ӘЧ-2018: Англия 52 жыл бұрынғы жетістігін қайталай ала ма
АСТАНА. ҚазАқпарат. Бүгін, 7 шілдеде футболдан әлем біріншілігінің ширек финал сатысында Швеция мен Англия құрамалары кездеседі. Бұл ойын Ресейдің Самара қаласында өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жорамал жасаушылар аталмыш матчта ағылшындарды басты фаворит санап отыр. Рас, соңғы жылдарда Англия құрамасы жанкүйер сенімін ақтай алмай келеді. Олар соңғы мәрте әлем біріншілігінде 1966 жылы чемпион атанған еді. 1990 жылы төртінші орынға қол жеткізді. Дүниежүзілік доп додасында бұдан басқа қол жеткізген табысы жоқ. Еуропа біріншілігінде 1968 және 1996 жылдары қола жүлдеге қол созды. Англияның осыдан өзге бағындырған биігі жоқ. Бәлкім, сол олқылықтың орны биыл толатын шығар. Ал Швеция чемпиондық атаққа қол жеткізе қойған жоқ. Десе де әлем біріншілігінде олар 1958 жылы күміс, 1950, 1954 жылдары қола жүлдеге қол созды. Ал 1938 жылы төртінші орын алды. Шведтер 1992 жылы қола жүлдегер болды. Скандинавия түбегінің өкілдері биыл айды аспанға шығара ала ма? Оны біріншілік барысында көре жатармыз.
Қос құраманың жолы бұған дейін 23 мәрте түйіскен. Екеуі де жеті-жетіден жеңіске жетсе, 9 ойын тең аяқталды. Олар алғаш рет 1923 жылы жолдастық кездесу өткізіп, бұл жолы ағылшындар 4:2 есебімен жеңіске жетті. Соңғы рет 2012 жылдың 14 қарашасында Швецияның Сольна қаласында жолдастық кездесуде жасыл алаңға шықты. Онда шведтер 4:2 есебімен басым түсті. Жалпы, қос құрама әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде 2 мәрте жолықты. 1990 жылдың 2002 жылдың 2 маусымында Жапонияның Саитама қаласында Ғ тобында кездескен олар 1:1 есебімен қанағат білдіріп тарасты. Одан кейін 2006 жылы олар Германиядағы доп додасында В тобында жолы түйісіп, бұл жолы да жеңімпаз анықталған жоқ. Есеп 2:2. Бүгінгі кездесуде міндетті түрде бір құрама басым түседі. Өйткені, жеңімпаз болғаны жарысты жалғастырады.
Англияның бас бапкері Гарет Саутгейт «Біз алға қарай дамып келеміз. Бұл жолда тоқтап қалғымыз келмейді. Жеңіске жетуге бар күшімізді саламыз» - дейді. Ал Швецияның бас бапкері Янне Андерссон «Біз Англияның мықты екенін білеміз. Онда әлемге әйгілі футболшылар бар», - деді.
Естеріңізге сала кетелік, Швеция құрамасы бүгіні кезеңге дейін талай мықты артқа салды. Әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінің топтық сатысында Голландия секілді құраманы артқа салып кетті. Одан кейін плей-офф кезеңінде Италияны орта жолда қалдырды. Биылғы әлем біріншілігінде бір топта Мексика және Германия секілді азулы қарсыластарын артқа салып, өз тобында бірінші орын алды. Жарыстың 1/8 сатысында талай қарсыласын тықсырып жүрген Швейцариядан мықты екенін дәлелдеді. Әйгілі Златан Ибрагимович секілді жұлдыз құрама сапында ойын көрсетпесе де, олар өздерінің болашағы зор екенін айғақтады. Англия іріктеу кезеңінде жоғары деңгейде ойын көрсетті. Өз тобында бірінші болды. Финалдық кезеңде алға Бельгияны салып, өз тобында екінші орын алды. Жарыстың 1/8 финалдық сатысында Колумбияны пенальти арқылы жеңді. Ендігі кезекте Швециямен шеберлік байқасады.
Аталмыш кездесу 00:00-де «Самара Арена» стадионында болады. Ойынды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирден көрсетеді.
Кеше ширек финал ойындарында Франция Уругвайды 2:0, Бельгия Уругвайды 2:1 есебімен жеңді.