ӘЧ-2018: Швеция құрамасы Мексикаға қарсы тұра ала ма?
Мамандар Мексиканы жоғары бағалап отыр. Солай боларлық жөні бар. Алғашқы екі турда олар ұпайдан шашау шығарған жоқ. Алдымен Германияның қарқынын басты. Немістерді 1:0 есебімен тізе бүктірді. Одан кейін Оңтүстік Кореяны 2:1 есебімен тізе бүктірді. Соның нәтижесінде олар 1/8 финалға шықты. Соңғы ойында Швециядан жеңілсе, Германия Оңтүстік Кореяны ұтқан жағдайда олар жолдамадан құр қалуы ғажап емес. Сондықтан олар тең түссе де болады. Мексика 1994 жылдан бері финалдық кезеңде топтық сатысынан тұрақты түрде шығып келеді. Сол себепті биыл да осы үрдісті жалғастыруға назар аударатыны анық. Дегенмен назар аударарлық нәрсе - мексикалықтар 1/8 финалдық сатыдан арыға аса алмай келеді. Бәлкім, биыл сол биіктен де жоғары нәтижеге қол жеткізетін шығар. Оны уақытында көре жатармыз. Швеция тарихында мұндай тұрақтылық байқалмайды.
Бұған дейін қос құрама 9 мәрте кездескен екен. Алғашқы ойын 1954 жылы өткен әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде болды. Сол жылы қос құрама 3 топта сынға түсті. Бұл жолы шведтер 3:0 есебімен басым болды. Ал Мексика екеуара кездесуде аталмыш қарсыласын алғаш рет 1983 жылы жолдастық ойында 2:0 есебімен жеңді. Соңғы рет екі құрама осыдан тоғыз жыл бұрын ойнады. 2009 жылы жолдастық кездесуде Швеция 1:0 есебімен жеңген еді. Жалпы, бүгінгі күнге дейінгі 9 кездесудің 8-і жолдастық ойын болып табылады. Яғни, биыл олар ресми түрде екінші рет жолығып отыр.
Букмекерлік кеңселер Мексика жеңеді деген болжам жасап отыр. Олардың мүмкіндігін арттырып қойды. Әрине, барлығы жасыл алаң төрінде шешіледі. Оны уақытында көретін боламыз. Швецияға да үміт артып жүрген жанкүйерлер аз емес. Бұрын осы құрамада тер төккен атақты Златан Ибрагимович өз әріптестері жайында «Біздің жігіттер жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта бұдан да жақсара түседі деп ойлаймын. Олар өздерінің мақсатына жетуге барынша күш салады», - деп ойын бөліскен еді. Ол бүгінде АҚШ-тың «Лос-Анджелес Гэлакси» командасында тер төгіп жүр. Дегенмен өз құрамасына тілеулес екенін әрдайым алға тартады. Швецияның бас бапкері Янне Андерссон өз шәкірттерінің сенімді ақтауға бар күшін салатынын жеткізіп отыр.
Атап кетерлігі, Мексика өз жанкүйерлерімен де мақтанады. Бұл елден Ресейге өз футболшыларын қолдау мақсатында 40 мыңға тарта адам келген екен. Сондықтан олар әрбір кездесуде жанкүйер қолдауын ерекше сезініп келеді. Мексика сапында атағы шыққан белгілі футболшылар саны аса көп емес. Дегенмен олардың басым бөлігі Испания және Португалия біріншіліктерінде ойнайды. Сондықтан оларды шеберлігі шыңдалған шеберлер қатарында саануға болады.
Бұл ойын бүгін, 27 маусымда Екатеринбург қаласында болады, Оған аргентинкалық төреші Нестор Питана қазылық етеді. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан 20.00-де тікелей эфирде көрсетіледі. Осы топта дәл сол уақытта Оңтүстік Корея мен Германия («Qazaqstan». 00.00) құрамалары кездеседі.
Сондай-ақ, бүгін E тобында Сербия мен Бразилия («Qazaqstan». 00.00), Швейцария мен Коста-Рика («Qazsport».00.00) құрамалары шеберлік байқасады.
Фото: ru.fifa.com