның шамданып қалғанын іші сезіп келген кәрі уәзір есіктен құлдық ұрып аттап, кіре сала тапсырмасының бәрі де орындалатын болғанын, бұл сұраған қымбат тері, асыл мата, иіс май мен әтірлерді жіберуге тиісті уалаяттарға хат жазылғанын, арнайы адамдар жіберілетінін баяндады.
Әміршінің өзі сыйлайтын бас уәзірдің Кіші ханымның аяғына кеп бас игенін көргенде, күтуші бас ұлықты өз аяғына жыққаннан бетер айызы қанып тұрды.
Кіші ханым шаһардағы ең атақты шеберлерді шақырып, киім тіктіріп жатыр дегенді естігенде бәйбіше сарайындағылар тұлынын тұтып қалыпты.
Ханым өзі ойлап тапқан жаңа шаруаның соңына құнығып кірісті. Кіші ханымға тігіліп жатқан киімдер мен уалаят-уалаяттардан жиылған асыл дүниелер жайындағы алып қашпа әңгімелердің алды жорықта Әміршімен бірге жүрген Ұлы ханымның да құлағына тиіпті.
Ұлы ханымның аузынан шығыпты-мыс деген лақаптар бәйбіше сарайынан Кіші ханымның өзіне де жетіп жатты.
Ұлы ханымның шамына тигенін естіген соң, жас ханым бұрынғыдан бетер масаттанды, жүрегіне күндесінің бейпіл сөзінен түскен жарақат жазыла бастады. Қайтқан өштің сиқыр ләззаты жанына майдай жағып барады, бәйбіше сарайындағылардың ішін күйдіретін, айла амалдың бірінен соң бірін ойлап табады.
Бұрынғыдай емес, сейілді, серуенді көбейтті. Әсіресе күн қыза нөкер қыздарымен бірге хауызға шомылғанға, кек айдында алма лақтырысып ойнағанға құмар. Күнде ертөмен қызметшілері ағаш басынан алма үзіп, хауыздың қасындағы жеңіл шатырдың астына тау-тау қып үйіп қояды. Күн қыза жаңа піскен алманың жұпар иісі аңқыған тұста ханым нөкерімен шомылуға шығады.
Қызыл алмалар қалқып жүрген мөлдір айдында жас-тықтың, алаңсыз бақыттың буына алмадан бетер балбырап піскен балғын тәндер өне бойларын шепітіп сүйген сұғанақ толқындардан әлдеқандай жұмбақ ләззат тауып, рақаттанып қалады.
Әдеттегі тәкаппар сырбаздығынан, асқақ мәртебесінен, асыл мен қымбатты аямай тегіп баққан шұбалған киімінен бір уақыт ада боп, ойнақтап шыққан балауса тән әлгіндей емін-еркін бостандыққа қапелімде құмары қана қоймайтын болса керек, ханым хауыз басына ұзақ айналады.
Судан шыққан соң хауыз қасындағы жеңіл шатырдың астына жатып ап, қызметшілеріне үстін сылатады; онсыз да жұпар шашып тұрған ханым бағының ішінде, дүниенің түкпір-түкпірінен алдырған хош иіс майлар мен әтір иісі аңқып қоя береді.
Ханым жас қыздардың сүйрік саусағына қытығы келеді де, сылаушыға қызметші әйелдердің қолының қаруы барларын ғана таңдап алады.
Ханымның жасындағы әйелдің тәні не тілейтінін жақсы білетін сақа келіншектер одан қолдарының қуатын аямайды, ұзақ сылайды. Ханым ондайда жылтылынан айрылып, лайытып бара жатқан жанарын ұзын кір-піктердің астына жасырып, еткінші рақаттың ләззатына елітіп жатады да қояды. Сөйтіп жатып, кейде қиялға шомады. Ондайда мынау өзі жүрген бақ хиссалардағы пейішке ұқсап кетеді; қасындағы нөкерінің пейіш бағындағы хор қыздарынан несі кем? Бұдан артық рақат қайдан табылмақ? Осындай жұмсақ өз қолында, осындай рақат өз төрінде тұрғанда, Әміршінің қайдағы бір ит арқасы қиянға айлап-жылдап жорыққа кететіні ара-тұра оған миға сыймайтын, түкке қажеті жоқ, құр әншейін ессіздіктей көрінеді. Бірақ сол-ақ екен, Ұлы Әміршінің ойына келген шаруаны мансұқтау пенде біткенге кешірілмейтін күпіршілік екені есіне түсіп, тізгін үзіп бара жатқан тентірек ойын тежеп ала қояды. Ондайда ауызға енді іліге берген жемінен жұрт айырып жіберген шабытты тазыдай солығы басылмаған ойы Әміршіні тастай беріп, бірауық бәйбішенің соңына түсіп береді. Жорықтағы Әміршінің соңынан қалмай соған не азап екен...
...Әлгіндей ой келгенде жон арқасына ойнақ салған саусақтардың қимылынан да өткен, әлеңкедей жаланып тұрған әлдебір әзәзіл нәпсіні демде тояттатып кететін тосын рақатқа кенеледі. Құдды төбесінде, сонау шырқау аспанда шілде күні емес, көзі қанталап күндесінің өзі қарап отырғандай көрініп кетеді. Өзінде жоқ дәулетті көріп алсын, іші куйсе түз жаласын дегендей, шалқасына аунап түсіп, сылаушыларға омырауын тосады. Кәрі күндесінде мұнда бар мынандай көрік, мынандай балғын тән жоқ. Ендеше, ол мұның жастығын күндейді. Алтын басты Әміршіні қойнынан жұлып әкеткен сиқыршы күшті күндейді. Өзінің баламен бала боп, ошақ басында қалғанына күйінеді. Соның есесін күйеуінің соңынан қалмай, жарбаңдап, жағынып қайтармақ. Жағынғанда не бітіреді? Шұлғау жуып беруден басқа қолынан ештеңе келмейтін кәрі әйел Әміршінің көңілін немен тындыра-ды... Жоқ, Әмірші енді оған бәрібір жоқ... Ол бәйбіше үйіне күңсіп көп ұрпағым отырған ошақ қой деп, күлін сағынып бармаса, неменеге ынтық боп барады. Ал бұның сарайына алыс жорықтар мен арпалыс соғыстардың тауқыметінен соң, денім жайылатын, көңілім масаттанатын жұмағым, алтын бақты пейішім деп келеді... Рас... тап солай... тап солай... оған енді шүбәсі жоқ... Бірақ Әмірші алтын тәжді басымен бала жігіт құсап, күні-түні бұның қасынан шықпай қайдан отырсын. Дуниенің төрт бұрышы тықыршып хабарын тосқан атақты билеуші қарауындағыларға қатарынан екі-үш жыл тыныштық берсе, өңшең шуылдақ хан бұрынғы қаһарынан айрылған екен, қатынжанды боп төсек күзетіп отырып қалған екен деп масайрамай ма... Соны ойлағанда әлдекім жүрегінің басына ине сұғып алғандай болады. Жоқ, ол асыл текті ханзада басымен Әміршіні сасық ауыз қара тобырдың әлгіндей табасына жем қылып қоя алмайды. Жаңа ғана Әміршінің алыс жорыққа шығатыны мән-мағынасы жоқ құр әншейін азап сияқты көрінген ойының күпірлік екеніне көзі енді шындап жеткендей болды.
Жоқ, ол Әміршісін жорық түгілі бейбіт кезде, Байтақ шаһарға оралған соң да, нақсүйері екенмін деп, қасынан шығармай, ұстап отыра алмайды. Өйткені мұндағы жұрттың да жатса-тұрса аңдитыны - алтын басты билеуші. Оның әр жүрісі, ең азы иегінің әр ишарасы-дүйім елдің көз алдында. Ендеше, Әміршінің бала сүйдірген бастас қосағым ғой деп анда-санда бәйбішенің ордасына барып тұруы да орынды. Келін бар, кепшік бар, әке тағына әлеңкедей жаланып жүрген ұлдары бар, соларға қыр қылып, бәйбішесімен сырласқан боп барады. Алыс жорыққа да сол үшін ала кетеді. Бәйбішемен оқтын-оқтын ақылдасқан да болады. Бірақ онысы көлде-нең көзге перде ғып тұтқан құр мезірет қана. Әйтпесе қызымен құрдас мұның әр адымын санап, тұлынын тұтып отыратын сол немеден қайбір ақыл шығып жарытады дейсің. Кіп-кішкентай қуыс көкірекке күндестік пен кейуаналық бірдей сияр ма? Дегенмен ол екеуі оңаша сөйлескенде бір-біріне не айтады екен?
Ханым ойынан мүдіріп, қаңтарылып қалады. Өне бойын балбыратып бара жатқан жаңағы рақат, жаңағы ләззат аяқ астынан сарқылып қалғандай, қапелімде, көзін ашып, басын жастықтан жұлып алғысы келсе де, сылаушыларға сыр алдырып алармын деп, көзін тарс жұмған күйі сұлық жатып, үзілген ойының ұшығын іздейді.
Қанша дегенмен, екі егде кісі әңгімелескеннен басқа не бітіреді дейсің? Бәйбіше Әміршіні көргенде бұл құсап көмейіндегі сездің бәрі быт-шыт шашырап абдырап қалмайтын шығар.
Анада жорыққа аттанарда Әміршіге жалғыз қалған кездегі басына түсетін сартап сағыныш пен зіл батпан мүнды наз қылып айтып көрейін деп еді-айта алмады. Ертесіне қоштасарда қанша дегенмен ханыммын ғой деп, өзіне деген қимас сезімін білдіріп құшқысы келіп еді - батылы бармады. Өз бөлмесінен шығып бара жатқан Әміршінің артынан қарап, табалдырықтың алдында қалшиып ұзақ тұрды да қалды. Ту сыртынан телміре қарап тұрған мұны сезді ме, Әмірші орта жолға кілт кідіріп, артына бұрылып қарады, бұған қайтып оралғысы келген кісіше, не әлдене дегісі келгендей, ұмсына берді де, кенет қапталына көзі түсіп, қайтадан жөніне кете барды.
Ханым Әміршінің көзі түскен жаққа қарап еді - басын иіп, құлдық ұрып, қаз қатар тізіліп тұрған азбан құлдарды көрді.
Өзінің табалдырықтың алдында сілейіп тұрған мына тұрысының ерсі екені сонда барып есіне түсіп, есікті жауып алды. Бірақ Әміршінің кетіп бара жатып, кілт тоқтап, бұрылып қарағанынан өзіне деген өзгеше ықылас танығандай боп, жүрегі орнына түсейін деді.
Қатал Әміршінің суык, жанарының түбінен тек өзінің ғана көзі шалып қалатын жұмсақ нұрдан да бұл қимастық сезінетін тәрізді.
Адам жүрегінің ең бір тұңғиығынан шымырлап шығатын сол бір қимастықтың, ыстық іңкәрдің емін тапса махаббат қана табатын шығар. Сонда Әміршінің бұны сүйетіні ғой...
Ханымның көкірегінде әдемі қуыршақ көрген бала қыздың балапан жүрегіндей әлдене ойнақшып шыға келді.
Ханым екі бетіне ду етіп екі шоқ тиіп кеткенін аңғарды. Әлгіндей антарылмай, маужыраған рақаттың саумал көліне қайта сүңгіп, үзілген ойын қайта жалғастырды.
Ал әлгі қимастықтың, бір-біріне деген өліп-өшкен ыстық іңкәрдің сарқылған шағында екі адам арасындағы бұрынғы махаббат жайлаған салқар көңілді нендей сезім иемденеді екен, әлде ел көшкен жұрттай боп біржола құлазып қала береді ме екен?
Ақылы «иә солай» деп, осы бір тұспалды қаншама жөн көргенмен, сананың әлдебір терең қатпарына бұғып жатып алған ұры күмән қайта-қайта басын көтеріп, қаңғыма көңіліне байыз таптырмай тағы бір қиырға дедектетіп сүйрелей жөнелді.
Егер екі егде адамның арасында бұрынғы сезімнен ешқандай жұрнақ қалмайтын болса, бұрынғы қосақтардың өле-өлгенше бір-бірінен жұп жазбайтындары несі? Әлде өлімнің алдындағы, бейшара кәріліктің алдында жалғыз қалғысы келмеген қорқыныштан ба екен?
Ендеше, ондай үрейден бір ошақтың басынан өзгеге билігі жүрмейтін жай жұмыр басты пенделер қорықса қорқар. Бірақ шартарапты аузына қаратқан, өле-өлгенше қасынан кетпейтін жары, отан, өз әулеті, қарақұрым қолы мен қалың халқы бар Әмірші қорқар ма? Жоқ, ол бәйбішеге басқа бір сезіммен баратын болды. Ол сезімнің аты не?
Иә, егде адамдардың көкірегінде, ең болмаса кешегі күйіп-жанған алау махаббаттың орнында ып-ыстық қоламтасы-сыйластық қалмайды дейсің бе? Сол ыстық қоза біржола сөніп біткенше, адам пақыр да өліп бітетін шығар.
Манадан бері түбіне жете алмай қойған сауалдың жауабын оңай тапқанына әуелі елп етіп қуанды. Артынша-ақ әлгінде ғана лақтай ойнап шыға келген көкірегі мұздап қоя берді. Сонда Әмірші мен Ұлы ханымның арасында әлі де ыстық табы суып үлгермеген сыйластық жатқан болды ғой. Әлдебір оқыс шаншу көкірек тұсын бүріп алғандай болды. Әлгінде ғана қызметшілердің асыр салған саусақтарынан балбырап елітіп жатқан балғын денесі аяқ астынан солып, семіп бара жатқандай көрінді. Қазір тұрып кетпесе, жан-жақтан жабыла жұлмалап жатқан көп шеңгел оны жұлым-жұлым қып біржола түтіп тастардай. Ол орнынан асығыс көтерілді. Мапмайса жібек көйлек тұла бойын тікен боп шағып, етіне ерсісуық тиді. Күтушілер шашын өріп болғанша зорға шыдады. Әлгінде ғана рақаттанып, жаны жай тапқан жерден әзірейіл көргендей кетуге асықты.
Ол қайтадан тұнжырап қалды. Өзінің жалғыз екенін, байлы, балалы, әлденеше орданы өз бауырынан таратып отырған бәйбішенің қасында қарасыз, қауқарсыз екенін алғаш түсініп, қатты налыды, ішіне шоқ түсіп кеткендей, өне бойын өрт жалап барады. Ол не де болса, сол бір өрт тезірек жанып бітсе екен, мұны түп-түгел күлге айналдырып, мына дауа таптырмас қасіреттен біржолата құтқарса екен деп тіледі. Сол қалпында енді бір сәтке шыдаса, көп ұзамай әлгі тілегі де орындалатындай боп көрінді.
Ол енді ештеңені ойлағысы келмеді. Шекесін шыңылдатып, бұл көңіл қойып, құлақ аспағасын, ызыңдай-ызыңдай шыбынға айналған көп ой көзінің алдында қара құрым боп шырқ үйіріліп ұшып жүрген секілді. Бұл сол бір ызыңдаған көп шыбынды, тиіп кеткен жерін тістей алатын жиіркенішті жәндіктерді көргісі келмей, денесі түршігіп, көзін тарс жұмып алды. Енді әлгі ызыңдап ұшып жүрген көп мақұлқат одан гөрі де ұсақтай-ұсақтай қара құрым масаға айналып бара жатты. Бұл олардан бұрынғыдан бетер шіміркеніп, безгек тигендей қалтырай бастады. Кенет әлдебір жеріндегі күре жүйкесі күрт үзіліп кеткендей, бүкіл денесі қалш-қалш етіп қоя берді. Онысынан өзі шошып кетті. Тарс жұмық кірпіктері бір-бірінен кілт ажырап, көңіліне: «Осы мен ауырып қалған-нан саумын ба?!» - деген ой сап ете түсті.
Жалма-жан отырған жерінен ұшып тұрып, төр алдындағы айнаға беттеді. Айна алдына келіп еді, өзінің әлгіндегі көңіл күйіне өзі қайран қалды. Күлге айналып бара жатқан ештеңесі жоқ, бұрынғы қалпы. Асығыс өрілген қолаң шашы жол-жөнекей босап, қобыранқырап кетіпті. Қайта онысы өзіне бір түрлі сән қосқандай. Қызметшілері жаңа ғана иіс маймен сылаған мойны, омырауы, екі беті жылтырап түр. Қорқыныш пен уайым алма-кезек арбасқаннан ба, сол жып-жылтыр екі бетінің ұшы алмадай албырап түр да, жазық маңдайы бір түрлі көгіс сұрланып апты. Ұшы тым сүйірленіп кетпей, жұқа нәзік танауын жасырар-жасырмас боп жұмырланып біткен әдемі қыр мұрны мынау иіс майды аямай жаққан жылмағай беттегі орынсыз жылтырақты жақтырмағандай, бір түрлі бұйығы қалып танытады. Сол бұйығы мұңды айқындай түскісі келгендей сүрмелі қастың астынан жасаураған екі көз мүләйім мөлдірейді.
Ханым айнадағы жәудірей қарап тұрған мұсәпір бала қыз өзі екендігіне сенгісі келмей, тесіле қарады. Мына түрімен жарық жалғанда қорықпай қайтып тірлік құрып жүр. Оны көрген адам өліп-тіріліп сүймейтін де, құрметтемейтін де, табынып таңғалмайтын да шығар, тек «байғұс балақан-ай» деп мүсіркейтін ғана болар. Ұлы әміршінің көзінен бұл керіп жүрген ұшқын да өзі ойлап жүргендей өртеніп бара жатқан махаббаттың емес, жай әншейін аяныштың нышаны шығар. Арыстандай ақырған асау бәйбіше мынандай мүскін немені табанына салып таптап кетпегеніне шүкір.
Мынандай бейшара балапанға жарық әлемді қалтыратқан қаһарлы ханның қылыш сілтесең де селт ептейтін қайсар жүрегі қайдан өліп-өше қойсын! Бұл оған сүйікті жары тұғырдан қалғанда төсек жылытуға алған жай әншейін жас иіс қана. Бұл бейбақ үлкен кісінің өзіне деген бір сәткі мейірімін махаббатқа жорып жүріпті ғой. Жоқ, жоқ, сен енді ханның бір сарайы мен санаулы түндерін иемденген жас иіс ұрғашы күніңе қанағат қыл, тіліңді тобаға келтір... Бәйбішемен бесекелесу сенің не теңің? Жаһанды қалтыратқан Ұлы әміршінің жүрегіндегі қимастықты да, махаббатты да сол иемденген. Оның жолына тұрам деп босқа арамтер болма.
Дәл мынандай мүсәпір кейпіңмен бәйбіше құсап күллі дүниенің күңкілін құлағына ілмейтін Ұлы әміршінің назарын тоқтатар салиқалы ақылды қайдан табасың, салауатты сұхбатты қайтып құрасың? Алыс жорығына бірге ала кетіп, қиын кезде шақырып кеңес сұрайтындай кейуаналықты құдай сенің қай жеріңе қисын?!
Ханым мына бір аяқ астынан қайдағы-жайдағы ойына оралып, көңілін біржолата меңдеп алып бара жатқан күздің сылбыр жауынындай салыңқы сезімге қарсы тұрар қайран таба алмай өз-өзінен мүжіліп жүре берді.
Ту сыртына әлдекімнің демі тигендей болды. Жала-ңаш отырғанда үстіне бөгде біреу кіріп келгендей, жалт бұрылып еді. Күрең қобдиша құшақтаған күтуші кемпір түр екен. Мұның шарасынан шығып кеткен қос жанарын көргенде, шырқ айнала әжім мен түбіт қылтанақ көмген екі езуін ыржитып, күліп жібергендей болды.
- Мынаны жаңа бас уәзір әкеп беріпті. Жорықта жүрген Әміршінің сізге арнайы жіберген сәлемдемесі көрінеді, - деп, қолындағы қобдишаны бұның алдынан көлденеңдете берді. Өне бойын жидітіп ала жөнелген әлгі бір дел-сал халден әлі арылып бола қоймаған ханша кемпірдің сөзіне не жауап қатарын, не істеп, не қоятынын білмей абдырап қалды. Кемпір қобдишаны ханымның төсегінің үстіне апарып қойды. Ханымды солай қарай сүйреледі.
Ханым кемпірдің жетегінде енді-енді тәй-тәй тұрған жас сәбидей тәлтіректеп еріп келеді.
Кемпір қобдишаны өзі ашуға батылы бармай, малынған жеңінің ұшынан жылтырап көрінген кішкене кілтті мұп-мұздай қып ханымның қолына ұстата берді.
Ханым абдырап қобдишаның алқасы қайда екенін таба алмады. Кемпір амалсыз өзі ашуға мәжбүр болды. Ашты да қобдиға қарарын, ханымға қарарын білмей, алақтап тұрып қалды.
Ханым көпке дейін көзі бұлдырап ештеңе кере алмады, Бір уақыттарда барып қобдишаның ішінде ағараңдап жатқан әлденелерді аңғарды. Назарын қайта жиып қарап еді, қобдишаның ішінде саудырап жатқан монтаны меруерт, жанарыңды еркелете сипайтын биязы өң, алуан түсті ақық, ойнақы маржан, көзіңді алмас қылыштай тіліп түсетін өткір, өңі суық яспис, ұяла жылтырайтын ақшыл-сарғыш жақұттар, күздің шайдай ашық аспанындай тап-таза, мұп-мұздай көкпеңбек сапфир, күлім көз зүбаржат, нарт қызыл лағыл, жан-жағындағы езге тастардың өңіне орай құбылатын су тамшысындай мөлтең-мөлтең шамир, бұрын-соңды бұл көрмеген, атын білмейтін бірінен-бірі өткен тағы да талай асыл тастарды көрді. Солардың ең үстінде, осынау әр алуан, түске құбылған кішкене көлшіктің бетінде жүзіп келе жатқандай боп бір тал аппақ гүл жатыр.
Ханым әрінен, әдемі хош иісінен әлі арыла қоймаған нәзік аппақ гүлді қолына алып, бауырына басты. Жаңа ғана өне бойын буып тұрған темір арқан өз-өзінен тарқатылып жүре берді, таң атқалы мұңлы жанарына іркіліп тұрған ащы жас көктемнің жылы жаңбырындай боп төгіп берді. Зәбір мен сағыныштан қабына-қабына, кеуде сүйегіне жабысып қалғандай зіл тартқан жүрегі қайтадан ойнақтай жөнелді.
Ханым қасында қызметші әйел тұрғанын да, оның алдында бала қыз құсап, көзі бұлаудай боп жылап отырғанының ерсі екенін де елең етпеді; манадан бері сүлдері құрып, сүлікше сорып жатқан әзірейіл үрей бұның көңілінен мысық табандап жылыстай бастады. Хақ тағала, Ұлы әмірші бұны әлгінде ғана билеп алған қапырық қасіретті, сүйек-сүйегін түгел ұнтап бара жатқан тұңғиық мұңды дер кезінде көріпті. Бұның жанын жан-жақтан жапатармағай талап жатқан сағыныш пен жалғыздықтың, күдік пен күмәнның, шамырыққан намыс пен наланың қорқау төбеттерінің ырылы оның да құлағына жетіпті. Жер түбінен ат шаптырып, адам жұмсап сый жіберіпті.
Ханым қолындағы аппақ гүлді шөп-шөп сүйіп алды.
Қызметші кемпір ханымның жан-күйін айтқызбай-ақ түсініп тұрса керек, оңаша қалдырып шығып кетті.
Ханым төсегіне жантайды. Қобдишадағы асыл тастарды қолына алып көре бастап еді, аппақ омырауының үстіне ақ, сары, көк - әр алуан көп тамшы саудырай төгіліп, дүниедегі тілмен айтып жеткізе алмас ең бір ғажайып көркем тамшылардың жаңбыры селдетіп қоя бергендей болды.
Ханымның көкірегіндегі әлгі бір қапырық қасірет жаңбырдан соңғы аспандай әбден ашылыпты. Енді оның орнын көл дария боп шалқып қоя берген бір жұмбақ нұрлы сезім билеп алғандай. Ол алыс жолдағы жарына жүрегінің ең тереңінен ағыл-тегіл ақтарылып жатқан алғысын айтар еді - ол бәрібір естімейді. Ибаны, именшектікті бәрін лақтырып тастап, мынау лапылдаған жас тәнін, жаңбыр сағынып, кенезесі кеуіп жатқан аптап алқаптай аппақ төсін айқара ашып, бауырына қысар еді, мынау абажадай кең сарайда оның жайылған құшағына түссіз ауа, тұлдыр кеңістіктен басқа ештеңе бәрібір ілікпейді.
Ұлы Әміршіге деген риясыз көнілін хатпен айтса ерсі, кісіден айтып жіберуге болмайды. Ол патшазадаға, асыл жарына, өз жүрегін, өз тәнін шымырлатып шыққан ықыласы мен шексіз махаббатын қалай білдіре алады? Ол жорықтан оралып, мына бөлмеге аттанғанша қашан? Құмарынан шыққанша құшып, қордаланып алған көл-көсір сезімді ақтара салар арманды күннің қай кезде туатынын кім біледі? Оған дейін ұлы патшаға деген ыстық ықыласы мен риясыз алғысын қайда жұмсайды? Мынау қайтадан қанын кептіре бастаған махаббат шөлін немен қандырады? Оның жолына құрбандыққа шалынуға әзір ниетін Әміршінің өзіне, анау қызғаншақ бәйбішеге, сарайдағы сыпсыңдасқан көп қызметшіге, шаһарға, мынау жарық жалғанның түгел бәріне қалай жариялай алады... Осы қазір, ең болмаса, ертең ел-жұрт соны естімесе, мұнша шалқар мұхит қуаныштан жүрегі жарылып кетердей. Әмірші ие жорықтан оралғанша сарылып өтіп болмай-тын сағыныш күндері мен ыстық іңкәрдің шоғына шарпылған тауқымет түндерін қалай өткізе алады? Өне бойын кеулеп алып бара жатқан мынау сезімге нені басу қылады? Бұған дейінгі бәйбішені қайтсем шамдандырам деп жүрген күйкі қаракеті мынандай алапат сезімге кенеу бола ма?
Қазір-ақ жолға шығып, жорықтағы жарының соңынан барар еді. Өйтсе, Әміршінің шамына тиеді, әрі мынау сасық ауыз көп шуылдақтың өсегіне ілінеді.
Ханым төсегінің үстінде шашылып жатқан асыл тастарды жинамаған күйі бір шетіне қисая кетіп, қиялға шомды. Ұлы әміршінің мынандай риясыз ықыласының есесін немен қайтармақшы? Ертең алыс жорықта қалжы-рап оралған оны немен қуанта алады. Шіркін, падишамен қосылғалы бері жар ңызығын қызықтап та құмарынан шыға алмады. Әмірші жорыққа аттанбай тұрып құрсақ көтеріп қалса ғой, қазір мынау жіберген сыйлығының қарымтасын жақсылық хабармен қайтарар еді. Екі қабат әйелдің құрсағындағы жас нәрестенің әр қыбырын аңдып тықыршыған күндері, мынау айналасын түгел аңылжытқан сар тап сағынышты да байқатпас еді. Оның әр қимылын хатқа салып, Әміршімен үзбей хабарласып тұратын сылтау да табылар еді. Ертең ол келгенше аман-есен босанып, алдынан тал бесіктегі кішкене ханзаданы көтеріп шықса, күйеуінің көңілін біржолата бір өзі иемденер еді, балаларын алға тарта беретін бәйбішенің де аузына құм құйылар еді. Бірақ қолында дәл қазір ондай қайранның жоғы есіне түсіп, тағы да аңтарылып қалды.
Ол Ұлы Әміршінің өзіне деген қимас көңілінің есесін риясыз махаббатымен ғана қайтара алады. Одан басқа еш қайраны жоқ.
Ендеше, бұл өзінің шексіз махаббатына бір ғана хан ие емес, көрген жұрттың бәрінің де көзін жеткізетіндей ескерткіш ойлап табуы керек. Ертең хан ие жорықтан оралғанда, елден бұрын махаббатын, сана менен сағы-нышын, ыстық ықыласын керетін болсын.
Ол мынау асыл тастарды бәйбіше құсап, бауырына басып өзі иемденбейді, бәрін де ертең ұлы падишаның кезін елдің алдымен сүйсінетін әлгіндей әсем ескерткішке, махаббат мұнарасын салдыруға жұмсайды. Ол мынау Байтақ шаһардағы барлық мұнараның бәрінен де бой асырып тұруы керек. Көрген жан мұның Ұлы Әміршіге деген шынайы махаббаты мен асқан ақылына қайран қалатын болсын.
Ол сол күні ың-шыңсыз рақаттанып ұйықтайды.
Ертеңіне тұра сала бас уәзірге хабаршы жіберді. Бұл өз ойын айта бастағанда, бас уәзір тостаған көзін бақырайтып, қадалып қатты да қалды; ханымның ойына таңғалғаны да, сүйсінгені де белгісіз; ат жақты бетінде қимыл-қыбыр жоқ; сұп-сұр. Ханым айтарын айтып болғанда барып, саусақтары сабаудай-сабаудай екі қолын кеудесіне қусырып тағзым етті.
«Құп болады, мәртебелі ханым!»
Арада екі апта өтер-өтпестен бас шебер кеп, мұнараны Ұлы Әміршінің Ұлы бәйбішесіне салғызған мешітті салуға қатысқан шеберлердің бірі салатын болғанын айтты.
Енді ханымға ермек табылды. Күн сайын бас уәзірге қызметшісін жұмсап мұнараның жайы қалай болып жатқанынан хабар алып отырады. Мұнараның өз сарайының маңынан салынатын болғанына қатты қуанды.
Бір күні таңертең ұйқыдан тұрып жатып әлдебір қызыл қожалақ нәрсенің бақтағы ағаштардан төбесін асырып, терезесінен төніп тұрғанын көзі шалды. Көрпесін серпіп тастап, терезе алдына келді. Өзі салдырып жатқан мұнара сол екені есіне енді түсті. Мұнараның ұшар басында сыртынан қарағанда құмырсқадан да әулетсіз әлдененің қыбыр-қыбыр қимылдағаны байқалады. Әмір бергеніне жылға жуық уақыт болып қалған-ды. Енді, міне, мұнара сарай қорғанынан да, ондағы биік-биік ағаштардан да бойын асырыпты.
Содан былай сол бір сорайған қызыл қоңыр нәрсе терезесінен төнді де тұрды. Ол күн сайын терезе алдына келіп, мұнараның кешегіден қанша биіктегенін өлшейді. Бірақ мұнара оншалықты өсіп жарымайтын сияқты. Өз қиялының шындыққа айналып, Байтақ шаһарда жаңа бір мұнараның асқақтап аспанға бой көтеріп қалғанын көріп, алып ұшқан көңіліне ойда жоқтан тағы да қобалжу кірді. Мұнара басындағы құмырсқа ертеден қара кешке дейін қылтияды да тұрады; оның жыбыр-жыбыр қимылының өніп жатқаны шамалы; мына қалпымен мұнара шамалыда біте қоймастай, оның көкпен бой таластырып, көзді тартып тұрғанын бұл көзі тірісінде көре алмастай. Сонау тым сойқан елестейтін сиықсыз тас діңгек айнадай жалтырап жатқан көк шәйі аспанға абайсыз тиіп кеткен лас дақтай боп мәңгі бақи осылай, көзге шыққан сүйелдей боп, қадалып тұрып алатындай. Ханым мұнараға өзі барғысы, көк қойнына бір шығып алып, сол арада қадалып тұрып қалған қаныпезер шебермен көзбе-көз жолығып, мұнараны тезірек бітіре гөр деп жалынғысы кеп кетті. Бірақ, оның реті қалай болатынын біле алмай көп сандалды. Күтуші кемпірмен ақылдасып керіп еді, әншейінде бұның ә дегенін екі еткізбей алып ұшып тұратын неме әлденеге кібіртіктей береді. «Әуелі қызметшілерді жіберіп, құрылыстың қалай жүріп жатқанынан анық-қанық хабар біліп алсақ қайтеді»,- деп қипақтайды. Астыртын жіберген қызметшілері де: «Құрылыс жақсы жүріп жатыр, күніне пәлен жүз тас қаланды, мұнара қазірдің өзінде Байтақ шаһардағы биік-биік деген мұнаралардың біразынан бой асырды, мынандай зәулім мұнараның басына тас жеткізудің өзі бір күш; мұндай кекпен таласқан мұнараның бұдан шапшаң біте қоюы мүмкін емес», - деп келеді.
Бірақ соның бәрі ханымға бұның көңілін жұбатайын дегендердің әншейін ойдан қиыстырған мүләйім әңгімесіндей көрінеді. Не де болса, мұнараны езі барып кермей, көңілі көншір емес. Күтуші кемпірдің бұдан арғы қипаңдағанына құлақ аспай, салынып жатқан мұнараны өзі барып кәретінін айтып, бас уәзірге адам жіберуге әмір етті.
Уәделі күні уәзір мен бас шеберді, бір топ қызметшісін ертіп, өзі салдырып жатқан мұнараны көруге аттанды.
