ӘЧ-2026: FIFA клубтарға төлемдерді шамамен 70%-ға көбейтті
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (FIFA) футбол клубтары ойыншылардың 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысуы үшін Club Benefits Programme (CBP) бағдарламасы аясында рекордтық 355 млн доллар алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Бұл 2022 жылы Қатарда төлем 209 млн долларды құрағаннан 70 пайызға дерлік көп. Клубтар алғаш рет ойыншыларды финалдық турнирге шығарғаны үшін ғана емес, іріктеу матчтарына жібергені үшін де ақша алатын болады.
CBP бағдарламасы клубтар мен ойыншылардың әлем чемпионатының матчтарын дайындауға және өткізуге қосқан үлесін ескереді. 2022 жылы 51 елден 440 клуб төлем алды.
2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Төлемдерді кеңейту бұрынғы турнирлермен салыстырғанда бенефициар клубтардың санын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін FIFA 2027 жылға дейін Қазақстанда 100 шағын футбол алаңын салатынын жазған едік.