ӘЧ-2018: Перу құрамасы жанкүйерлерін қуанта ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 26 маусымда футболдан әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде С және D тобындағы ойындар өткізіледі. С тобында Австралия мен Перу құрамалары кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Австралия құрамасы әлі де жарысты жалғастыру мүмкіндігінен қол үзген жоқ. Сондықтан олар Перумен кездесуде барын салары анық. Оған Оңтүстік Америка құрлығы өкілдері де қарап қалмайды деген үміттеміз. Перу әлем біріншілігі финалдық кезеңіне 36 жылдан кейін оралды. Дегенмен сәтті ойын көрсетті дей алмаймыз. Алғашқы екі ойынында Дания мен Франциядан небәрі бір-бір гол жіберіп, жарыстың келесі сатысына шығудан ертерек үмітін үзді. Австралия алдымен Франциядан 1:2 есебімен жеңілгенімен, келесі кездесуде Даниямен 1:1 есебімен тең түсті. Осының нәтижесінде доп додасының 1/8 финалдық сатысына шығуға әлі де мүмкіндігі бар.

Бұл кездесу қос құрама арасындағы тұңғыш кездесу болғалы отыр. Бүгінгі күнге дейін олар бір-бірімен ешқашан кездесіп көрген емес. Бұл да қос құрама үшін үлкен сын. Кімнің мықты екені белгілі болады. Оған қоса, топтағы соңғы орын кімнің еншісіне жазылады? Ол да осы ойын барысында анықталады. ФИФА рейтингісінде Перу 11-орында тұр. Австралия 36-орынға жайғасқан. Бұл қос құраманың шеберлік деңгейін дәл көрсете ала ма? Біріншілік барысында жақсы нәтижеге қол жеткізген құрамалар рейтингте жағдайын жақсартып алары анық.

Алдағы ойын жайында Перу құрамасының шабуылшысы Паоло Герреро: «Плей-офф кезеңіне шыға алмадық. Соған қарамастан біз алдағы кездесуге тыңғылықты дайындаламыз. Елімізге құр қол қайтқымыз келмейді. Жанкүйерлерді үш ұпаймен қуантамыз деген ойдамыз», - деді.

Перу құрамасының бас бапкері Рикардо Гарека «Бізде барлығы өз қалпында жүріп жатыр. Джефферсон Фарфан алған жарақатынан айықты. Дегенмен ол алдағы ойынға қатыса алмауы мүмкін», - деген ойын білдірді. Ал Австралия құрамасының шабуылшысы Томи Юрич «Егер менің голым Австралияны плей-офф кезеңіне алып шығып жатса, өзім үшін нағыз фантастика болар еді. Мен өз құрамамның жеңісіне бар күшімді саламын. Сондықтан жеңіс голын кім соғады - ол мен үшін маңызды емес», - деген еді.

Аталмыш кездесу бүгін, 26 маусымда Ресейдің Сочи қаласындағы «Фишт» стадионында өтеді. Ойын 20.00-де «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. С тобында бүгін тағы бір ойын Франция мен Дания («Qazaqstan». 20.00)  құрамалары арасында өтеді. Сондай-ақ, бүгін D тобында Нигерия мен Аргентина («Qazaqstan».00.00), Исландия мен Хорватия («Qazsport». 00.00) құрамалары кездеседі. 

Соңғы жаңалықтар