Қызылды-жасылды күймелі керуен сарай қақпасынан шыға бере-ақ, күнде бақтың тасасынан қылтиып қана көрінетін қызыл қоңыр мұнара ханымның көзіне оттай басылып аспандап шыға келді. Бұлар жақындай түскен сайын асқақ мұнара көкке өрмелей түскендей тым биіктеп барады. Түбіне келіп, күймеден түскенде қызыл-қоңыр ңыш тастан қаланған тас бәйтерек ханымның таң-тамаша жанарынан жарық дүниені бір езі қалқалап, шалқалап жатып алды. Ханымның тұла бойын бір діріл билеп, қол-аяғы жеңілейіп сала берді. Екі қолтығынан демеген қызметшілері болмаса, мына қазір мамықтай қалықтап зәулім мұнараның ту-ту ұшар басына бір-ақ шыға келердей. Мұнараға қарай апыл-құпыл асыға адымдайды. Бұл келеді деп айнадай жалтыратып тазалап қойған мұнараның айналасында құрақтай иіліп көп адам тізілісе қалыпты. Құлдар, қызметшілер, сарай адамдары.
Бірақ бұның оларға көз салып жатуға мұршасы болмады. Бас шебер мен күтуші кемпір бастаған бес-алты қызметшінің алдына түсіп, мұнараның ішіне енді. Тас баспалдақпен жоғары өрмелей жөнелді. Біраздан соң өкпесі өшейін деді. Соңында келе жатқан қызметші қыздың алқына шыққан тынысы құлағын жарып барады. Мұнара ішіндегі тас түнек қараңғы қойыла түсті, қызметші қыздың қолындағы жалпылдақ шырақ болмаса, аяқ алып жүре алмастай. Құрылысшылардың тас тасығанда аяқ астын көрмекке жаққан шырақтарының түтінімен екі жақ қабырға қара күйеленіп қалыпты. Ханым малынған көйлегінің екі етегін қымқыра көтеріп ап, өрмелеп келеді. Біраз жүрген соң мұнараның ішіндегі қара күйедей қою түнек бірте-бірте сейілейін деді. Ақырында, шаңқай түстегі шілде аспаны жарқ ете қалды. Ханым мұнараның басына шықты. Соңындағы қолына шырақ ұстаған қызметші жаңғыз кісі зорға сиятын қылдырықтай мұнараның ішінде, төменде қалды.
Қою қараңғыдан оқыс жарыққа шыққаннан ба, әлде мұнараның зәулім биіктігінен бе ханымның басы айналып кеткендей болды. Біраздан кейін бойын билеп, жан-жағына көз салып еді, Байтақ шаһар тым төменде быт-шыт шашырап жатыр. Жерде жүргенде аспандап көрінетін асқақ мұнаралар, мешіттер, әсем сарайлар мына жерде баланың ойыншығындай тым құрдым көрінеді.
Ханымның жүрегіне қайтадан қуаныш жүгірді. Ол бекер қобалжып жүр екен. Мына мұнара шынында да тамаша. Байтақ шаһардың аспанын қазірдің өзінде бір өзі иемденіп алыпты. Ханым жан-жағын қармай шолып жүрген ашқарақ жанарын бір сәт ез төңірегіне тоқтатып еді, мұнара жиегіне сүйеніп тұрған шеберді көрді. Өне бойы балшық-балшық. Сонысынан қаймығады ма, қорыққан баладай тұрған жерінде қатыпты да қалыпты. Ләм-мим үн де жоқ. Тырп етіп қозғалған да жок,. Осындай зәулім мұнара қолынан шыққан шебердің қоянның көжегіндей қорғалақтап тұрған мына бір мүсәпір кескінін көріп, аяп кетті ме, әлде қызық көрді ме, ханым жүзіне қалай күлкі жүгіргенін өзі де байқай алмай қалды. Мынау зәулім мұнараның басында екеуінен басқа тірі жан болмаса да, өзінің бұл қылығын орынсыз көріп, ханым әлгі сыпайы күлкісін теп-тез тыйып ала қойды. Одан ары бұл арада тұра беруден бір түрлі ыңғайсыздық сезіп, екі етегін қолымен қымқыра көтеріп қызметшісі күтіп тұрған тас баспалдаққа беттеді. Бұрыла беріп, қайта бір қарап еді, шебердің ерімдей жап-жас жігіт екенін сонда барып байқады. Ат жақты, қыр мұрынды, алақандай-алақандай екі көзі тұңғиық мөлдірейді...
Ханым тас қараңғы мұнараның әр баспалдағын санап басып, төменгетүсті...
Күймеге мініп жатып, мұнараның басына тағы да қарады. Зәулім мұнараның басында бет-аузы анық байқалмай, еміс-еміс бұлдырап тұрған шеберді тағы да көзі шалды. Оның бұдан қысылып-қымтырылып жәудірей қараған жасқаншақ жанары есіне түскенде бір жымиып қойды
Содан кейін мұнараны көп уайымдамайтын болды. Көптен бері ұмытып бара жатқан баяғы күнде-күнде бақта қыдырып, нөкер қыздарымен бірге шомылатын әдетіне қайта оралды. Енді айдында шомылып болып, қызметшілерге денесін сылатқанда да, баяғыдай қайдағы-жайдағыны ойлап басын қатырмай, күннен күнге көкке ермелей түскен зәулім мұнараға қарап жататын болды. Бір күні мұнара басында құмырсқадай қылтиып отыратын шебер әлдеқайда зым-қайым жоғалды да кетті. Бұл қызметшілерін жіберіп, хабар алдырып еді, шебер мұнараның әшекейіне кірісіп жатыр екен деп келді.
Жаз өтіп, күз түсті. Бұл аймақта болып жарымайтын қыстың аз ғана айлары да зырлап өте шықты. Кеше состиып тұратын қып-қызыл мұнара әуелі тор-тор ағаш сауыт жамылды. Біраздан соң бал арадай быжынап көрінетін жиі-жиі ағаш тор көздерінің ар жағынан көгілдір әшекей де қылаң берді.
Енді ханым нөкерін ертіп, күн ұзаққа бақты аралап, күннен-күнге өңі өзгеріп келе жатқан мұнараны қызықтайтын болды.
Мұнара әуелі кегіс тартты. Көкпеңбек мұнара көк аспанның өзімен астасып кеткендей. Анау тор-тор ағаш кездердің арасында қыбыр-қыбыр қимылдап жүрген құйттай адамдар тас мұнараға емес, аспанның өзіне әлдеқандай өрнек салып жатқандай; аспан мен мұнараның ара-жігін ажыратып алғысыз. Ханым соның өзіне қанша масаттанды десеңізші.
Сонау көк аспанның баурына жармасып қыбырлап жүрген кішкене адамдар бұл таңертең тесегінен тұра салып, терезенің алдына келген сайын тосын бір сиқыр ойлап табады.
Көк мұнара күн сайын қырық құбылады. Әуелі күні кеше қожырайып тұратын қып-қызыл тас діңгектің орнына аспанды тіреп тұрғандай жып-жылмағай, жіп-жіңішке көк сырық шыға келіп еді, енді ол бірте-бірте сөзбен айтып жеткізе алмас, тек көз ғана түгел түйсіге алатын сиқыр көрікке ие бопты. Ханым оны өзіне етене таныс бір нәрсеге ұқсататын тәрізді. Бірақ дәл неге ұқсайтынын есіне түсіре алмады. Көп ұзамай мұнараның әлдекімнің аспандата көтерген әсем білегіне келетінін байқады; шебер бұның алыс жорықтағы хан иеге жер түбінен қол бұлғардай тағатсыз сағынышын тап басып, дәл бейнелегеніне қайран қалды.
Көк тіреп тұрған мұнара кейде оған жер төсінің ең бір шипалы сөлі мен нәрінен жаралып, көк бойлап өсіп келе жатқан майса құрақтай көктемнің сылап-сипап есетін майда самалына болар-болмас тербеліп тұрғандай көрінеді.
Ханым ондайда сонау көз ұшындағы көк діңгекті бір түрлі аяп кетеді. Бұл өлкенің көктем мен күзде екілене есетін аңызағы мен аспанынан от шашырған шыжғырма шілдесі осы бір нәп-нәзік сүйкімді өсімдікті ертең-ақ солдырып тастайтындай.
Мұнара күніне бір мінез шығарады. Бір күні жас майсадай үлбіреп, жас сәбидей мөлдіреп тұрса, ертеңіне-ақ жан-жағына ойнақы нұр таратып, жайнақтап шыға келеді. Бірде терезенің алдынан ет жүрегіңді елжіретіп, үн-түнсіз телміріп тұрып алса, артынша-ақ төбесімен көк тіреп аспандап шыға келеді.
Ханым тас мұнараның көрген жанның көңілін қырык, саққа жүгіртіп, қайран қалдыратындай не сиқыры бар екенін қанша қараса да, біле алмай-ақ қойды. Бәрінен бұрын шебердің көрер көзге бітіп тұрған мұнараның ұшар басында әлі күнге күйбеңдеп неге жүріп алғанына түсінбей дал болды. Шебер мұнараның ұшар басының баққа қарайтын жағын қалап бітірмей кетитіп қойыпты. Ханым бұрын сонау тас діңгектің ұшар басындағы қыбыр-қыбыр қимылдап жүретін кісіден түк айылын жимай, хауызға кеп шомылатын еді.
Енді зәулім мұнараның ұшар басындағы кішкене кетіктен сығалап тұрған кішкене құмырсқа мұның тұла бойынан ештеңе тастамай түгел көріп алатындай қымсынатын болды.
Күнде-күнде бақ ішіне сейілге шыққан сайын үйреншікті айдынның қасына келіп, көк мұнараға ұзақ қарайды. Тас мұнара мұнымен әлдене деп арбасып тұрғандай. Қасындағылар түсініп қалмасын деп, бұның тек бір өзіне ғана әлдене деп ымдайтындай. Тіпті сол тас мұнара оны бір күн кермесе сағынып қалатын тәрізді-сарайына кіріп кеткенде, терезенің мөлдір шынысынын ар жағында мұңдана мұнартып тұрады да, сейілге шыға келгенде, аяқ астынан жадырап жарқырап қоя береді.
Тас мұнара күннен-күнге жақындай түскен секілді. Сарай мен бақты шыр айнала қоршап тастаған тас дуалдың түбіне кеп, одан бері қарғып түсуге батылы жетпей, мұңая қарап тұрғандай.
Ханым енді тас мұнараға әлдекімнің бұған түсініксіз тілде жазылған сәлем хатындай ертелі-кеш тесіле қарап, онда жазылған құпия сырдың егжей-тегжейіне жете алмай ежіктеп отырған кісіше ұзақ сарылады.
Кейде анау тас мұнара мұның өзі сияқтанып кетеді; оның бойында да көрер көзге құлпырып тұрғанмен, әлдебір қаяулы мұң бар; бұның көңіліндегідей ғұмыры тарамайтын-тарқамайтын, өзге түгілі езіне де түсініксіз, іштей кеміріп жататын бұйығы іңкәр, именшек құштарлық бар; батылсыз жандардың аузынан өмірі шықпай, жөудірей қараған жанарларында жартылай жас боп тұнып жататын тұп-тұнық, тұңғиық наз бар. Жоқ, мынау мұнара бұның өзі емес, әлдекімнің «апырай, ұқпа-ғаның ба» деп жазғыра қараған жанары сияқты. Енді аңғарды-баяғыда мұнара басында көрген шебердің кезінен де тап осындай әрі аянышты, әрі сүйкімді бір жұп-жұмсақ нұр көргендей болып еді ғой. Шебер сол өз жанарында тұнып тұрған тұңғиық сезімді тас мұнараға айнытпай көшіріпті де қойыпты.
Сонда мынау ертеден қара кешке терезесінен телміре қарап тұратын сиқырлы жанар не дейді? Бұны не деп жазғырады? Тап бұлай жазғыратындай бұл соншама неден жазып қалып еді!
Бұның бетіне тіке қарауға да жігері жетпеген жас жігіттің тап мынандай қазымырлыққа бара қоюы мүмкін бе? Мүмкін емес. Шеберге ез өнерін жарық жалғанның алдында жарқыратып жайып салғаннан асқан бақыт бар дейсің бе? Бұның жазғаны - Байтақ шаһардың төбесінен қарайтындай керкем мұнара салдырғаны ма?
Ендеше бітіп тұрған мұнараның ұшар басын көзге шыққан сүйелдей қып кетитіп қойғаны несі?
Ханым тағы да күймесін жектіріп, мұнараны көруге аттанды. Бақ ішінен жәудіреп көрінетін момақан мұнара жақындаған сайын асқақтай түсті. Дәл қасына келгенде, ешкімге көзі түспейтін тәкаппар сұлудай тіпті аспандап кетті. Ханым бұл жолы мұнара басына көтерілген жоқ. Бас шеберден мұнараның неге бітпей жатқанын сұрап еді; «шебердің бір ойы ойлағанындай боп шықпай жүр, соның жолын тапқан күні құрылысты аяқтаймыз», - деп уәде қылды.
Ханым сарайға қайтып келе жатып та, күйменің терезесінен көзін алмады; тас мұнара алыстай түскен сайын әлгі бір сылқым тәкаппарлығынан айрылып, қайтадан мөлдіреп қоя берді.
Ханым өз бөлмесіне кіріп, терезеге қарап еді - күндегісінше жаудырай қарап тұрған монтаны көк мұнараны көрді.
Ханым енді бұның тегін еместігіне біржола ден қойды.
Шебер, әрине, бұның көкейіндегі жорықта жүрген Ұлы әміршіге деген өзінің қаяусыз махаббатын, тұңғиық сағынышын бейнелейтін мұнара тұрғызғысы келген ойын дәл түсінген. Алыстан аяныш шақыратындай қып мұнараны мұңға бөктіріп қойғаны да соның айғағы. Сонау жер түбінен қарағанда ол бәлкім «асыға гөр, тезірек жете гөр» деп жалынып-жалбарынып тұрғандай көрінетін шығар. Ал бірақ жақындаған сайын шалқақтай түсетіні несі? Шебер бұнысымен Әміршінің ашуына тиіп алмас па екен? Қаншама сағынып келген күнде де, өзіне арнап салдырған мұнараның әлгіндей шекелей қараған астамшылығы оған ұнай қояр ма? Оның үстіне бұл сарайдың ішінен қарағанда, ол неге осынша тұнжырап тұрады? Қайта мүннан қарағанда, көк мұнара сағынышын басып, жорықтан оралған Әміршімен аман-есен қауышқан ханымның қуанышты көңіліндей жадырап тұруға тиісті емес пе?
Көк тастан тамшылатып жас аққызбағаннан басқаның бәрі қолынан келген шебер мұны неғып аңғармаған? Әрине, шебердің мұнысында бір сыр бар. Шебердің сол бір бұқпантай сырын бұдан бұрын көлденең көз, былайғы жұрт біліп қойса, қайтпекші?
Ханым күтуші кемпірге айтып, базардағы жұрт жаңа бітіп тұрған мұнара жайында не айтып жатыр екен, біліп келсінші деп, астыртын адамдар жіберіп, тың тыңдатып еді, халық жорықтағы падишаның алдынан мынандай мұнара салдыртқан ханымның кемел ақылы мен салған шебердің асқан өнеріне таңдайларын қаққаннан басқа әлі ештеңе аңғара қоймапты.
Ханым жансыздардың бұл хабарына көңілі біржола көншімегенмен де, қайдағы-жайдағыға мән беріп құр бекерге қуыстанғанына өз-өзінен ыңғайсызданып қалды.
Көлденең көзден қысылатындай ештеңе жоқ. Шаһардағы жұрт мұнарадан ханымның жорықтағы жарына деген кіршіксіз сезімін көреді. Әмірші әуелі жарының өзіне деген шексіз сағынышын аңғарса, мұнараға жақын келгенде ханым махаббатының жарық жалғанды қабағына қаратқан Әміршіден басқа ешкімді көзге ілмейтін асқақтығына көзі жетеді.
Жап-жас шебер бұның көңілін айтпай біліп, айнытпай бейнелеген; Ұлы Әмірші бұл салдырған мұнарадан еш мін таба алмайды. Тек тезірек келсе екен сол күн? Ол күні пейіштің ақ құсындай боп Әмірші иенің асқар ала көңілінің ең шырқау биігіне аспандап бір шығар еді. Күндесі де қызғаныштан басқа, айтар ештеңе таба алмай дымы құрыр еді. Ол неменің Әмірші иемен бірге пәлен жыл жол жүрдім, пәлен жер көрдім, пәлен піл, пәлен түйеге қазына артып, ырғап-жырғап келемін деп аспандаған көңілі ңарсы алдынан мынандай өңі түгілі түсінде көрмеген көрікті мұнара көк тіреп шыға келгенде, аяқ астынан қанаты қырқылып, жер болып қалар еді. Падиша да қаншама бәйбіше деп дабырайтып, бастас санап, басын асырып жүрген Ұлы ханымның қанша жыл отасқанда, қанша жорықтан жеңіспен оралғанда онсыз да асқақ көңілін астанасына кіре бергенде дәл мынадай қып одан бетер аспандатып тастайтындай ақыл таба алмағаны сол арада бірден есіне түсер еді, оның қанша асыл текті болғанмен алтын санап, асыл жиғаннан басқа ештеңені білмейтін дүние қоңыз, етегіне тоңғақ жұқтыр-ғыштығымен ғана бағы асып тұрған жай әншейін жабық құрсақ әйел екеніне біржолата көзі жетер еді.
Кісінің ішіндегісін айтқызбай біліп отыратын падиша бұның адал махаббаты, ақ пейілмен қоса жас та болса бас болуға жарап қалған кемел ақылына да риза болар еді. Бұ да «алдыңнан көрдің бе, қандай сый әзірлеп қойдым» деп көргімей-ақ баяғы сол бір үлбіреген балапан қалпы қарсы алар еді; пәлен жылдан бері шымырлап өніп, дәл қазір көкірегіне шып-шып толып, зорға сыйып тұрған көл-көсір іңкәрін, жұлын-жүйкесін, өне бойын түгел өртеп бара жатқан қомағай ынтығын да бірден селдетіп ақтара салмай сол баяғы алғашқы түндеріндегідей именшектеп, қымсына қауышар еді; сөйткенмен де, оған өзіне асыл текті патшазаданың пейіл білдіргенінен асқан бақыт жоқ екенін сездіріп, жар қызығын бағалай білетін әйелдік парқын да қапысыз байқатып бағар еді.
Сол күн тезірек келсе екен тек, мынау аңылжыған үлкен сарайдың бұрыш-бұрышы бұның шат-шадыман қуанышының ағыл-тегіл ақ толқынына толар еді.
Сол арманына қолын мына көкшіл мұнара жеткізгелі түр. Ханым арманындай әсем мұнараны салып жатқан шебердін әр саусағын сүюге әзір. Тек мұнараны тезірек бітірсе екен. Тек анау көзге сүйелдей қадалып тұрған кетікті тезірек бітесе екен. Шебер мұнараның ұшар басына барып, бұнша неге телміріп тұрып алды? Айтпақшы, Әмірші көк мұнараға сарайдан көз салғанда оның мынандай бір түрлі жазғыра қараған тұнжыраңқы кейпі-нен тіксінбес пе екен? Мүмкін, мұның басы жетпей жүрген жұмбаққа ол түсінер. Әрине, солай... Әлемнің төрт бұрышын тізесінің астына басқан билеүшінің бұл дүниеде түсінбейтіні болады дейсің бе? Сонда оның өзі жоқта ханымның терезесіне дәл мынандай боп жәудірей төніп тұрған сиқыр мұнараның сырын неге жоруы мүмкін. Әрине, анау тас мұнараға жан бітіруге аз-ақ қалған асқан шебердің өз аузынан айтса, тілі кесіле-тіндей бір тым құпия тылсым сырын өнерімен тұспалдап білдіргеніне жориды. Иә, оның әнеукүнгі мөлдіреген монтаны жанарындағы именшек наз махаббат екен ғой. Дәл солай. Оны Әміршінің қырағы көзі түгілі, енді, міне, пәлен күннен бері бас қатырып жүрген бұның өзі де түсініп отыр.
Ханым мынау ыңғайсызда үстінен сап етіп түсе қалған оспадарсыз біреудей оқыс тұжырымынан бір түрлі абдырап қалды.
Көк мұнара бұның терезесіне бұрынғысынан бетер төне түскендей: «Дәл таптың, солай еді. Апырай, ақыры түсіндің-ау, ал енді ұқтың ғой, не айтасың, жауабың қайсы?» - деп еміне түскендей. Бұдан әрі тұра берсе, мұнара құдды биік қорғаннан, мынау терезеден қарғып түсіп, бұл тұрған бөлмеге кіріп келетіндей, терезе алдынан алыстай береді. Мұнара көзден таса болғанда барып, көңілін бірледі.
Енді мынау ертеден қара кешке дейін терезесіне төніп, қиылып тұрған қиқарға не істерін білмеді.
Ең алдымен, ойына оралғаны, бітіп тұрған мұнараны қасақана бітірмей қойған қаскөй шеберді шақырып алып жазалау; көңіліне шайтан қашқан бала жігітті, махаббат түгілі басымен қайғы болатындай қьга қорқыту... Бұны ойлағанда әлгінде ғана аңтарылып қалған көңілін зіркілдеген ашу биледі. Көзін жерден көтеруге жігері зорға жетіп тұрған әлгі неменің дәмесін қара! Бәсе, мұнараның ұшар басынан түспей, қиқайып отырып алуында бір мән бар еді-ау. Жоқ, не де болса, оның тезірек көзін құрту керек екен. Байтақ шаһардың мыңдаған жымысқы ауызы пыш-пыштап жөнелмей тұрғанда аспандағы айға қол созған есірік немені көкесіне көрістірген жөн. Әйтпесе, алтын басты хан иенің ақ адал төсегінен қара табан құл кедей, қу шұнақ қара сүйек дәмеленді деген не сұмдық? Бұны біреулер біліп қалса, мынау жарық жалғанның алдында Ұлы Әміршінің абыройын асырам деп жүріп, бетіне мәңгі өшпейтін салықты өз қолымен салғаны ғой. Жоқ, бұл ханым басымен ондай есірік дәмеге жол беріп қоя алмайды. Қазір күтушісін шақырады, ол барып уәзірге айтады; уәзір оны бүгін осы таңнан қалдырмай тас зынданның түбінен бір-ақ шығарады. Айбалталы жендеттер мына сұрқияны ешкім естімей тұрғанда мойнын қырқады. Мынандай ғажайыпты орнатқан байғұс шебер өз нәпсісіне ие бола алмағанның қырсығынан айбалтаға жем болады. Өз обалы өзіне! Ол үшін бұл құдай алдында да, адам алдында да жазықты емес. Не де болса асығу керек. Әміршінің елге бет түзеді деген хабарын жақында алды. Қаңк,у оған жетпей тұрғанда, қиқар шебердің көзін құртып, мұнараның қалған жерін бас ұстаға бітірту керек. Бірақ ертең Ұлы әмірші мынау терезесінен телміріп тұрған әзәзіл мұнараны бәрібір көрмей ме? Ондағы сайрап тұрған қомағай құлқынға түсінбей ме?
Ханым қапаланғанынан ернін қыршып тістеп алды. Енді не істемек? Әлде қамалдағы құл-құтанның бәрін босатып, мынау сайқал мұнарадан жұрнақ қалдырмай таптатып тастаса ма екен? Бірақ онда әзірге бұның бәрінен бейхабар ел аузының не деп алып қашатынын кім бідіп түр. Ханымның өзі салдырған мұнараны өзі құртқызып жібергенін ел аузы бәрібір оңды нәрсеге жори қоймас. Бұл пәтуасының дұрыс екендігіне Ұлы Әміршіні де иландыра алмас.
Ханым терезенің алдына қайта келді. Мұнара сол бәз баяғы қалпы. Ұшар басындағы кетіктен әлдене қылтыңдайды. Енді не істеу керек? Мынау өз-өзінен сайрап тұрған мұнара мұның қымтап жасырып баққан құпиясын ел алдына бәрібір жарқыратып жайып салмай ма? Оны жасыру ешкімнің қолынан келмейді. Келсе, тек мынандай сиқыр мұнара салған шебердің өзінің ғана қолынан келеді. Ол бірақ ынтыға күткен тілегіне жетпей тұрып, бұның қолқасын бәрібір істемейді. Мұның көз алдында баяғыда мұнара басында көрген именшек өндір қара торы жігіт сайрап келе қалды. Мөлтеңдеген байғұс бала бұған шыннан ғашық боп қалған ғой. Албырт жас, қайда қол созғанын білді дейсің бе? Ханым енді түсінді - шебер мынау сиқыр мұнараға өзінің өліп-өшкен соқыр махаббатынан басқа ештеңе бейнелемепті. Ол өзінен бұның не талап ететінін әлдеқашан есінен шығарған, өз санасындағы қырық құбылып, ақыл мен ойға қыл тұзақты салып ап, білгенін істеген аңғал сезімнің айтқанынан шыға алмаған. Шебер мына мұнараға алыстаса қиып кете алмайтын, жақындағанмен бәрібір қолы жетпейтін үмітсіз махаббатын бейнелеген, өлімге де разы есірік дәмесін, ессіз құштарлығын бейнелеген, ол мынау кетік мұнараның басынан өздігінен түспейді. Барып, бұл дәмесінің ессіздік екендігіне көзін жеткізу керек, «өзіңді ажалға, мені масқараға ұрындырмай тұрып, мұнараны тез бітіре көр», - жалынуы керек. Егер бұны сүйетіні рас болса, айтқанын жерге тастай алмайды. Бейшара албырт жасты әзәзіл жолдан айбалтаның жүзімен кетіргенмен, бәрібір оның әлгіндей ессіз құштарлығы зәулім мұнараның басында мәңгі сайрап қалады; оны айламен ғана қайтару керек райдан; мынау терезесінен күні-түні жазғыра қараған жалбарынышты, үнсіз құштарлық пен тылсым іңкәрді бақыт аңсаған албырт көңілдің дегеніне жетіп, шын ғашықтың бірден тойынып, бірден қарық бола қалатын періште көңілі қуанышқа кенелген күні ғана жойдыруға болады; жанын жегідей жеген ғашықтық дертін дәл мынандай қып мөлдіретіп жеткізген шебер басына бір сәт қонған бақытты да айнытпай бейнелей алады; ендеше, оған сол басына қонған бақытты бейнелету керек; оны ұстаның әлгіндей асау дәмесінен атымен бейқам Әмірші де, былайғы жұрт та ертең күйеуімен аман-есен қауышқан ханымның риясыз қуанышының табы екен деп түсінеді. Ендеше, асау дәме, албырт көңіл байғұс шебер жетсін дегеніне...
Ханым манадан бері қырық саққа жүгіріп тұрған көңіл тізгінін тез жиып, әлденеге белін бекем бұған рай танытты.
Ертеңіне таңертең күтуші кемпірді шақырып алды. Қызметші әйелдердің ешбірін есіктен қаратпады. Ханымды киіндіретін, шашын тарайтын көп нөкер ішке кіре алмай, есік алдында топылып тұрды да қойды. Түске жақын іштен күтуші кемпір шықты. Ауызғы бөлмеде топырласа қалған нөкер қыздардың әрқайсысының жүзіне ішіп-жеп қоятындай ажырайып қарап тұрды да, біреуін алып қалды да, қалғандарын бөлмелеріне қайтарды. Ештеңеге түсіне алмаған нөкер қыздар иықтарын қиқаңдатып, бөлме-бөлмелеріне тарап кетті. Түс қайта хан сарайдан соңына нөкер ерген ханымның күймесі шыға келді де, салынып жатқан мұнараға беттеді.
Мұнараның қақ түбінде қатар-қатар тізіле қалған көп күйме қаңтарылып ұзақ тұрды. Біраздан соң ғана шаңдатып сарайға қайта беттеді.
Ертеңіне нөкер қыздарымен бақ ішіне сейілге шыққан ханым мұнара басындағы елден-ерек кемірейіп тұратын кетіктің көзді ашып-жұмғанша тез бітеліп бара жатқанын байқады.
Үш күннен соң мұнара біржолата бітті. Терезе алдына келген ханым күлің-күлің етіп құлпырып тұрған жаңа мұнараны көрді.
Әмірші ие жеңіспен оралғанына той жасағанда көк мұнараны салған бала жігітке шара табақ алтын динар сыйлады.
Шебер жігіт сыйлықты алып жатып, көзінің астымен Кіші ханым отырған жаққа бір қарап қойды; ол көзін тез аударып әкетіп, шебердің мына қылығын ешкім байқап қалмады ма екен дегендей, бәйбіше нөкері отырған жаққа көз жүгіртіп еді, ешкім ондай рай танытпады. Ханымның көп күннен бергі әлденеге өз-өзінен қуыстанып, лүпілдей соққан жүрегі орнына түскендей болды.
Той өткен соң, Әмірші өз сарайына кеп түскенде бұның қуанышы қойнына сыймады. Аспандағы күнді аңдиды. Жаздың күні бұған ерегіскендей батып болмады. Күн кезі қашан ұясына барып қонғанда, шыжғырған ыстықтан «уһ» деп демін алған бүкіл дүниемен қоса бұ да төбесінен жүк түскендей бір рақаттанып еді. Бұны пәлен жыл бойы өртеп баққан сағыныш шілдесінің басыларына да онша кеп уақыт қалған жоқ-ты. Күні бойы күнді аңдыған көзі енді есік жаққа елеңдей бастады. Бірақ қанша қадалғанмен алтын шайған жалпақ есік қылп етпейді.
Солай есік жаққа елеңдеумен түн де етті.
Ертеңіне таңертең бұны киіндіре келген қызметші әйелдер әлденеге қымсынып кірді; бірақ көздерінде «ештеңе етпес, жорықтан соңғы ырду-дырдудан шаршаған Әмірші сарайға келмей жатып, бұның табалдырығынан аттағанды ыңғайсыз көрген шығар»,- дегендей жұбату нышаны бар.
Ханым күні бойы екі қолы алдына сыймай тыпыршумен болды. Бірауық сыртқа шығып бой жазайын десе, Әміршінің бұлақ басында оңаша сейілдейтінін біліп, бақ ішінде кездесіп қаламыз ба деп қысылады.
Алғашқы күндері Әмірші, шыннан да, шаршап оралған шығар, біраз тынығып, есін жисыншы деп, іштей мүсіркеп жүрді.
Бірақ күндер өте берді. Есік жақтан шыққан әр дыбысқа құлағын тігеді. Әмірші аяқ ізін салмады. Енді ханым түн баласы төсегіне тікен шашып қойғандай төңбекшіп шығатын болды.
Күтуші кемпір мен қызметші әйелдердің қас-қабағын аңдиды. Олардың да жүздері сынық. Хабар айтудың орнына бұның өзінен жауап күткендей, жаутаң-жаутаң қарай береді. Бұл да сыр алдырғысы келмей, тырысып бағады. Бірақ бұның көңіліндегіні айтқызбай ұғып қалған қырағы қызметшілер қазіргі күйзелісін көрмей жүр дейсің бе?! Олар да бұрынғыдай самбырлап сөйлеп, жамырай күлмей, аяқтарының ұшынан басады.
Сыртқа шығудан қалған ханым оңаша отырып, ойға шома-шома басы зеңгіп кеткен тұстарда терезенің алдына келеді. Қаннен-қаперсіз көк мұнара мұны көзі шалып қалғандай күлің-күлің етеді. Ханым Әміршінің жылы қабақ танытпай, бүк түсіп жатып алғанына шағынғандай терезе алдында ұзақ тұрады.
Бірақ бұл қанша телміріп қарағанмен, жалтыраған асқақ мұнара сол баяғы аспандағы күн көзімен қас қағысып ойнаған күйі мәз-мейрам. Бұрынғыдай бұның терезесіне телміре қарамайды. Дегеніне жеткен кісідей тоқмейіл, шат-шадыман. Сан жылдар бойы әр кірпішін санағандай боп салдыртқан мұнарасының бұның жан дүниесіндегі алай-түлейден атымен бейхабар мынау сылқым сипаты оның көңілін мұз боп қарып алғандай болады. Жалт-жұлт мұнара бүгін кеп бұған қыр көрсетіп тұрғандай. Е, бәлем, бұрын өзің де кекірейіп, көз алдыңдағы жалынған, жалбарынған кісіге көз салмаушы едің ғой... Қанша жыл телміртіп едің. «Телмірген қалай бола-ды екен, бәлем», - деп үнсіз табалағандай. Ханымның ойына мұнараны салған шебер түсті. Әнеу күні сыйлық алып жатқанда өңіне тағы да бір қарап, көңіліне түйіп алғанды. Жазық маңдай, қыр мұрын, қара торы жігіт. Алақандай қос жанарына қандай сыр да сыйғандай. Ол қазір қайтып жүр екен? Шара табақ алтынға масаттанатындай дүниеқоңыз жанның сыңайы емес-ті. Оған да өзі салған мынау мұнара көзіне шоқтай басылатын бо-лар. Әсіресе анадағы бір күн есіне түскенде іші әлем-жәлем болып кететін шығар.
