ӘЧ-2018: Франция байырғы қарсыласынан басым түсе ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігінің топтық кезеңі мәресіне жақындап келеді. Бүгін, 26 маусымда С және D тобындағы ойындар өткізіледі. С тобында Дания мен Франция құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Дидье Дешам тәлім беретін Франция құрамасының жампоздары алғашқы екі турда ешбір сүрінген жоқ. Қос қарсыласты да қапы қалдырды. Алдымен Австралияны сүріндірді. Есеп 2:1. Одан кейінгі ойында да көп тер төккен жоқ. Перуге қақпасына жалқы гол соқса да, үш ұпайды қоржынға салды. Есеп 1:0. Ал Дания сәл кібіртіктеп қалды. Әуелі Перуді 1:0 есебімен жеңіп, одан кейін Австралиямен 1:1 есебімен тең түсті. Қазір дат футболшылары топта екінші орында тұр. Егер бүгін Франция құрамасынан жеңіліп, Австралия Перуден басым түссе, жолдамадан қағылуы ғажап емес. Сол себепті бүгінгі ойынның олар үшін маңызы өте зор болып тұрған жайы бар. Дания құрамасына тең нәтиже де жеткілікті. Олай болса Дания бес ұпай жинайды. Осылайша жасыл құрлықтың құрамасы қуып жете алмайды. Ал Францияны жеңіп жатса, топтық кезеңде бірінші орынға көтеріледі. Сол себепті бұл кездесу тартысты өтеріне күмән жоқ секілді.

Жорамал жасаушылар қалай бәс тігіп отыр? Көбісі Дидье Дешам шәкірттері жеңіске жетеді деген үмітте екен. Рас, Франция құрамасында бір өзі ойын тағдырын шешіп кете алатын саңлақтар баршылық. Сондықтан француздар кездесудің басты фавориті саналып отыр. Дания да қажет кезінде жинақы ойнай алады. Соған қарай отырып олар жеңісті тектен-текке бере қоймас деген үміт бар.

Француздардың әрбір доп додасы сайын қарқыны өсіп келеді. 2014 жылы олар ширек финалға дейін жетті. 2016 жылы Еуропа біріншілігінде ақтық сынға дейін барды. Ендеше, олар бұл жолы одан жоғары табысқа қол жеткізуі ғажап емес. Бас бапкер Дидье Дешам Перумен өткен ойыннан кейін «Біз әрбір ойында ірі есеппен жеңе алмаймыз. Енді бізге алдағы кездесуге дайындалу қажет. Онда жанкүйер сенімінен табылуға тырысамыз», - деді.

Бір сөзбен айтқанда, қос құрама да бір-біріне жақсы таныс. Олар бір-бірімен 15 мәрте кездескен екен. Оның ішінде 8-де француздар қанжығасын майласа, 6-да даниялықтар жеңіс тойын атап өтті. Ал бір кездесуде тең нәтиже тіркелді. Алғаш рет қос құрама 1908 жылы Олимпиада ойындарында кездескен. Сол жылы дат футболшылары 9:0 есебімен ойсырата жеңген екен. Қос құрама әлем біріншілігінің финалдық сатысындағы топтық кезеңде бұған дейін екі мәрте сынға түскен. 1998 жылы 24 маусымда Ланс қаласында француздар бұл қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. 2002 жылғы әлем біріншілігінде олардың жолы тағы да топтық кезеңде түйісіп, бұл жолы даниялықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Қос құрама соңғы рет 2015 жылы жолдастық кездесу өткізген. Бұл жолы француздардың мерейі үстем болды. Есеп 2:1.

Бұл кездесу Ресейдің Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында өтеді. Ойын «Qazaqstan» телеарнасынан 20.00-де көрсетіледі.  С тобында бүгін тағы бір ойын Австралия мен Перу («Qazsport». 20.00) құрамалары арасында өтеді. Сондай-ақ, бүгін D тобында Нигерия мен Аргентина («Qazaqstan».00.00), Исландия мен Хорватия («Qazsport». 00.00) құрамалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар