Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі жөндеуден кейін қайта ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін өз жұмысын қайта бастайды. Бүгін музейге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барды.

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі жөндеуден кейін қайта ашылады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысының қолдауымен қысқа мерзімде жүргізілген кешенді жаңғырту жұмыстары өнер туындыларын сақтау және экспозициялау үшін заманауи жағдай жасауға бағытталды. Аида Балаева жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты. 

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі жөндеуден кейін қайта ашылады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Музейдің ішкі бөлмелері мен шатыры жаңартылып, еден жабындары ауыстырылды, сондай-ақ инженерлік жүйелер жаңғыртылып, климаттық бақылау жүйесі орнатылды. Нәтижесінде елдегі басты көркем галерея заманауи халықаралық стандарттарға сай, халықаралық деңгейдегі көрме жобаларын іске асыруға толық дайын. Жөндеу жұмыстарымен қатар музей мамандары экспозицияларды да жаңартты. 

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі жөндеуден кейін қайта ашылады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрерменге бұрыннан таныс қазақстандық және әлемдік өнер жауһарларымен бірге жаңа бөлімдер ұсынылды. Атап айтсақ, график-суретші Евгений Сидоркиннің шығармалар көрмесі, «Қазақ өнеріндегі әйел бейнесі» экспозициясы, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі өнер бөлімі, сондай-ақ ХХ ғасырдың соңы – ХХІ ғасырдың басындағы шетелдік өнердің жаңа туындыларына арналған бөлім бар. 

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі жөндеуден кейін қайта ашылады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетсек, өнер ордасының қайта ашылуы музейдің 90 жылдығы мен 1976 жылдан бері орналасқан ғимараттың 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңғырту жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Жөндеу жұмыстары мемлекеттік органдардың, музей ұжымының және серіктестердің, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Senim Qogamy» қоғамдық қорының өзара ынтымақтастығының арқасында жасалды. 

Бұған дейін Аида Балаева Қазақ ұлттық драма театрын 100 жылдық мерейтойымен құттықтаған болатын.

Соңғы жаңалықтар