Ханым есіне сол түскенде, көңіліне шөгіп жатқан зіл батпан жазғытұрымның селі жүріп, шайылып кеткендей, езуіне күлкі үйіріліп, үнсіз жымиып қояды. Беті ашылмаған бала жігіттің аңғал қылығына күлкісі келеді. Сол есіне түскенде оны бір түрлі аяп, тіпті жақсы көріп кетеді. Бауырына басып, құшақтап: «Ешқайда жібермеймін, кетпеші, кете көрмеші»,-деп жалынады дейді. Дәмесін қара сабаздың! Өмір бойы ханым құшып өтпек қой...
Қызметші қыз осыны айтқанда бұл сылқылдап күліп жіберсе де, артынша-ақ тыйыла қалған-ды. Онысы қызметшісінің алдында ыңғайсыз күлгеніне қысылғаны еместі. Қарсы алдында монтиып отырған қызметші қыз-дың үлбірек еріндерінің арасынан әлгі бір сез шыққанда, бұл күлуін күлгенмен, жүрегін әлдебір өткір қанжар тіліп түскендей болған. Ойда жоқта өзі сезген осы бір ауыр жарақатты жасырғысы кеп, үнсіз жымиған күйі қызметші қызды сұрақтың астына алғанды. Мұнараның басында не болып, не қойғанын бажайлай түскен сайын, әлгі бір жарақат жан шыдатпастай сыздата бастады. Қызметші қыз айтып келген бала жігіттің әрбір қылығы ойлаған сайын бұның ет жүрегін от боп қарып, тызылдатып бара жатты.
Ол қарсы алдында отырған монтаны қыздың балбұл жанған екі бетіне, шоқтай жайнаған қос жанарына, әлденеден қысылып-қымтырылған етті еріндеріне, тал шыбықтай бұратылған сұлу сымбатына қызығып тұрғандай, кезін алмай қадала қарады. Оның бетінде некер қыздардың жай күндергі қақақу-күлкі шаттығына атымен ұқсамайтын өзгеше бір қуаныш табы түр. Ханым басымен бұл әлі күнге бастан кешіп көрмеген ерекше қуаныш. Өзіңе өліп-өшіп ғашық болған жанның ағынан жарылып ағыл-тегіл пейіліне армансыз кенелген қай әйелдің басында да өмірінде болса бір-ақ рет болатын, болмаса атымен болмай өтетін аса сирек қуаныш. Ондай бақыт маңдайына жазылғандар да бар, жазылмағандарда бар. Бұл өзі соның қайсысына жатады? Бұндай бақыт енді оған екі айналып келе ме, жоқ па... Жалпы ондай бақыттың екі айналып келуі мүмкін бе өзі... Міне, бұл өзіне еншіленген әлгіндей бақытты өз қолынан басқа әйелге беріп жіберді. Анада шебер жігіттің дәмесін анық аңғарған күні күтуші кемпір екеуі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, оны ренжітпеудің амалын тапқанды. Мұнара басына ханымның киіміндей киім киіндіріп, оған ұқсайтын нөкер қыздардың бірін жібермекші болған-ды. Сонда күтуші кемпірдің нөкер қыздардың ішінен таңдап әкелгені осы қызды; енді, міне, ол өзгеге тиесілі махаббатты емес, өзіне еншіленген бақытты қызықтап келген адамша, ыстығы өне бойынан әлі аласталып бітпеген, жаңағы бір жас құшақтың буына балқып, бал-бұл жай-нап алдында отыр.
Ханым ішін тырнап бара жатқан өкінішті әйел адамның қай-қайсысында да болады деп еститін орынсыз әлсіздікке жорып, сабырға тұншықтырып бақты. Күтуші кемпір мен екеуінен басқа ешкім білмейтін осы бір құпияны ойға алмауға, тез ұмытуға тырысты. Ертеңіне мұнара басындағы кетіктің бітелгенін көргенде өз жүрегіндегі құлазып тұрған әлдебір олқы жойылғандай сезінгенді, кешегі өкініштің орнын шым-шымдап қуаныш толтыра бастағанын байқағанды. Хан келіп, мұнараны көріп, мақтапты дегенді естігенде сол бір өкінішті өкініш аты-мен естен шыққан-ды. Енді, міне, аяқ астынан қайтадан сап ете қалды. Бәрі де мынау Әміршінің аяқ ізін салмағанынан туған қаяу көңілден болар. Қаяу көңіл де бір, күл тіміскілеген бұралқы күшік те бір, қайдағы жоқты тауып алады. Әйтпесе, бұл алтын басты Әмірші құшағында жатып, әлдеқайдан ләззат іздейтін төмен кәнизак емес, асыл сүйек ханша емес пе!
Кінәмшіл көңіл осы бір ойдың тұсында тағы да тұсалып қалды. «Алтын басты Әміршінің құшағында жатып...» осы бір сөз ойына қайта оралғанда, езуіне кекесін жүгірді. Құшаққа жатып қарық боп жүр еді. Түн баласы табалдырығынан аттамаса да, құшағында жатқан болып телінеді. Өзін-өзі алдарқатқан бір дүние. Әйтпесе, міне, төсегі жамбасын шағып, дөңбекшумен өткеніне әлденеше түн болды. Бүйткен өмірде не қызық бар? Сан жылдар бойы сарылып күткендегі көрем дегені осы ма еді? Өліп-өшіп сүйгендегі тапқан шапағаты ма бұл? Бәйбіше құсап қазына жимай, қолындағысының бәрін шашып, көк мұнара салдырғандағы көңілін тапқаны осы ма? Бәрі де әншейін алданыш қана... Мынау қу бас жалғыздықтың алдындағы қорқыныш тудырған бос сандырақ. Кез келген кеудесінде жаны бар мақұлқаттың бәріне тиесілі жұптық өмір бұған бұйырмағаны. Бұл тек өзін-өзі алдарқатумен жүр. Ақ некелі қосағының мүсіркегенін қимастыққа, махаббатқа жориды. Жарық жалғанның барша асылын жамбасына басқан Ұлы Әмірші сыйлаған бір қобдиша асыл таста не түр дейсің! Ондайды Ұлы Әмірші сақилығы ұстағанда қайыршыға да ұстатып кетуі мүмкін ғой. Егер ол мұны өліп-өшіп жақсы керетін болса, бір сарайдың астында әлденеше түн өткізе тұрып, дәл осылай, бүк түсіп жатып алуға дәті қайтып шыдайды?!
Ханым күні кешегі Әмірші жорықтан оралғанда бастан кешем ғой деген бақыты жайлы арман-қиялы ойына түскенде өзінен өзі қызарып, соншама ессіз болғанына өзінен өзі ұялады. Соның бәрі көзінен бұл-бұл ұшқанына қатты қамығады. Қайта сол сартап сағыныш құшағындағы күндерін аңсайды. Ондайда әйтеуір дәме, үміт бар еді ғой. Өз қиялына өзі мәз боп жүруші еді ғой.
Қиял демекші, өзінің осы Әміршіні өліп-өшіп сүйемін деп жүрген сенімі де құр әншейін мәңгінің қиялы емес пе екен. Өзгенің тарапынан махаббат қызығын кермеген әйелдің осынша ессіз құштарлыққа берілуі мүмкін бе өзі? Әй, қайдам... Бұл осы кезге дейін Ұлы Әмірші тарапынан ондай ерекше ниет байқап көрген жоқ-ты. Ендеше, бұл екеуінің арасында ондай махаббат қалай желі салып жүр? Ол да тек бұның махаббат аңсаған көңілі өзі ойдан шығарып, сонысына өзі сеніп жүрген жай әншейін сер-гелдең сезім шығар. Бұл да жас ұстаның албырт дәмесіндей алдамшы бірдеңе ғой.
Ханым бұл ойынан өзі шошып қалды. Құдіреттің өзіне тіл тигізгендей күпірлік сезініп, ішінен үш рет кәлимасын қайырды. Бірақ ойда жоқтан оп-оңай сап ете қалған әлгі бір ой көңілінен оп-оңай шығып кете қоймады.
Ол күні бұрынғысынан бетер бұқтығырылып зорға жүрді. Сүйек-сүйегінің бәрі сылынып бара жатқандай. Кешке сүлдері құрып әзер жетті. Әлденеше күннен бергі көз ілінбей ұйқысыз өткен түннен бе, жоқ күндізгі ащы ойлар көңілін торықтырды ма, басы жастыққа тиген бойда өне бойы мең-зең тартып жүре берді. Қалжыраған денесі ойда жоқта балбырап барады. Мынау құлазыған кең бөлменің төбесінен көзге көрінбей, тәнге тимей, ту сонау сүйекке барып бірден даритын рақат нөсері селдетіп қоя бергендей, сол нөсер қапырық көңілінен пәлен күннен бергі шиыршық атып, ширықтырып жүрген мазасыз ойларды, үрейлі үрейді, тымырсық қапаны, ет жүрегін езгілеген өкініш, ашу, ызаны - бәрін-бәрін сүре қуып, «дем ал, тынық, ештеңені ойлама, ештеңені уайымдама» деп, шамырыққан жүйке-жүйкесінің бәрін шипалы қолымен сылап-сипап жатқандай, күні бойы екі шекелігін күйретіп жібергендей боп сырқырата сығып тұрған зіл батпан да жеңілейе түсті. Көз алдын көлегейлеп алған бір жұмбақ перде бірте-бірте жан-жағын түгел қоршап келеді. Енді көз алдында сол мөлдіреген селдір пердеден басқа ештеңе қалмады, ханым өзінің ояу жатқанын да, ұйықтап кеткенін де аңғара алмайды; әйтеуір көз алдында тұнық ауада ұйып қалған селдір сәуледей боп, әлдене ағараңдап тұрып алды.
Ханымның талықсыған денесінде әлі өшіп біте қоймаған әлсіз сана қарауыл қарағандай сол бір ұйып қалған ағараң сәуледен көзін алмайды... Ханымның ала-бұртқан жүрегі бірте-бірте тынышталайын деп, манадан бері оған бұқпантайлап жақындап келе жатқан арсыз ұйқы құшағына біржолата алып еді, ханымның қаннен-қаперсіз денесін көлдененнің көзінен қарауылдап отырған әлсіз сана қайтадан мазасыздана бастады...
Ханым ұйықтайтын ұлан-асыр кең жайды барша жарық жалғаннан көлкештеп тұрған алтын шайған ауыр есік сықырсыз ашылып, аяғының ұшынан басып әлдекім ішке өткендей болды. Кірді де, одан арғыға батылы жетпегендей босағада тұрып қалды. Ханым қапелімде мынау бейтаныс мейманнан шошып кетіп, орнынан атып тұрғысы келіп еді, бүкіл ту сырты төсекке желімделіп қалғандай, қозғалтар емес. Екі қолын да әлдекім төсекке таңып байлап тастағандай. Есіктің қыр көзінде қыбырсыз тұрған адамның кім екенін білгісі-ақ келеді, бірақ қанша тесіліп қараса да, есік алдында ағараңдап тұрған адамның бет әлпетін ажыратуға жанарының қуаты жетпей, кез алдынан әлдебір мелдіреген тұнық тұман көлкештей береді. Әлгі ағараңдаған неме де су астында қалқып жүрген нәрседей боп, бұлдырап көрінеді. Ол қозғалғандай болды. Бірте-бірте жақындап келеді. Бірақ бұл бет әлпетін бәрібір айыра алар емес. Бөлме ішін ақ селдір ағын жайлап алғандай. Әлгі ағараңдаған неме сол лайсаң селде қалқып келе жатқандай... Міне, тіптен жақын қалды... Апырай, кім болды екен. Ханым оны танитын сияқты. Әуелі шоқтай жайнаған дөңгелек қой көзін шырамытты... Жанарындағы жастыққа тән батылдық шоғын әлдеқандай бір жұмбақ мұң тұмшалап тұр. Бұған бірдеңеге налығандай боп мөлдіреп қарайды. Кісі қия алмастай аяулы жанар. Өзіне әбден таныс біреудің қарағаны...Күнде-күнде қасында жүрген, күнде-күнде көріп жүрген біреуі тәрізді. Бірақ жыға тани алмады. Әлгі бір жәудірей қараған монтаны жанар бұның іші-бауырын елжіретіп барады. Мөлдірей қараған қос жанарындағы тұңғиық мұң бұның ез жүрегіндегі дәл осындай тылсым бір сезіммен үнсіз тіл табысқандай. Бірақ бұл тырп ете алар емес... Апырау, мынау сиқыр көзқарасты кімнен, қайдан көріп еді... Жоқ, бұған тап мынадай жан баласы жолап көрген емес. Бірақ мынау көкірегіне күн нұрындай дарып бара жатқан сиқыр сәулені күнде керіп жүрген сияқты. Кім бұған осылай қиыла қараушы еді... Күнде біреу дәл қасынан тап осылай телміре қарап тұрушы еді ғой. Кім еді ол... Апырау, неғып ұмытқан... Оны көрген сайын да ойы осылай ойран болушы еді ғой...
Ханымның тұла бойын маужыратып бара жатқан әлгі бір дел-сал бейжайлықтың орнын қайтадан мазасыздық жайлай бастады. Иә, алдында жәудірей қарап тұрған адамды енді таныды... Рас, мынандай мұңлы жанарды тек содан ғана көрген. Ол салған мұнара да өзінің тап мына кез қарасындай мөлдіреп, жәудіреп тұратын. Енді тек жанарын ғана емес, ат жақты сопақша жүзін де, сұлу қыр мұрнын да, етті, томпақ ернін де таныды. Иә, мынау мұнара салған жас шебер. Ол сырттан шыбын екеш шыбын ұшып кіре алмайтын хан сарайдың ішіне қалай өтіп жүр... Қаптап жүрген сақшылар мен қызметшілер қалай байқамаған... Ол анадағыдан соң бұдан торығар деп ойлап еді. Торықпағаны ғой. Қызметші қызды бекер жіберген екен. Одан қайта үмітін үздіріп, басымен садаға қып қоятындай амал ойлап таппаған екен. Енді, міне, сарайға еніпті. Қазір күтуші кемпір кіріп келсе қайт-пекші... Мынасымен өзінің басын жұтып қана тынбай, мұның да абыройын айрандай төгеді ғой.
Ханым оспадарсыз жігітке әлдене деп зекіргісі, осы қазір қуып шыққысы келеді, бірақ әлдекім кемейін тығындап қойғандай үні шықпайды... Бірақ шебер бұның жүзінен ашу аңғарғандай, мұның төсегіне өңмеңдеп келіп қалған жерінен шегіншектеп, есікке қарай беттеді. Мөлдіреген жанары қорқып кеткен сәбидей шарасынан шығып барады. Бұл оны аяп кетті. Есікке барып қалған жерінен: «Кетпе, кел», - деп ымдады.
Бейсаубат қонақ бұның қай әміріне құлақ асарын білмей есік алдында абдырап тұрып қалды. Бұл оған қолын созып қайта шақырды. Ол сенер-сенбесін біле алмай, жасқаншақтай басып, қайта жақындап келеді. Бұл енді ол қашан қасына жақындап келгенше шыдамы жетпей тыпырши тосты. Жас жігіт жасқана басып, төсегінің қасына келді. Бұл оның таңырқай қараған жанарынан көзін айырмай күтіп жатыр. Жігіт жақындап келеді. Міне, төсегіне де жетті. Көрпесіне қолы тигендей болды. Бір-бірінен қысылғандай, екеуі де аңтарылып қалды. Кенет бұның көңіліне қорқыныш кірді. Дәл қазір, дәл осы бір сәтті өткізіп алса, мынау көз алдында мөлдіреп тұрған нәресте жанардан, батылсыз балғын бала жігіттен біржола айырылып қалатындай көрінді. Ол оған қымсына қол созды.
Бауыры от құшақтағандай өртеніп барады. Ол төсегіне батылсыз енген жас жігіттің мойнына оратыла кетті. Бұның баяғыдан бергі сарылып күткен ыстық іңкәрі басқа ешкім де, ештеңе де емес, тек осы ғана. Бауырына кіріп еріп бара жатқан осы бір өндір бала жігіт қана... Енді бұларды ешкім де ажырата алмайды. Енді оны құшағынан өмір бақи шығармайды. Ол қасындағы бөгде денені темір құрсауындай сыға түсті, өзі де сығымдалып оның бауырына кіріп барады. Екеуінің бойындағы қан араласып, бірге ағып жатқандай; екі дене бір денеге, жаңа ғана бір-біріне үнсіз телмірген екі адам бір адамға айналып кеткендей. Екеуі де бұрынғы екі дара күнді атымен талақ етіп, енді ол күйге өмір бақи қайта оралғылары келмейтіндей.
Ханым өне бойын билеп алып бара жатқан, бұрын-соңды бастан кешіріп кермеген бір алапат құштарлықтың ырқына біржола берілді. Оның болат серіппедей шиыршық атқан қос білегі, бауырындағы бала жігіттің балғын денесін біржолата үн қылып үгіп жіберердей, сығымдай берді, сығымдай берді... Осы бір сәт тым ұзаққа, тіпті енді қалған ғұмырына түгел созылса екен... Кенет сүйек-сүйегінің бәрі түгел еріп бара жатты да, болат серіппедей ширыққан темір тегеуріннен айрылды да қалды...
Ханым талма соққандай әлденеге сүлдері құрып, ұзақ жатты. Жаңа ғана оттай жанып жатқан омырау тұсы бір түрлі мұздап барады. Көзін ашып алды. Бөлмесінің іші ұян жұмсақ жарыққа толы. Көзін сипап қайта қарап еді-маңайында ешкім жоқ... Түу алыста көз ұшында алтын шайған ауыр есік солғын жылтырайды.
Ханым әлденеге алабұртып, терезе жақты, қақ ортадағы хауыздың маңын, бұрыш-бұрышты қайта бір шолып шықты. Ешкім керінбеді.
Ханым көкірегінің үстіндегі әбден мыж-мыжы шығып шиыршықталып қалған құс мамық көрпені енді аңғарды. Өз көзіне өзі сенбей жатты-жатты да құдды бір омырауында жорғалап келе жатқан жыланды көзі шалып қалғандай, оқыс ширығып, мыж-мыж көрпені аяғымен серпіп жіберді.
Өне бойын қайтадан темір құрсаудай сыға түскен ащы ыза ақырында көзінен жас боп ытқыды. Екі көзден ыршып-ыршып шыққан ыстық тамшылар омырауын малмандай су ғып тастады. Бірақ көзін сүртпеді. Сол бір шоқ тамшылар неғұрлым көбірек шыққан сайын көкірегін ертеп бара жатқан тымырсық зіл де жеңілейе түскендей.
Ханым екі иығы селкілдеп, ұзақ жылады. Біраздан соң басы қаңғырып ауыра бастады. Енді көзін ілмеді. Көкірек тұсы тызылдап барады... Омырауына жиылып қалған ащы жас көкірегін у боп күйдіріп ойып түсірердей...
Таң атқанша көз ілмеді. Пәлен күннен бергі, тіпті пәлен жылдан бергі ойын ойран қылып жүрген жұмбақ құсаның сырына сол күні түсінді. Бақытсыздығын батылы жетіп сол күні ғана мойындады. Өзінің бағы ашылма-ғанына, күллі өмірі осынау қуыс кеуде құса тіршілікпен өтетініне, сол күні әлгі бір ойда жоқ түстен соң ғана әбден көзі жетті.
Ертеңіне таң атар-атпастан ауыр есікті айқара ашып, қызметші кемпір көрінді, оның ізін ала бере баяғыша мәз-мейрам көп қызметшілер кірді. Олар жүгіріп келіп, бұны қоршай алды. Бұл олардың мынандай қағанағы қарқ, сағанағы сарқ мәз-мейрам қалыптарына қайран қалды, ал олар әз ханымдарының керден шығып тұрғандай ебіл-себіл дидарына ездері бұрын-соңды көріп көрмеген сұп-сұр, сұлық кейпіне, қос жанарын жайлап алған тұңғиық бақытсыздыққа, төңірегінен мүсіркеуден басқа ештеңе күтпеген мүсәпір халіне айран-асыр. Күтуші кемпір қызметші қыздарды ымдап бөлмеден щытарып жіберді де, алдында құр сүлдері ғана тұрған бейшара әйелді бауырына басып, шашынан сипап:
- Апырай-ай, Ұлы Әміршім бірдеңе деді ме, өңіңіз қашып кетіпті ғой. Бәсе, ол түнде сіздің бөлмеңізден бір түрлі қату шығып еді... Сонша не боп қалды екен? - деп күбірледі.
Ханым оның жүзіне мынау не айтып түр дегендей есеңгірей қарады...
- Әмірші ием дейсіз бе... Ол мұнда кіріп пе еді...
-Иә... Түнде келіп еді ғой... Бірақ көп кідірмей шығып кетті.
Ханым бұны естігенде төсегіне құлап түсті. Шошып кеткен күтуші кемпір ханымның қан-сөлсіз жүзіне үңіліп, талып жатқанын аңғарды...
Содан ханым түсте барып есін жиды. Қасында отырған қызметші кемпірден енді қайтып ештеңе сұраған жоқ. Ол да бұған тіл қатуға батылы бармай жүзіне жаутаң-жаутаң қарай берді...
Иә, ол өмірінде өз күйеуінің алдында, Әміршінің алдында жаңғыз-ақ рет күнә істепті. Онда да еңінде емес, тусінде күйеуінің көзіне шөп салыпты. Бірақ сол жалғыз қылмысының өзін Әмірші иенің қырағы көзі қалт жібермей, үстінен шығыпты. Бұның бөлмесінде көп аялдамағаны - әйелінің түсінде шайтансырап жатқанын өз көзімен кергені ғой; ашулы шыққаны-бұның түсінде өзге еркектің құшағына кіріп, құштарлыққа берілгенін түсінгені ғой...
Енді ханымның көкірегіндегі шілденің тамырсыз талма түсіндей шөгіп жатып алған қапырық қасірет бұрынғыдан бетер батпандай түсті. Содан қайтып ешкімге тіс жарып, ештеңе айтқан емес. Кекірегіндегі жан баласына сездіргісі келмеген жарақатымды бөгде құлаққа хабарландырып алам ба дегендей, тіпті уһлемейді де.
Сүйегін сүйреткен ебіл-себіл бір хал. Енді ханымға бұл дүниеде, бұл тіршілікте ешқандай қызық қалмағандай. Дарға асса да, басын шапса да бәрібір, өз күнәсін, өз қылмысын мойындап болған. Иә, Ұлы Әміршінің алдында тек өзі ғана күнәлі. Жас шебердің тырнақтай да жазығы жоқ. Өліп-өшіп ғашық болғанмен, мұның маңына бір қадам жақындап көрген емес. Түсінде де бұл өзге құшақтың ырқына өз еркімен берілді. Бар күнә, бар айып өзінде... Алда-жалда әлгі бір оқиға түсінде емес, өңінде болса, ол осылай істер ме еді, жоқ па еді, ол арасын өзі де біле алмайды... Бірақ баяғыдан бергі есінен адастырардай боп, есілдертін аударып келген ыстықіңкәрінің не екенін енді жақсы біледі. Хан иеге өліп-өшіп ғашықпын деп жүрген ыстық махаббатының да жай әншейін еркектің темір тегеуірінін аңсаған ұрғашылық екенін ұқты. Жас шебер ебін тауып, хан сарайдың ішіне еніп, бұның бөлмесіне кірер болса, кім біліпті, бұл түнде түсінде істегенін өңінде де істейтін шығар. Өңінде де балауса бала жігіттің ағыл-тегіл албырт сезіміне тайталасар, қарсы тұрар дәрмен таба алмай, нәпсінің еркіне берілер, қаншама хан торқаны киіндіріп қойса да, ұрғашы ұрғашылығын істемей қоя ма? Көңілін түсінде жеңген әзәзіл өңінде жеңбей ме... Ендеше, жар алдындағы, ақ неке алдындағы, алтынбасты тәж иесінің абыройы алдындағы төмен етек қылмысы үшін шегетін жазаның қайсысына да пейіл.
Егер дәл қазір ол өзі кіріп, бұның шашын бір талдап жұлса, қойдай қып сабаса, жонынан таспа тілсе, көкірегін жайлап алған әзәзілдің қызыл құртының көзіне су құятындай қып, аяғына салып таптап, күл-паршасын шығарып, сүйек-сүйегін үн қып үгіп, әбден мылжа-мылжа қып, қайдағы бір қорқаулардың ортасына лақтырып тастаса, оған да ырза; мынау өз-өзінен дал болған пұшайман тіршіліктен соның өзі-ак, артық; бірақ құдай, ең болмаса, бұған күйеуінен таяқ жейтін бақытты да қимапты ғой. Дүниеде бұндай тірі аруақ, тұл бейбақ бар дейсің бе? Соны ойлағанда өз бетін өзі тырнағысы, өз шашын өзі жұлғысы, мынау түк білмегендей тымсырайып тұрған тас қабырғаға өз басын езі ұрып, мылжа-мылжасын шығарғысы келеді.
Ел көзінен қалтарыста, оп-оңаша өтіп жатқан ың-шыңсыз күндер мен тым-тырыс түндерде мынау құр сүлдерін сүйретіп жүрген қаңқаның әлдебір жеріне қонақтап ап, өздігінен шықпай жүрген шыбын жанның көзіне қалай су құюға болатыны жайында сан-сапат айла, амал ойлап табады, соның қай-қайсысын да жүзеге асыруға батылы да жететін сияқты; бірақ жеме-жемге келгенде бірін де істемейді.
Онысы бірақ қанша дегенмен аз күндік жарықты қимаған қорқақтық емес-ті. Ол өзінің күнәкар денесін қандай жек көріп алса, мынау тіршіліктен де соншалықты жеріп біткен-ді. Ол анадағы түсінің емірге деген, бақытқа деген соңғы құштарлығы, соңғы ықыласы екеніне әбден мойын ұсынып алған-ды. Ондай түс көргеніне енді бұрынғыдай емес, өкінбейтін де, ұялмайтын да болған, бірақ енді оған сол күнді, сол бір сәтті қайта оралт деп тілеу қандай мәнсіз, қандай күпірлік болса, ондай тілек, ондай ықылассыз өмір сүру де соншалықты мәнсіз, соншалықты күпірлік сияқты көрінеді. Сондықтан оған енді қалған тірліктің құны бес тиын. Егер Ұлы Әмірші қазір өз кесімін айтып, бұны жазалар болса, соның ешқайсысына да қыңқ демей, пейіл болар еді. Ал өз басының мынау мәнсіз тіршілікке қол көтеруге ешқандай қақысы жоқ. Ханымның ондай қылығын елдің қандай саққа жүгіртіп, падишаның абыройына қандай нұқсан келтіретінін тайға таңба басқандай анық білмесе де, іші сезеді. Ақ некелі жарына ондай қиянат жасағысы келмейді.
Ал Әмірші болса сол баяры тырп етпей жатып алған күйі. Бұл ертеден қара кешке дейін тырп етпей жалпақ есікке жалтақтаумен болады. Қанша қарағанмен есік қылп етпейді. Сонда мынау абажадай кең бөлме оған тар лахаттан өткен тозақ боп көрінеді. Жүгіріп барып мұны өзге жарық дүниенің бәрінен оқшаулап, мынау бөлмені қапас зьшданға айналдырып тұрған ауыр есікті балталап шауып тастағысы келеді. Сонда жаңқаланып сынып жатқан есікпен қоса бұның көкірегін қысып, жүрегін езіп, талмаусырап бара жатқан, өне бойын зірк-зірк қалшылдатып, безгекше безілдетіп жүрген ашу-ызаны да лақ еткізіп бір-ақ ақтарып тастар еді.
Бір күні күтуші кемпірді шақырды. Нөкер қыздарын ертіп, сыртқа шықты. Жол-жөнекей көзіне түсіп қалған қызметшілер де, сарай маңындағы сақшылар да бұған бұрынғысынша иіліп-бүгіліп тағзым етіп жатыр. Бірақ өңдері бұрынғыдай айбынып тұрмағандай, бұған мүсір-кей қарайтындай; бұ да оларға көз салып жарымайды. Алайда тұстарынан өткенде ту сыртынан әлдекім тілін шығарып мазақтап тұрғандай, көк желкесі дуылдап қоя берді. Тіпті қасындағы некер қыздары да мұны сынап-мінеп келе жатқандай. Бұл баяғыда Әмірші жоқта өздері емін-еркін асыр салған тоған маңына, көгал алаңға жоламай, бұрын көп бара бермейтін қалтарыс бұрыштарға бет түзеді. Бірақ онда да көп аялдай алмады. Мынау келденеңнің көзі көп бақ ішінде ауа екеш ауа да оған инедей қадалып тұрғандай. Қайтадан сарайға асығады.
Енді оған мынау жарық дүниеден бұйырғаны - осы бір жұтып қоярдай боп құлазып тұрған кең бөлме мен бақтың бір үзігін қамтыған келдей терезе ғана. Ойлай-ойлай ой да сарқылған.
Сағыздай созылған ұзақ күн өтіп болмайды. Төңбекшіген мазасыз түндер жан-жаққа елеңдеумен өтетін күннен де жаман. Өзіңді өзіңе мүңкір-нәңкір қылып, өзіңді өзіңе тергеткен жендет түндерде күндіз бажайлай ойлауға батылы бара бермейтін кейбір жайларды әбден түбіне жетіп адалап шығады. Қазір тек өзін ғана емес, өзге түгілі өзі де сезбеген бір үрлығын жарқыратып жайып берген әлгі бір бозбала жігітті де, соған тап қылған анау көгілдір мұнараны да, сондай мұнара салдыруға ниетін құлатқан баяғы бір Улы Әміршіден сәлемдеме келетін күнді де, сол ойын жерден жеті қоян тапқандай қуана қостаған кәп шуылдақ нөкер қыздары мен күтуші кемпірді де, соның бәріне түрткі болған бақ құмар Ұлы ханымды да - төңірегіндегінің бәрін түгел жек көріп бітті. Тіпті тап мынадай нағылет дүниеге мұны әкелген әкесі мен шешесіне де өкпесі қара қазандай.
Анау көлдей терезеден албастыдай боп төніп тұрған қап-қара түнге де, күні-түні ауыз жаппай сыпсың-сыпсың сылдырап тұрған кішкене хауызға да, жамбасын абжыландай шағып жатқан төсекке де, анау күні кеудесінен басып, ойда жоқта көңілінің тұңғиық түкпіріндегі тым құпия тілегін жарқыратып жайып салған мынау көрпеге де лағынет... Осынша тамұқтың бәрін керіп, бәрін біліп, төбесінен төңкеріле құламай тұрған көкке де лағынет... Осының бәріне шыдап, кетеріп жатқан көнтері жерге де лағынет, осынша сұмдықты ішіне бүгіп, талай-талай нәресте көңілдің маңдайын тасқа ұрғызған мынау тымырайған тымырсық қаныпезер дүниеге түгел лағынет...
Жер болған көңіл әбден ашынып, жарық жалғанның бәрін қарғағанда, тіпті алдамшы пәниді жаратқан хақ тәңірдің өзін нәлеттегенде, тек бір адамды ғана аузына алмайды. Ол - Ұлы Әмірші.
Ханым кейде өзінің сол мінезіне өзі қайран қалады. Шынында, мұның өмірін тамұқ қылып жүрген, ең алдымен, сол емес пе... Міне, сарайдан шыға алмай сарғайып отырғанына әлденеше күн болды. Ол соны білмей жатыр дейсің бе?.. Ендеше, мұның күнәкар көзін құртып неге тынбайды? Әлде өзі салған азап аз болғандай өкініш пен ызаға, өсек пен табаға, жанын жегі құрттай жеп жатқан қапырық қасіретке талатпақ па? Бұдан ызасын солай алғысы келген шығар.
Бірақ мұның осынша азап шеккенінен оның басына шығатын мүйіз қайсы, мұның жанын тырнайтын пыш-пыш оның жанын тырнамай ма? Ендеше, өзіне жақсы болса азаптай берсін, өмір бақи естімеген не сұмдығын естіп алсын... Өзіне де сол керек. Мұның жас өмірін осылай күлді-көмеш қып, өксітіп қойған өзі ғой... Өз обалы өзіне...
Ханым мынау есірік ойдан шошып кетті. Не деп тантып барады? Тағы да баяғы төмен етек ұрғашылығына басты ма, алдияр тақсырға тіл тигізейін деді ме...
Алтын басты ханым екенін ұмытып, жайдақ етек қара күң құсап, бұнысы несі тағы?
Соны ойлағанда аза бойы қаза болды. Өзіне бұрынғыдан бетер жүрегі айнып кетті. Дереу кәлимасын қайырып, хақ тағаладан басқа күнәмді кешпесең де, Ұлы Әміршіге асыл сүйек басыммен тіл тигізген әлгі бір әзәзіл ойымды кеше гөр деп жалынды.
Енді ол құдайдан, әлгіндей боп алжаспай тұрғанда, асыл сүйегімді әзәзіл пиғылдарға аяқ асты қылмай тұрғанда, жасаған иенің жарақты сотының алдына, ез күнәмнің отына өзім ертенетін күнге тез жеткізе гер деп шын пейілмен сарқыла тілек тіледі.
Сол бір адал ақ тілеу көкірегіне шым-шым дарыған сайын, екі көзінен шымырлап шыққан оттай ыстық мөлдір тамшылар қайтадан селдете жөнелді.

Төртінші бөлім

АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ

I

Дариядан өтерде ол күймеден шығып атқа мінді. Күймелер салға тиеліп жатқанда нөкерін ертіп өткелге беттеді. Шілденің іш тартқан кезі еді. Таудан келетін жойқын су жаздағыдай арнаны керіп кетпей, женге түсіпті. Әдеткі қошқыл құла түсі сәл бозғылданып, лайытпай тұнық жөңкіледі.
Өткел тіп-тік жар арна кенет жайпауыт тартып, дарияның бала қыздың бұрымындай тарам-тарам боп, әлденеше жіңішке тармаққа бөлініп кететін таяздау тұсында еді. Бұл өткелден бұрын мағұрып пен машырықтың екі арасында әрлі-берлі тыным таппайтын керуендер болмаса, бүгінгідей жер қайысқан ауыр қол өтіп көрмеген-ді. Содан ба екен, арғы беттегі жанбауыр жағалаудың екі бетінде жүк артқан керуендер, жақын маңдағы қыстақтардың қауын-қарбыз жүзім, жеміс-жидек тиеген арбалары, салт атты есек мінген, қодас жетелеген базаршылар ығы-жығы ұйлығып қалыпты.
Қалың қолға жол ашып тұрған қарулы сақшылардан айбынған жұрт шерудің алдындағы көк найзалы көп нөкердің ортасында тек кекілі ғана мөлдей қара нысаналы ақбоз атқа мініп келе жатқан Ұлы Әміршіге ентелей қарайды.
Әмірші жан-жақтан көзін сатып тұрғандарға назар салған жоқ; қарсы алдында ұлан-асыр көсіліп жатқан құла түзден кез айырмаған қалпы ер үстінде шалқақ отыр. Күміс ердің қасы мен болат үзеңгі күн нұрына шағылысып, Әміршінің онсыз да суық жүзін одан бетер сұстандыра түседі.
Қарлы шыңдардың ұшпа биіктерінен басталған адуын арынынан әлі арыла қоймаған Жойқын дария жыбыр-жыбыр толқынға толы. Жымың-жымың кең арна ат тұяғы тигенде лезде күлкісінен айрылып, әлем-тапырықтанып шыға келді.
Әмірші соның ешқайсысына мән бермеген маңғаз қалпы. Таудың тастай суық суы тірсегін шағып, аяғын үрке басқан сала құлаш ақ боздың басын бостау ұстапты. Жылға-жылға көп тарамның бәрінен сыр білдірмей өтіп келе жатқан жануар өзеннің ұлы табанындағы соңғы арнаға жете бергенде сүрініп кетті. Бейқам отырған Ұлы Әміршінің шалқақ басы оқыс бұлғаң етіп, қамшы ұстаған қолындағы сұқ саусағынан әлдене сусып түсіп кеткендей болды. Жүрегі дір ете қалды. Қолына қарап еді - сұқ саусағындағы баяғыда үлкен қайынатасы ажал аузында жатып, бұны өз орнына әмір қып тағайындаттырғанда салған, қасына зұлыстар елінен ғана келетін аса сирек тарғыл-тарғыл мысық көз тас қондырған күміс жүзік жоқ боп шықты.
Ол сұқ саусағындағы жүзіктің орнындағы бозаң тапқа қадала қарады. Екі қапталынан екі нөкер жігіт емпеңдеп жетіп қалған екен; ол көзінен ызғар шаша, оқыс жалт бұрылды да, бойын тіктеп ала қойды. Тізгінін тарта ұстап, қайтадан маңғаз қалпына көшті. Әміршінің қас-қабағын аңдап үлгерген екі нөкер үн-түнсіз орындарына жылысты.
Әміршінің жүрегінің басын суық қармағандай жайсызданып қалды. Әлгіні неге жорырын білмей дал боп келеді. Ол оны саусағынан еш уақ тастап көрген емес-ті. Қуғын-сүргінде де, талай-талай алыс жорықтарда да қылп етпеген киелі жүзіктің бүгін кеп аяқ астынан өз-өзінен сусып түсіп қалғанын ішінен жақсылыққа жорыған жоқ. Мынандай алыс сапар алдында тап болған бұл тағы қай тұспал?
Ол енді манағысындай емес, әлденеге тіксіне бастады. Қол шаһардан шықпай тұрып, алдын ала жіберген шолғыншыларға ызаланып келеді. Өткел аузына құжынатып қарайған халықты иіріп қойыпты. Осы жолғы аттанысы бұрынғы жорыққа аттанғандағыларына мүлдем ұқсамайды. Бәлкім бәрі аяқ астынан қауырт шешілгендіктен бе екен, әлде Байтақ шаһардың тап іргесіндегі тоғыз жолдың торабы өткел басына жүргінші жолатпау қиын бақайткен күнде де, дәл мынандай ызы-қиқы қара нөпір оған үнамай келеді. Әлденеден секем алғандай. Ол әрдайым жорықңа аттанып бара жатқанда әскер әтетін, әсіресе өзі өтетін көшелер мен жол бойына көлденең көз жуытпайтын-ды. Қанша дегенмен, ит арқасы қиян алыс жорыққа, жарығы таусылмағандар болмаса, көбісі өлім құшатын жат жердегі шайқастарға жұрттың бәр-бәрінің түгел дерлік риза бола қоюы екіталай-ды. Көп ішінен не шықпайды, біреу-міреудің көңіліне қара қашып жүрсе, қапы қалмас үшін әскер өтетін көшелерге жан баласын аттатпайтын. Байтақ шаһарды басына көтеріп, керней шалып, дабыл қағып бара жатқан қарақұрым қолға қала халқы аулаларынан шықпай тесік-тесіктен сығалап қарайтын-ды. Содан екі тунемелік жерге дейін жол бойындағы жүргінші біткенді аулаққа қуып тастап отыратын. Бұл жолы бәрі аласапыран болды да кетті, ондай-ондай ұсақ-түйек, тіпті есіне де кірмепті. Бәрін өзің айтып, жөн сілтеп беріп отырмасаң көретін күнің қашан да осы. Сәл көзің тайса, аузың тынса болды, жұрттың бәрі бос белбеуленіп шыға келеді. Талай жорықтың басы-қасында жүрген шолғыншы мыңдықтың басшысының мына қылығына әбден қанына қарайып отырса да, сырт көзге сыр алдыртпай, тістеніп бақты. Осыдан ол неме тек көзіне түссін, бәлем...
Әмірші көзінің қиығын екі жаққа кезек тастап қояды. Ақбоз судан шықты. Екі қапталда - қаз қатар тізілген найзалы сақшылар. Бәрі сіресіп қалыпты. Көк сүңгілердің ара-арасынан сақшылардың ту сыртынан ентелеп тұрған жай халық шұбарытьш көрінеді. Арбалардағы теңкиген-теңкиген қауын-қарбыздардың, қап толы мейіздер мен зембіл-зембіл жүзім, жеміс-жидектердің әр алуан иісі аңқиды. Сол бір мұрын қыдықтайтын бейбіт иіс мынау судан шығып жатқан қара құрым қалың қолдың айналаға айбат шеккен үрейлі сұсын мәнсіздендіріп тұрғандай. Осы бір шыр айнала мұңкіп қоя берген күлді-көмеш от басы тірліктің күңірсік иісі әлдебір аярлықтан, бей-берекет жерде қайдан кездесері жоқ көлденең қауіптен сес бергендей.
Әмірші шалқақ басын еңкейтпей, қос қапталынан щыққан әрбір сыбыс-сыбдырға жіті құлақ түріп келеді. Көзінің қиығына қарауытып-қарауытып көрінетін самсаған кек сүңгілерден басқа ештеңе шалынбады. Сол көп сүңгілердің арасынан иін тіресе сығалап тұрған қара тобырдың қатары да барған сайын сирей түсті. Енді олар бұның көзіне анық түсе бастады. Жеміс толы арбалар таусылып, қатар-қатар шөгерулі жатқан сала мойын нарлар көбейді. Алыс елдердің әр қилы киінген саудагерлері тұстарынан өтіп бара жатқан Ұлы Әміршіге иіліп-бүгіліп тағзым етуде.
Бір уақыттарда шалғы түскен құрақтай жағалай жапырылып жатқан ала тақиялар, сеңсең бөріктер, тығырық бөріктер, жалбағайлар, ак, сәлделер де таусылды. Оның осынау орылған шалғындай тып-типыл боп жылмиып жатқан жағада оқшау шошайған әлденеге көзі сүрінді.
Жан-жағының бәрі намазға жығылғандай, жаппай етпетінен түсіп жатқанда, әлдекім есек арбаның үстінде басын иместен қалшиып қатып ңалыпты. Әмірші мынау елден ерекше қиқар немеге амалсыз назарын тіктеуге мәжбүр болды. Жермен-жексен аласа арбаның үстінде өңшең құмыралар ортасында қайыс қара біреу отыр. Терісі сүйегіне жабысып қалғандай. Басы кекшиіп кетіпті. Арбиған екі қолын алдьгна қусырыпты. Қақңан қазықтай тік отыр. Шекелігі шығыңқы жазық маңдайдын астында екі жерден әлдене қарауытады. Ол көздін орны... Мынау өне бойын арқанмен шандып тастағандай сіресе қалған қатпа қараның соқыр екенін Әмірші енді байқады. Иә, дәл сол. Торсық шекесінен таныды. Әбден арыған. Өндіршегі сорайып шығып кетіпті.
Анада алдына келгенде өндірдей жігіт еді. Анау қазылып-қазылып кеткен екі білегінде бұлт-бұлт етіп бұлшық ет ойнап тұрған-ды. Жасөспірім жігіттің дөңгелене біткен жазық маңдайына сонда да, ең алдымен, көзі түсіп еді.


