Адам бойындағы шарасыздық белгілі бір тәуелділікке әкеледі – психолог
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Тәуелділік – бүгінде қоғамды жайлаған дертке айналып, оның түрі жылдан-жылға көбейіп келеді. Зиянды әдет құрдымға құлатып, суицид, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге жеткізуде. Солтүстік Қазақстан облысында түрлі тәуелді адамдармен кәсіби түрде жұмыс істейтін маман, 17 жылдық тәжірибесі бар психолог Олег Матвеев Kazinform агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында жалпы тәуелділік және оның пайда болу себебі жайында пікірімен бөлісті.

– Олег Викторович, тәуелділікті ауру дейміз. Ал, бір нәрсеге тәуелді адамның қай жері ауырады?
– Ең алдымен мұндай адамның жанына тыныштық жоқ, яғни жан-дүниесі ауырады. Психологияда «экзистенциалды вакуум» деген түсінік бар. Бұл дегеніміз адамның рухы түсуі, үмітсіздік, шарасыздықтың пайда болуы. Шешілмеген мәселелер қордалана келе осындай жағымсыз сезім пайда болады. Кей жағдайда бұдан құтылу үшін бір адамға басқа жанмен әңгімелескен жеткілікті. Кейбіреу үшін серуендеген пайдалы болса, енді бірі жақсы фильм қарау арқылы бұл негативті сезімнен құтылады. Біреу жанын жеген мәселеден босану үшін бірер шөлмек сыра ішсе, енді бірі есірткіні тұтыну арқылы жанына тыныштық таппақ болады. Бұған шопоголизм де жатады. Бірақ мұның бәрі бекер, адам жаны тынышталуы үшін махаббат керек, алайда қазіргі адамдар бұл сезім жайында ұмытқан.
Бүгінде қоғамда бірінші орынға дүние-мүлік шыққан. Адамдар әдемі заттарға құмар, басқалардың ол туралы не ойлайтыны маңызды, саяхаттауды, қымбат көлік мінуді сәнге айналдырды. Көпшілікпен қатынасу, достардың көптігі, үнемі позитивте болу – бұл мәселеден қашудың бір жолы. Адамдардың арасында психологияға бет бұрғандар да көбейген, мұның себебі – олар осылайша жанына тыныштық табудың жолын іздеуде. Бірақ мұның бәрі адам жанын тыныштандырмайды, толық қанағаттандырмайды.
Адам бойындағы барлық мәселе балалық шақта пайда болады. Өзін-өзі кем сезіну, стереотип, кінәлау, реніш – ерте жаста қалыптасады. Адам бұдан құтылмаса, уақыт өте келе үлкен психологиялық мәселе тудырып, адамның жанын жегідей жейді. Салдарынан спирттік ішімдіктерге, есірткіге және басқа да құмарлық пайда болады. Қоғам оны бұл тәуелділіктен құтқарғысы келгенімен, мұның бәрі уақытша. Ол қайтадан айналып келеді, өйткені мәселе шешілген жоқ. Менің психолог ретінде міндетім, мұндай адамдармен жұмыс істей отырып, адам жанының тыныштық табуына көмектесу.
– Пайдалы тәуелділік бола ма?
– Тәуелділіктің түрі көп. Ия, пайдалысы да бар. Мәселен спортты алайық. Белгілі бір жетістікке жеткен спортшыларда тәуелділік бар, олар өмірін спортсыз елестете алмайды. Ал тәуелділік болмаса чемпион бола алмас еді.
Білімге құмарлықты айтуға болады, ия, ондай адамдар да бар. Олар үнемі ізденісте жүреді, көп оқиды. Бұл да жаман емес. Сондықтан тәуелділікті жаман қасиет деп бағалау дұрыс емес.
– Қазіргі уақытта ең көп тараған тәуелділік түрлері қандай?
– Бірінші орында лудомания тұр. Неге? Өйткені ойынқұмарлар өз тәуелділігін ұзақ уақыт бойы жасыра алады. Лудоманның басқалардан айырмашылығы, сырт белгілері жоқ, сондықтан ата-ана баласының, әйелі күйеуінің тәуелді екенін бірнеше жылдан кейін ғана білуі мүмкін.
