Адал кәсіп: ауылдан түлеген жас маман инженерлік жолды қалай еңсерді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Дидардың кәсіби мамандығы – энергетика инженері. Аядай ғана ауылдан түлеп ұшқан жас жігіт аз уақыттың ішінде Павлодардың №3 жылу-энергия орталығындағы тәжірибелі мамандар қатарына қосылды. Бүгінде оның рұқсатынсыз кәсіпорындағы жөнделген жабдықтар іске қосылмайды.

Адал кәсіп: ауылдан түлеген жас маман инженерлік жолды қалай еңсерді
Фото: Дидар Төлеухановтың жеке мұрағатынан

Облыс орталығының біраз бөлігін жылу, жарықпен қамтамасыз етіп тұрған №3 ЖЭО-да кәсіби әрі білікті жас мамандардың шоғыры өсіп келеді. Бұл беткейде кәсіпорындағы тәжірибелі мамандар қатарына қосылған Дидар Төлеухановты айрықша атап өтуге болады. Жас жігіт университетті тәмамдаған соң бірден аталған стансаға жұмысқа орналасқан. Биыл еңбек ұйымында тұрақтап қалғанына он екі жыл болыпты.Табандылығының арқасында энергетика саласының күрделі буындарын игеріп отыр.

«Қарапайым ауыл баласымын, үйдегі 6 ұлдың кенжесімін. Анам жеке кәсіппен айналысса, әкем ұзақ жыл полицияда еңбек етіп, зейнетке шықты. Мектепте оқып жүрген уақытта физика саласына аса құмартқанмын. Сол себеп болды ма екен, білім ұясын тәмамдаған соң «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша оқу грантына ие болып, жоғары оқу орнына түстім. Отбасымызда бұл салада менен өзге ешкім жұмыс істемейді. Келіншегімнің мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі», - деп әңгімеледі жас маман.

Адал кәсіп: ауылдан түлеген жас маман инженерлік жолды қалай еңсерді
Фото: Мұрат Аяған

Ол мұнда алғаш электр монтері болып қабылданса, жылдар өте инженер лауазымына сай екенін еңбегімен дәлелдеді. Қазіргі лауазымы – электр цехындағы жоғары вольтті сынақтар жүргізу және өлшеу жөніндегі инженері. Міндеті – күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен кез келген өндірістік жабдықты іске қоспас бұрын сынақтан өткізу. Бұл жабдықтардың қатарына трансформаторлар, генераторлар, 6 кВ кабельдік желілер енеді. Сонымен қатар металл байланыстарын және өзге де жабдықтарды тексереді.

«Еңбекте барлығы тәжірибемен келетінін жылдар өте түсіндім. Қазір үш адамнан тұратын бригада басшысымын. Маңызды жабдықтарды алдын ала тексереміз. Егер жұмысы көңілімізден шықпаса, ақауды іздейміз. Оны тапқан соң іске жөндеу бригадасы қосылады. Биыл стансадағы үш бірдей қазандықты сынақтан өткіздік. Түтінсорғыш, электр желілерін айырғыш, кабельдік желілер және көмір уатқыш жабдықты тексеріп шықтық. Басшылар маған тәжірибелі маман ретінде сенеді. Әрине қиын кезеңдер болды, бірақ табандылық пен кәсібіме берілгенімнің арқасында барлығын еңсере білдім. Бүгінде 6-разрядты маманмын. Соңғы жылдары бұл саладағы тарифтердің өскенінің нәтижесін әлеуметтік тұрғыдан сезініп отырмыз. Ең әуелі біз сияқты қарапайым қызметкерлердің жалақысы ұлғайды. Қазір өз замандастарымды бұл қызметке ұялмай шақыра аламын. Себебі бұрынғыдай емес, қазір еңбекақымыз лайықты, отбасын асырауымызға жетеді», - дейді ол.

Жас маман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны қуантып отырғанын жеткізді. Оның нәтижесінде энергетика саласындағы кадр тапшылығы, еңбекақы мәселесі шешіліп, маңызды өзгерістер болады деп үміттенеді.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.