II


Ол есіктен именшектей кіріп, тағзым еткен-ді. Әміршінің алдына келген кісінің қай-қайсысы секілді оның да жүзінде абыржу барды. Бірақ бір үлкен шаруаны бітіріп едім ғой деп, аяқты алшаң тастап кестеңдей жәнелмей де, не қай ісіммен жазып қалдым деп екі бүктетіліп елпен де қақпай, зерделі жас адамға тән бір жарасымды әдемі ибамен алдына кеп, жер тізерлеп отыра кетті. Сосын бүгежектей бермей бойын тіктеп алды.
Осы бір мөлдіреген әдемі жігіттің жүріс-тұрысы, кісіні ішпей-жемей тойғызатын сұп-сүйкімді ізеті Әміршінің жүрегін мұз боп қарып алғандай болды. Қарсы алдында отырған балауса жігіттің адам жүрегін оп-оңай баурап алатын бір сиқыры бар екенін ол бірден аңғарды. Бірақ қашан орнынан тұрып кеткенше оның дәл қандай сиқыр екенін біле алған жоқ. Жігіт өзінің неге шақырылғанын айтқызбай-ақ түсінген қалып танытты. Алайда ант-су ішіп ақталмады да, жалынып-жалбарынбады да, не салсаң де көндім дегендей, назарын төмен салып отыра берді.
Бұл оның жүзінен ұзақ уақыт көзін айырмай, үнсіз тергеді. Жігіт бәзбаяғы бір қалпынан міз бақпады. Әмірші біраздан соң босағада тізерлеп отырған бас шеберге ымдады. Жас жігіт қасына бас шебер кеп, иығынан тартқанда барып, басын кетерді. Бұл оның кереқарыс жазық маңдайының астында айналасына жұмсақ шүғыла шашып тұрған алақандай-алақандай екі нұрлы көзді сонда керді. Сан қилы жұлдыздар жыпырлаған шілде аспанындай сан қилы сезімдердің сәулесін түгел жиған соң бір тұңғиық жанар бұның көкірегіне біржолата орнап қалды. Онда «апырай, аман-есен жібергеніңіз рас па» деген үнсіз таңқалыс та, лып етіп түтана қалған қуаныш та, шексіз ризашылық та, бірақ өз күнәсін жасырмай түгел мойындап тұрған, ар жағына сыр бүкпейтін ақ көкірек адалдық та, монтаны мүләйімді білмейтін шынайылық та, тіпті осының бәрі өң бе, түс пе дегендей дүдамал үрей де - бәрі-бәрі түгел барды. Жігіттің жана-рында ап-айқын сайрап жатқан әлгі сезімдер бұның көңілінде ешқандай күдік-күмән қалдырмай, Ұлы ханым ңызыл алма жіберіп, тұспалмен білдіріп жатқан, бұл жоқта болған оқиғаның шындық екеніне көзін біржолата жеткізгендей еді. Содан сол бір тостағандай-тостағандай қос жанар кеп уақытқа дейін бұның көкірегін қызыл шоқша қыз-қыз қарып тұрып алған-ды.
Әмірші алдында отырған жас жігіттің анау ауыр есіктерден әрі асқан соң енді қайтып жарық дүниеге шықпайтынын, оған көр қараңғы тас зынданға жол түсіп тұрғанын біліп отырды. Бірақ осы бір іші-бауырына кіріп бара жатк,ан жаудыраған екі жанарды көре отыра, көңіліне ешқандай аяныш жүгірмеді. Жүрегіне сексеуілдің шоғындай боп қадала қалған әлгі екі от бұрынғыдан бетер тызылдатып барады.
Әрине, адамды бір кергенде арбап алады дейтін сиқыр кез әлгіндей-ақ болар. Жаудырай қараған әдемі қос жанар әуелі көңіліне аяныш орнатады, ет-жүрегіңді елжіретеді. Еркектің шыдамсызының басын жұтып, әйелдің шыдамсызының абыройын төгіп тынатын қандай қара пәленің де басы әрқашан сол бір елжіреуік сезімнен басталатын-ды. Елжіреуік сезім де бір, ұстамайтын ышқыр да бір - екеуі де абыройыңды айрандай төгеді. Бұл ойлап тапқан жан баласы екі етіп көрген заң мен тәрдің басынан аттап өтпек, мына бассыздық та, шамасы, содан өрбіген. Бұл әлгі шариғатта көп айтылған ібіліс әзәзілдің қайда жүретінін ақи-тақи анық білмейді. Алайда бұған сол пәленің қай-қайсысының да жүрегін жаңғыз мекені адамның көңілі ғана сияқтанады да тұрады.
Көңіл итке көз бен сөзден өтімді не бар?! Соны ойлағанда Әмірші әлденеге өз-өзінен ауырлап сала берді. Көп уақытқа дейін жаңа ғана жас жігіт шығып кеткен тарс жабық есіктен көз айырмай қадалды да отырды. Ол өзі шығып кеткенмен нұр жайнаған екі көзін осында тастап кеткендей. Енді, міне, сол екі жанар көзге көрінбей екі босағадан бұл қайтер екен деп, әр қимылын міз бақпай аңдып тұрған секілді.
Ол айналасына көз жүгіртіп еді, назарына ештеңе ілікпейді. Әлгі бір жаудыраған монтаны екі кез ғайып болған есікке арқасын беруге бір түрлі батылы бармай, шегіншектеп, сылдыр-сылдыр су атып жатқан шытыра хауыздың қасына барып отырды. Көкірегіне темір тікен боп қадалып қалған екі мөлтең жанардан ңайтып құтыларын білмеді. Сол бір желімше жабысып алған немелер енді өмір-бақи бұның қыр соңынан қалмайтындай. Одан қайткенде құтыла алады... Бәлкім, жас шеберді алғаш кергенде ханым да тап осылай сенделген шығар. О да өкшелеп қыр соңынан қалмаған жымысқы екі жанардан қалай құтыларын білмей аласұрған шығар. Бірақ әйел пақыр аласұрғанда не тындырады. Соңынан қалмағанды омақастырар қайрат онда жоқ. Ұрғашының қашанғы қайраны біреу-ақ. Еркек басын беріп құтылатын жерден әйел намысын тонатып құтылады...
Жарайды... Ал енді бұған қайтпек керек? Қарсы келгенді оңдырмайтын қаһарлы падиша мұндайда не істегені жөн?
Әміршінің қарап отырып тізгіннен айрылып, айдалаға лағып бара жатқан сергелдең ойы осы арада бір серпілді. Езуіне кекесін жүгірді. Әрине, құртып тынады. Ондай бөгденің ңызылына сұғынған қомағай кезге құм құяды.
Әмірші көңілі бұл тұжырымын да кенеу тұтпай түр. Сонда падиша басымен алдына жаутаңдап келген монтаны жанарға қайтып қылыш жұмсамақ! Айбат шегіп келетін ата дұшпаннан айналып кетпессің бе?! Оқша атыла қараған ала көзді құртып тынбағанда қайтпексің! Өнменіңнен өте қараған өшпенді көз сені де қаныңа қарайтып, жүйке-жүйкеңді су тиген қыл арқандай ширықтыра түспей ме? Шықшытыңа құм толтырып қойғандай тісің шықырлап, өн бойдағы өжет қан бірден шекеңе шапшып, шымырлап шыға келмей ме? Ол қашан өзгенің қаны судай аққанда барып, арнасына түспеуші ме еді! Ондайда өшпендіңнің кеңірдегінен шүмектеп аққан қара қан жүрегіңді Қап тауындай айқара басып жатып алған қапырық сезімді бір-ақ серпіп, көзің шырадай жанып қоя береді. Ал именшек басқа қылышың тисе, атаңның аппақ сақалынан да қасиетті ақ алмаспен қотыр есектің құйрығын күзегендей масқара емес пе! Ондай пақырына біреудің төгілген қанын көргенде кездейсоқта көлбақа басып кеткендей тыжырынбассың ба? Әлгі неменін алақандай көзінен, ең болмаса бір мысқал өшпенділік көрсе не дейсің? Бұның жанына бәрінен де сол батады.
Қылыштың жүзіндей алмағайып қиын тағдыр кешіп келе жатқан Әмірші басымен бұрын-соңды дәл мынандайға кез боп көрмеген-ді. Көңілі ашудың да, ақылдың да ырқына көне алмай әрі-сәрі. Қанша бас қатырғанмен, еш тоқтамға келе алмады. Адасқан ойы қай тарапқа бұлтарса дағ аш тазыдай сүмеңдеген ұры сауалға тап болды. Ол дәл осындай жаудырай қарайтын қос жанарды және біреуден көрген сияқты еді. Бірақ қашан кімнен көргенін қанша ойласа да, есіне түсіре алмады. Ол да осылай мүләйімсіп мөлдірей қарайтын. Кімнен көріп еді соны... О да осындай өкпелеген жас баланың кезіндей ет бауырыңды елжіретіп жүре беретін жазықсыз жанарды...
«Жазықсыз жанар...» Әміршінің қырағы көңілі енді-енді арна түзеп, саралана бастаған ойынан осы бір сөзге сүрініп қайтадан мүдіріп қалды. Қайдағы жазықсыз жанар?.. Ақ некелі төсегіңе көз алартса, одан артық атаңның басын шапқаны керек пе? Қосағыңның етегіне көзін сұқтағаны іргеңнен найза шошаңдатқаннан кем оспадарлық па? Алтын тәжді басын былай қойғанда, кез келген жұмыр басты еркекке одан асқан қорлық, одан асқан масқара бар ма? Басынып болғасын, бас ұрғаны не керек? Кез келген жалба тонды, жұлма тымақты қара таяқтың кешірмейтінін бұл қайтіп кешіре алады?! Еркек үшін ата-мекеннің тыныштығы, ата-бабаның аруағы, ақ некенің беріктігінен артық намыс жыртатындай не бар?
Алтын басты азаматтың асқар таудай абыройын көбелек көңіл ұрғашының делең-делең етегіне тәуелді қылып қойған құдай шебер-ай! Жаратқан иенің еркек кіндікке жасаған жалғыз қысастығы болса - осы шығар.
Әмірші өз-өзінен күйініп, орнынан тұрып кетті. Әлгі бір жаутаңдаған монтаны жанар көзіне енді түссе, өз қолымен ойып алар еді. Ол аяғын ауырлап басып, терезенің алдына беттеді. Жете беріп, аң-таң тоқтап қалды. Жаңа ғана «енді көзіме түссе, бәлем» деп тістеніп тұрғаны жаутаңдап тағы алдынан шықты. Бақтың төбесінен бой асырып тұрған көк мұнара бұған дым көрмегендей мөлдірей қарайды. Жаңағы бір есіне түсіре алмай отырған монтаны қарасты ол баяғыда осы мұнараның бойынан көрген екен ғой. Ол үн-түнсіз жалбарынып тұрған мұнараның бұл сиқырына алғаш көргенде-ақ назар аударып еді. Бірақ оның мынандай сырына түсінген жоқ-ты. Бақса, бар гәп осында екен ғой. Мына мұнара ханымның терезесінен де күні бойы осылай жаудырап қарап тұрмайды дейсің бе? Ол да мұны алғаш көргенде қайран қалған шығар. О да мұнараның мынандай сиқырына кейін түсінген болар. Шебер өзі салған мұнараға көңілінде жүрген іңкәрін бейнелепті. Аузы жетіп айта алмайтынын мұнарамен білдіріпті. Күні-түні терезесінен телміре қарап тұратын мылқау мұнарадан ханым ойымды өзі-ақ түсінер десе керек. Монтаны жігіт, бақса, жер түбіндегіні ойлайтын жұлын құрттың өзі болып шықты.
Тәйірі, еркектің соры сөзінде, әйелдің соры көзінде емес пе? Еркек неме айтқаныма жетіп тынам деп тыраш-танса, әйел неме көзіме көрінгенді иемденіп тынам деп әуре болмай ма? Сондықтан да, көңілі сөзден азатын еркек кіндікті келденең сөзден сақтандырған ата-баба әйелді көлденең көзден қорғаштап баққан ғой. Ақ некелі қосағының құшағынан табылатын төсектен басқа жердің бәрінде де ұрғашының көзін қара түндей қара пердемен қымтап ұстаған ата-баба соның бәрін білмей істеді дейсің бе? Ол неменің көзін ашып қойғаннан гөрі етегін біржолата шашып қойғанның өзі дұрыс. Көзі көргенде құмартпай тұрар ұрғашы ма? Құмартса болды, ол пақырлар құмарына жетпей сірә, тынар ма?
Бұған енді бәрі де түсінікті болды. Ханым әуелі мынау күлімдеген көркем мұнараға қайран қалды. Сосын адамның ақылы жетпейтіндей сиқыр мұнара тұрғызған шеберді бір көруге құмартты. Көріп еді, жас жігіттің іші бауырына кіріп жата жатқан әдемі жанарына арбалды да қалды...
Сонда оны әзәзіл жолдан ақ некелі қосақ еткен бұның абыройы, тәжі мен тағы, ата-ананың батасы, көлденең жұрттың көзі мен сөзі - ештеңе кідірте алмағаны ма? Ең болмағанда, ай астындағыларды түгел дерлік тітіркендіретін айбарының да бегет бола алмағаны ма? Соның бәрі ашқарақ нәпсі мен адасқақ көңілді айқара бүркеп тұратын жылқының құйрығынан өрілген алақандай қыл перденің орнына жүре алмағаны ғой! Жарайды, сайтан иектегіш ұрғашының қомағай көрсе қызар нәпсісіне сенбей-ақ қоялық, бірақ сонда хан сарайына сырттан көлденең жігіт түгілі тірі шыбын кіргізуге тиісті емес сақшылар не бітірген? Ханымның соңынан бір қадам қалмауға тиіс некері мен оны көзінен бір елі таса қылмайтын күтуші кемпір қайда жүрген?
Әмірші сол түні төңбекшумен шықты. Таң атқанын асыға күтті. Күтуші кемпірмен сөйлесіп көруге бел буды. Көңілін егеу құйрықтардай жабыла кеміріп жатқан көп күмәннің басын бір қайырса сол күтуші кемпірдің жауабы қайырады.
Ертеңіне таңертең даяшы әйелден күтуші кемпірді шақыртты. Күтүшінің бәз-баяғы қалпы. Суда жүзіп келе жатқандай ұзын көйлегінің етегі дір-дір етіп, қалқи басады. Қашан қасына жетіп болғанша Әмірінінің ішін пыстырды. Ақ төсегінің қырағы күзетшісі еңбегі өтіп кеткен жанша тым шалқалап қапты. Ұйқылы-ояу жүзінде қысылу-қымтырылудан атымен нышан жоқ. Әміршінің зығырданы қайнап отыр. Алдымен осы малғұнның кезін құрту керек екен. Жалпақ жаһан құрақ ұшқанда осы-ақ батпансиды да жүреді. Ұлы әміршінің тәжсіз баратын жерінде қызмет ететінін бұлдай ма, тіпті айылын жиса не дейсің! Бұрынғы мардамсығанын бір жен дейік. Ал мына қазіргі кергуіне жол болсын! Бұл өзі жоқта не болып, не қойғанынан әлі бейхабар деп ойлайды ғой, шамасы.
Күтуші кемпір қасына келді. Кеудесін басып тағзым етті. Сосын манаураған маңғаз кейпі, не айтайын деп едіңіз, құлағым сізде деген кісіше бұған назарын тіктеді.
Әмірші мынау алдында түк болмағандай салғырт тұрған кемпірге қапелімде не дерін білмей қалды. Бірақ бүкіл сарайда оның алыстан орағытып жатпай, істің жөнін бірден сұрап, бұқпантайсыз әңгімелесетін адамы - қазына бастығы мен осы күтуші кемпірді. Бұл жолы да зіркілдетіп алып бара жатқан ашуын зорға іркіп, жарықшақтау шығатын қоңыр даусымен бірден әңгіме бастады. Сөйлеп отырғанда тіке қарайтын шегір көзін кемпірдің жүзінен айырмады. Күтуші кемпір бұны әуелі үйреншікті әдетімен біразға дейін енжар тыңдады, сәлден соң барып, осыны шынымен айтып тұр ма, әлде әмірші адамның бағыныштыларымен ойнайтын көп «мысық-тышқанының» бірі ме деген кісіше, селдір кірпігінің астына әзер жасырынған ала қөзін оқыс тірілтіп, бұның жүзіне бажырайып бір қарап қойды. Бұдан айбынды ма, жоқ әңгіменің төркінін аңғарып қалды ма, ала көзін сабаудай-сабаудай сида кірпіктерінің астына қайтадан көміп алды. Бұның одан арғы әңгімесіне үнсіз құлақ тосты. Бір уақыттарда орақ мұрынның астында жығыңқы жатқан төрт-бес тал қылтанақ мұрты тікірейіп шыға келді. Бір шамаға дейін солай тікірейіп тұрды-тұрды да кенет қайта сұлады. Қан-сөлсіз сұрғылт қаймыжық ерніне жымысқы күлкі жүгірді. Күтуші кемпірдің езуіндегі күлкіні көргенде, бұл сөзден тыйылып қалды. Кемпір Әміршінің неге тоқтағанын бірден түсініп, езуіндегі жымысқы күлкіні жым-жылас өшіре қойды. Иіліп тағы да тағзым етті. Бірақ Әмірші ендігі сөзді оның өзінен тосып, тым-тырыс телміре қапты.
Енді әңгімені күтуші кемпір бастады. Әміршінің аузынан піыққан әлгіндей сөздерден соң да ол бәз-баяғысынша нып-нығыз. Даусында да діріл жоқ. Аспай-саспай сөзіне кірісті. Оның мынау байсалды даусы, сабырлы жүзі, жалтармай турға қараған батыл жанары Әміршінің өзін аласарта түскендей. Әмірші сыр бермеуге тырысып, тырп етпестен тыңдап отыр. Қобалжыған көңілін талайды тергей, тыңдай үйреніп қалған сұсты жүзінің тасасына жасырып, күтуші кемпірден көзін айырған жоқ.
Күтуші кемпір айтарын айтып болғанда барып, иегімен «жүре бер» деп мегзеді. Қызметші иіліп сәлем етіп, манағысындай манаурамай аяғын ширағырақ басып шығып кетті.
Әмірші кемпірдің әлгі әңгімесін миына кірмейтін шым-шытырық шытырман бірдеңе тыңдағандай, басы мен аяғын таба алмай, дал болып отыр. Сонда кешегі шебердің құштым деп отырғаны ханым емес, басқа біреу болғаны ғой. Әміршінің қас-қабағынан қорқып қалған қалтырауық немелердің тапқан ақылдарының түрін-ай! Қиқар жігіттің басын қырқып тынатын жерде сау бастарына сақина тілеп алғандарын қарашы! Апырай, әлгі неменің дәмесін қарай гөр! Падишаның ақ некелі тәсегіне сұқтанған сұғанақ неменің кезін қалай құртса да, күнә емес. Оның үстіне ол қазір дегеніме жеттім, ханымның қыпша беліне қолым тиді деп жүр ғой. Кеше мұның алдына келгенде де, кешірілмес күнә жасап қойғанын әбден мойындап отырмады ма? Ендеше оның сол бір есірік ойын өзімен бірге құртып тыну керек. Шама-шарқын білмей, аспандағыдан дәметкен нысапсыз көзіне құм құю қажет. Енді мұның ішіне қатқан қанды сол күнәкар неменің дірдектеп аққан қор қаны ғана жуып-шая алады. Оның арам пиғылындағы мұның ақ некелі төсегіне түскен дақты ақымақ басын жалмаған ақ алмастың жүзіне жұққан қан ғана кетіре алады. Тек көлденең көз ештеңе байқамайтын, көлденең құлақ ештеңе естімейтіндей қып тып-тыныш жайғастыра алса болғаны.
Бірақ ел құлағы елу, олардың ештеңе естімеуі мүмкін бе? Тезірек жансыздарын базарға жіберіп, қара тобырдың не деп көкіп жүргенін білгені жөн.
Әмірші астамшылық ойлаған шебердің монтаны жанарын қалай құртудың қамына шындап кірісті. Бұрынғысындай емес, бір түрлі бойы сергіп қалғандай. Көңілі бықсық көп күмәннан арылды. Оның орнын енді өзегін өртше жалап бара жатқан ешпенділік жайлап алыпты.
Жансыздарды базардан не естіп келер екен деп тыпырши тосты. Көп ретте аузын бағып қарап жүре алмай, қайдағы жоқ қаңқу таратып жүретін қара тобыр бұған не істеу керек екендігін өздері айтып беріп отыратын-ды. Бұл жолы да ол әлгі жігіттің жазасын жұрт аузындағы лақапты естіп алып кесуге бел буды.
Жас шебердің хан сарайға шақыртылғаны әлі ел құлағына тиіп үлгермесе керек, базарға әзір ешқандай алып қашты лақап тарай қоймапты. Ол енді жансыздарын шебер жігіт тұрған махаллаға жіберді. Махалла тұрғындарының айтуынша, шебер тұрған үйдің қожайыны Әмірші оны жаңа бір керемет мешіт салдырғалы шақыртыпты деп көкіп жүрген көрінеді. Әміршінің құлағына мынандай жай әншейін дарақы дақпырт тап онша жаға қоймады. Ол базарға жансыздарын араға біраз күн салып барып жіберуге бекінді. Сонда жұрт жас шебердің сарайдан осынша уақыт оралмай қалғанын қандай саққа жүгіртер екен?
Жаздың кербез әйелдің жүрісіндей мандымай қоятын мимырт күндері ұзақ сарылтып өтіп жатыр. Құлағына елең еткізердей еш хабар тие қойған жоқ. Ұлы ханымның сарайынан да ешкім ат ізін салмай, тым-тырыс жатып алды. Әміршінің қызметшіден қызыл алманы кім жіберді деп сұрағанын естіген соң, енді қайтер екен, енді не болар екен деп, тың тыңдай қалыпты. Күллі дүние бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, сестерін шығармай, әлдеқандай бір көзге көрінбес мың сан сиқыр тесіктерден бұның әр қимылын қалт жібермей, жабыла аңдып, сығалап тұрғандай. Әмірші қапас зынданға кешегі ніебер жігіт емес, өзі түскендей, ұзақты күнге тырп етпей отырады да қояды. Мынандай түбі шикі шаруаны алдымен ел аңғарын біліп алмай тұрып, жайғастыра салуға артынан тағы қандай қаңқудың өре түрегелетінін біле алмай дал болады. Қашан да тұтымындағы жұртты таң қалдырып үйреніп қалған басы өзі туралы ел арасына тарайтын ертеңгі лақаптың ұзын ырғасын алдын ала аңғарып алмай тұрып, ештеңе істемейтін-ді. Әншейінде сәл нәрсені өрт тиген қаудай лаулатып ала жөнелетін жұрттың аузына бұл жолы нендей тыйым бола қалғанына, қанша ойланса да, түсіне алмай қойды; Әмірші мықты болса, біздің лақабымызсыз өз бетімен іс тындырып көрсін деп, уәде байласып қойғандай, тырп етпей жатып алды.
Әмірші мынандай меңіреу тыныштықты ішінен сан саққа жорып бақты. Бірақ ешқайсысының қисыны келмейтін сияқты. Шаһар халқының арасында кездерінің жауын алып тұрған, керкем көгілдір мұнараны тұрғызған жасөспірім жігіттің аяқ астынан үн-түнсіз жоғалып кеткені жайында ешқандай қаңқу тарамауы миға кірмейді-ақ. Хан базардағы қарайған халықтың көзге ұрып тұрған көк мұнара жайында ауыздарына үн толтырып қойғандай, жақ ашпай қалғандары, сірә, тегіннен-тегін болмаса керек. Әлде бұл жуырда ғана білген сұмдықты олар баяғыда-ақ естіп біліп қойған ба? Әрине солай. Жұрт жаңа мұнараның соқырға таяқ ұстатқандай көзге бірден түсетін тосын сиқырын әлдеқашан-ақ талай саққа жүгіртіп үлгерген-ді. Бұл түсінгенді олар түсінбейді дейсің бе? Енді сол сұмдық масқара тістерінен шықса, бастары кететінін біліп, іштерінен тынып пұшайман боп жүрген шығар. Сонда осыншама халықтың арасынан бір көбік ауыз көкіменің табылмағаны ма? Әлгіндей сандырақ аузынан абайсыз шығып кететіндей есерсоқ ешкім болмағаны ма? Бұл қаншама қылышынан қан тамып, қатаң тәртіп орнатқан күнде де ел аузына дәл осындай берік құлыптың салына қалуы мүмкін бе, сірә?!
Әмірші осы бір масадай жабылып жатқан мазасыз сұрақтардың ешқайсысына қисынды жауап таба алмады. Маңайы түп-түгел масасы мен сонасы қаптаған қара балшыққа айналып кеткендей. Аяғын аттаса болды, аранын ашып жатқан жұтпа ұйық бірден тұңғиығына тартып ала жөнелетіндей. Есік жаққа телміріп, тырп етпей отырады да қояды.
Алтын шайған абажа есік апталар бойы қылп етпей тұрып алды. Ақырында Әміршінің пәлен күннен бергі сарыла күткен шағы да келді. Абажа есік жайлап ашылып, ар жағынан жансыз көрінді. Бүгежектеп ішке озды. Бұның қарсы алдына жетіп тоқтады. Иіліп-бүгіліп тағзым етіп, бұның аузына қарап тұрып қалды.
- Иә, не естіп, не білдің?
Жансыз бұның жүзіне жалтақтай қарағыштап, әңгімесіне кірісті. Базардағы жұрт Әмірші енді мынандай мұнара өз астанасынан басқа ешқайда салынбасын деп, шебердің екі көзін ойып алып, қаңғыртып жіберіпті десіп жүрген көрінеді. Әмірші жансыздың жүзіне ұзақ тесіліп отырды да, бара бер деп есікті нұсқады. Жансыз жылысып шығып кетті.
Әмірші арқасынан ауыр жүк түскендей, орнынан атып тұрды. Шуылдақ тобырдың айтып жүргені, шынында да, миға қонады. Біресе күлімдеп жайнап шығатын, артынша-ақ өкпелеген жас баладай жәудірей қалып, қырық құбылып тұратын мынау сиқыр мұнараңы тек аспан астындағы ең ауыр тәж бен ең биік тақты иемденген бұның ғана астанасында тұруға лайық екені де рас. Ондай әсем мұнараны басқа қалаларға да салып, бағасын түсірмеу керек дегендерінің де әбден жаны бар. Ендеше мынау жарық жалғанда енді мұндай мұнара салынбауға тиісті. Ондай аса сирек өнер қонған бір туар шеберлердің қашанғы киетін кебін әлгі жас жігіт те кисін. Қай-қай Әмірші де ондай шеберді өзінен басқа ещкімнің қолына түсіргісі келмейді. Ендеше сол көп шуылдақтың дегендері-ақ болсын! Дәл мынадай көрікті мұнара бәрібір аңыз таратпай тұра алмайды. Ендеше оған лайық аңыз табылды. Естіген құлақтың қай-қайсысына да бірден қона кететін әбден қисыны бар лақап.
Әмірші көптен бері өз бөлмесінен аттап шықпаған-ды. Сол күні бақ ішінде серуен құрды. Өзі жақсы көретін оңаша бұлақтың басына барып, ұзақ ойланып отырды. Жер қойнынан сықылықтап күліп шығып жат-қан мөлдір су баяғыдай ширыққан жүйке-жүйкесін түгел балбыратып, өне бойын бір бейжай сезімге бөледі. Әмірші екі шекесін қаусатып жіберердей сығып жатқан батпан зілден құтылып, омырауын ағаш-ағаштың арасынан ұрлана ескен майса самалға рақаттана тосты. Дүние балбырап түр. Күлегеш бұлақ ауыз жаппай сықылық қағады. Ағаш басы сыбырласып, сусылдасып мәре-сәре. Асылы, пенде пақыр қайдағы жоқ азапты өзі ойлап табатын болса керек. Қайдағы жоқ қапырық сезімге беріліп, жоқтан өзгеге қамығып, зари қабатындай, соншама не бола қалып еді? Есірік дәмеге берілген есер неме тиісті жазасын тартады. Ол неме енді ешкімге сылңым мұнара да салмайды, ешкімнін басын әзәзіл боп арбай да алмайды; көрген жанның іші-бауырына кіріп бара жататын жаутаң-жаутаң қос жанарын жел қуық сәуріктерді піштіретін қанды қол жендетіне өткір қанжармен ойғы-зып алдырып тастайды. Онымен ғана қоймайды, ханымды құштым деп ойлап жүрген пәтшағар ертең біреу-міреуге аузына келгенді көкіп қоймасын деп, тілін де қырықтырып тастайды. Сосын ол найсап бұл дүниеде үн-түнсіз күн көріп жатқан көп мақұлықтың бірі боп меңіреу тірлік кешеді...
Ол сол түні жайлы ұйықтап шықты. Ертеңіне таңертен зындан бастығын шақыртқалы отыр еді, кіріп келе жатқан Юші ханымды көрді. Ханым есіктен аттай бере, иіліп тағзым етті де, мамырлап басып төрге озды. Бұның қасына жете беріп мүдіріп тұрып қалды. Қақ маңдайындағы күрең лағылға шағылысып жарқ-жұрқ ете қалған қос жанары бұрынғыдай емес, қазылыңқырап кетіпті. Өні де құп-қу. Ханым сынық жүзін бұған тіктемей, бір қырын отырды. Әмірші оны мынандай ойда жоқта кіріп келер деп күтпеп еді. Қапелімде не дерін білмей, қысылып қалды. Сосын біраз уақыттан кейін барып, алдындағы өз-өзінен азып-тозған Кіші ханымды аяп кетті ме, қолын созып қасына шақырды. Мұның қолы тиюі-ақ мұң екен, бір қырын отырған ханымның ұзын кірпікте-рінің ұшынан әлденеше мөлдір тамшы мөлт-мөлт тамып кетті. Кіші ханым Әміршінің қолына ернін басып, аяғының астына гүрс құлап түсті. Екі иығы селк-селк етіп, ағыл-тегіл жылап жатыр. Күні кеше ғана өзіне дүниедегі ең жексұрын адам боп көрінген, осы бір жас балаша өксігін баса алмай солқ-солқ жылап, аяғының астында жатқан әйелді қайтерін білмей, Әмірші абдырап тұрып қалды. Осыдан аз ғана күн бұрын дәл осылай аяғына кеп жығылса, не істейтінін кім біліпті, бұл жолы ол қараптан-қарап жүдеп, иіні түсіп, азып-тозып кеткен ханымды мүсіркеп түр. Төмен еңкейіп, қарынан тартып тұрғызып алды; сосын ығысып қасынан орын берді. Кіші ханымға ештеңе айтқызғысы келмегендей, оның өрттей лапылдаған жұп-жұпсақ екі алақанын қолымен басып, үнсіз қалды. Ханым әлі жылап отыр. Көптен бері көкірегінде тұрып қалған ащы жас, шамалыда таусылар емес. Әлден соң Әміршінің мына үнсіз аялағанын көңіліне медет қылды ма, жұбанайын деді. Омырауын өртеп бара жатқан ызаның ащы жасы сарқылған соң, ханым енді не істерін білмей, абыржып сала берді. Әмірші де ештеңе сұрамады. Екеуі үн-түнсіз әрі отырды, бері отырды. Біраздан соң ханым өзінің мына отырысына ыңғайсызданып, кетуге оқталды. Әміршіге тағзым етіп есікке қарай беттей бере, қайтадан кідірді. Сосын біраз уақыт әлденеге батылы бармай, мүдіріп тұрды да, төменшіктеп тіл қатты.
- Хан ием, сіз мұнараны салған шеберді қаматып қойып па едіңіз?
Әмірші ханымның мынау төбеден түскендей тосын сұрағына Ішінен қайран қалып тұрса да, байсалды қалпы жауап берді.
- Иә.
Ханымның екі бету ду қызарып кетті. Әлгі сұрағын өзі орынсыз көріп қысылды ма, әлде бойын басқа бір сезім биледі ме, бұның аяғына қайтадан жығыла беріп еді, Әмірші шынтағынан сүйеп қалды.
- Оның ешқандай жазығы жоқ. Ештеңе де болған жоқ.
- Білем.
Ханым рас айтып тұр ма дегендей, көзін көтеріп, Әміршіге қарады. Оның жүзінен ашу көрмегеніне таңырқап, үн-түнсіз тұрды-тұрды да, есікке беттеді. Әмірші қашан шығып кеткенше, одан көзін айырған жоқ. Ханым есікке жете беріп, артына бұрылды. Әміршінің не ойлап тұрғанын аңғара алмаған кісіше, жаутаңдай бір қарады да, айран-асыр қалпы шығып кетті.
Ханымның мына келісіне Әмірші де қайран қап тұрған-ды. Бұрын-соңды ол Ұлы ханымның өзін үстіңе сұраусыз бас сұқтырып көрген емес-ті. Кіші ханымның бұл қылығын қалай түсінуге болады? Әлде жорықтан оралғалы бас сұқпай жатып алған бұны көріп сағынышын басқысы келді ме? О да мүмкін ғой. Оның устіне Ұлы ханым жіберген қызыл алманың жайын о да естімеді дейсің бе? Өз-өзінен қапаға тұншығып, жарылып кетердей болған соң, не де болса барып, бет жүзін көріп қайтайын деп нар тәуекелге бел буған ғой.
Әміршінің жүзінен ашу көрмеген соң, көңілін басып, өз бөлмесіне кеткен шығар. Бірақ бас жоқ, көз жоқ, бірден жас шеберді сұрағаны несі? Бет-моншағын белбеуіне түйіп келгендегі шаруасы жалғыз-ақ сол шебер жігіттің жайы ғана болғаны ма? «Оның ешқандай жазығы жоқ». Бұл не дегені? Әлде әлгі жас жігітті қанды жазаның құрығынан құтқарып қалғысы келді ме... Ендеше неге жалынбады, жалбарынбады. Мұның әлгі «білем» деген бір ауыз сөзін кешірімге жорыды ма екен? Иә, ол екеуінің арасында ештеңе болмағанын бұл біледі. Бірақ ажалдан да тайсалмай, аспандағы айға қол созған ессіз жігіттің алтын тәжді падишаның абыройына дақ түсіре жаздаған астамшылығын бәрібір кешірмейді. Әлгі көп шуылдақтың ештеңе естімей жатып, ауыздары қышып, көкіп жүргендерін тезірек шынға шығаруы қажет.
Әмірші өз көңіліндегі бір туйткілдің шешуін таба алмай-ақ қойды. Ханым жаңа есіктен шығып бара жатып, артына бұрылып неге қарады? Оның жаудыраған жана-рынан бұл бір түрлі үрей сезгендей болды ғой. Ол мұның сыртқа сыр шашпайтын сұп-суық жүзін бұгін көріп тұрғандай, соншама неден сескенді? Әлде аитқан сөзінің бұған ешңаядай әсер етпегенін көріп, тіксінді ме екен? Сонда бұл оның әлгі сөздері әсер еткенде не істеуі керек еді! Қапас зындандағы жас жігітті босатып жібер дейді ме? Ханым көңілінің қалауы не? Бұл оған жанға тиердей, шошытардай ештеңе айтқан жоқ. Ештеңені бетіне салық еткен жоқ. Ендеше ол осыншама неге үрейленеді? Әлде шебер жігіт жазаға ұшырап қалады деп қорқа ма? Абыройын аяқ асты қыла жаздаған ақымақ немені ханымның бүйтіп аяйтыны қалай? Қайта қара табан есерсоқтың әлгіндей оспадарсыздығын келіп өзі айтуы, қалың жұрттың алдында қара бет қып жазалауды талап етуі, сөйтіп күні ертең көп шуылдақтың сасық ауыздарында кеткелі турған абыройын ақтап алуы керек емес пе еді? Оның орнына бүгін кеп, ашып айтпағанмен, әлгі бұзақыға кешірім тілегендей рай танытты. Осының өзі әлгі немеге, шынында да, көңілі кетіп қалғаннан сау ма? Әйтпесе, бұның алдына қайдағы бір қу шұнақ құлға рақым тілеп келе ме? Жоқ-жоқ, бүнда бір гәп бар. Кісі бетіне тіктеп қарауды білмейтін ұялшақ Кіші ханымның бұл келісі тегін келіс емес, ол не де болса, жанын шүберекке түйіп, нар тәуекелге бел буып келіп отыр. Басын өлімге тіккенге барабар қылық. Әлгі немеге жаны шындап ашымаса, ол мұндайға елсе барар ма? Сонда... Сонда... Күтуші кемпірдің анадағы айтып жүргені не боп шықты? Әлгінде ханымның өзі де: «Арамызда ештеңе болған жоқ», - деп ант-су ішіп еді ғой. Соның бәрі жалған болғаны ма? Жоқ. Жоқ... Ханым мынау терезеден күні-түні телміре тәніп тұрған әзәзіл мұнара тұспалдаған әлдеқандай жұмбақ аңсарға ханым тіпті де кет әрі болмаған. О баста-ақ, оспадарсыз жігітті аяп, оған нөкер қызын жібергенде де тек өзінің абыройын ғана емес, мұнара тұрғызған жас жігіттің басының амандығын да ойлап істеген. Ендеше оған көңілінің әуелден-ақ құлағаны. Бірақ алтын тақты хан сарайдың аруағын да аттап кете алмапты. Албырт жігіттің асау дәмесін жазғырмаған да, жазаламаған да...
Әміршінің ойы жылан арбаған торғайдай бір төңіректен шырқ айналып шыға алмай қойды. Бірақ мынау жер астынан жік шыққандай ойда жоқта сап ете қалған сұмпайы тұспалға көңілі әбден құлап тұр. Бәлкім, ханым өз құшағына ынтық болған асау дәмелі албырт жігітті тек мүсіркеп қана қоймай, өзі де алабұртып аңсаған шығар. Есіне анау жолғы түнде ханымның бөлмесіне барғаны сап ете қалды. Енді тапты... Ханымның сол жолғы түсінде құшқан еркегі басқа ешкім де емес - әнеу күнгі монтаны жігіт. Ханым онымен өңінде болмағанмен түсінде табысты. Ендеше ол сол бір жайнақ көз жас жігітпен өмірінде болмағанмен, көңілінде әлдеқашан қауышқан. Көңілінде ол ханымға бұдан гөрі әлдеқайда жақынырақ... Жаңа да соның жолына жанын құрбандыққа шалуға пейіл болып келді. Ал бұл болса шаршы ғаламды түгел тітіренткен Әмірші басымен түкке түсінбей, бала құсап, жылады екен деп мүсіркеді. Өмір бақи істеп көрмеген осалдығын жасады. Ұрғашының көзіндегі жас та бір, көзбояушының қолындағы алтын да бір - екеуінде де опа жоқ. Ханымның ақ неке төсегіне қаншалықты адал екенін әнеукуні түнде көзімен көрмеп пе еді? Ол өңінде аттай алмай жүргеннен түсінде аттап, өңінде істей алмай жүргенін түсінде істеп тынған жоқ па еді? Ендеше ханымның өңінде бұның алтын тәжді басының абыройын аттап кете алмай жүргені де қай ұрғашының да, қапелімде, тар тесекте алғаш табысқан бөгде еркекке аш беліне қол апартпай, бір қауым уақыт қарсыласатынындай жай әншейін құр мезірет қана екен ғой.
Әміршінің ойына осы түскенде, өңменіне әлдекім пы-шақ сұғып алғандай болды. Оның талайды көрген жұмыр басына бұрын-соңды дәл мынандай жарақат түскенін көрмеп еді. Мынау ол бастан кешіріп көрген жәбір мен жапаның ешқайсысына да ұқсамайды. Ол тұрған жерінде күлге айналып бара жатқандай сүлесоқ шөгіп, шөгіп отыра кетті.

III

Әмірші бұл дүниеде ештеңеге құлқы болмай сұлқ жүр. Базардан күніне сан сапат шапқылап келіп жататын жансыздарды да енжар тыңдайды. Зындандағы шеберді жазалауға да асыға қоймады. Күні кеше ғана көкірегін зірк-зірк қайнатқан өншенділік те жым-жылас жоғалған. Оңаша бөлмеде ертеден қара кешке миын жейтін ащы ішектей шұбатылған қым-қуыт ойлар әншейінде жүрек қыжылдатып, намысқа шабатын нәрселердің бәрін түп-түгел мәнсіздендіріп жібергендей. Әміршінің ештеңеге құлқы соқпайды, ештенеге асықпайды. Тіпті бұған дейін бір сәт бастан кешіріп көрмеген мына ахуалынын сырын түптеп білуге де зауқы болмады. Ебіл-себіл бір тіршілік. Бір бұйығы мұң өне бойын дел-сал қып, әлсіретіп барады. Бұрлықтырып, белін жаздырмай, бүгежектетіп бара жатқан тымырсың жарақат. Ең болмаса жанымен қайғы қылатындай қып, қансыратып бебеулетпейді де.
Әмірші абайсызда басын жартасқа соққан асау шортандай әлденеге мәңгіріп қалыпты. Жер түбіндегіні ойлап, көріп-біліп отыратын сұңғыла басымен үш ұйықтаса түсіне кірмеген мынандай соққыға тап болды. Өзіне қиянат қылғандардың қай-қайсысы сияқты шебер жігіттің де көресіні көретінін іші біліп отыр. Бірақ оны қайтып азаптаса да, өші қайтатын емес сияқты. Оның күнәға ынтыққан арамза жүрегінен аққан қара қан бұның жанындағы жарақатты бәрібір жуып-шая алмайтындай. Қайта ол мұның өне бойын зіркілдетіп алып бара жатқан ашуды да, күні кеше ғана көкірегін аш мысықтай тырналап баққан ақи көз өшпенділікті де, тіпті алтын басты Әміршінің мынау жарық-жалғандағы ендігі тіршілігін түп-түгел пәтуасыздандырып жібергендей. Қаһарымнан Қап тауын ықтырам деп жүрген көкірегі ашудан да, ызадан да, өшпенділіктен де түгел айрылып, ағысы қатты өзенге абайсыз түсіп кеткен қураған сабандай қаңғалақтап қалыпты. Пәлен күннен бергі бұрлықтырып еңсесін езіп жатқан тымырсық сезімнің аты алданыш та, жәбір де, жапа да емес, жай әншейін өкініш боп шықты. Зіркілдеген ашудан да, қанды қайнатқан намыстан да ада мұндай өлімсіреген бозымбай бейшара сезімнің өкініштен басқа аты болуы ешқандай мүмкін емес. Сонда шартарапқа тізесін басып отырған сайып-қыран Әмірші не деп өкінеді? Ай астындағыларды түгел дерлік қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығарып жүріп, шынашақтай төмен етек ұрғашының жүрегін бір өзі дербес иемдене алмағанына өкінеді. Бір төсектегі екі пенде екеуінің көңілі екі қиян жаратылғанына екінеді. Сонда оның мынау тымырсық өкінішінің ар жағында Кіші ханымға деген екпе жатқаны ма? Соңда алтын басты падиша төмен етек ұрғашыға өкпелей ме? Әмірші осы бір қара шыбындай оңай балалап жатқан пендешілік ойлардан серпілгісі, енді ештеңені ойламағысы келеді-ақ. Бірақ мынау құлазыған жалғыздыққа қарсы қылар қайраны - қайдағы-жайдағыны ойланып бас қатыру ғана. Осы бір аңылжыған жалғыздық көптен бері арқасына аяздай батып жүр. Көзге шыққан сүйелдей боп, өзге көптен жеке тұратын дара тіршілік әбден жүйкесіне тиіп біткен-ді. Бауырындағы балаларын әке боп, қойнындағы қосағын жар боп қызықтамаққа да мұршасы болмапты. Бауырынан өрген ұрпақ бұл мейірім білдіруге үлгермей жатып, ат жалынан тартып мініп, алды-артына кетіпті. Ол сол баяғы үйде де, түзде де құдай жалғыз, бұл жалғыз қалпында келе жатыр. Дүниеде көз алартатын жауының көбінің кезіне құм құйып, арқасын енді кеңге саларда Кіші ханымды түсіріп еді. Қартайған тәннің бабын табатын жас иіс болсын деп емес, жалғыздықтан қажыған жаны медет тұтатын қара болсын деп түсірген-ді. Кіші ханымның жастығына қарамастан орнықты, әйел басымен сабырлы мінезіне, ылғи бір арнадан аспайтын ибалы ізетіне көңілі бітіп жүр еді. Ана жолы алыс жо-рықтан оралғанда алдынан аспанмен тайталасқан көркем мұнара салып қойғанын көргенде, төбесі көкке жеткен-дей болып еді. Сол бір сүйек-сүйегінің бәрін еріткен көл-көсір қуаныштың енді, міне, күздің мизамындай кезінен бір-бір ұшқанына өкінеді. Тек Кіші ханымның көңілі ғана емес, күллі фәни тірлік түгелінен жалғаншылық екеніне көзі жетіп өкінеді. Дүниеге жұмыр басты дербес иеленіп туатын пенде пақыр өзгені қаншама қара тұтсын мейлі, қашан көзі жұмылып, жер астына түскенше қураған қу бас жалғыздықтан бәрібір құтыла алмайтынына көзі же-тіп өкінеді. Бірақ жұмыр басты пенде біткеннің бәрі солай ма? Мандайларына біткен азғантай бақ пен ырысты үрім-бұтағымен бірге бөлісіп, бұйырғанды қанағат түтьш жатқандар өмірі, сірә, жалғызсырайды дейсіз бе? Пенделік бақыт деген де сол шығар. Адамға лайық аз ғана тіршіліктің де, бәлкім, бар мән, бар мағынасы тек сонда тұрған шығар. Одан арғыға қанша кереленіп құлаш ұрғаныңмен пендеге бәрібір қанағат та, бақыт та бітпейтін болар. Соның бәрін қаншама арман, мақсат, мұрат деп күпілдегенімізбен, түптеп келгенде, жай әншейін ашқарақтық, тойымсыз нәпсінің ындынын күйттеген күпірлік қана шығар. Күпірлік жүрген жерде рақат пен ләззат болмақ емес. Ай астын аяғына жыққан бұл бір күн тыныш ұйықтады ма, бір күн қаннен-қаперсіз боп отыра алды ма? Ендеше, жұмыр басты пендеге соншама көп нәрсе керек емес екен. Жұмыр басты пенденің кез келгеніне лайық күйбең тірліктің қарапайым рақатынсыз қонған бақ пен даңқтың қай-қайсысы да соқыр тиынға тұрмайды екен.
Кіші ханым да дәулетке де, дәрежеге де місе тұтпай, жұмыр басты пенденің қай-қайсысына да тиесілі кәдімгі пенделік бақытты, пенделік қызықты аңсағаны ғой. Жұмыр басты пенденің қыл-қыбыры аралас қарапайым қызығының жолында тәж бен тақты да құрбандыққа шалуға пейіл болғаны ғой. Алтын менен асылға толы сарайдан не керектің бәрін тапқанмен сол бақытты таба алмай, аласұрған болды ғой. Кіші ханым аңсаған әлгі пенделік бақыт мұның өзінде бар ма осы? Тақтың барын біледі, тәждің барын біледі, атақтың, даңқтың, дәулеттің, биліктің барыи біледі. Бірақ бақытқа келгенде өзінің де тілі күрмеліп қалмай ма? Ызғындай ұрпақ, мол ырыстың ортасында отырып, айдалада жалғыз қалғандай, айналасы құлазып тұрса, мұның несі бақыт! Өзге түгілі өз үйінде астына ине шаншып қойғандай, жан-жағынан сезік аңдып, алақтап отыратын болса, несі бақыт? Өзге еркектер еркін кіріп, еркін шығатын өлең төсегіне жұрт көзінен ұрланып кіріп, ұрланып шығатын болса, ол не қылған бақыт? Елді аузыма қараттым деп жүргенде, ертең жұрт не дер екен деп жаны тырнағының ұшында тызығып отырса, ондай да бақыт болар ма? Пенде біткеннің бәрінен жоғары тұру жалғыз құдайға жарасқан дейді ғой. Адамға біткен астам даңқ, астам күш, астам өкімет, астам дәулет, астам енер, түптеп келгенде, бәрі де бақыт емес, сор шығар. Айдай әлемді аузына қаратқан бұл түгілі, мұнара салып, бір шаһардың халқының кезіне түскен әлгі шебер жігіттің көрген күні мынау емес пе?! Түптеп келгенде, бұл үшеуінің күні күн емес. Басқа жұрт, ең болмағанда, дау-далабасын, іштерін кернеп бара жатқан құсаларын айтып, шер тарқататын кісі табады ғой. Бұл үшеуінде о да жоқ.
Егер осындай хал өздерінің емес, басқа біреулердің басында болып, бұдан билік сұрап келсе, үшеуін де жазғырып, жазаға тарта алмас еді. Ал бұл жолы ол кесімін айта алмайды, ол кешірімін жасай алмайды. Өйткені, үшеуі де бейшара, үшеуі де бір-бірінің мейіріміне телмірген қайыршы. Өңпіең бейшара бір-біріне не кәмек көрсете алады, еңшең ңайыршы бір-біріне қайыр беріп не қарқ қылады? Ендеше бұның жас шебер жайындағы ел айтып жүрген лақапты расқа айналдырып тынам деуі әбден дұрыс. Шындап келгенде алтын саусақ шебердің жендеті бұл емес, көрмей-білмей сырттан тон пішіп, қор кекіректерінен шыққан күңірсік өсектеріне әздері де сеніп, өзгелерді де сендіріп жүретін әлгі еңшең шуылдақ қара тобыр. Шебер де, ханым да, бү да - солардың сілімтік көздері мен пыш-пыш сөздерінің құрбандары. Егер бұл бір-біріне іңкәр боп, өліп-өшіп жүрген екі мұңлықтың тілеулерін берсе, ең алдымен сол кәп шуылдақ шулап шығар еді. Мұның атарға оғы жоқ дұшпандарының өздері мұны сол сасық ауыз көп шуылдақтың айтып жүргенін бетіне басып табалар еді. Қайдағы пәлені бастап жүретін де солар, бұған ең азы күнәкар шеберге кесілер үкімді де солар айтып беріп отырған жоқ па? Ендеше сол немелер дегендеріне жетіп тынсын. Сөйтіп өздерінің бауырынан шыққанды өздерінің аузынан шыққанға жем қыла берсін! Өз лақаптарына ездері адаса берсін! Әйтеуір мұның сүйегіне дақ түсіргелі тұрған масқараны білмесе, көрмесе болды. Ендеше сол көкіме тобыр әлгі қаңқуларынан айнымай тұрғанда, тағы бір лақап таппай тұрғанда, жігіттің жазасын беру керек.

