ӘЧ-2018: Хорватия Нигерияны автогол және пенальтимен ұтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2018 жылғы Әлем біріншілігінің сегізінші кездесуі Ресейдің Калининград қаласында өтті. Бұл ойында Хорватия Нигерия құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жанкүйерлер 16 маусым күні Әлем чемпионаты аясындағы бірден төрт ойынды тамашалады. Дәл осы күні С және D топтарындағы құрамалар доп додасындағы алғашқы кездесулерін өткізді. Ең соңғы ойын Хорватия мен Нигерия арасында өрбіді.
Мамандар бұл топтағы құрамаларды кілең мықтылар бас қосқан деп бағалап отыр. Талай талантқа жол ашқан Аргентина жайында қайталап айту артық. 1998 жылдан бері әлем біріншілігі финалдық кезеңінің тұрақты қатысушысы болып жүрген Хорватияны да әлсіз деп айта алмайсыз. Қай кездесуінде де қарсыласынан қаймықпайтын Нигериядан да күтетін үміт үлкен. Соңғы жылдарда талайды таңдай қақтырып жүрген Исландия да ешкімге ұпай үлестіре қоймайды. Сол себепті әрбір құрама үшін топтағы кез-келген кездесуге тас-түйін дайын шығу талап етіледі.
Хорватия мен Нигерия бұған дейін бірде-бір мәрте кездесіп көрген жоқ. Сондықтан алғашқы кездесуінде екеуі де өздерінің мықтылығын дәлелдеуге тырысты. Ресейдің Калининград қаласындағы стадионда бас төреші қызметін бразилиялық Сандро Рикки атқарды.
Ойынның алғашқы минутынан хорваттар ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Нигерия қақпасына бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырған. Алайда, оның ешбірі қақпаға дарыған жоқ. Кездесудің алғашқы голы 32-минутта соғылды. Оны нигериялық шабуылшы Одженекаро Этебо өз қақпасына соғып алды. Хорватиялық Лука Модрич оң қанаттан бұрыштама добын әуелете берген еді. Бұл допты алдымен Анте Ребич баспен қақпаға бағыттаған еді. Оған жолай Марио Манджукич те қосылды. Қақпаға бағыт алған доп нигериялық футболшы Одженекаро Этебоның аяғына тиіп, өз бағытын өзгертті. Соның салдарынан Нигерия құрамасының қақпашысы Фрэнсис Узохо допты көзінің қиығымен ғана қарауға мәжбүр болды. Бұдан кейін де бірнеше қауіпті сәттер кездесті. Олардың ешқайсысы екі құрамаға да өз пайдасын алып келген жоқ. Ойынның бірінші кезеңі 1:0 есебімен хорваттар пайдасына жазылды.
Екінші кезең басталған сәттен нигериялық футболшылар шабуыл шебін күшейтуге тырысты. Біршама уақыт Еуропа құрлығы өкілдері қорғанысқа көңіл бөлуге мәжбүр болды. Хорваттар есепті 71-минутта еселей түсті. Бұл сәтте ойынның бас төрешісі бразилиялық Сандро Рикки нигериялықтар қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны Лука Модрич мүлтіксіз орындады. Есеп 2:0. Бұдан кейін хорват құрамасы қарқынын күшейтті. Нигерия қорғаныста сенімді ойнады.
Естеріңізге сала кетелік, бұл топтағы Аргентина мен Исландия құрамалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Аталмыш жеңістен кейін Хорватия D тобында көш бастаса, Нигерия соңғы орынға сырғыды. Ал екінші-үшінші орындарды Аргентина мен Исландия өзара бөлісіп тұр.
Бұл топтағы келесі ойын 21 және 22 маусым күндері өткізіледі. Бір күн бұрын Аргентина мен Хорватия кездессе, келесі күні Исландия мен Нигерия шеберлік байқасады.
Бүгін, 17 маусымда E тобында Коста-Рика мен Сербия (Qazsport. 18.00), Германия мен Мексика («Qazaqstan». 22.00) және F тобында Бразилия мен Швейцария («Qazaqstan». 00.00) құрамалары кездеседі.
Турнир ойындарының толық кестесін мына жерден көруге болады.