Екінші өткір мәселе – отбасындағы тәуелді қарым-қатынас, зорлық-зомбылық. Күресу үшін заң қатаңдатылды. Бірақ, меніңше, бұл мәселені шешпейді. Зардап шегуші, әдетте, әйел, ер адам – агрессор. Ер адамды жазалайды, ал әйел ше? Оның мінез-құлқында проблема бар, өйткені ол сондай жағдайға жеткізді, өзіне қол көтеруге жол берді. Ендеше зардап шегушімен психолог жұмыс істемесе, бұл жағдай тағы да қайталанады. Екінші ер адаммен қатынасы да дәл алғашқысындай, тіпті одан да жаман қалыптасуы мүмкін. Яғни бұл әйелде құрбан болу қажеттілігі бар. Сондықтан зорлық-зомбылық құрбандарымен мамандар жұмыс істеп, психологиялық мәселені шешуге көмектескені жөн.
Үшіншісі – вейп, электронды темекілерге құмарлық, әсіресе жастар арасында белең алған.
Ал маскүнемдікке келер болсақ, халықтың 80% маскүнемдіктің бірінші сатысы бар. Ауыр есірткіге тәуелділік бүгінде төмендеген, оның орнын түрлі синтетика басқан.
– Президент лудоманияға қатысты заңға қол қойды. Бұл мәселені шешуге көмектесе ме?
– Көшелерде әлі де ойнауға шақырған баннерлер ілініп тұр. Фильмдерде де букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Интернетте де көп. Бір жағынан тыйым салып, екінші жағынан оны жарнамаласа – қандай нәтиже күтуге болады. Сондықтан бұл туралы айту ерте. Заңмен мәселені түпкілікті шешу мүмкін емес, нәтиже берсе қазір мысалы, қылмыс болмас еді. Түрмеден шыққан адамдардың қайта қылмыс жасап, түрмеге түсетінін білеміз. Адамның неге мұндай әрекетке баратын себебін білу қажет. Ия, заңмен шектеу керек. Айыппұл салып, жазалау қажет. Бірақ бұл бірінші орынға шығарылмауы тиіс.
– Қазір бәріміз интернетке тәуелдіміз, сіз мұнымен келісесіз ғой?
– Иә, қазір барлық ақпаратты интернет арқылы аламыз, сауда-саттық та, жұмысымыз да осы интернетпен байланысты. Сондықтан интернетке не үшін кіргеніңді және қанша уақыт отырғаныңды қадағалауың керек. Егер интернет сенің өміріңе келергі келтірмесе, жұмысыңнан қалдырмаса – онда дабыл қағудың қажеті жоқ. Сол сияқты мектеп оқушысы үшін де бүгінде интернеттің алар орны зор. Бірақ ата-ана қадағалап, оның күні бойы телефонмен отыруына жол бермеуі керек.
– Адамның интернетке тәуелді болғанын қайдан білуге болады?
– Айналамен байланысты үзіп, бар уақыты компьютерде немесе телефонда өтеді. Нақты өмірде достары жоқ, ешкіммен араласпайды. Сабағын немесе жұмысын, үйдің шаруасын кейінгі орынға қойып, интернетте отырса – бұл тәуелділік.
– Сіз емдеуден бас тартқан жағдайлар болды ма?
– Ия. Менің «қара» тізімім бар. Менің клиенттеріме қоятын өз талаптарым бар, мәселен, белгіленген уақытта келе алмаса алдын ала ескертуі керек. Бұл – жауапкершілік. Тәуелді адамдарда жауапкершілік өте төмен, сондықтан терапияда мен оны алдыңғы орынға шығарам. Кейбіреулер емді бастап, соңына дейін жеткізбейді. Салдарынан емнің бәрі зая кетеді.
Сондай-ақ психиатриялық диагнозы барлармен жұмыс істемеймін. Біздің басты қағидамыз – зиян келтірме. Егер мәселені шешу қолымнан келмесе мен оны басқа мамандарға жолдаймын.
– Тәуелділіктен құтылу үшін қанша емделу керек?
– Тәуелділіктен арыламын деп өз еркімен келгендер жақсы нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Оларға басқа жаққа, оңалту орталықтарына барудың қажеті жоқ. Ең бастысы адам өзі арыламын деп шешім қабылдауы қажет. Әйтпесе бәрі бекер. Мен тәуелді жан дұрыс шешім қабылдауы үшін оның туған-туыстарымен, ата-аналарымен де жұмыс істеймін. Адам өзгеремін деп өзі шешуі тиіс. Статистика жүргізбеймін, бірақ менің 17 жылдық практикамда дұрыс жолға түскендер жетерлік. Әдетте бір адаммен 1,5-2 ай шамасында жұмыс істеймін. Өйткені тәуелділіктен құтылу оңай емес. Ол ұзақ процесс. Көпшіліктің ойынша адам бірінші қолданады, сосын тәуелділік пайда болады деп, жоқ, керісінше, ең алдымен тәуелділік пайда болады, ал маскүнемдік, ойынқұмарлық – салдары.
– Рахмет!