IV

Зындандағы тағы бір орын босады. Асылық ойлап, аспандағыға қол созған астам тілек шебердің нұр жайнаған қос жанары жендеттің қолындағы шоқ шашырап тұрған істік темірден ағып түсті. Бейшара жігіт көзінен айрылып, бебеу қағып жатқанда, тілі қырқылды. Қан-қан құр сүлдерді қыл арқанмен буып-буып, түн қараңғысында екі жендет дарияның ар жағындағы бір қыстаққа апарып тастады.
Талай жанның басын жұтқан Байтақ шаһардың көріп отырғаны бір бұл емес. Елден асқан өнер көрсеткен талай шебер осындай халге ұшыраған-ды. Бірен-саран жүрек жұтқандарының әлгіндей қатерлі жазадан қашып құтылғандары да болды. Жендеттің көмейін алтынға көміп, бастарына зауал төнген, Байтақ шаһардан ебін тауып, қашып кеткендер де бар. Олардың бір қатары өз өнерімен біржолата қоштасып, басқа кәсіпке көшсе, енді бір парасы ел асып, жер асып барып, басқа падишаларды паналайды. Ал азын-аулақ жүрек жұтқандары тақта отырған падишаның өлгенін күтіп, жаңа падишаның рақымына ұшырап, Байтақ шаһарға қайта оралады.
Сондайдың біразынан хабардар Әмірші жас шеберді көз бен тілден айрылған соң да өз көзімен бір көріп тексеріп шықты. Қапқа салынып шандулы жатқан құр сүлденің, өзі жазаға кескен шебер екеніне көзі әбден жеткен сон барып, айдаладағы қыстаққа апарып тастауға әмір етті.
Бірақ осынау жұлма-жұлмасы шыққан құр сүлдерді көргенде, бұрынғы ата дұшпандарын жазалағандағыдай айызы қанып, рақаттанбады. Ішінде шебер жатқан ала қапты көтеріп әкеліп көрсеткен екі жендет те бұған жай әншейін тауық ұрлап, тайынша ұрлап қашып жүрген сұғанақ, біреулердей көрінді. Олар осы бір ұрлық қапты сарайдан тезірек алып кетсе екен деп асықты.
Ертеңіне оған абажадай хан сарай бұрынғысынан бетер құлазып кеткен тәрізденді. Базар жаққа жіберген жансыздары да жарытулы ештеңе айтып келмеді. Қалт-құлт безбеннің екі басына кезек алақтап тұратын саудагер немелер көк тіреген көгілдір мұнараға қарап қоюға да мұршалары жоқтай. Шаңқ-шаңқ саудаласып, сарт-сұрт қол алысып, артық тиын-тебен жырғандарына мәз. Ол немелер тіпті дүниеде бұның, Ұлы Әміршінің бар екендігін де ұмытып кеткендей. Шаһар іші тым-тырыс. Әлде бәрінің де осылай бітерін әлдеқашан біліп қойған ба, бұл жіберген саудагер боп жүрген, дәруіш боп жүрген жансыздар қала халқынан да, шартараптан шұбырып жататын келімсек саудагерлерден де құлақ елеңдетердей ештеңе ести алмай қайтады. Жансыздар енді Ұлы Әміршінің көзіне көрінуге беттерінен басатын болды. Жансыздың бастығы базардағы шуылдақтың мынау сілтідей тына қалғандарын ішінен жақсылыққа жори қоймады. Саудасымен болып жатқан дағара бас алыпсатарлардың жылтыраған сақал-мұрттарының әр қимылын аңдып, іштерінде қандай ит өліп жатқандарын біле алмай дал болды. Енді олар саудасы жүріңкіремей, дүкендеріне көп адам келіп-кететіндерді тек базар ішінде емес, үйлерінің маңынан да аңдитынды шығарды. Махалла-махаллаларда қаңғырма дәруіштер, қайдағы бір ақсақ-тоқсақ қайыршылар көбейіп кетті. Бір топ жансыз баяғыда үйіне мұнараны салған ортөбелік шебер жігіт тұрған судагерді айналдырып көріп еді, ол неме де хабарға жарытпады. Сол баяғысынша кімді әскияда жеңгенін, кімнің беденесіне бәс тіккенін айтып лепіргеннен басқа оның аузынан да жартымды ештеңе шықпады. Тек бір рет: «Мұнараны салған шебердің әкесі де баяғыда дәл осылай қуғынға ұшырап, қашып кеткен-ді. Содан араға жиырма жыл салып, баласын Байтақ шаһарға әкеліп, мешіт салып жатқандардың арасына қызметке орналастырып, кексау аурудан өліп қалды. Көрерсіңдер, баласы да сөйтеді. Бұның үйінде тастап кеткен дүниесі бар, соған ақыр түбі бір келеді»,- деп мақтаныпты. Жансыздардың бастығы оның соңына енді мықтап түсті. Бір күні жансызын әскияға жіберіп, әлгі мылжыңмен айтыстырып көріп еді, қызып алған неме, талай-талай сандырақты көкігенмен, ханым мен шебердің арасына килігетіндей ештеңе айтпады.
Әміршіге шаһар халқының дәл мынандай ауыздарына сақ бола қалғандары үнамады. Оның сырына түсіне алмай, талай таңды көзінен атырды. Өз тілдерін өздері жұтып қойғандай меңіреулене қалған көп шуылдақты қайтадан қайтып дуылдатарын біле алмай дал болды. Ертелі-кеш ерсілі-қарсылы сенделе-сенделе жіліншегі үзіліп кете жаздайды. Абажадай кең бөлмедегі әрбір тозаңды жатқа білетіндей болды. Енді оның ішінен қаңғыма ойына ілесіп айдалаға лағумен болатын кезбе жанарын бірауық тоқтататындай да ештеңе таба алмады. Қайта-қайта терезе алдына келеді. Терезе алдына келсе, ішіне шоқ түсіп кеткендей байыз таба алмай жүрген мұны үнсіз табалап тұрған кек мұнараны көреді. Кек мұнара басы қатқан падишаны әжуалағандай күлім-күлім етеді.
Кейде сол күлімдеп тұрған көк мұнараға көзі түсетін көп шуылдақтың бәрі де сыртынан бұған миықтарынан күліп тұрғандай көрініп кетеді. Мына күлімдеп тұрған әзәзіл мұнараны көрген есі дұрыс адамның ештеңе ұқпауы, ұқса, мұны әжуа қылмауы еш мүмкін емес. Ендеше мы-нау көк мұнараны құртып тынуы, сүйтіп жұрттың езуіндегі жымысқы күлкіні көмірге айналдыруы керек. Әйтпесе ол мынау жан алғыштай жалаңдап қыр соңынан қалмай қойған қияңқы мысқылдан құтыла алмайды. Әркімнің жүрегіне қонақтап алған әзәзіл табаны сүйтіп аластағаны жөн.
Енді жазыла бастаған жон арқасы кенет қайта құрысып қалады. Бұл ханым тұрғызған кек мұнараны өз қолымен қиратқызса, ел көңіліне қонақтаған әлгі бір сұмпайы лақапты өзі растап шықпай ма? Біреуден біреу естіп, анықтанығына көздері жетпеген соң, пұшайман болып жүрген күмәндарын біржола шындыққа айналдырып, басына төніп тұрған масқара бұлтын өз қолынан қоюлатып алмай ма?
Ол қайтадан амалы таусылып, кеміріліп бара жатқан екі шекесін қолымен мытып ұстап, шөгіп отыра кетеді. Солай алсал отырады да, бір уақыттарда қарғып тұрады. Жаңа ғана амалсыздықтан күлгін қоламтадай бозарып жатқан кемескі жанары кенет шоқтанып шыға келді. Мына томсырайған еріндердің ар жағынан бері шыға алмай жатқан пұшайман қаңқуды сол жатқан жерінде біржолата тұншықтыратын амалды ақыры тапты. Оның бұдан артық жолы болуы еш мүмкін емес. Көк мұнараға байланысты бар шындықты өз көзімен керіп, әз қолынан өткерген бір ғана адам бар. Ол - бас шебер. Ел арасына қаңқу тараса, тек содан ғана тарайды. Ендеше оның кезін құрту керек. Мынау іштерінен тынып жатқан ұры көз жұрттың назарын соған аударуы керек. Күлімдеген көк мұнараға бір жан қол кәтерсе, тек сол ғана көтере алады. Бас шебердің езінен бір мысқал асып кеткен кісіні әкесін өлтіргеннен бетер жек көретінін басқа білмесе де, бұл біледі. Көк мұнараның елге көрсетпей бір кірпішін алып таста десе, ол қуана-қуана істейді. Іші тар шебер сосын қылмыс жасап жатқан жерінде ұсталады. Ел арасына «Бас шебер көк мұнараны салған жас шеберді көре алмайды екен, ол салған мұнараны астыртын құлатып тастай жаздапты. Тіпті анада Әміршіге жас шебердің үстінен ғайбат айтып барып, жазалатқан да сол екен», - қаңқу тарайды. Әмірші өз тұрғыласына қысастық қылған іші тар шеберді жұртқа естіртіп жазалайды. Көп шуылдақтың сосынғы әңгімесі екі шебердің арасындағы бақастық турасында боп кетеді де, ханым жайындағы қаңқу өз-өзінен жоққа шығады. Бұның астанасының көркі - көк мұнара да сол орнында тұра береді. Әміршінің айтқанын жансыздардың бастығы бас-аяғы екі күннің ішінде жайғастырып шықты.
Аяқ-қолына кісен салынып, айдалып әкелінген бас шеберді Әмірші тергеп-тексерген де жоқ. Сақал-шашы бір түнде ағарып кеткен бас шебердің жүзіне тесіле қарап отырды да, әлдене дегісі кеп, кемсеңдей бастағанда, қасындағы сақшыға дереу аузын байлатып:
- Ғайбатшыл неменің басын пәлеге душар қылған сасық тілін кесіңдер де, зынданға апарып қамаңдар. Сонда шіріп өлсін! - деп әмір етті.
Ол есіктен сүйретіліп шығып бара жатқан бас шеберге жиіркене қарап тұрды. Опасыздық пен зұлымдықтың қыл көпірінен талай өткен Әмірші іші тар, күншіл адамдарды жек керетін. Бірақ қарауындағыларға бастықты ылғи сондайлардан қоятын. Әсіресе шеберлерге, зергерлерге, ұсталарға әр қилы өнер адамдарына, ылғи да ішегіне қыл айналмайтын қарауларынан бастық қоятын. Өйткені, ол өз астанасының ажарын дүниедегі барлық астаналардан асырмақшы еді. Сол үшін де дүниедегі ең мықты деген шеберлерді өз қол астына жиып баққан-ды. Мұндайда кең пейіл кісінің мақтағандарын жинағаннан гөрі әлгіндей қызғаншақ, тар пейіл кісілердің жамандағандарын жинаған дұрыс. Өйткені, дүниедегі ең қырағы кез қызғаншаққа біткен. Ондай немелер өзінен сынық сүйем асатын біреуді көрсе болды, дереу байбалам сала бастайды. Дәл мынау есіктен сүйретіліп шығып бара жатқан көзі ылғи қысыңқы, құлағы ылғи түріңкі жүретін ылғи қатпа, жыламсақ неменің ғайбатының арқасында ол талай-талай бармағынан бал тамған щеберлерді тапқан-ды. Бірақ өзін бас шебер қойғанмен Байтақ шаһарда жұрттың көзіне түсетіндей ештеңе салдырмады; ол салған жалғыз нәрсе - хан сарайының астындағы тас зындан ғана. Тас зынданға түсер жерге Әмірші: «Барар жерің бәрібір жердің асты» - деген бір ауыз сөзді қашап жаздырған-ды. Ендеше, әлгі неме сол өз қолынан салынған тас зынданға өзі барып отырып көрсін.
Әмірші мынау сілімтік немені зынданға салғызғанына анадағы жас шеберді азаптағанынан гөрі әлдеқайда көбірек айызы қанып қалды.


V


Бас шебердің зынданға түскені жайлы хабар шаһар ішін бір дүңк еткізді де, басыла қалды. Әбден ажалы жетіп тұрған қураған шөпке от тигендей тез тұтанды да, тез сөнді. Бір-екі күн бойы өлген әкелері тірілгендей екі езуі екі құлағында келетін жансыздардың қабағы қайта салбырады. Үлкен ханымның сарайы сол баяғысынша тым-тырыс. Әмірші есігінен аттаған адамның аузына телміреді, әр қимылын көзімен тінтіп сыр тартқысы келеді. Тіпті дастарқанға қойылған тамақтан да, салынатын тесектен де, қызметшілері күнде жаңартып әкелетін киімдерден де әлдеқандай тұспал іздейді. Бірақ ешқайсысынан да назар аударта қоятындай нышан байқамайды. Бәрі де тап-тұйнақтай. Енді оған қызметшілері бұның көңілінің қалтарыс түкпірінде жатқан ең бір тұңғиық құпияны түгел біліп ап, бұның ойына күдік шаптырмаудың айла-амалын қарастырып жүргендей көрінеді. Тіпті күні бойы шаһарды шарлап қайтатын жансыздары-ның өзі бұның жанын жараламасқа естіген жайсыз хабарларын жасырып, әншейін көңіл алдарқатар бірдеңелерді әдейі айтып келетін секілді. Шынында да, мұның шамына тиетіндей сөлекет хабарды олар естісе де, тістерінен шығара ма? Өйтіп өле алмай жүр дейсің бе? Ендеше, елден естідік деп айтып келетіндері шетінен шып-шылғи өтірік.
Шаһардың халқы мынау жұмбак, мұнараны әлдеқашан-ақ сан саққа жүгіртіп қойған. Олар мұнараның күлімдейтінін де, жас шебердің жазаға қалай ұшырап жүргенін де, бас шебердің ойда жоқта зынданға қамалу себебін де жақсы біледі. Қажет десеңіз, Ұлы Әміршінің жорықтан қайтқалы Кіші ханымның сарайынан аттап шықпай қойғанының сырынан да хабардар. Әмірші жас иіс қызықтап, жар құшып алдарқанатын жастан кеткен. Ендеше ол осынша ұзақ уақыт нақ сүйерімен мауқын басып жатқан жоқ. Бетіне шіркеу бірдеңесі болған соң ел көзіне көріне алмай жатыр.
Әмірші осыны ойлағанда, әлдекімнің сұғанақ қолы шымбайына батыра шымшып алғандай ыршып кетеді. Орнынан атып тұрып бөлме ішінде сенделіп жүреді, жүреді де, байыз таба алмай бақ кезеді. Өзінен басқа тірі жан аяқ баспайтын, оңаша бақта да мың сан көз оны тасадан бағып, көз жазбай аңдып тұрғандай көрінеді. Ол көп жүрмей бөлмесіне қайта оралады. Әлдекім желкелеп әкеп, осы бір төрт қабырғаның ортасына қамап кеткендей, ешқайда аттап шыға алмайды. Құлыпсыз түрме, кісенсіз тұтқын. Ол үшін ендігі тірлік түп-түгел түрмеге айналғандай. Оған ең азы, кез келген жұмыр басты пенденің көлденеңнің көзінен тасадағы азын-аулақ еркіндігі де бұйырмаған. Әр адымы санаулы, әр сөзі аңдулы. Былайғы пенденің бәріне тән қарапайым тілек, іңкәр атаулы оған жат. Өйткені ол жұрт таңғалмайтындай ештеңе істеуге тиісті емес. Жұрт секілді қарапайым іс істесе, жұрт секілді қарапайым сөз сөйлесе, көбік ауыз көп қара таяқтың табасына ұшырайды. Бұның ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүріп қалған қара тобыр күні кеше тәңір тұтып, аузына қарап жүргендері өздері сияқты жай әншейін пенде болып шыққанын көрсе, тұлындарын түтеді. Баяғыдан бергі алданып келген ақымақтықтарының өшін табамен қайырады.
Олар дәл осы қазір де мұны жабыла жамандап, жабыла табалап жатпағанына кім кепіл? Талай-талай тәж бен тақытты жай түскендей домалатқан падиша еркектің темір тегеурінін аңсаған мекер ұрғашының қомағай қолқасын орындайтын қайран таба алмай қор болғанын айтып, ішек-сілелері қатпайды дейсің бе? Кез келген еркек кіндіктей өз көзіне шөп салған өзге еркектен кегін жария қайырмай, бұқпантайға салып жүргенін айтып мазақтамайды дейсің бе? Тәңірден соңғы зор деп жүргендері кісінің қоры боп шыққанына әбден айыздары қанып, бір жасап қалатын шығар. Шіркін, сол бір сыпсың-сыпсыңды өз құлағымен естір ме еді. Сандарын соғып, беттерін шымшып мәз-мейрам боп жатқандарды өз көзімен көрер ме еді... Мынау көкірегін көр тышқандай кеміріп жатқан меңіреу күдік-күмәннан соның өзі дұрыс болар еді. Бұл ел аузына құм құям деп тыраштанған сайын сол сұмпайы лақап күшейе түсетін сияқты. Ендеше бұл несіне бұқпантайлайды. Ел көзіне неге көрінбейді.
Енді не де болса, мынау қаракөлеңке үңгірде кәрі агодай қамалып жатып, абырой таба алмасы белгілі болды. Ел не десе о десін. Қайткен күнде де мынау байлаусыз тұтқыннан босанбай болмайды. Күмән мен күдіктің шірік арқанын үзіп, халықтың көзіне көрінуі керек. Сонда жұрттың ауыздары барып айта алмай жүргендерін, ең болмаса, көздерінен аңғарады ғой.
Ой, шіркін, баяғыдағы бір замандар болса, дәл қазір қара тобырға қас қылғанда ұлан-асыр той жасар еді. Жұртты аузы-мұрынынан келтіріп, шарапқа қандырар еді. Сосын мас болғандардың не деп көкіп жүргендерін тыңдап көрер еді. Олай етудің енді, міне, еш қисыны келмей тұр. Байтақ шаһар түгілі төңірегіндегі өз әулеті мен әмірлерінің не ойлап, не қойып жүргенін біле алмай пұшайман. Олардың басын қайтып қосса екен... Шы- нында да мына мұнара оның бетіне шіркеу болған тәрізді. Бұның осы бұншама бүгежектеп қалғаны несі? Қанша дегенмен жалпақ жаһанды қалтыратқан қаһарлы хан аты бар емес пе? Сол немелерді жиып ап, бетпе-бет кездесіп, көздеріне неге үңіліп көрмейді. Оның үстіне мынау тас қамауда қашанғы қамалып отыра бермек. Басқаны былай қойғанда бауырынан шыққан шұбар жылан Кіші ханым мен әр адымын аңдып, тың тыңдап жатқан бәйбішесіне, солардың соңындағы көп шуылдақ нөкерге таба болмай, серпілмей ме бір... Өзі не істесе де, ауыздарын ашып, айран-асыр қылатын қор көкірек көп надан, бәлкім мұның бұл қылығына да жерден жеті қоян тапқандай таң қалар. Ең болмағанда, әйтеуір, өз төңірегіндегі көп шуылдақтың көңілдеріне не қашып жүргендерін аңғарып қайтады ғой.
Ертеңіне Әмірші бас уәзірді шақыртты. Бас уәзір есіктен бүгежектеп әрең аттады. Бір қараса ар жағындағыны түгел көріп қоятын бадырақ көзін жерден көтерген жоқ. Әмірші бүйрығын айтып бола бере, құлдық ұрып шығып кетті. Әміршіге кәрі түлкінің дәл мынадай қорғалақтап қалғаны үнамады. Өз ойындағы күмән шын боп шығып жүрмесе қайтсін. Сарай маңындағылар Әміршінің кейінгі қылықтары неден өрбіп жатқанынан түгел хабардар емес пе өзі? Әлгі түлкі бірдеңеден сыр алдырып қалам ба деген кісіше кетуге асықты ғой. Өңінде бір үрей бар сияқты. Әлде бұдан өзі жоқта мынандай сұмпайы мұнараны неге салдырдың деп, бас шебердің кебін кигізіп жүре ме деп қорықты ма екен? Ол да мүмкін-ау! Қап, өзін жібермей ұзағырақ ұстай тұрмаған екен. Көп адам мұның үнсіз сотына шыдай алмай, қипақтап бітетін. Ол бос уәзірді тағы көргенше асықты. Одан басқа сарай адамдарын да, балалары мен әмірлерді де тезірек көргісі келді. Олар да алгі бас уәзір құсап бүгежектер ме екен, жоқ па екен? Егер олар да жаңағы құсап, бастарын іштеріне алып, қорғалақтай бастаса, бірдедені білетін болғандары...
Төрт-бес күннен соң Ұлы Әмірші аңға аттанатын болды. Үйір-үйір аңшы иттер, тазылар, садақшылар, Әміршінің қара-құрым жеке нөкері, аспаздары мен қызметшілер, аң үркітетін кернейшілер мен дабылшылар -ұзын шуақ керуен астанадан шығып, ту-ту көз ұшында еміс-еміс көгеріп жатқан зеңгір тауларға беттеді. Бір күншілік жол жүріп керуен тауға да жетті. Сарай адамдары, әкімдер, қол басылар, Әмірші әулеті ақар-шақар шыңдардың арасынан арсы-гүрсі құлайтын жойқын өзеннің бойындағы ну жынысты қойнауға шатырларын тікті. Тау арасы мен өзен бойындағы жыныстарды түгел сүзіп шығатын болды.
Қызылды-жасылды керуен, жүзіктің көзінен өткендей сүлік сәйгүліктер, бес қарулы беліндегі сәнді саптар бұның баяғы бір шарасына толып шалқып жүрген дәурендерін еске түсіргендей. Жазықта миыңды шағып тұрған шақар шілде тау қойнауына кірген соң, қайратынан айырылып қалыпты.
Тау бойына қонған күні Әмірші ағыл-тегіл дастарқан жайды. Шарап судай ақты. Жұрт қанша дуылдасқанмен, Әміршінің құлағы елең етердей ештеңе аңғарта қойған жоқ. Бәрі де сол ертең басталғалы тұрған аңшылықтың жайы. Ат мақтаған, ит мақтаған, құс мақтаған кеу-кеу. Мергендіктерін салыстырып қызарақтасқан мақтан әңгіме. Әмірші айналадағы абыр-жабырға құлағын тоса отыра ренжірін де, қуанарын да білмейді. Әлденеден алданып қалған адамдай, қабағын салбыратып, тұнжырай түсіпті.
Сол күні түнде де көз іліндіре алмады. Аңшылыққа қонған самсаған көп шатырда сес жоқ. Маңай тым-тырыс. Сыртта маужыраған жазғы түн. Саф ауа, өн бойын ал-сал албыратып бара жатқан бал шарап. Ертеңіне ертөмен басталғалы тұрған ду-ду сайран. Одан артық қандай рақат керек. Көрші шатырлардан қор-қор дыбыс көбейді.
Әміршінің жақсы көретіні осындай түндер, осындай өмір. Сонау Байтақ шаһар мен қыстақтардың шым-шытырық махаллаларына тарап-тарап кеткеннен кейін соңындағы мынау көк найзалы қарақұрым қол түзеп жүрген көп еркек әрқайсысы бір-бір қатер, бір-бір үрейге, ең құрығанда бұл жайында аузына не келсе, соны оттап отыратын бір-бір көкімеге айналады. Ал қасында жүрсе бәрі жіптіктей, бәрі момақан. Қасы мен қабағына қарайды. Кейде тіпті олар бұның шетсіз-шексіз көп үрім-бұтағы секілденіп кетеді. Әншейіндегі бейбіт өмірден бір елі аттап шыққан соң, бәрі бірдей бұны паналап, баурына кіре түскендей. Міне, айлы түнде, жан-жағынан анталаған ақар-шақар шыңдардың арасында, бабасының төсегін шыр айнала қоршап алып ұйықтайтын тентек немерелердей, қаннен-қаперсіз қорылдасып жатыр. Аңғар табанындағы ағын су солардың құдіретті ңорылымен бәсекеге түскендей, түнгі тыныштықты басына көтере сарқырайды. Оның сергек құлағы жұп-жұқа жібек шатырдың ар жағындағы ұлан-асыр дүниедегі сәл сыбыс, сәл сыбдырды қалт жібермей ңағып ала қояды. Жүйкеңді тікен боп шағар, кірпігіне тіреу боп қадалар бөгде дыбыс жоқ. Түнгі тыныштық тамылжып-ақ тұр. Бірақ көзіне ұйқы үйірілмейді. Айналадағы жыныс арасынан аң иісін сезе ме, оңшау қостағы тазылар қайта-қайта қыңсылай береді. Шатыр сыртында құлаққа естілер-естілмес қыбыр көп. Әлдебір жәндіктер жыбыр-жыбыр түнгі тіршілігіне кіріскен. Әлдеқайдан шілделік шырылдайды. Соншалықты қарапайым болса да, бәрібір ақылың жетпейтін шым-шытырық шытырман дүние. Пәлен күннен бері көкірегін көк түтіндей бықсытып келген көп тұман ыдыраған тәрізді, бірақ біржола сейіліп те кете қоймапты. Ұйқысы келмегенмен өне бойы құп-қунақ. Мынау маужыраған тыныштықтың қойнына біржолата сіңіп кеткісі келеді. Тақты, тәжді, төбесіндегі шатырды талақ етіп, жым-жырт түнгі мұнарға бөгіп манаурай жатқан маужыр табиғаттың құшағына бір-ақ сүңгіп жоғалғысы келеді. Сырттағы түн салқынын пайдаланып өз қарекеттеріне кіріскен кішкене мақұлықтардай не істеп жатқанын өзінен басқа ешкім білмейтін, бөгде көзге еш қызығы жок, бір елеусіз тіршілікке көшкісі келеді. Ізін баққан көп көз бен көп сөзден құтылса, қайтадан ешкімнің ала көзіне ілікпейтін жай бір жұмыр басты пендеге, тіпті кез келгеннің, аяғының астында жататын елеусіз мақұлқатқа айналсын мейлі, әйтеуір мынау көзге шыққан сүйелдей көзтүрткі өмірден құтылса, еш арманы болмас еді. Қазір жібек шатырдан сытылып шыгап, ну жыныстың арасына қойып кетсе ғой, шіркін. Ертең соңындағы қарақұрым нөкер не өзін, не сүйегін таба алмай, Байтақ шаһарға қайтар еді, ел аузында бұл жайында небір адам сенгісіз алыпқашты аңыздар тарар еді. Бұл соны естігенде миығынан күліп, ақымақ тобырдың көк ми есуастығына әбден айызы қанар еді...
Әмірші мынау қасқыр қиялының ешқашан жүзеге аспайтынын білсе де, көңілі бір түрлі тыншу тапқандай болды. Шатырдың аузынан бастап, бүкіл қосты шыр айнала қоршап жатқан кілең сақшы бұдан тіріде көз жазар ма...
Өзі ойлап шығарған төр мен тәртіптің қыл тұзағы өз тірсегіне түскенін ойлағанда, Әміршінің көкірегі қайтадан кермек тартып қоя берді.
Бірақ Әмірші өне бойын балбыратып бара жатқан жым-жырт түннің жұмбақ рақатынан айрылғысы келмеді. Әлгінде ғана өзін пейіштің төріндей бір жайлы мекенге бастай жөнелген тентіреуік соқпақты қайтадан тауып алды. Ол оны мынау аңшылық алдында алаңсыз қорылға басқан қостан, күдік пен күмәнды кезек құшқан пұшайман тіршіліктен біржолата алыстатып, әлдеқайда жетелеп барады. Енді бұл өмір, бұл өңірге ешқашан оралтпастай.
Ол мынау қарғыс атқан қағынды өлкеден алыстаған сайын басындағы зіп-зілдей тәжден, үстіндегі оқалы киімнен арылып, тұла бойы жеңілейіп бара жатқандай көрінді. Бір уақытта тіпті иығындағы лыпа ихрамга айналып кеткен екен дейді. Ақ майса топырақты жалаң аяқ борп-борп басып келеді. Көз алдында бұл бұрын көрмеген бейтаныс өлке. Күн мен жел мүжіп тастаған қоңыр таулардың ортасында шағын шаһар жатыр. Соған қарай ұзын-шуақ көп тобыр жөңкіліп барады. Соңда-рында ілбіп бү да келеді. Әлдебір сөздерді қырық қайтара қақсай бергендіктен тамағы құрғап, даусы қарлығып қалыпты. Қанша айқайласа да, үні шықпайды. Тек еріндері ғана жыбырлайды. Алдынан кесе-көлденең түсіп жатқан қара сұр жота көрінді. Жұрттың бәрі соған қарай емпеңдей жөнелді. Түс ауа олар әлгі жотаға да жетіпті. Жотаның басына үстіне кілем жапқан ашамайлы аппақ желмаяға мінген ақ сәлделі біреу көтерілді. Түйеден түспеген күйі, тізесінде жатқан кітапты ашып, күңірентіп оқи бастады. Күңіренген қою даусы оқтын-оқтын үзіліп кетеді. Сол кезде ихрамның етегін қолдарына ұстап, желпіп тұрған көп тобыр:
- Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірміз,- деп шу ете қалады. Мұндай құлдық ұрған сөздерді өзгелерден естігенмен, өзі айтып көрмеген Әмірші қапелімде аузы илікпей, жамырасып жатқан жұртқа көптен соң барып қосылады. Қасындағылар ағыл-тегіл жылап тұр. Бұның көлденең көзге сыр алдыртпаймын деп, көн боп қатып қалған сұп-сұр бетінде бір тамшы жас көрінбейді. Кеңірейіп тұрғанын біреу-міреу аңдап қалмасын дегендей жұрт айтып жатқан ұзын сарынға қосылып, жерден басын көтермеген күйі ол да әлдене деп ернін жыбырлатады. Түйенің үстіндегі ақ сәлделі кісі алдында жатқан кітапты жауып, қолын жайып бата қылды. Жұрттың бәрі жер тізерлей кетті. Батадан соң қара сұр қыраннан ине шаншар жер қалдырмай жыбырлап тұрған көп халық етектегі қойнауға қарайлап қойды. Бір жерде бү да келеді. Өкпесі өшіп барады. Бірақ жұрттан қалып қоймайын деп ақ тер, көк тер боп жүгіріп келеді. Бұлар жотадан тусе бере әлдеқайдан ызы-қиқы саздар сарнап қоя берді. Аспанда жарқ-жұрқ оттар атылды. Мана күндіз әлгі ақ сәлделі адам құран оқыған қара сұр қыраңға келе жатып, көзіне түскен кең қойнауда қаз қатар тізіліп тұрған ағаш мұнараларға әлдекім от берген бе, шырадай маздап лаулап жанып жатыр. Шошақ-шошақ төбешіктер арасындағы иір-иір қойнаулар быжынаған отқа толып кетті. Кең алқапқа самсай қонған шатырлар тунгі алаудан әр алуан шұғылаға малыныпты. Осынау мидай қайнаған алабажақ дүниенің ортасында о да таң атқанша сенделіп шықты.
Ертеңіне кешегі ақ түйелі адам тағы да дұға оқыды. Жұрт тағы да жапатармағай намазға ұйыды. Намаздан соң тағы да етекке қарай жеңкіле жөнелісті. Қойнауға кіре берістегі жол ортасындағы қаққан қазықтай қара тасқа әркім қалтасынан жүгерідей-жүгерідей жеті қара тас алып лақтырды.

