Әбіш Кекілбайұлы мажар халқының өткенін қайта жаңғыртты – Оңайша Мандоки
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мажарстаннан келген қазақ Оңайша Мандоки сөз сөйлеп, заңғар жазушының шығармашылығы жайында пікір білдірді.

– Орыс тілінен мажар тіліне аударылған қазақ жазушылары шығармаларының арасында Әбіштің «Бәйгеторы» повесінің орны бөлек. Өйткені ол кітапты оқыған мажар халқы жазушының шығармасын оқу арқылы өздерінің ұмытыла бастаған, көне салт-дәстүрлерін көз алдарына елестете алды. Әбіш ағаның Еуропадағы қазақтарға, соның ішінде қыпшақ, мажар халықтарына жасаған жақсылығы – олардың өткенін қайта жаңартты, - деді Оңайша Мандоки.
Айта кетейік, конференция жазушының қазақ рухының асқақ көрінісі бола білген мұраларын әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Аталмыш шараға Әбіш Кекілбайұлының үзеңгілес достары, әріптестері, отбасы мүшелері, ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Түркия, Мажарстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Қарақалпақстан елдерінен келген ғалымдар қатысты.
Сондай-ақ мерейтой аясында ІІІ халықаралық «Әбіш әлемі» театр фестивалі өтеді. Оған Иран, Моңғолия, Грузия, Ресей (Татарстан), Қырғыз Республикасынан, Астана мен Алматы қалаларынан, Батыс Қазақстан, Ақмола облысынан 8 театр қатысып жатыр. Фестивальге ұлттық театр және кино өнерінің абызы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған еліміз бен шет елдердің белгілі актерлері мен театр қайраткерлерінен, сыншыларынан құралған қазылар құрамы төрелік етеді. Сонымен қатар көрермендерге Әбіш Кекілбаев шығармалары желісімен қойылған қойылымдармен қатар жазушының қазақ тіліне аударған шетел классиктерінің драмалық туындылары және заманауи қойылымдар ұсынылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың Президент құттықтауын жеткізгенін жазған едік.