ӘЧ-2018: Швейцария құрамасы жарысты жалғастыратын болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем біріншілігі мәресіне жетуге жақын қалды. Топтық кезеңнің соңғы тур ойындары өтіп жатыр. Е тобында Швейцария мен Коста-Рика құрамалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Коста-Рика алғашқы екі турда жеңілді. Содан кейін жолдамадан ертерек құр қалған құрамалар қатарына қосылды. Соңғы тур олар үшін ешқандай мәселені шешпейтін. Есесіне Швейцария әлі де жарысты жалғастырудан үміт үзген жоқ еді. Алғашқы екі турдың қорытындысы бойынша турнир кестесінде екінші орында тұрды. Тең түскен жағдайдың өзінде жарыстың келесі сатысына шығуға жолдаманы қалтаға басатын. Сондықтан болар, Коста-Рикамен ойын барысында олар шабуыл шебіне көбірек көңіл бөлді.

Швейцария соңғы жылдарда тәуір ойын өрнегін көрсетіп келеді. Қазір ФИФА рейтингінде 6-орында тұр. Бұл олардың әлеуетін аңғартады. Десе де әлемдік футболда жоғары бағалана бермейді. ФИФА рейтингінде Коста-Рика 23-орында келеді. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Қос құрама бұған дейін 2 мәрте кездескен. Екеуі де бір-бірден жеңіске жеткен. Бүгінгі дейін олар тек жолдастық кездесуде жолыққан екен. Алғашқы кездесу 2006 жылы Швейцарияның Женева қаласында өтіп, онда алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал 2010 жылы сол елдің Сьон қаласындағы стадионда қонақтар 1:0 есебімен басым түсті. Әлем біріншілігінің топтық кезеңінде жолдары түйіскен қос құрама биыл тұңғыш рет ресми матчын өткізіп отыр.

Аталмыш кездесуде Швейцария құрамында Зоммер қақпаны қорғаса, Лихтштайнер, Шер, Аканджи, Родригес, Бехрами, Джака, Шакири, Джемаили, Эмболо, Гавранович ойыншылар ретінде жасыл алаңға шықты. Ал Коста-Рика құрамында қақпа Навасқа сеніп тапсырылса, Акоста, Гонсалес, Уостон, Гамбоа, Овьедо, Борхес Сельсо, Гусман, Колиндрес, Руис және Кэмпбелл секілді жігіттерге швейцариялықтарға қарсы ойын көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Ойын барысында Швейцария құрамасы алға ентелей ұмтылды. Гол 31-минутта соғылды. Брил Эмболо пасынан кейін оны Блерим Джемаили қақпаға енгізді. Осылайша Швейцария алға шықты. Бірінші кезеңде бұдан кейін есеп өзгеріссіз болды. Екінші кезеңнің 56-минутында коста-рикалық Кендаль Уостон таразы басын теңестірді. 88-минутта швейцариялық Иосип Домич өз құрамасын алға шығарса, 93-минутта коста-рикалық Брайан Руистің текпен добы қақпа маңдайшасына тиді. Одан кейін қақпашы Ян Зоммердің арқасына тиіп, қақпа торынан табылды. Бұл топтағы тағы бір ойын - Бразилия мен Сербия арасында өтіп, Неймар бастаған жігіттер 2:0 есебімен жеңді. Бірінші орын жеті ұпай жинаған Бразилияға бұйырса, бес ұпаймен Швейцария екінші жолдамаға ие болды. Жарыстың келесі сатысында, Бразилия Мексикамен 2 шілдеде, Швеция Швейцариямен 3 шілдеде кездеседі.

28 маусым күні әлем біріншілігі топтық кезеңінің соңғы тур ойындары өтеді. Бұл күндері G және H топтарындағы құрамалар кездеседі. H тобында Сенегал мен Колумбия («Qazsport».20.00), Жапония мен Польша («Qazaqstan». 20.00) шеберлік байқасса, G тобында Панама мен Тунис («Qazsport».00.00), Англия мен Бельгия («Qazaqstan». 00.00) ойнайды.

Соңғы жаңалықтар