1Мекеге қажыға барғанда киетін киім.

Алқаптың орта тұсына жете бер-генде, тағы да тап әлгіндей қап-қара тас баған жолықты. Оған да жеті тас тастады. Ең соңында жұрт бұжыр-бұжыр қара тастардан қалай болса солай қалай салған тас қабырғаға тірелді. Оған да жеті тас тасталды. Олар енді дәу-дәу тай қазандар асылған жер ошақтарға беттеді. Қазанның маңында қолына сапы ұстаған қасапшылар жұрттың ишарға атаған малдарын жайғастырып, әлеңкідей жаланып жүр. Қазандықтардың арасында қайдан шыққандары белгісіз, қайдағы бір жұтынған жарлы-жақыбайлар, қол жайған қайыршылар қаптап кетіпті. Ихрам кигендер бір шетке шығып, қолдарына иір мойын жез құман ұстаған біреулерге шаштарын жібіттіріп жатыр. Біреуінің алдына барып, жүрелеп бү да отырды. Иір мойын жез құманның шүмегінен саулаған жылы судан көптен бері құрысып-тырысып жүрген төбе құйқасы бірден жазылып жүре берді. Шашын жібітіп тұрған қайыс қара қынынан сумаң еткізіп ұстара суырып алды. Қимылына көз ілеспейді. Бұның шашын әпсәтте-ақ сыпырып тастап, енді аяғы мен қолының тырнағын алуға кірісті. Сосын шашын бір бөлек, тырнағын бір бөлек түйді де, екі кішкене түйіншекті қосақтастыра байлап, жерге көмді.
Тай қазандар түсірілді. Иін тіресе жайғасқан қарақұрым халыққа табақ-табақ ет тартылды. Ертеңіне жұрт шатырларынан шықпай күн ұзаққа дем алды. Араға тағы бір күн салып барып ойпаңда жатқан шаһарға беттеді. Түске таман шаһарға жетті. Қарсы алдарынан мысырлықтар алып келген су жаңа қара перде жабылған қағба көрінді. Жұрт қағбаның дәл қасына кеп тоқтады. Әлде-кім бірдеңені дар-дар айырып жұртқа үлестіріп беріп жатты. Ол тәбәрікке жыртылып жатқан қағбаның бұрынғы шымылдығы екен. Анадайда қади уағыз айтатын мәрмәр мінбар ағараңдайды. Зәмзәмнің құдығының үстіне шағын күмбез орнатылыпты. Ол да жапа-тармағай қол жайып жатқан жұртпен бірге дұға қылды. Сосын қағбаның қара тасының қасына барып тұрды. Қара тастың үстіңгі беті жұрттың ерні мен қолының табынан жып-жылмағай боп жылтырап қалыпты: ал астыңғы беті қаралтым, қызғылт дақтары мол, тарғыл-тарғыл. Өзгелер еріндерін апарғанда былқ етпестен жатқан қара тас бұл еңкейе бергенде, бір қапталға қарай жылысып кетті. Қолын ұмсынып көріп еді, о да жетпеді. Көк желкесінде итермелеп тұрған көп тобыр оны қара тастың қасынан ысырып, ығыстырып әкетті. Ол үрдіс бойынша екі иығын жоғары-төмен қиқақтатып, бүлкілдей жүгіріп, қағбаны үш рет айналып шықты. Әр айналып шыққан сайын қара тасқа еңкейеді, ол бұдан қашқақтап, әрмен жылысып кетеді. Енді жүрісін баяулатып, жай аяңмен қағбаны тағы да төрт рет айналып шықты. Әр айналып шыққан сайын қара тасқа иілгенмен, ол бәрібір маңайлатпай қойды. Өзге жұрт аузы жетпесе, қолдарын тигізіп жатыр. Бұл дегенде қара тас ойнақшып орнында тұрмайды.
Ол енді жұртпен бірге ауланың ішіндегі қағбаны салған Ыбырайым пайғамбардың қабіріне барып тағзым етті. Зәмзәмнің құдығынан су тартып ішті. Киелі құдықтың суы бір түрлі алғаулы екен. Ішкен сайын өңешін шоқ боп қарып жатқандай.
Жұрт қағбаның ауласынан шығып, анадай жерде бір-біріне қапталдаса сұлап жатқан егіз тау Саф пен Мәруға қарай бүлкілдей жөнелді. Бұ да еріп келеді. Көз алдынан маңына бұл жоласа болды, сырғанақтап бір орнында тұрмаған қара тас кетпей қойды. Иығына алғаш ихрам ораған күннен бастап, қажыға келген кісіге шартты кәденің бәрін істеді; Ғүсылын да, намазын да қаза жіберіп көрген жоқ; тырнағын бояттырып, өне бойын ібіліс ластықты қуып шығады дейтұғын киелі маймен сылаттырды; үмраны уақтылы атқарып, ишарға ақ түйе атады. Қағбаның ауласына жерленген жұзден астам пайғамбардың қабірінің қай-қайсысын да атаусыз қалдырмай, бастарына садақа байлаған-ды. Иығында иһрам барда қан төккен, жеміс жеген, айнаға қараған, көңіліне қара не күнә қашқан жері жоқ; өңі түгіл түсінде жанына ұрғашы жолап көрген емес. Сөйте тұра қажы атанып, басына сәлде орайтын шақта киелі қара тас қақпайлап мұны маңына жолатпай қойды. Ол мынандай ауыр жазаға қай пиғылынан тап болғанын біле алмады. Қасиетті Меке топырағын аттап, үмра мен хажының барша жол-жорасын түгел атқарған, ңағбаның қара тасын сүйген мұсылманның қай күнәсі де кешіріледі дейтіндері қайда? Зәмзәмнің суы көкірегін сілтідей жидітіп бара жатқаны несі?
Ол алдында бұрқ-бұрқ шаң көтеріп бүлкілдеп бара жатқандардың соңынан қызыл танау боп салып ұрып келеді. Тамағы құрғап, тынысы бітіп қалды. Көз алдынан сол баяғы тарғыл-тарғыл киелі тас кетпей қойды. Ол мұның алдына түсіп ап, шарықтың тасындай шыр көбелек айналып, қашып бара жатыр екен дейді. Қанша қуғанмен жеткізер емес.
Шұбырған халықтың алды баяғыда Ыбырайым қағба салып жатқанда жалғыз ұлы Ысмайылға бір жұтым су таба алмай әйелі Агөрдің жеті рет айналып жүгіріп шыққан Саф пен Мәрудің арасындағы қойнауға жетті. Екі өкпесін қолына алып, бұл да келді. Жан даусы шығып: «Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірмін» - деп айқай салып келеді. «Тек жұртқа жасаған мейіріміңді маған да қия гөр» - деп екі етек боп жалбарынып келеді. Бірақ тірсегінен қағып өтіп, шыркөбелек үйіріліп, шыр айнала қашып жүрген қағбаның қасиетті тарғыл тасы бұған бәрібір жеткізер емес. Ол дауысым Алланың құлағына тимей жатыр-ау деген кісіше, құрғап қалған көмейін қаттырақ кенеп, бар күшін салып, айқайлады: «Ләббай...»
Әмірші әлдебір әжептарқы дауыстан оянып кетті. Жібек шатырдан жұқалаңытып күн көрінеді. Шамасы таң әлдеқашан атса керек. Сырттағы жұрттың күбір-күбірі құлағына талықсып жетеді. Әмірші қасындағы кішкене қоңырауды сыңғыратып еді, есіктен қызметші кірді. Аң аулауға лайық ықшам киім әзірлепті. Ол киініп сыртқа шыққанда, күн тұсау бойы көтеріліп қалған екен. Аттың бәрі ерттеулі. Аңға қосатын тазылар, дүрегей төбеттер, бөрібасарлар мен аю алатын салпы ауыз арландар алақызып, жұлқынып қояды. Құсбегілердің қолындағы бүркіт, қаршыға, ителгі, лашындар таңғы тыныш ауаны бастарына көтеріп, жыртына шаңқылдасады. Мұнарсыз таңда қарлы шыңдар айнадай жарқы-райды. Төңірек тып-тыныш. Тек төменнен, аңғар табанынан тау өзені күркірейді. Мынау бес қаруы белінде, құс ұстап, ит ерткен қаһарлы қалың дүбірден өздеріне ешқандай қауіп жоғын білетіндей, кішкене жыршы құстар жақ жаппай сайрайды. Олардан басқа аң мен құс әлдеқайда жымып кеткен. Әмірші анадай жерде қаз қатар тізілісе қалған игі жақсыларға көзі түсті. Олар қоғадай иіліп, тағзым етіп жатыр. Әмірші солғындау сәлем мезірет жасады да, екі нөкер жігіті ұстап тұрған атына қонды. Садағын асты. Шоғыр-шоғыр жұрт үзеңгіге аяқ салысты. Кернейдің дөрекі үні қойнау үстінде көлкіп тұрған көк шәйідей көк ніл ауаны дар-дар жыртып, барқырай жөнелді.
Соңдарына кернейшілер мен дабылшылар ерткен аң қайырмалайтын шолғыншылар елдің ең алдымен аттанды. Олар топ-топ боп, аң жатар жыражықпылы мол, жынысы қалың ұрымтал тұстарға беттеді. Олар жол-жөнекей аң ұшырасса, игі жақсылар қапыда қалмайтын ашық алаңқайларға айдап шығады. Әмірші мен игі жақсылардың көк желкесінде көлденең қауіптен бас-көз болатын көп нөкер келеді.
Самсап шатырлар қонған салтанатты қосқа азын-аулақ қарулы сақшылар тасталды да, басқа жұрт аң қуатын қойнауға ағылды. Аң қайырмалайтындар ақ бас шыңдарға барып бір-ақ тірелетін сілем-сілем тар қолаттарды сүзіп кетті де, былайғы жұрт етектегі кең алқапңа бағыт түзеді. Тамақ пісіретін аспаздар таң атпай жатып қатар-қатар жер ошақ қазып, жағалай тай қазан асып тастапты.
Әміршіде үн жоқ. Қасындағылар да тым-тырыс. Олардың қасы мен қабағына қарап, құрақтай құлап құлдық ұрып жататыны әншейінде Әміршіні масаттандырып тастайтынды, бұл жолы көңіліне көк тікен боп қадалып келеді. Осы бір өңшең мүләйім жанар бұны бір түрлі мүсіркеп келе жатқаннан сау ма? Әмірші үшін одан асқан қорлық бар ма? Дәл мынандай тымсырая қалғандарына қарағанда, бұл немелер мұның жанын жеп жатқан жегі құрттан хабардар сияқты. Әншейінде аншылық десе, қай-қайсысысың да аяқ-қолы жерге тимей, делеңдеп кететін еді. Бұл жолы бәрі сап-салмақты бола қалыпты. Тіпті күні кеше ғана дастарқан басында қауқылдасып отырған-ды. Бүгін енді аяқ астынан бәрінің де аузына қақпақ орнап, сілтідей тына қапты. Әлде бұның манағы ұйқыдан шошып оянған әжептарқы даусын естіп қойды ма екен... Естісе, Әміршінің әлденеге қамырығып жүргенін, әрине, түсінеді. Ендеше, олар өз билеушілерінің түсіиде ұйқысырап аллаға жалбарынғанын іштерінен неге жорып келеді екен. Хан көңілін бебеулеткен қасіретті әрңайсысы әр саққа жүгіртіп әуре-сарсаңға түсіп келе жатқаннан сау ма? Әлде олар ішінен бұрынғы еміс-еміс естіген лақабымыз дұрыс боп шықты ғой деп келе ме екен? Егер бұған дейін құлақтарына ештеңе тимесе, Әміршінің манағы оқшау қылығына айран-асыр қап, таңырқамас па еді? Бірақ бұның індете қарайтын қырағы көзі ешбірінің бетінен таңырқаған рай көрмей келеді. Тымсырайған немелердің тылсым жүздерінде қайтып кетеміз деген өсіре сақтық пен көлгірліктен басқа ештеңе байқалмайды. Кейбіреулері жыныс-жыныстан аң қуалап кеткендерге әлсін-әлсін құлақ түріп қояды.
Олар ойпаңға енді құлай бергенде тау жақтан дабыра қағылып, керней тартылды. Арсы-күрсі тау езенінің жаңғырығымен жарысып, жапа-тармағай дүсір шықты. Сарт-сұрт сынған бұталар мен топ-топ тұяқ дүбірі, құлаған тастардың сылдыры ию-қию араласып кетті. Жұрт елеңдесе қалды. Әмірші тырп еткен жоқ. Иттердің даусы бірте-бірте жақындап келеді. Қасындағылар бұның ыңғайын бағып, ала қызба аттарының басымен үнсіз алысып қояды. Ол селт етпеді. Арна бойындағы қалың жыныстың тасыр-тұсыры тым кебейіп кеткен тұста барып, бас уәзірге иек қақты.
Жұрт одан біраз ұзаңқырап шыққан соң ғана, қойнауға қарай қиқу салып ағыза жөнелді. Әмірші ұлы дүрмекке қосылмай кейіндеп қалды. Сай бойынан бір үйір бұғы шыға келіп, етектегі ұлан жазыққа қарай құйғытып барады. Аңшылардың кебі солардың соңынан салды. Тағы бірнеше топ тау өзенінің екі бетіндегі кең қойнаудың әр тұсына сүңгіп-сүңгіп кетті. Жаңа ғана қасында тымсырайып-тымсырайып бұны бағып келе жатқан көлденең көздерден құтылған соң, ол аң қуып, ызы-қиқы боп жатқан ойпаңға құламай, ат басын бір қапталдан көлденең сұлаған, сай табанындағы ұлы арнаға барып қосылатын бір бүйең салаға бұрды. Сылдырап су ағып жатқан кішкене өзекті бойлай қалың қамыс өсіпті. Әмірші жылғаға жеткен соң аттан түсті. Нөкерлері де аттарын ұстап аңтарылып тұр. Қамыс арасындағы кішкене бұлаққа беттеген бұның соңынан ере жүруге батылдары бармай, орын-орындарында тұрып қалды. Ол қамыс арасына кіріп, бұлақтың жиегінде жатқан оңаша дөңбек тастың үстіне отырды. Таудың тап-таза суын алақанымен іліп алып, беті-қолын шайды. Сосын мойнындағы садағын ап, қасына қойды. Белбеуін босатып, тас үстіне жантайды. Көптен бері түзде жүріп, дәл бұлай оңаша кетіп көрмеген-ді. Бүгін таң атқалы ешкімді көргісі келмейді. Сол бір сасық ауыз көп тобыр сыртынан не десе, о десін, тек көзін сатып қасында отырмаса болғаны. Әйтпесе бұл олардың жүзіндегі әрбір болмашы қимыл-қыбырды аңдып, жүйкелеп бітеді.
Төңірегінің бәрі көк майса. Құрақ басындағы түнгі шық әлі түгел кеуіп үлгермепті. Қалың құрақтан бойларын асырып, ентелей қарап тұрған ақар-шақар шыңдар да түнде біреу шомылдырып кеткендей тап-таза. Өзекті бойлап келте самал желпіп өтеді. Мұның көкірегіне орнап қалған бір тымырсық қапырық бәрібір айығар емес. Есіне таң алдында көрген түсі оралды. Анау қарлы шыңдар түсіндегі Арафе мен Мұздалифтің, Саф пен Мәрудың күйген бауырдай қоп-қоңыр шоқыларына, көп шуылдақ қиқу салып аң қуып жүрген көк жасыл қойнау аяғыңды бассаң бұрқ-бұрқ шаң ұшқан Мин алқабына атымен ұқсамайды. Алайда түсінде көрген еңірдің шаң-тозаңы, ыстық жалап кеткен топырақтың күңірсік иісі кекірегіне біржола орнап қалғандай. Ғұмыры кермеген алыс өлкенің көз алдына тап осынша анық сайрап келе қалғанына қайран қап отыр. Әлде қажыға сан рет барып қайтқан пірінің әңгімесінің әсері ме екен. Кешелі-бүгін ойына да алмаған жер түбіндегі киелі өлке бұның түсіне неге кірді? Әлде ата-баба бұған басындағы мына дағдарыстан қалай шығудың жолын меңзеді ме... Шынында да, осы хажыға неге бармайды? Арғы-бергіде қартайған шағында қағбаның киелі тасын сүйіп, бастағы тәжді сәлдеге, қолдағы алтын балдақты асыға айыр-бастап пақырана дәруіш боп кеткен падишалар аз ба? Олардың да осындай пұшайман халге ұшырап, дүниеден баз кешіп кетпегеніне кім кепіл?.. Бірақ түсінде жер түбіне тәубе етіп барғанда қағбаның қара тасының оны маңайлатпай қойғаны несі? Әлде бұның күнәсі жер бетіндегі пенде біткеннің бәрінен көп, бәрінен кешірімсіз болғаны ма? Ендеше киелі кітапта тақ мініп, тәж кигендердің әлемге алла тіккен шатырдың алтын қазығына баланатыны қалай? Жаратқан ие өз шатырының тіреулеріне осыншама кешірімсіз бе еді? Әлде қарақұрым қара тобырдың ортасында бір бұны қақпайлағаны «жүрер жерің бұл емес, сенің жөнің басқа» дегені ме? Олай болса жаратқан ие бұны кез келген жұмыр басты пенденің басына лайық, ең болмаса, айтуға да аузың бармайтын күлді-көмеш тақсыретке тап қылғаны несі? Дүниеде ұрғашының мекерлігінен келетін кесапаттан асқан қор кесапат болушы ма еді? Талай қуғын, талай сұргінді көре жүре, талай жерде сілті ішкендей бола жүре, соның ешқайсысына тап осы жолғыдай апшымап еді. Олардың бәрі алмас ұстап, атқа қонар азаматтың шыбын жанын қиғанмен де, абыройына дақ түсірмейтін бұйрықты тауқыметтерді. Ол осынша масқараға ұшы-райтындай жаратқанға неден жазып қалып еді. Жазғаны алла тағаланың өзі бұйыртқан тәж бен тақтың абыройын қорғағаны ма? Талай күпірді жазмышқа бағындырып, талай кәпірді пайғамбардың жасыл туының астына жыққаны ма? Не істесе де, сәл тойынса, тәңірін танымай кететін қара тобыр таңғалмаса, табалай алмайтындай қып істеуші еді ғой? Өмір бақи сол бір нәпсі құлдарының қор көкіректері оңай кесіп-піше салатын оңай атау, оңай өлшемдерден қашып бағушы еді ғой. Әлде сол жұрттың бәрі ойламағанды мен ойласам, бәрі істемегенді мен істесем деген дәмесі күпірлік болды ма? Мүмкін, күпірлік болса болар, бірақ нәпсі деген нәйіс сөз мұның әлгіндей асқақ дәмесіне атау бола алмайды. Жоға, тәйірі... Күпірліктің де арғы төркіні нәпсі болатұғын. Кісіні күпірлікке қашан да тойымсыз нәпсі бастайтын. Астам өкімет, артық қатыгездік түгілі орынсыз сахилықтың өзі күпірлік. Барша күпірліктің ар жағында ындыны қанбас тойымсыз құштарлық жататын. Мақтан сүйгіштік, ләззат құмарлык,, бақ құмарлық -бәрінің атасы бір. Ер жүрек бау кеспе ұрының төсегі құр тұрмас салдақыдан ешқандай артықшылығы жоқ болатын секілді, өз қолындағы өкіметті орынсыз қызықтайтын падишаның да сол борбайын бұлдаған арзымсыз ұрғашыдан айырмасы шамалы.
Ендеше бұның қолындағы шексіз билік, атақ-даңқ, абырой - бәрі-бәрі жел етек ұрғашының бетіндегі арзан шырайдай, дүние қоңыз саудагердің қолындағы сасық дәулеттей, баянсыз фәнидің аз кіндік алданышы ғана болып шықты.
Ал сонда түсінде күлді көмеш фәни тіршілікте күнәға талай батқан былайғы жұрттың ешқайсысына бүлк етпестен тып-тыныш жатқан қағбаның қасиетті қара тасының бұл жуып кетсе болды, маңайлатпай, сырғанақтап шыға келетіні несі? Әлде ар жағындағыны айтқызбай білетін жаратқан иенің қырағы көзі бұның көкірегіне мықтап орнығып алған өзі тектестерге менсінбей қарайтын астамшылық сезімді аңғарып қалды ма екен? Ендеше, қасиетті қара тастың әлгі қылығы бұны басыңа алтын тәж киіп, астыңа алтын тақ мінгеніңмен арғы түбің ұрғашының етегінен шыққан өзегі қуыс пенде екендігіңді мойындамайтының бар, пенделердін пендешілігі ғана кешірілетін жерге құлдық ұрып несіне келдің деп кұстаналағаны болды ғой. Олай болса, қартайған шағында дүниеден баз кешіп, тақуалық құрып кеткен бағзы падишалар жалба-жұлба дәруіш тірліктен қандай жұбаныш тауып жүр. Бәлкім, олар әлгіндей пақырана күйге былайғы пенделердей істеген күнәмызға кешірім алар ма екенбіз деп емес, бойларынан күш, сөздерінен кие кеткен шақтарында қара тобырдың көз түрткісіне ұшырамайық деп түсетін шығар. Өйткені, пенде пақыр өзінен үстемге де, өзінен төменге де бірдей кешірімді ғой. Өзінен сәл жоғары тұрсаң, етегіңді сүйіп, аяғыңа жығылады, бірдеңе десең «ләббай тақсырлап» құлдық ұрады; ал енді өзінен гөрі халің мүшкілдеу бейшара болсаң, ет жүрегі елжірей жөнеледі, не десең де: «Қайтсін байғұс, оңай ғой деймісің» деп мүсіркеп қоя береді. Ол немемен тек тең бола көрме. Күнінде күркіреген падишалардың тұғырдан түсерлерінде жарлы дәруіштің жалба шапа-нына ынтық бола қалатындары да пенделердің әлгіндей мінезін біліп ап, кім көрінгенге күлкі болмайық деп табадан қашқандары шығар. Шынында да, мынау жан-жағынан анталап, сынап-мінеп, сәл ойларынан шықпасаң, пыш-пыштай жөнелгелі отырған көп тобырдың тіміскі көздерінен құтылудың жаңғыз жолы - тәж бен тақты талақ етіп, қажыға барып, қалған ғұмырына қолына аса ұстап, мойнына дорба асынып, мүсәпірана күн кешу болар. Сонда бәлкім қара тобырдың көкірегінде күннен-күнге қордалана түскен әзәзіл таба аяқ астында аянышқа айналар. Сынай қараған сұқты көздер мүсіркей қарар. Сөйтіп, ол да ешкімнен аспайтын жалба тонды жақыбай атанар. Онда мынау қайдағы бір бозөк-пенің көзіне шөп, сүйегіне дақ сала жаздағаны да шымбайын дәл қазіргідей тызылдатпас. Мұның көкірегінде қандай шаланың бықсып жатқанын білгісі кеп, ешкім өліп-өше де қоймас.
Әмірші сол ел қатарлы елеусіз тіршілікке шынында да қатты қызығып еді. Түнде көрген түсі де желеп-жебеп жүрген ата-бабаның әдейі аян бергені шығар. Есіне енді түсті, туатын ай - жұрт қажыға баратын зүлқадж екен.
Әмірші тезірек пірге жолығып, түнде көрген түсін жортқызып алғысы келді. Мынау ырду-дырдуды дереу тоқтатып, шаһарға оралуға асықты. Осы қазір өзек бойынан шыққан бетте-ақ дабылшыға дабыл бергізеді.
Ол астындағы қара тастың қабырғасына батып бара жатқанын енді ғана байқап, екінші бүйіріне аударыла беріп еді, қалың құрақты жапыра-мапыра жақындап келе жатқан жойқын сытыр естілді. Мұның қимылдағанын сезіп қойды ма, құрақ арасындағы дүсір пышақ кескендей басыла қалды. Ол бойын тіктеп түрегеп отырды. Көзіне жасыл құрақтың арасынан тарғыл-тарғыл бірдеңе шалынғандай болды. Сол-ақ екен, мұның көріп қойғанын сезіп, одан әрі бой тасалағысы келмегендей әлгі тарғыл неме жасыл құрақтан ытқып шықты. Жолбарыс... Мысықтабандап жақындап келеді. Мұның жон арқасын оқыс қармай қалған мұздай суық бірте-бірте тарай бастады. Тіпті шынтағының түбінде жатқан садағына да қолын созбады.
Кешегі түсіне енді түсінгендей болды. Кез келгенге шөп-шөп сүйгізіп жатқан қара тастың мұны маңайлатпай қойғаны мынандай тосын ажалға көрінген екен. Бәсе, елден ерек ғұмыр кешкен бұның ажалы да, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтіндей өзгеше болса керек-ті.
Жолбарыс жақындап қалды. Ол алла тағаланың мынадай түпсіз тұңғиық құсаға тұншықтырып қоймай,есіркеп жіберген ақ өлімін асыға тосты. Қазір ол кептен бері көкірегінің басына шөгіп бүк түсіп жатып алған зіл батпан қапырық қападан біржола құтылады. Жан-жағынан жалаңдай қарап, әр адымын аңдып отырған сұқты көздердегі сұғанақ таба да жым-жылас жоғалады. Не бір сұмдықтарды айтып сусылдай женелгелі отырған сумақай ауыздарға да құм құйылады. Бұның қит еткеніне аузын ашып, көзін жұмып отыратын қара тобыр бұдан былай ала бетен өлімін де ауыздан ауызға, елден елге, ғасырдан ғасырға көшкен сайын есе, өркештене түсетін күпіме аңызға айналдырады.
Жолбарыс құлағын жымып тақала түсті. Кенет жо-нын күдірейтіп жата қалды. «Қазір атылатын шығар» - деп ойлады Әмірші. Анау топырақты мытып қысып алған пышақ тырнақтар қазір мұның өңешіне жармасады. Анау үн-түнсіз ақсиған тістер қазір мұның шекесінде ойнайды. Кенет жолбарыстың жон арқасы дір ете қалды да, мұның оң жақ иығына мойнын бұрды.
Бақса, бұның нөкерінің бірі жұлге бойына шыға кеп, жолбарысты көріп абдырап тұрып қалыпты. Бір уақыттарда барып есін жиып, жалма-жан садағына жармасты. Әмірші жанында жатқан садаққа сонда қол созды.
Қанды ажалға кезеніп тұрған некер жігіт тарғыл тағының орнынан атыла бере, сылқ құлап түскенін көрді. Айран асыр қап қаруын төмен түсіріп еді, аспай-саспай садағын асынып жатқан Әміршіні көзі шалды.
Әмірші жайлап басып жайрап жатқан олжасының қасына келді. Қақ жүректен оқ тиген жолбарыс атылуға мұршасы болмай, жер бауырлап жанталасып жатыр. Әмірші тосыннан тап болған өз ажалының ойда жоқта мүлт кеткеніне өкінді ме, әлде өз қанына өзі малшынып азап тартып жатқан аң сұлтанын аяды ма, күрсініп қойды. Артынша-ақ, неге екенін өзі де аңғармай бір мырс етті. Шамасы, тарғыл тажалды нөкерінен бұрын өзі атып түсіргеніне масаттанып тұрса керек, әйтпесе ол сығырың ертең Әміршіні ажалдан өзім арашалап қалдым деп кеудесін қағады ғой.
Әмірші өзек бойынан шықты. Ат ұстап тұрғандар жалма-жан жұлге бойына жүгіріп барып, Әмірші атып алған жолбарыстың терісін сыпырып, қауқылдасып жатты.
Сол бір кеу-кеу әңгіме, ұлы падиша туралы жаңа лақап, сол күні аң қуа барғандардың аузынан түскен жоқ. Ертеңіне Әміршінің тосын пәрменімен Байтақ ша-һарға қайтып келе жатқанда да айтқандары тек сол болды.
Әмірші жақ ашқан жоқ. Томсарған күйі ой үстінде келеді. Кештетіп шаһарға жетті. Әмірші сарайға оралған түні де таң атқанша төңбекшіп шықты. Аңшылықта жүріп көрген түсі мен қапияда тап болып оққа ұшқан жолбарыс онсыз да шытырманға айналып бара жатқан тіршілігін бұрынғыдан гөрі де түсініксіз, бұрынғыдан гөрі де жұмбақтандырып жіберген тәрізді.
Не де болса, бір шешімге бел буатын кез жетсе керек. Жаратқан иенің туралап жіберген ажалынан да өзі арашалап қалғанына қарағанда, бұдан бір түбегейлі шешім күтетін тәрізді. Бірақ ол қандай шешім болмақ... Түсінде көргеніндей - басындағы тәжді тастап, сәлде ора дей ме... Әйтеуір, мынау сарайдағы бұқпантай тірлік бұны мезі қып бітті. Не де болса, пірге жолығып, түсін жорытпай болмайды. Көптен бері ат ізін салмап еді. Өкпелеп те қалған шығар.
Ертеңіне күн қызбай тұрып, күймеге отырды. Байтақ шаһардың оңтүстік шығыс бетіндегі қаспақ-қаспақ қыраңдарға қарай беттеді. Мынау алқап та әлгі түсінде көрген өлкеге өте-мөте ұқсайды екен. Мұнда да күйген бауырдай қоңыр шоқылар. Мұнда да шілде сорып тастаған кебірдің күңірсік иісі аңқиды. Жағалай иін тіресе қалған қырпық-қырпық қотыр тастар мен қатпар-қатпар кебіртек жалдардың қақ ортасына жападан-жалғыз оқшау қонжиған қара шоқының басына қонып отырған алып самұрықтай қара жартастың құбыла бетінен үңі-рейіп үңгір көрінеді. Сол үңгірдің аузында әлдене еміс-еміс бозаңытады. Күйме жақындаған сайын әлгі бозараң-даған нәрсе айқындала түсті. Жақпар-жақпар қара жартастың көлеңкесінде ақ сәлделі қария отыр. Етекке салдыратып шауып кеп, түсіп жатқан ылдырмақ-шылдырмақты салтанатты күймені көрсе көріп те отырған шығар, бірақ селк еткен жоқ. Сол құбылаға жүзін тосып телміріп отырған қалпынан қыбыр етпеді.
Әмірші қасындағы нөкерін етекке тастап, киелі үңгірдің аузында көлеңкелеп отырған кәрі піріне ылғи да тек бір өзі ғана көтерілетін. Бұл жолы да сол әдетімеч биік шоқының басына жаяулатып шығып келеді. Қандай алыс сапарға аттансын мейлі, қандай падишаның тәжі мен тағына сұқтансын мейлі, ол қай жорығын да әуелі осы бір біраз жерге дейін құмақтатып барып, сосын бірдей тайғанақ саз шаппа биікке тіп-тіке өрмелейтін бұралаң соқпақтан бастаған-ды. Ол қай дұшпанымен ұстасарда, ең алдымен сонау жақпар жартастың түбінде кәрі күшігендей шөмиіп отырған шынашақтай қара шалдың шоқша сақалын бір сипатып батасын алатын. Сосын Байтақ шаһардағы ең үлкен мешітке барып намазға жығылатын. Алыс жорыққа сосын аттанатын. Сол алыс сапар, қиын жорықтардың қай-қайсысында да жанына ауыртпалық түсіріп, қиналатын жер осы бір жаяуға жеткізіп болмайтын жандатпа бауырды. Әркімдердің тақасы тиіп, жылмағайланып қалған саздақ соқпаққа өкшесі тұрмай тайғанақтай береді. Ол осы бір қара шоқының басына қашан да болдыртып шығатын. Бұл жолы ә дегеннен-ақ жіліншігі жеміріліп қоя берді. Әлсін-әлі тоқтап бел жазып алады. Бірақ екі бұғанасына қорғасын қаптап қойғандай, барған сайын бексесі зіл тартып, аяғы ұйып барады. Тынысы да бітіп қалды. Сонау етекте қалғандар алтын тәжді падишаның үпірсең ұшып кететіндей қаңғалақтаған қара шалға бола осынша азаптанатынына қайран қалып тұратын шығар.
Ал алып қара жартастың астындағы құмандай қара шал биік жарға алқынып-аптығып шығып келе жатқан падишаны елең етпей, бетін құбыладан аудармай безеріп отыра береді. Шақшадай басына дағарадай ақ сәлде орап апты. Қушық кішкене бетіне сұс беретін бір уыс сұйқылт шоқша сақалы әуелеп қапты. Шұңірек қастың астында сығалап жататын күлгін кегіс жылтырақ көзін бұл жолы тарс жұмып алыпты. Падиша биік жардан шығып, ентігін басып, жөткірінгенде де тырп еткен жоқ. Күнге қурап қалған көнетоз бозғылт шапанының етегі жырым-жырым. Дәл сондай күн күйдірген ақ жем ұзын тіз киімнің жалба-жұлба балағынан жалаңаш тілерсегі көрінеді. Тілім-тілім боп жарылып кетіпті. Қолындағы аса таяқты мытып ұстап апты. Тарамыс қолындағы бар сіңір, бар тамыр бадырайып-бадырайып шығып тұр. Пір әлденеге ұйып қалған.
Падиша қашан қарсы алдына жер тізерлеп, қол қусырып, бас игенде барып, көзін сығырайтты. Сосын тым кекшие қалған басын түзеп, тіктеліп отырды. Керенаулау тіл қатып, жен сұрады. Әмірші жөнін айтты. Пір сол қаққан қазықтай қалпы. Сөзін салғырт тыңдады. Кеңсірігі әнтек ілгері шығып кеткен қоңқақ мұрынның астына көлденең сұлап түскен көгіс қаймыжық ерінге әлденеше рет мысқыл жүгіргендей болды. Әмірші соны байқап, сәл кідіріп қалса, әбден қой балшықтанып кеткен қақтың суындаи көпс жылтыраитын кішкене көзін адырайтып ашып алады. Әмірші анау күнгі түсі мен тосыннан тап болып, бірақ шаппаған жолбарыс жайын айтып берді де, пірінен үнсіз жауап тосты.
Пірі сәлдей ойланған болды да, сығырақ көзінің бір қиығымен бұған қарап қойды. Сосын отырып-отырып барып:
- Жаратқан ие, ата-баба, желеп-жебеуші әулие-әмбие бар-бар уақытта пендесінен не дәмететінін ашып айтпайды. Ал мүсіркесе, ақыл қосса, ол тұспалдары соқырға таяқ ұстатқандай сайрап тұрады. Кие үркіткен, аруақ ренжіткен жерің бар шығар, балам, ойлан,- деді де тыйылып қалды.
Енді жақ ашпады. Қолындағы асасын топыраққа нұқи қадап, тарамыс мойнын ілгері созып, жүзін тағы да құбылаға тіктеді. Бұл «сөз бітті, ендігісін өзің біл» дегені екенін Әмірші аңғарып қалды. Бірақ қай уақытта да алды суық кәрияның бұған мына бүгінгідей әуелеп қараған астамшылығын бұрын ешқашан байқамаған-ды. Бүгінгі әр қимылы жүрегіне тікендей қадалып отыр. Бірақ сабыр қылып, сыр байқатпай, тағзым етіп орнынан тұрды. Жаңғыз аяқ соқпаққа беттеді. Пірі сол баяғы мелшиген қалпы қала берді. Ақыл да қоспады, бата да бермеді; бұрын бұны жасырақ кезінде мүсіркеп, маңдайынан сипайтын әдеті болушы еді; бұл жолы оның жүзінен аспандай қараған астамшылық пен қазымырлықтан басқа ештеңе байқамады.
Әмірші онсыз да қиын жолдан бұл жолы тіпті ауырлап түсті. Мынау жаппай тұнжырап тұрған әбеқоңыр алқаптан тезірек шығып кетуге асықты. Біраз жерге ұзаған соң, артына бұрылып еді, бұған желкесін беріп, бүк түсіп жатып алған қара шоқыны көрді. Әмірші содан сарайға жеткенше ешқайда көз салған жоқ.
Сарайға жеткен соң да көп уақытқа дейін әлдеқандай бір тымырсық ашуға булығып, өзіне-өзі келе алмады. Абажадай кең сарайға әрлі-берлі сенделіп жүруге манағы шоқыға шыққанда шаршап қалған аяқтары зіп-зілдей боп көтертпейді. Бір жерге тынығып отырайын десе, аяғының астындағы алабажақ кілем емес, өңшең быжырлата шаншып қойған тебен ине сияқты. «Құтылып шығар айла-амал табылмастай тығырықтан қаш». Ғұмыр бойы тұтынып келген осы қағидасы да күпір боп шықты. Енді, міне, шаршы әлемді астына басқан алтын тәжді падиша басымен күйеуі үстінен шыққан опасыз әйелдей, қолға түскен ұрлықшыдай дымы құрып дағдарып тұрысы мынау. Ақыл қоспақ түгілі, іштегі құсасын айтып сырласатын да ешкімі жоқ. Дәл қазір мынау Байтақ шаһардың сыртындағы құладүздің әлдебір жерінде санаулы ғұмырының қалған күндерін итшілеп өткізіп жатқан соқыр жігіт те, тас зынданда зарығып отырған бас шебер де, төрт қабырғаның арасына қамалып, құса боп жүрген Кіші ханым да - бәрі де бұдан жақсы. Олар, ең болмаса бастарына түскен бақытсыздығы үшін реніш артар біреулері бар ғой. Бұл кімге ренжи алады? Басындағы Қап тауындай қасіретті кімнен көреді? Алтын тәжді падиша хақ тағалаға реніш жүре ме? Тәңірі түгілі киелі үңгірді баққан жаңағы шалдың өзі анау. Аспанды асасымен тіреп тұрғандай бетіне дұрыстап көзін де салмады. Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Құл болып бас игеннен, қуғында жүргеннің өзін көп артық көрмеп пе еді. Сол үшін талай ажалдың аузына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне тускенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі туп-түгел сырқырап қоя береді. Бірақ кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді. Асқақтай кірген астам басты ашуына жем қылса, жер сүйіп, аяғын құшып келген қор басты жиіркене тұрып мүсіркемеуші ме еді. Онысын қай бір қайырымдылық қысқаннан істейді дейсің, падиша атағына дақ салдырғысы келмей істейді де. Жалба-жұлба қайыршыға жаны ашып емес, жарлылық титықтатқан мүскіндердің көзің шайлығар қор кейпі мен мұрын тыжырынтар нас иісінен тезірек құтылғысы келген кәріп немелердің қайыр садақасындай әншейін көз алдартқан мезірет қой. Бәлкім, қиқар шал бұған кісіге кіріптар болғанның қандай екенін білсін деп, манағының бәрін әдейі істеген шығар. Көп асқанға бір тосқан дейтін құннің бұған да келгенін сездіргені болар. Бірақ соны дәл манағысындай кергімей-ақ, кейуана кейіппен де жеткізуге болмайтын ба еді. Бұрын қандай қарлы-қаратау қиын шаруамен барса да, кейуана қалпын бұзбай, кең отырып қабылдаушы еді ғой. Пәлен күннен бері ең алдымен кімнің жүзінен көрер екем деп алаңдап жүрген сол бір жексұрын кекесінді, айызы қанған дұшпанның ғана жүзінде тұрар арсыз табаны елден бұрын құдайдан соңғы жаңғыз жанашырым деп жүрген өз пірінен көргені ме? Иә, былайғы мыстан тобыр, бұның қырағы көзінен мұқият жасырып баққан жымысқы табаны ешқандай күлбілтесіз жарқыратып жайып салды, - тіпті «аруақ ренжіткен жерің бар» деп өз аузынан айтып та тастады-ау? Аруақ ренжіткені - Кіші ханым жайлы айтылып жатқан әңгімеге құлақ аспаған қалып танытқаны ғой. Пірдің ойынша, әзәзіл арбаған ұрғашының күнәсін жасырғаны өз төсегіне жұққан ыбылыс ластықтың сатпақ дағын ойып алып тастаудың орнына, жұрт көзінен алақанымен басып көлегейлеп баққаны. Бұл сонда не істеу керек еді? Кіші ханымды талақ тастаса, арғы-бергіде ешбір падиша істемеген масқараны бұл істеген боп шығар еді, халық алдында қайдағы бір қаңғыма қара сүйек көзіме шөп салды деп өз аузынан мойындағаны болып шығар еді. Сонда манағы қиқар шал бұған ездің езі істемеген есуастықты істемедің деп өкпелей ме?
Онда хан күнәкар ханым мен оның ашынасын емес, өзін масқаралаған боп шықпай ма? Сонда пір күнәкарлардың жаза шеккеніне емес, бұның өзінің табаға ұшырағанына құштар болғаны ма? Ондайға Кіші ханымның жер болғанын қалайтын, соның жолында бұл масқараға ұшырап жатса, қайғыру орнына қуанатын Ұлы ханым барса барар, бірақ бұның өзі түгілі, әкесінің де көзін көрген пір қалай барады? Қолында аса, аузында алла отырып, күндестіктің желігінен көзіне ақ шел қаптаған ұрғашының соқыр ызасын ол қалай құптайды; қор көкірек ұрғашының көр соқырлығынан әулие басымен ол қалай аса алмайды. Әрине, пір Ұлы ханым сарайының айтқанынан шыға алмай жүр. Қажет десеңіз, оның жүзіндегі манағы мысқыл, манағы таба да солардан жұққан. Ұлы ханымның теңірегіндегі түйедейді түймедей қылатын мыстан сайқалдар әулие шалды да арбап алған ғой. Олардың пыш-пышының сиқыры тірі пайғамбардың көкірегіндегі киеден де құдіреттірек болғаны ғой.
Әміршінің жүзіне айыз қандырар ащы мысқыл жүгірді. Ол тіпті әулие басымен өңшең сайқал, өңшең мыстанға арбалып қалған киелі шалды аяп та кетті; өңіндегі жаңағы бір лып ете қалған кекесін аяқ астынан мүсіркеушілікке ауысты. Әулие шал әзәзіл пыш-пыштан алжасса алжасқан да шығар. Аттасаң болды, ар-намысың саудаға түсіп шыға келетін мынандай қор дүниенің төбесінен қарамай, ортасында жүрсе, қайдағы бір қалт-құлт әулие шал түгілі жаратқан жалғыз иенің өзі де әлдеқашан-ақ өз жолынан өзі адасып мәңгүрт болып шыға келер еді. Күллі дүниені әйтеуір бірдеңеге өліп-өшіп жататын толып жатқан құштарлықтардан тұрғызса, қайтіп нәпсіге берілмессің, қайтіп күнәға батпассың. Құштарлықтан пайда болған пенде тіршілігі құштарлықтан опат тапса, таңданатұғын несі бар? Құштарлық атаулы нәпсі болса, нәпсі атаулы пенделік болса, әлгі әулие пірдің өзі де пенде боп шықпай ма? Ол да құдай жолына құлшылықты өзге пенделерді аузына қарату үшін жасайды емес пе?! Ол мына өмірде көп нәрсені талақ еткенмен, барлық нәрсені талақ етпепті. Жұртқа ықпалы жүргенді о да жек көріп жатқан жоқ. Елдің елбек қаққаны, аяғына жығылғаны оның да жанына майдай жағады. Басқа түгілі алтын тәжді падишаның өзі алдына кеп, аяғына жығылатынын жұртқа қыр қылады. Әрбір мақтан әсіре құштарлық. Әрбір әсіре нәрсе күпірлік. Әрбір күпірлік күнәға батырады. Ендеше пір екеуінің күнәсы біп-бірдей. Бұл өкімет құмар, өктем мінез болса, ол да солай. Бұдан бір мысқал кем емес. Тіпті алланың айрықша рақымындағы бұның өзіне астамдық көрсеткені оның да күпірліктің балдыр-батпағына әбден белшеден батып болғаны. Әзәзілге де сол пенделіктің кек тұманына түсіп, көзінен айырылған көрсоқырлар ғана ереді. Ендеше киелі шалдың Ұлы ханым сарайының айтқанынан шыға алмайтындай жөні жоқ еді. Кәрі әулиенің бұл пайғамбар жасынан асып, тұғырдан түсерде ертеңгі тақ иелерін әсіріп-өндірген бәйбішенің ыңғайына кеткені де сол пенделік. Бүгінгі ықпалын ғана емес, ертеңгі күнінің де қандай болатынын ойлағаны.
Ендеше, ол өз басындағы пенделікті көрмей, бұның басындағы пенделікті неге сонша жазғырады? Құранның езінде жазылмап па еді: «Пенденің білмегі шарт: Алла - жалғыз; онда жора да жоқ, жолдас та жоқ; өзі ешкімнің перзенті емес, өзі де перзентсіз; оған ешкім тең келе алмайды; қасына серік, артына әулет ертпеген ол өз патшалығында қолындағы билікті ешкіммен бөле-жармайтын дара падиша. Ықылым орнамастан бұрын бар ол, ықылым түгел құрып кеткенде де құрымайды... Көктің билігі де, жердің билігі де бір сонда: көк пен жердегі, құрғақ пен судағы жан-жануардың баршасына сол ие, оларға одан басқа билеуші де, қорғаушы да жоқ. Адам тағдырын да сол билейді: ауру жіберетін де, дару жіберетін де, өлтіретін де, емір беретін де тек сол ғана. Бірақ ол жаратқан жан иелері періште болсын, пайғамбар болсын, тіпті басқа мақұлқат болсын - бәрібір, түгел дерлік бейшара. Күші асқан құдірет те өзі, білігі асқан сұңғыла да өзі»,
Жаратқан иенің өзі кедір-бұдыр қып кемшін жаратқан дүниені бұл қалай бір тегіс қыла алады? Жаратқан жалғыз иенің өзі он сегіз мын ғалам өз билігімнен шығып кетпесін деп, өз қолынан шыққан жан-жануардың әрқайсысына әр алуан кемшілік пен әлсіздік беріп, сол арқылы тұтымында ұстаса, өз қарауындағы жұмыр басты пенделерді бұл қалай солай ұстап, солай тұтпайды? Құдайдың әзінде бар кемшілікті адам қайталаса, неге кұстаналайды? Өзі жаратқан жан иелерінің аласынан алланың өзі әлгіндей сескенгенде, бұл қайтіп сескенбейді? Әлде, алла тағаланың мұнысы, тегі мен заты белгісіз бір өзі ғана істейтін ерекше мен ересенге тегі мен заты ұрғашының етегінің астынан шыққан жұмыр бастылардың бой ұруына болмайды деген тиырымы ма екен? Сонда езім ғана жасайтын кереметтерде шаруаларыңыз болмасын, асқан рақым мен асқар жаза тек менің қолымнан шығуға тиісті, менен басқа ешқайсыңның қақыларың жоқ дегені ме? Олай болса, күнә, қылмыс деген қорқынышты сездердің шын мағынасы - құдіреті күшті тобаның езім ғана істейтін істерді өзгелер істеп қоймасын, өзім ғана білетін нәрсені езгелер түсініп қалмасын деген іштарлығы ғана болып шықты ғой?!
Шариғатта жаратқан ие әлгіндей өз мінезіне сыралғы боп қалған адам тұқымын аямайтынын айтып, ақыр заманды басына төндіріп, қорқытып бағады. Алла екеш алланың өзі әлсіздігін білдіріп алудан осынша тайсақтағанда, пенде басымен бұл қайтіп тайсақтамайды. Ендеше пірдің бұған күнәкарлық куәсы көк мұнараны құртып, басындағы масқара халді жарқыратып езің жайып сал дегені адам түгіл құдайдың да құлағына ерсі естілетін есірік әңгіме.
Желеп-жебеуші қызырлардың езі бұған ешқандай аян бере алмады. Аңға барғанда көрген түсі осы сергелдең халіне көрінгені шығар. Қағбаның қара тасының қарсы алдында тұрып маңына жолатпай қойғаны осы ақыл таппай, тығырыққа қамалған пұшайман дағдарысы болар. Шынында да, бұл не істей алады? Егер құдіреті күшті құдая дәл қазір тосын апат жіберіп, оның күні бүгінге дейін кезінің қарашығындай керіп, қорғаштап баққан астанасын тып-типыл қып қиратып тастаса, бұл түк те ренжімес еді. Тіпті қуанар еді. Анау көзге күйік көк мұнарадан да құтылар еді. Опаттан шыбындай қырылып, жайрап қалатын жұмыр бастылардың көр көкіректеріндегі сасық лақап та біржола сап болар еді. Сол бір топалаң қырғында тоңқалаң асатын көппен бірге өзі де жоқ болса, оған да еш өкінбес еді. Әйтеуір әлгі насырына тиетін сұмырай әсек артында қалмай, езімен бірге құрыса болғаны. Бірақ талай тілегін оп-оңай бере салған мырза құдай тап осы жолы кессе қан шықпайтын қас сараң бола қалыпты ғой.
Ол осы арада өмірінде алғаш рет жалпақ әлемді аузына түгел дерлік қаратқан ең құдіретті әмірші болғанына өкінді. Бақса, жақын маңайда сасық ауыз, сімсік көз еңшең найсап қаптаған мынау сайқал қаланы шауып алып, құртып жіберуге құдіреті жететіндей тегеурінді жауы да қалмапты. Бұған жеті қиян жер тубінде жатып, ылғи көз алартатын әлгі бір сығыр кездерге де қаны қайнап тұр. Тым-тырыс жатып алған немелерді, қас қылғанда осы, өзі барып шауып алса қайтеді.
Әмірші сол ойына бел буды. Көптен бері көңілінде жүрген жорыққа осы қазір аттануы керек. Қара тобырдың көкірегіне оқтын-оқтын толып кететін арам желді қуып шығудың бірден-бір емі қанды қасап қана. Құдай жібермеген, жауы жібермеген қанды қасапты өзі жасайды. Бұл бір-бірлеп құртып бітіре алмайтын әлгі бір сасық ауыз тобырды жаңа жорыққа бастап апарып, мың-мыңдап қырып қайтады. Тірі қалғандары есек түгілі бастарымен қайғы боп оралады. Аман қайтқандарын құдайдан емес, бұдан көріп, бұрынғыдан бетер құлдық ұрады.
Әмірші дереу жорыққа аттануға бекінді.


VI


Дария артта қалды. Әлгінде анталай қарап тұрған қара тобыр да алыстай берді. Құба шөл, құла тұз басталды. Шөлдің қақаған қапырық ыстығы қайтадан қайратына мінді. Қара құрым қалың қол толарсақтан құм кешіп жүріп келеді. Шақырайған талма түс салт аттылардың құрдым көлеңкесін де жалмап жұтып қойыпты; енді өздерін біржолата жоқ қып жібергісі келгендей өртеніп тұр.
Өкпек аптап бірте-бірте күшейе берді. Қайнаған ыстық бұл отырған күймеге де баса-көктей кіріп кепті. Барған сайын тынысы тарылып барады. Қабынған өкпесіне бір жұтым ауа іздегендей пердені ысырып, сыртқа көз салды. Сол баяғы құба шөл. Құла шағылдар шақырайған күн көзіне қарсы шьгғар қайрат таба алмай, қорғасын боп балқып жатқандай, Аттың бәрі малтығып келеді. Шелден қашқақтаған бір кешкене түз құсы шарықтап ұшып та кетпей, жер бетіне түсіп жорғаламай да, ұшып-қонып, күйменің құрдым көлеңкесіне тығылып секектеп еріп келеді.
Әмірші дүниеде осы бір шынашақтай құстан басқа ештеңе қалмағандай, шегір көзін соған қадап апты. Бармақтай құстың мына жанталасы қандай мағыналы. Тамағы бүлк-бүлк етеді. Жер апшысын қуырып бара жатқан қызыл жадын аптаптан жанын қоярға жер таппай шыр-шыр етеді. Бәлкім мына тірлікте одан басқа ешқандай мағына да жоқ шығар. Одан асқан әрекеттің бәрі мәнсіздене түсетін болар. Әрекет неғұрлым алапаттана түскен сайын бар мән, бар қасиетінен адалана түссе керек. Мынау алапат аптаптың арғы атасы - жібекше желпитін майса самал емес пе еді. Әуелде дүниені шаң-тозаңнан арылтсам деп ескен ұялшақ леп өз құдіретіне еліге-еліге, еліре-еліре жер бетіндегі түгел күйдіріп-күйрететін мүңкір-нәңкірге, демінен ажал шашыраған қызыл аптапқа айналмады ма... Әне, бейшара құстың табанын шоқ боп қарып, қанатын жалын боп шарпып, көрер кезге құртып жіберер түрі бар. Әмірші тажал тасқынына қылар қайраны болмай, жан ұшыра секектеген кішкене мақұлықтың ақтық азабын көргісі келмегендей, көзін тарс жұмып алды.
Дүниені құйқадай қуырып бара жатқан от леп оның да тұла бойын қари бастады. Мынау құтхана шатырын өңшең жендет басып алғандай, ол тырп етерге дәрмені болмай, сұлқ отыр. Тозақ отына шыжғырылғандай өн бойын өрт жайлап барады. Жан-жағынан жүздеген мүңкір-нәңкір жаныңды бер деп жалынып тұрғандай. Бәсе, манағы ойда жоқта қолынан сусып түсіп кеткен сақинасы оның осы сапардан тірі қайтпасына көрінген екен ғой. Ұзақ жолға аттанарда алдынан суханы сүймейтін кісінің қарсы жолыққаны да жақсы нышан болмаса керек-ті.
Әміршінің көз алдынан соқыр жігіт кетпей қойды. Ол есек арбасын дария жағасына тастап, өзі мұның күймесіне көшіп кеп, қарсы алдына қасқиып отырып алғандай. Нұр жайнаған жаутаң жанардан айрылған соң, жүзіндегі баяғы мейірім жым-жылас жоғалып кетіпті. Әдемі жас жігітке лайық ізет-ибадан да еш жұрнақ қалмапты. Үңірейген-үңірейген екі көздің түбіне тажал тығылып тұрғандай. Өндіршегі сорайып, танауы қусырылып, екі беті күлдей боп-боз боп кетіпті, еңінен кісі шошығандай. Міне, ол бұған қарай қозғалғандай болды, бірте-бірте жақындап келеді. Сүйекпен сүйек боп қалған сұп-сұр беті бүлк етпейді. Ол мұның соңындағы қара құрым қолдан да сескенбейтіндей. Шаршы әлемдегі әрбір тірі пенденің құлағына көк найзаның сүңгісіндей суық естілетін айбарлы Әмірші атағынан да тайсалатын түрі көрінбейді. Күс-күс қос шеңгел кеңірдегіне тақап қалыпты.
- Қорықпа, - деді әлдебір қырылдақ дауыс, - барар жерің бәрібір жердің асты...
Әмірші айран-асыр. Бұл қалай? Баяғыда тілін кестіріп тастамап па еді? Пышағы жалаңдаған жендеттің қан-қан бір кесек етті көзінше жерге лақтырып тастағаны қайда? Ендеше әлгі жексұрын дауыс қайдан шықты? Әлде оған құдірет қайтадан тіл бітірген бе? Әлде тілін кескеніңмен адамды мылқауға айналдыра алмайтын болғаның ба? Бәлкім, әлгі дауыс мына шебер жігіттің емес, өзінің - Әміршінің даусы шығар?
Әміршінің көзі шарасынан ШЫРЫП барады. Қарсы алдындағы құбыжық соқырдың қан-сөлсіз қаймыжық ерніне бір жымысқы күлкі ілігіпті. Әмірші шегіншектеп шалқалай берді. Оны бір жұтпа батпақ астынан обып барады. Ол, ең болмаса, жан тәсілім алдында тұяқ серпетіндей дәрмен таба алмай тырбанып жатыр...
Әлдебір уақыттарда барып көзін ашып алды. Шілде күні шыжғыра күйдірген шатырдың іші ысып кетіпті. Құс мамық төсекке үйелеп қалған екен, ыстық мамық өне бойын жандырып барады. Бұл жан-дәрмен басын көтеріп, есік жаққа қарап еді, ешкім жоқ. Әлгі тықыр бас соқыр әлдеқайда ғайып бопты. Ол шыжыған шілде мен пәлен күннен бергі бебеулеткен тымырсық ойлардан қайнап-қайнап, балдыр батпаққа айналған дәрменсіз мидан санасы тұмандана бастағанын, әлгінде ғана қарсы алдында жаланып отырған манағы өткел басында қалған соқыр да, мұның жанын алуға келген мүңкір-нәңкір де емес, жай әншейін қорыққанға қос көрінген сандырақ елес екендігін енді аңғарды. Бірақ көңіліне біржола орнығып алған осы бір озбыр күмәнның, бәрібір, мүңкір-нәңкірдей бұның басын жұтпай тынбайтынына да көзі біржола жеткендей болды.
Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды. Білем-білем шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені: «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті.
Ол тағы да көзін ашты. Төбесінен қара қоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ Әмірші бұл жолы өзінің, үйреншікті алтын күйме, атлас шатырында жатқанын, әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады.

Соңғы жаңалықтар